№6001-23-00-6ап/594
ҚАУЛЫ
2023 жылғы 12 қыркүйек Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы Ш.Т.Даниярова, судьялар – Ғ.Ө.Әлжанов, Е.Д.Өмірәлиев,
мүдделі тұлғаның өкілдері М[...], К[...], К[...] қатысуыларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы С[...] жауапкер «Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің Маңғыстау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне тұрғын үй комиссиясының 2021 жылғы 4 қазандағы №30 хаттамалық шешімінің тұрғын үйге мұқтаж деп танудан және тұрғын үй төлемдерін тағайындаудан бас тарту бөлігін заңсыз деп тану туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған, Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 6 желтоқсандағы ұйғарымы мен Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 19 қаңтардағы ұйғарымына талап қоюшының өкілі К[...] келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.
Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 6 желтоқсандағы ұйғарымымен талап қою қайтарылған.
Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 19 қаңтардағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымда іс бойынша соттар материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, шығарылған сот актілерінің күшін жоюды сұраған.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот алқасы мүдделі тұлға өкілдерінің пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сай, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктерге соттармен жол берілмеген.
ӘРПК-нің 138-бабы 2-бөлігі 15) тармақшасына сәйкес сот талап қоюды беруге өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіруден бас тартса, талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығарады.
Іс материалдарынан анықталғандай, даулы шешім талап қоюшыға 2021 жылғы 4 қазандағы хатпен хабарланған.
Жергілікті соттар, талап қоюды кері қайтарып, талап қоюды беруге арналған мерзімді дәлелді себеппен өткізіп алғаны туралы дәлелдемелерді талап қоюшы ұсынбаған, сондықтан өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіруге негіздер жоқ екендігі туралы дұрыс тұжырымға келген.
Соттардың бұл тұжырымы негізді, материалдық және процестік құқық нормаларына сәйкес келеді.
Кассациялық шағым өзінің мазмұны мен мәні талап қоюда келтірілген дәлелдермен, уәждермен сонымен қатар сот отырысында берілген түсіндірмелермен біріңғай. Бұл дәлелдемелерге соттармен тиісті құқық баға берілген, сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болатын материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы орын алмаған.
Бұндай жағдайда, кассациялық шағымда жаңа дәлелдердің жоқтығын ескере отырып, іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы дауланып отырған сот актілері ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды.
Сондықтан сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ.
ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 6 желтоқсандағы ұйғарымы мен Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 19 қаңтардағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшының өкілі К[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
Ш. Даниярова Ғ. Әлжанов Е. Өмірәлиев
Көшірмесі дұрыс. Судья
Ш. Даниярова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.