Қ А У Л Ы
2026 жылғы 8 сәуір №6003-26-00-2к/415 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты, төрағалық етуші судья А.Даненова, судьялар Қ.Айтжанов, А.Токсанбаев,
талап қоюшының өкілі Д.Кенжеғара, жауапкердің өкілі А.Кырыкбаев, үшінші тұлға М.Төрекелдінің қатысуларымен,
ашық сот отырысында Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 16 қыркүйектегі шешіміне жауапкерден апелляциялық шағымымен түскен талап қоюшы «Астана қаласының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы» мемлекеттік мекемесінің жауапкер «Реалклимат НС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне нұскаманың талаптарын орындауға міндеттеу туралы талап қоюымен қабылданған Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 16 қыркүйектегі шешіміне және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 желтоқсандағы қаулысына жауапкердің кассациялық шағымы бойынша келіп түскен азаматтық істі қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы :
«Астана қаласының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - басқарма) жоғарыда көрсетілген талап қоюымен сотқа жүгінген.
Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 желтоқсандағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 16 қыркүйектегі шешімімен талап қоюы қанағаттандырылып, «Реалклимат НС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (бұдан әрі – серіктестік) 2023 жылғы 1 маусымдағы №344 нұсқаманың талабын орындауға, атап айтқанда: Астана қаласы, Алматы ауданы, Оңтүстік-Шығыс т.а. (оң жағы), Айнакөл көшесі, №139 үй мекенжайында орналасқан «Жеке тұрғын үй және шаруашылық-тұрмыстық құрылыстар» объектісін аспаптық техникалық зерттеп-қарау қорытындысын беруге; Астана қаласы, Алматы ауданы, Оңтүстік-Шығыс т.а.(оң жағы), Айнакөл көшесі, №139 үй мекенжайында орналасқан «Жеке тұрғын үй және шаруашылық-тұрмыстық құрылыстар» объектісін ҚР ҚЕ 3.01-102-2012, 5.2.1-тармағы: көршілес жер телімі шекарасынан ең аз қашықтықты – тұрғын үйдің қабырғасына дейін кемінде 3 метр қамтамасыз ету талаптарына сәйкес келтіруге міндеттелген.
Жауапкерден мемлекет пайдасына 1 966 теңге мемлекеттік баж өндірілген.
Серіктестік кассациялық шағымында соттармен өзіне тиесілі құрылыс пен көршілер орналасқан жер телімінің арасы 3 260 мм екені анықталған техникалық қорытындыларын негізсіз дәлелдеме ретінде қабылдамағанын, тараптардың арасында сервитут орнатылған ені 2 040 мм жер телімі орналасқанына мән бермегенін, соттармен материалдық құқық нормалары дұрыс қолданылмағанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған.
Сот тараптардың түсіндірмелерін тыңдап, шағым уәждері мен іс құжаттарын зерделеп, келесі тұжырымға келді.
әрі – АПК) 438-бабы 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Жергілікті соттармен іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Басқарма Астана қаласы, Алматы ауданы, Оңтүстік-Шығыс т.а. (оңжағы), Айнакөл көшесі, №139 үй мекенжайында орналасқан «Жеке тұрғын үй және шаруашылық-тұрмыстық құрылыстар» объектісі серіктестікке құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Астана қаласы бойынша басқармасында белгіленген тәртіппен 2023 жылғы 26 мамырда № 2371000002200032/00306 тіркелген жоспардан тыс тексеру жүргізген.
Тексеру кезінде серіктестік нысаны бойынша нақты жұмыстарды 2022 жылғы қарашада бастағаны, құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталғаны туралы хабарламасыз, сондай-ақ жобалық (жобалау-сметалық) құжаттамасыз не техникалық және авторлық қадағалауларды сүйемелдемей, жобалық (жобалау-сметалық) құжаттама бойынша жүргізгені анықталған.
Басқарма серіктестіктің атына 2023 жылғы 1 маусымда №344 нұсқама (әрі қарай – нұсқама) берген.
Серіктестік нұсқаманың талаптарын толық көлемде орындамаған.
2024 жылғы 8 сәуірдегі Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен басқарманың серіктестікке, Б.Пулатоваға нұсқаманы орындауға міндеттеу туралы талабы қанағаттандырудан бас тартылған. Сот шешімі серіктестіктің қатысушысы өзгеріп, қатысушысы Б.Пулатова болғаны және меншік иесінің өзі салған объектіні пайдалануға қабылдау туралы актісі уәкілетті органда тіркелгенімен негізделген.
2024 жылғы 29 қарашадағы Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының шешімімен талап қоюшы Басқарманың талап қоюы ішінара қанағаттандырылған. 2023 жылғы 26 шілдеде жауапкерлер серіктестік пен Б.Пулатова арасында жасалған Астана қаласы, Алматы ауданы, Оңтүстік-Шығыс т.а. (оң жағы), Айнакөл көшесі, №139 үй жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату шарты жарамсыз деп танылған. Көрсетілген
мекенжайдағы жеке тұрғын үй мен шаруашылық-тұрмыстық құрылыстарды 2023 жылғы 10 тамыздағы меншік иесімен өз бетінше объектіні пайдалануға беру (қабылдау) актісі заңсыз деп танылған. Талап қоюдың қалған бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылған.
2025 жылғы 24 маусымдағы Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының ұйғарымымен басқарманың серіктестікті нұсқаманы мәжбүрлеп міндеттеу туралы талап қоюы қараусыз қалдырылған.
Бірінші сатындағы сот заң нормаларын дұрыс қолданып, тиісті қорытындылар жасаған.
«Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 34-2бабына сәйкес құрылыстың тапсырыс берушісі объектіні Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген барлық қажетті рұқсат құжаттарымен қамтамасыз етуге міндетті.
Заңның 36-бабы 1, 3-тармақтарына сәйкес анықталған жолсыздықтарға не мемлекеттiк нормативтерде көзделген талаптардан (ережелерден, шектеулерден), өзге де мiндеттi талаптардан ауытқушылықтарға (сәйкес келмеушiлiкке) байланысты сәулет-құрылыс бақылау және қадағалау органдары сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiнiң субъектiлерiне (субъектiлердiң атынан өкiлдiк ететiн жауапты адамдарға) нұсқама береді. Сәулет-құрылыс бақылау және қадағалау органдары заңдарға сәйкес берген нұсқамалар Қазақстан Республикасының аумағындағы барлық сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi субъектiлерiнiң орындауы үшiн мiндеттi. Серіктестікпен салынып жатқан объектісіне үшінші тұлғаның хатына сай тексеру жүргізілген. Тексеру кезінде Заң талаптарының бұзылғаны анықталып, жауапкерге нұсқама берілген.
Атап айтқанда, 2024 жылғы 29 қарашадағы Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының, 2024 жылғы 8 сәуірдегі «Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімдерімен басқарманың серіктестікке, Б.Пулатоваға 2023 жылғы 1 маусымдағы №344 нұсқама талаптарын орындауды міндеттеу туралы талап қоюы қанағаттандырусыз қалдырылған, сот серіктестік объектінің иесі болмағандықтан, және 2023 жылғы 1 маусымдағы №344 нұсқамасы Б.Пулатоваға емес серіктестікке берілгендіктен басқарманың талабы қанағаттандырудан бас тартуға жатады деген қорытындыға келген.
Осы ретте, жергілікті соттар басқарманың сотқа серіктестікті нұсқаманы орындауды міндеттеу туралы талап қоюымен серіктестікке беруге құқығы бар деген дұрыс түйін жасаған.
Істің мәні бойынша, соттар Астана қаласының мемлекеттік құрылыс инспекторының объекті бойынша берген нұсқамасының талаптарын орындамау кейіннен құрылыстың пайдалану сапасының нашарлауына әкеп соғатынына және азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкіндігін ескерген. Сондай-ақ, соттар жоғарыда аталған заң талаптарына
сәйкес нұсқама заңды күшінде болғандықтан орындалуға жататындығы туралы дұрыс қорытынды жасаған.
Сот алқасы бірінші сатыдағы соттың тұжырымдарымен келісіп, жауапкердің 2024 жылғы 18 маусымда техникалық қорытындысы серіктестік емес, басқа тұлғаның тапсырысымен жасалғандықтан, ал 2025 жылғы 29 қыркүйекте ұсынылған қорытынды осы іс қаралғаннан кейін берілгендіктен процестік кемшілігі деп бағалап, оларды дәлелдеме ретінде қабылдамаған.
Мұндай жағдайда, жергілікті соттар талап қоюшының талабы негізді екендігіне дұрыс баға берген, өйткені жауапкер бұзушылықты жою туралы орындауға міндетті нұсқаманы өз еркімен орындамаған. Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың тұжырымдары заңды және негізді.
Қабылданған шешімнің негіздері мен себептері сот актілерінде заң нормаларына сілтеме жасалып, толық көрсетілген.
Соттармен іс үшін маңызы бар мəн-жайлар ауқымы жан-жақты, толық анықталған, соттардың қорытындылары істің мән-жайларына сәйкес келеді. материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданылған.
Кассациялық шағымда көрсетілген уәждер материалдық құқық нормалары мен іс бойынша жинақталған дәлелдемелерді қайта бағалауға байланысты келтірілгендіктен, сот оларды негізсіз деп санайды. Шағымның уəждері сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз болып табылмайды. Сондықтан, сот актілер күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігі 1)-тармағын басшылыққа алып, сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І :
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 16 қыркүйектегі шешімі және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 желтоқсандағы қаулысы күшінде, жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
А.Даненова
Қ.Айтжанов
судьялар
А.Токсанбаев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.