6кп-75
Қ А У Л Ы
2022 жылғы 2 ақпан Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы құрамында: төрағалық етуші - судья А.Қ.Қыдырбаева, судьялар Г.Ж. Әлмағамбетова, М.Т.Балкен, прокурор Т[...], уәкілетті орган өкілдері Ш[...], И[...] қатысуларымен,
кассациялық тәртіппен ашық сот отырысында бейнеконференц байланыс арқылы Қызылорда қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының 2021 жылғы 17 тамыздағы қаулысына Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуымен түскен,
З[...] И[...] (ISMOILOV ZARIFJON MAMATJON O’G’LI) қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 517-бабының 4-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,
Қызылорда қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының 2021 жылғы 17 тамыздағы қаулысымен И[...] Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі-ӘҚБтК) 517-бабының 4-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған осы бап бойынша Қазақстан Республикасы шегінен әкімшілік жолмен шығарып жіберу жазасы тағайындалған.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуында сот қабылдаған қаулысы соттардың құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзатындығы туралы көрсетілген.
Алқа прокурордың ұсынуды қолдаған, уәкілетті орган өкілдерінің пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, ұсынудың уәждерін талқылап, сот қаулысы күшін жоюға жатады деп есептейді.
Іс материалдарына сәйкес Өзбекстан Республикасының азаматы И[...] ӘҚБтК-нің 517-бабының 4-бөлігімен әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, онда И[...] 2021 жылғы 26 шілдеге дейінгі мерзімге тіркелген, көрсетілген мерзім өткеннен соң, Қазақстан Республикасынан кетуден жалтарған деп көрсетілген.
Бірінші сатыдағы сот И[...] кінәсі сот мәжілісінде мойындалған және зерттелген істегі дәлелдемелермен толық дәлелденген деген тұжырымға келіп, әкімшілік жауапкершілікке тартқан.
Кассациялық қайта қарау нәтижесі бойынша сот алқасы келесі негізде жергілікті соттың тұжырымы алдын ала жасалған деп есептейді.
ӘҚБтК-нің 829-11-бабына сәйкес сот iстi, шағымды, наразылықты қарау кезiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасалды ма, осы тұлға оны жасауға кiнәлi ме, ол әкiмшiлiк жауаптылыққа жата ма, жауаптылықты жеңiлдететiн және ауырлататын мән-жайлар бар ма, мүлiктiк залал келтiрiлген бе, осы Кодекстің 741 және 742-баптарында көзделген мәнжайларды, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама және осы Кодексте көзделген басқа да хаттамалар дұрыс жасалған ба, істің өзге де материалдары дұрыс ресімделген бе, іс бойынша іс жүргізуді болғызбайтын мән-жайлар, тұлғаны әкімшілік жауаптылыққа тартпауға мүмкіндік беретін мән-жайлар бар ма, соны анықтауға, сондай-ақ iстiң дұрыс шешілуі үшiн маңызы бар басқа да мән-жайларды анықтауға мiндеттi.
ӘҚБтК-нің 829-10-бабының 2-бөлігіне сәйкес сот істің, шағымның, наразылықтың дәлелдерімен және мән-жайларымен байланысты емес және істі толық көлемде тексереді, бұл ретте ол жаңа фактілерді анықтауға және жаңа дәлелдемелерді зерделеуге құқылы.
Қызылорда қалалық Полиция басқармасының 2021 жылғы 6 тамыздағы №625 анықтамасына сәйкес И[...] жеке басын тексеру мен анықтау үшін сот құзырымен жүріп-тұру еркіндігін алдын ала шектеу мерзімімен ұсталып, 2021 жылдың 7 шілдесінен 2021 жылдың 6 тамызына дейін Қызылорда қалалық Полиция басқармасының Қабылдау-тарату орнында болған. Аталған жағдайда И[...] Қазақстан Республикасының аумағынан кетуге мүмкіндігі болмаған, бірақ бұл мән-жайлар бірінші сатыдағы соттың қарау нысанынан тыс қалған.
Сонымен қатар, іс материалдарында З[...] угли Е[...] қатысты деректер бар. Оның туған жылы, аты, әкесінің аты И[...] деректерімен бірдей. Уәкілетті орган өкілдері кассациялық сатыдағы сотта И[...] пен Е[...] бір адам екенін айтты. Е[...] 2020 жылдың 2 шілдесіндегі әкімшілік құқық бұзушылық туралы қаулысымен Қазақстан Республикасынан шығарылған. И[...] Қазақстан Республикасына 2020 жылдың 16 қазанында келген. «Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 48-бабына сәйкес бұрын Қазақстан Республикасынан шығарып жiберiлген көшіп келушілерге соттың шығарып жiберу туралы шешiмі орындалған күннен бастап бес жыл бойы Қазақстан Республикасына келуге тыйым салынады. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер бойынша iс жүргiзу мiндеттерi әрбiр iстiң мәнжайларын уақтылы, жан-жақты, толық және объективтi анықтау, оны осы Кодекске сәйкес шешу болып табылады. Сотпен ӘҚБтК-нің 737-бабының талаптары бұзылған, И[...] қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы мәселені дұрыс шешу үшін iстiң мәнжайларын жан-жақты, толық және объективтi анықтау маңызға ие. ӘҚБтК-нің 851-бабының 5-бөлігінің 3)-тармағының негізінде құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділік бұзылғандықтан жергілікті соттардың сот актілерінің күшін жойып, бірінші сатыдағы сотқа қайта қарауға жіберілуге жатады. Істі жаңадан қарау кезінде сот бұзушылықтарды жоюға, істің барлық мән-жайларын мұқият зерделеуге, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша процеске қатысушылардың дәлелдерін тексеруге, оларға дұрыс құқықтық баға беруге және белгіленген мән-жайлардың негізінде іс бойынша заңды және негізді шешім қабылдау қажет.
Жоғарыда көрсетілгеннің негізінде Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 851-бабының 5-бөлігінің 3) тармағын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы,
Қ А У Л Ы Е Т Т І :
Қызылорда қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының 2021 жылғы 17 тамыздағы қаулысының күшін жойып, істі жаңа сот қарауына бірінші сатыдағы сотына жіберілсін. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші А.Қыдырбаева Судьялар Г.Әлмағамбетова М.Балкен Көшірмесі дұрыс Судья А.Қыдырбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.