ҚАУЛЫ
2025 жылғы 2 желтоқсан №6003-25-00-2к/2880 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Ж.К.Рустембеков, судьялар Л.Б.Мамырбаева, В.Е.Тохтарбаева, талап қоюшының өкілі Р.Ж.Амангазиеваның, жауапкердің өкілі Ж.О.Альжанованың, үшінші тұлғаның өкілі А.А.Нелистановтың қатысуларымен, бейнеконференц байланысы арқылы, ашық сот отырысында
талап қоюшы «Жамбыл облысы Шу ауданы әкімдігінің тұрғын үйкоммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Мекеме, борышкер) жауапкер Жамбыл облысы нотариаттық палатасының нотариусы Сауле Оразкуловна Байсембековаға атқарушылық жазбаның күшін жою туралы талап қоюы жөніндегі электрондық форматтағы азаматтық істі жауапкердің Жамбыл облысының Шу аудандық сотының 2024 жылғы 18 желтоқсандағы шешіміне және Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 26 наурыздағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Мекеме жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Шу аудандық сотының 2024 жылғы 18 желтоқсандағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған.
Жамбыл облысы нотариаттық палатасының нотариусы С.О.Байсембекова шығарған 2024 жылғы 10 қазанда №581 тізілімде тіркелген Мекемеден өндіріп алушы «ЖамбылЖарықСауда-2030» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің (бұдан әрі -ЖШС, өндіріп алушы) пайдасына барлығы 177 332 707,87 теңге өндіру туралы атқарушылық жазбаның күші жойылған.
Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 26 наурыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз, жауапкер мен үшінші тұлғаның апелляциялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылған.
Жауапкер кассациялық шағымында жергілікті соттар істің мән-жайын дұрыс анықтамағанын, материалдық және процестік нормалардың бұзылғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған. Кассациялық сот іс құжаттарын зерделеп, іске қатысушы тұлғалардың түсініктерін тыңдап, келесі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427- бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілгені анықталды.
АПК-нің 224-бабына сәйкес сот шешiмi заңды және негiздi болуға тиiс.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Азаматтық істер бойынша сот шешімі туралы» 2003 жылғы 11 шілдедегі № 5 нормативтік қаулысының 5-тармағына сәйкес шешiм процестік құқық нормалары сақтала отырып және осы құқықтық қатынасқа қолдануға жататын материалдық құқық нормаларына толық сәйкестiкте шығарылғанда немесе қажетті жағдайларда ұқсас қатынасты реттейтiн заңды қолдануға негізделгенде, не азаматтық заңнаманың жалпы негіздері мен мағынасын және адалдық, ақылға сыйымдылық пен әділеттілік талаптарын (Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң 5-бабы және АПК-нің 6-бабы) негізге алғанда, заңды болып табылады.
Осы іс үшiн маңызы бар, сот зерттеген дәлелдемелермен расталған, олардың қатыстылығы, жарамдылығы және анықтығы туралы заң талаптарына сай келуін қанағаттандыратын немесе дәлелдеудi қажет етпейтiн жалпыға мәлiм мән-жайлар мен дауды шешу үшiн жеткiлiктi болатын фактілер көрсетілген шешім негiздi болып саналады.
Дауланып отырған сот актілері көрсетілген заң мен Нормативтік қаулының талаптарына сай келмейді.
Қазақстан Республикасының «Нотариат туралы» заңының (әрі қарай - Нотариат туралы заң) 92-1 бабына сәйкес, атқарушылық жазба негізінде даусыз талаптар бойынша берешекті өндіріп алу жүргізіледі.
Аталған Заңның 92-2 бабының 1- бөлігінің 1) тармағында егер өндіріп алушы ұсынылған құжаттар берешектің немесе борышкердің өндіріп алушы алдындағы өзге де жауапкершілігінің даусыз екенін растаса атқарушылық жазба жасалады.
Қазақстан Республикасы Әділет министрінің «Нотариустардың нотариаттық іс-әрекет жасау ережесін бекіту туралы» 2012 жылғы 31 қаңтардағы №31 Бұйрығынның (бұдар әрі - Ереже) 233 тармағы 7)тармақшасына сай, нақты тұтынылған көрсетілетін қызметтер (электр-, газ-, жылу-, сумен жабдықтау және басқалар) үшін жария шарттар, сондай-ақ белгіленген тарифтерге сәйкес төлеу мерзімі басталған көрсетілетін қызметтер үшін өзге шарттар негізінде берешекті өндіріп алу туралы міндеттеме бойынша берешекті өндіріп алу үшін: - өндіріп алушы куәландырған жеке шарттың көшірмесі не өндіріп алушының ресми сайтында орналастырылған жария шарт (оның мазмұнымен танысу үшін ұсынылады); - қызметтер үшін төлем бойынша берешек сомасын есептеу туралы құжат (өндіріп алушы куәландырған берешек сомасының есебімен жеке шоттың көшірмесі немесе өндіріп алушы куәландырған жеке шоттан үзінді); - құжатта берешекті төлеу мерзімі туралы, төлем енгізу жөніндегі міндеттің пайда болу күні туралы, берешек сомасы туралы мәліметтер қамтылады.
Нотариат туралы заңның 92-1 бабының 2-тармағының 7) тармақшасына сай атқарушылық жазба төлеу мерзімі басталған, жария шарттар негізінде нақты тұтынылған көрсетілетін қызметтер (электрмен, газбен, жылумен, сумен жабдықтау және басқалары) үшін, сондай-ақ өзге де шарттар негізінде белгіленген тарифтерге сәйкес көрсетілетін қызметтер үшін берешекті өндіріп алу туралы даусыз талаптар бойынша берешекті өндіріп алу жүргізіледі.
Іс құжаттарына сәйкес 2024 жылдың 4 қазанында Мекеме мен «ЖамбылЖарықСауда-2030» ЖШС-гі арасында жасалынған өзара есептесу актісі бойынша борышкердің 1 қырқүйек 2024 жыл - 1 қазан 2024 жыл аралығындағы берешек қарызы 177 332 707,87 теңге құраған. Бұл өзара есептесу актісіне екі жақтың басшылары мен бас бухгалтерлерінің қолдары қойылып, заңды тұлғалардың мөрлерімен бекітілген.
2024 жылдың 4 қазанында өндіріп алушы борышкерге тұтынылған электр энергиясы үшін берешек 177 332 707,87 теңге қарызды төлеу қажеттігі туралы наразылық жолдаған.
Сондай-ақ 2024 жылдың 8 қазанында өндіріп алушы борышкерге берешек 177 332 707,87 теңге қарызды төлеу қажеттігі туралы тағы да жазба түрде ескертухат жолданған.
Мекеме басшысының 2024 жылғы 10 қарашадағы «ЖамбылЖарықСауда-2030» ЖШС-ның директорына жазған кепіл хатында 177 332 707,87 теңге берешек 2024 жылдың 15 желтоқсанына дейін толық төленетіні хабарланған.
2024 жылғы 9 қазанда «ЖамбылЖарықСауда-2030» ЖШС-нің Мекемеден 177 703 753,87 теңге өндіру туралы атқарушы жазба жасау жөнінде өтініші Жамбыл облысы нотариаттық палатасының нотариусы С.О.Байсембековаға жолданған.
2024 жылғы 10 қазанда нотаруиспен №581 тізілімде тіркелген, Мекемеден өндіріп алушы «ЖамбылЖарықСауда-2030» ЖШС-нің пайдасына, барлығы 177 703 753,87 теңге сомасын өндіру туралы атқарушылық жазбасын шығарылған.
Кассациялық сот дауланып отырған атқарушылық жазба Нотариат туралы заңның 92-1, 92-2 баптарының және Ереженің 219, 223 тармақтарына сәйкес «ЖамбылЖарықСауда-2030» ЖШС-нің Мекемеден қарызды өндіру туралы талабы даусыз талаптар санатына жатады деп санайды.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Соттардың атқарушылық жазбаға дау айту бойынша істерді қарау кезінде заңнаманы қолдануы туралы» 2022 жылғы 26 мамырдағы № 6 Нормативтік қаулысының (бұдан әріНормативтік қаулы) 3-тармағында АПК-нің 45-тарауында көзделген ерекше іс жүргізу тәртібімен шағымдарды сотта қарау нысаны атқарушылық жазбаның дұрыс жасалуын не оны жасаудан бас тартудың заңдылығын тексеру болып табылатыны және нотариаттық әрекеттің дұрыс жасалынбауы деп оның Нотариат туралы заңның және нотариустың қызметін реттейтін өзге де нормативтік актілердің талаптарына сәйкес келмеуі деп түсінген жөн екені көрсетілген.
Нормативтік қаулының осы тармағында мұндай бұзушылықтардың мысалдарына: Нотариат туралы заңның 92-1-бабының 2-тармағында көзделмеген талап ету бойынша; орындау мерзімі басталмаған жазбаша мәмілеге негізделген міндеттеме бойынша; өндіріп алушы Ережеде көзделген талаптың даусыздығын растайтын құжаттарды ұсынбай; атқарушылық жазбаны жасау күніне талап қоюдың ескіру мерзімі өткен кезде атқарушылық жазбаны жасау жататыны қарастырылған. Атқарушылық
жазбаны жасаудан заңсыз бас тарту деп Нотариат туралы заңда көзделмеген негіз бойынша бас тартуды түсіну керек екені нақтыланған.
Өндіріп алушының ұсынылған құжаттарымен оның Мекемеден 177 703 753,87 теңге берешек қарызды өндіру туралы талабының даусыздығы расталынғандықтан нотариус С.О.Байсембековаға атқарушылық жазбаны жасаудан бас тартуға негіз болмаған.
Жергілікті соттар нотариустың жасаған атқарушылық жазбаны заңсыз деп тапқанда 2024 жылғы 1 сәуірдегі №13-5019 үлгілік шартының 8- тармағына сай, пайдаланған электр энергиясы үшін төлем есептік кезеңнен кейінгі айдың 15-не дейін төленетінін, ал атқарушылық жазба мерзімнен бұрын 2024 жылдың 10 қазанында асығыс жасалынған деген тұжырымға келген.
Кассациялық сот жергілікті соттардың бұл тұжырымын негізсіз санайды. Өйткені, үшінші тұлға өкілінің апелляциялық шағымға тіркеген 2024 жылғы 1 қыркүйектігі өзара есептесу актісінде борышкердің өндіріп алушы алдындағы қарызы 93 152 446,13 теңге құраған болатын. Ал 2023 жылдың 31 желтоқсаны - 2024 жылдың 1 қазаны аралығына бір жақты жасалынған кеңейтілген есептесу актісінде борышкердің 2023 жылдың 31 желтоқсанына дейінгі өндіріп алушы алдындағы берешек қалдық қарызы (сальдо) 7 653 637 теңге болған. Одан кейін де 31.12.2023 жылғы, 31.05.2024 жылғы, 30.06.2024 жылғы, 31.07.2024 жылғы, 31.08.2024 жылғы, 30.09.2024 жылғы қойылған шот-фактуралар бойынша Мекеменің қарызы тиісінше 27 973 899,19 теңге, 64 221 135,57 теңге, 24 770 730,47 теңге,75 056339,38 теңге, 6 621 928,19 теңге, 84 180 261,74 теңге, ал жалпы қарыз 2023 жылдың 31 желтоқсанынан 2024 жылдың 1 қазанына дейін 177 332 707,87 теңгені құраған, яғни пайда болған қарыз әрбір есептік кезеңнен кейінгі айдың 15-не дейін төленбей келген.
Сондықтан кассациялық сот Мекемемен бұл қарыз ұзақ уақыт бойы төленбей келгендіктен және ол борышкермен расталғандықтан, нотариустың атқарушылық жазбаны өндіріп алушы оған өтініш берген күні шығаруын дұрыс деп табады.
Сонымен қатар, Мекеме 2024 жылғы 1 қыркүйектегі және 2024 жылғы 4 қазандағы өзара есептесу актілерімен анықталған қарызды 2024 жылдың 15 қазанына дейін де төлемеген. Сол себептен де атқарушылық жазба 10 жұмыс күндік мерзім өткеннен кейін ғана орындауға жолданады.
Жергілікті соттар талап қоюды қанағаттандыру негізі ретінде Мекеменің 2024 жылдың 17 шілдесінде өндіріп алушыға 64 221 135,57 теңге, 5 779 557,43 теңге, сондай-ақ 2024 жылдың 5 тамызында 12 712 000 теңге төлегенімен де негіздеген. Бұл көрсетілген сомалар 2024 жылғы 4 қазандағы өзара есептесу актісінде ескерілгенін соттар назарға алмаған.
Нотариат туралы Заңның 92-6 бабының 2, 3 тармақтарына сай борышкер атқарушылық жазбаның көшірмесін алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде атқарушылық жазбаны жасаған нотариусқа хабарламасы бар мәлімделген талапқа қарсы қарсылығын жазбаша түрде жіберуге құқылы.
Борышкердің қарсылығында мәлімделген талаппен келіспеу себептері қамтылуға тиіс.
Атқарушылық жазбаның көшірмесі борышкерге мәлімет ретінде 2024 жылдың 10 қазанында табысталған.
Алайда, борышкер 2024 жылдың 28 қазанында, он жұмыс күні өткенен соң, атқарушылық жазба бойынша өндірілген 177 332 707,87 теңге қарыз Мекеме тарапынан төленбейтіні туралы №1891 хатпен нотаруисқа хабарлаған. Бұл хатта борышкер мәлімделген талаппен келіспеу негізін және атқарушылық жазбаға қарсылық келтіру мерзімін өткізіп алу себептерін көрсетпеген.
Нормативтік қаулының 7-тармағында егер борышкер атқарушылық жазбаға қарсылық келтіру мерзімін, сотқа жүгіну мерзімін дәлелсіз себептермен өткізіп алған кезде, сот іс бойынша өзге де нақты мән-жайларды зерттемей, шағымды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдайтыны, мұндай шешімді судья істі сот талқылауына дайындау кезінде де қабылдауы мүмкін екені түсіндірілген.
Жергілікті соттар азаматтық істі қарағанда бұл заң талаптары мен мәнжайды мүлде назарға алмаған.
Кассациялық сот істі қарау барысында анықталған мән-жайларды назарға алып, нотариустың атқарушылық жазба жасау кезіндегі әрекеттері Нотариат туралы заң мен Ереженің талаптарына сейкес келген және нотариусқа талап қою негізсіз берілген деген қорытындыға келді.
Жергілікті соттардың істі қарау кезінде жол берген материалдық құқық нормаларының бұзылуы даудың дұрыс шешілмеуіне әкеп соғуы АПК-нің 427бабы 1-бөлігінің 4) тармақшасына сәйкес дауланып отырған сот актілерінің күшін жоюға негіз болып табылады.
Іс бойынша дәлелдемелерді жинау және оларды қосымша тексеру қажеттілігі болмауына және істің мән-жайы толық анықталғанына байланысты кассациялық сот істі жаңадан қарауға жібермей, талап қоюды қаңағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдады.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 8) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Жамбыл облысының Шу аудандық сотының 2024 жылғы 18 желтоқсандағы шешімінің және Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 26 наурыздағы қаулысының күші жойылсын. Іс бойынша жаңа шешім шығарылсын.
Талап қоюшы «Жамбыл облысы Шу ауданы әкімдігінің тұрғын үйкоммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жауапкер Жамбыл облысы нотариаттық палатасының нотариусы Сауле Оразкуловна Байсембековаға атқарушылық жазбаның күшін жою туралы талап қоюы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттантандырылсын.
Төрағалық етуші, судья: Ж.Рустембеков
Судьялар: Л.Мамырбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.