Қ А У Л Ы
2025 жылғы 4 желтоқсан №6003-25-00-2к/2668 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында
төрағалық етуші судья К.Р.Айтжанов, судьялар Н.А.Жумагулова, Н.О.Косанов,
талап қоюшы өкілдері Т.Т.Мусировтың, Р.Е.Халиловтың, А.Ж.Орынбаевтың, Н.К.Мусабековтың және Т.У.Мукушевтың, жауапкер өкілі Г.С.Нарымбетовтың бейнебайланыс арқылы қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшылар «Ташкенбай» шаруа қожалығы және дара кәсіпкер Руслан Ескендербекович Халилов (бұдан әрі - талап қоюшылар), даудың нысанасына дербес талаптарды мәлімдейтін үшінші тұлғалар «Қанат» шаруа қожалығы, Абдимурат Жанадилович Орынбаев, дара кәсіпкер Нурлан Калданович Мусабеков (бұдан әрі - үшінші тұлғалар) жауапкерлер «Сарыағаш Несие» Несие серіктестігі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (бұдан әрі - Cеріктестік), нотариус Адельхан Камчибекович Шоинбаев, Акылбек Кемелович Жетписбаев, Толенбай Ералыулы Култаев, Фахридин Сапарбаевич Абатов, Азамат Омирбекович Бекмурзаев, дара кәсіпкер Сандугаш Алпысбайқызы Ханжигитова, дара кәсіпкер Кенжебек Сейдахметович Жанабаев, «Дары-природы» өндірістік кооперативінің басшысы Куляш Жолдасовна Култаева, дара кәсіпкер «Бекболатова Г.А.» Гулмира Аскаровна Бекболатова, дара кәсіпкер Акманат Есиркеповна Менлибаева,
Серіктестік қатысушыларының 2024 жылғы 12 сәуірде өткен кезекті жалпы жиналыстың №1 хаттамасында 4, 5, 6, 7-тармақтары бойынша шешімін (бұдан әрі - Даулы хаттама) жарамсыз деп тану және хаттаманы жасаған және куәландырған кезде заңсыз әрекеттер жасады деп тану туралы электрондық форматтағы азаматтық істі талап қоюшылардың және үшінші тұлғалардың өкілдерінің Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 13 наурыздағы шешімі (бұдан әрі - сот шешімі) мен Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 12 маусымдағы қаулысына (бұдан әрі - алқа қаулысы) берген кассациялық шағымдарымен қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы :
Талап қоюшылар және үшінші тұлғалар аталған талап қоюлармен сотқа жүгініп, оны 2024 жылғы 12 сәуірде жалпы жиналыс өтетіні туралы хабарсыз болғандықтан оған қатыса алмағандарына, жалпы жиналыста құрылтайшылардың кворумы болмағанына және жалпы жиналысты өткізу ережелері бұзылғанына негіздеген.
Алқа қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған сот шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.
Талап қоюшылар және үшінші тұлғалар кассациялық шағымдарында соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын
көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, талапты қанағаттандыру жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.
Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Мұндай бұзушылықтар іс бойынша орын алмаған.
Анықталғаны, Серіктестік уәкілетті органда 2002 жылғы 22 қазанда мемлекеттік тіркеуден өткен.
Серіктестік Басқарма мүшелерінің жиналысының 2024 жылғы 13 наурыздағы №3 хаттамасына сәйкес 2024 жылғы 12 сәуірде жалпы жиналыс өткізілетін болып белгіленіп, оның күн тәртібі бекітілген.
Осыған орай, «Кредиттік серіктестіктер туралы» Қазақстан Республикасы 2003 жылғы 28 наурыздағы №400 Заңының (бұдан әрі - Заң) 8- бабының 1-1 тармағына және Серіктестіктің 2019 жылғы 25 желтоқсандағы жалпы жиналысында бекітілген Жарғысының 12.5-тармағына сай қатысушылардың жалпы жиналысы 2024 жылғы 12 сәуірде сағат 11:00-ге өткізілетіні және күн тәртібі жөніндегі хабарландыру жергілікті «Сарыағаш» басылымының 2024 жылғы 29 наурыздағы №13 шығарылымында жарияланған. 2024 жылғы 12 сәуірде Серіктестік қатысушыларының жалпы жиналысы өткізіліп, Даулы хаттамаға сай оған 641 тұлғаны құрайтын қатысушылардың 432 мүшесі, яғни жалпы қатысушылар санының 67,4% қатысқан және алдын ала жарияланған күн тәртібіне сай бір қатар шешімдер қабылданған. Себебі, Заңның 9-бабы 1-тармағына сай күн тәртібіне енгізілген мәселе жөніндегі шешім қатысушылардың айқын басым көпшілігімен немесе бірауыздан қабылдануға тиіс болатын жағдайда, егер оған барлық қатысушылардың кемінде үштен екісі қатысса, жиналыс шешім қабылдауға құқылы. Талап қоюшылар мен үшінші тұлғалар осы жалпы жиналыста күн тәртібіндегі 4, 5, 6, 7-тармақтары бойынша қабылданған шешімдерін даулаған. Алайда, Даулы хаттамаға және күн тәртібіне сай жалпы жиналыста қаралған сұрақтар Серіктестіктің ішкі мәселелеріне байланысты және Серіктестік қатысушыларының құзыреттерінің щеңберінде болған, тиісінше олардың қажеттілігі мен негізділігіне сот құқықтық баға бере алмайды, өйткені бұл мәселе жалпы жиналыстың өкілеттігіне жатады.
Талап қоюшылар мен үшінші тұлғалар «Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы» Қазақстан Республикасы 1998 жылғы 22 сәуірдегі №220-І Заңының 50-бабында және «Жауапкершілігі
шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер жөніндегі заңнаманы қолданудың кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысының 12-тармағында көзделген Серіктестікке қатысушы қабылданған шешім туралы білген немесе білуге тиіс болған күннен кейін алты айдың ішінде, ал егер ол шешім қабылданған жалпы жиналысқа қатысқан болса, шешім қабылданған күннен кейін алты айдың ішінде талап қою мүмкіндігін (мерзімін) дәлелді себептерсіз өткізіп алған деген соттардың тұжырымы заңды әрі негізді болып табылады.
Себебі, талап қоюшылар мен үшінші тұлғалар жалпы жиналыстың 2024 жылғы 12 сәуірде өткізілетіні туралы «Сарыағаш» басылымынан білуге тиіс болса, олардың өкілі Т.У.Мукушов және үшінші тұлғалар «Қалдан» шаруа қожалығының төрағасы К.П.Мусабеков, «Бердикул» шаруа қожалығының төрағасы Б.Кабылов 2024 жылғы 12 сәуірде өткен жалпы жиналысқа қатысқан.
Сонымен қатар, 2024 жылғы 12 сәуірде өткізілген жалпы жиналысқа Серіктестіктің барлық құрылтайшыларының 67,4% құрайтын 432 құрылтайшысы қатысқаны олардың Даулы хаттаманың қосымшасы болып табылатын тізімге қойған қолдарымен расталған. Одан бөлек, аталған жалпы жиналысқа қатысқан 301 құрылтайшы 2024 жылғы 20 мамырдағы актіге қолдарын қойып, осы жалпы жиналысқа қатысып, дауыс бергендерін және қабылданған шешімдермен келісетіндерін тағы да қуаттаған.
Уәкілетті органның мәліметі бойынша Серіктестік қатысушыларының саны 757 тұлғаны құраған, сол себепті кворум сақталмаған деген талап қоюшылар мен үшінші тұлғалардың уәждері негізсіз және сотта өз дәлелін таппаған, өйткені Уәкілетті органның мәліметі 2025 жылғы ақпан айына берілген болса, жалпы жиналыс 2024 жылғы 12 сәуірде өткізілген.
Бұл ретте соттар талап қоюшылар мен үшінші тұлғалардың жалпы жиналысқа қатыспағандары жиналыстың шешім қабылдау нәтижесіне әсер етпейді, Серіктестіктің қатысушылары Даулы хаттамадағы жиналыс шешімдерін қайта қарауға құқылы, тиісінше олардың құқықтары бұзылды деуге негіз жоқ деген дұрыс қорытындыға келген.
Одан бөлек, алдағы уақытта Серіктестіктің қатысушылары Серіктестіктің атқарушы органынан жалпы жиналыс өткізуді талап етуге және онда талқылануы қажет деген мәселелерін қарауға шығаруға құқықтары бар.
АПК-тің 449-бабының 1-бөлігіне сәйкес істi кассациялық тәртiппен қарау кезiнде сот iстегі материалдар бойынша кассациялық шағымның, наразылықтың дәлелдерi шегiнде соттар шығарған сот актiлерiнiң заңдылығын тексередi.
Соттар талаптың хаттаманы жасаған және куәландырған кезде заңсыз әрекеттер жасады деп тану туралы бөлігін мәні бойынша негізсіз қараған, өйткені мұндай талап азаматтық іс жүргізу тәрібімен қаралуға жатпайды және
АПК-тің 151-бабының 1-бөлігінің 1) тармақшасына сай арыздың бұл бөлігін қабылдаудан бас тартылуы тиіс болған.
Кассациялық шағымдарда талаптың бұл бөлігінің соттың өндірісіне қабылдануының заңдылығы жөнінде мәселе көтерілмеген, сол себепті кассациялық сот сот актілерінің заңдылығын шағымның шегінде тексерді.
Істің мұндай тұрғысында, яғни талап қоюшылар мен үшінші тұлғалар талап қою мерзімін дәлелді себептерсіз өткізіп алғанын ескере отырып, талап қою қанағаттандырылуға жатпайды деген соттардың тұжырымы заңды әрі негізді болып табылады.
Кассациялық шағым уәждері соттардың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған сот актілерінің күштерінің жойылуына немесе өзгертілуіне әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ.
Сол себепті, сот шешімі мен алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 13 наурыздағы шешімі мен Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 12 маусымдағы қаулысы күшінде, талап қоюшылардың және даудың нысанасына дербес талаптарды мәлімдейтін үшінші тұлғалардың өкілдерінің кассациялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші К.Айтжанов
Судьялар Н.Жумагулова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.