№6003-26-00-2к/1399 іс
Қ А У Л Ы
2026 жылғы 9 маусым Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші судья Г.С.Джаппарова, судьялар Г.М.Даулеткалиева, А.К.Есдаулетов болып, талап қоюшы К[...],
жауапкер өкілдері К[...] мен К[...] қатысуларымен, бейне-байланыс құрылғысы арқылы, ашық сот отырысында Орал қаласының №2 сотының 2025 жылғы 4 шілдедегі шешімі мен Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 қыркүйектегі қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен,
талап қоюшы К[...] жауапкер «Батыс Қазақстан облысы әкімдігі білім басқармасының Орал қаласы білім беру бөлімінің «№5 жалпы орта білім беретін мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне бұйрықтарды заңсыз деп тану, жұмысына қайта орналастыру, бос жүруге мәжбүр болған бүкіл уақыты үшін жалақысын және моральдық зиянның өтемақысын өндіру туралы электрондық азаматтық істі қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы:
К[...] сотқа аталған талап қоюмен жүгініп, онда заңсыздығына байланысты «Батыс Қазақстан облысы әкімдігі білім басқармасының Орал қаласы білім беру бөлімінің №5 жалпы орта білім беретін мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Мектеп) тәртіптік жаза қолдану туралы 2024 жылғы 24 қазандағы №154-ж және осы бұйрыққа өзгеріс енгізу туралы 2024 жылғы 28 қазандағы № 156-ж бұйрығын заңсыз деп танып, өзін Мектеп директорының оқу-ісі жөніндегі орынбасары жұмысына қайта орналастыруды, бос жүрген уақыты үшін жалақысын және моральдық зиянның өтемақысын өндіруді сұраған.
Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 қыркүйектегі қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған, Орал қаласының №2 сотының 2025 жылғы 4 шілдедегі шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.
Оған соттардың К[...] жұмыста болмауының дәлелді себептері анықталмағаны жөнінде тұжырымға келуі негіз болған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында, сот актілерінде баяндалған сот түйіндерінің істің мән-жайларына сәйкес келмеуіне, тәртіптік жаза қолдануда еңбек заңнамасының бұзылуына жол берілуіне байланысты, іс бойынша талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.
Жауапкер кассациялық шағымға байланысты пікірінде, уәждерімен келіспей, онда сілтеме жасалған мән-жайлардың іс құжаттарымен жоққа
шығарылғандықтан, шағым берілген сот актілерін күшінде қалдыруды сұраған.
Кассациялық сот істегі бар дәлелдемелерді зерттеп, сотқа қатысушылардың түсініктерін тыңдап, кассациялық шағымның дәлелдерi шегiнде соттар шығарған сот актiлерiнiң заңдылығын тексерiп, оның уәждерін талқылап, төмендегідей тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әріАПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Соттармен істі қарауда мұндай бұзушылықтарға жол берілмеген.
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) 56бабының 1 және 2- тармақтарына сәйкес, жұмыскер жұмыс берушіні кемінде бір ай бұрын хабардар ете отырып, еңбек шартын өзінің бастамасы бойынша бұзуға құқылы. Еңбек шартында еңбек шартын бұзу туралы жұмыскердің жұмыс берушіге хабардар етуінің неғұрлым ұзақ мерзімін белгілеуге жол беріледі.
Еңбек шарты жұмыскердің бастамасы бойынша жұмыс берушінің жазбаша келісімімен, осы баптың 1-тармағында көзделген хабардар ету мерзімі аяқталғанға дейін бұзылуы мүмкін.
Кодекстің 52-бабының 1-тармағының 8) тармақшасына сәйкес жұмыскердің бір жұмыс күні (жұмыс ауысымы) ішінде дәлелді себепсіз үш және одан да көп сағат бойы жұмыста болмауы жұмыс берушінің бастамасы бойынша онымен еңбек шартын бұзуға негіз болып табылады.
«Соттардың еңбек дауларын шешу кезінде заңнамаларды қолдануының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2024 жылғы 28 қарашадағы № 1 нормативтік қаулысының 20-тармағында көрсетілгендей, осы негіз бойынша еңбек шартын бұзудың дұрыстығы туралы істі шешу кезінде, жұмыскердің еңбек міндеттеріне сәйкес өзіне тапсырылған жұмысты орындауға тиіс жұмыс орнынан тыс жерде болғанын назарда ұстау қажет.
Осы Қаулының 24-тармағында, соттар жұмыскердің тәртіптік теріс қылық жасауына қатысты дауды қараған кезде жұмыскердің жасаған тәртіптік теріс қылығына байланысты тәртіптік жаза түрін (ескерту, сөгіс, қатаң сөгіс, еңбек шартын бұзу) таңдау жұмыс берушінің құқығы болып табылатынын және ол жұмыскер еңбек қатынастарында тұрған жұмыс берушінің құзыретіне жататынын ескеруі керектігі көрсетілген.
Іс құжаттарына қарағанда, К[...] 2016 жылғы 4 қаңтарда жасалған № 45 еңбек шарты негізінде мектеп директорының оқу-ісі жөніндегі
орынбасары лауазымын атқарған.
К[...] 2024 жылдың 17 қазанында өзін осы лауазымынан босату туралы арыз жазып, бірақ оның бұл өтініші жұмыс берушімен қаралмағанына қарамастан қазанның 18, 21, 22 күндері жұмыста болмаған, бұл жайлы жұмыс берушімен актілер толтырылған.
2024 жылғы 21 қазанда жұмыста болмау себептеріне байланысты жазбаша түсініктеме беруден бас тартқан.
Аталған мән-жайлар іс құжаттарымен расталған және талап қоюшымен жоққа шығарылмаған.
Сондықтан кассациялық шағымның уәждері негізсіз болып табылады. Мәні бойынша дұрыс сот шешімінің күші бір ғана формальды пайымдаулар бойынша жойылмайды.
Осы мән-жайларға байланысты дау айтылған сот актілерін зерделеу соттардың ұстанымы іс үшін маңызы бар мән-жайларға және сот отырыстарында зерттелген дәлелдемелерге сәйкес келетінін көрсетті.
Мұндай жағдайда бейтарап зерттеліп бағаланған дәлелдемелерге, қолданылуға жататын материалдық және процестік құқық нормаларына негізделген соттардың тұжырымдарымен тараптың келіспеуі өздігінен даулап отырған сот актілерінің заңсыздығына әкеп соқтырмайды.
Осыған орай кассациялық шағым қанағаттандырусыз, сот актілері күшінде қалдырылуға жатады.
Кассациялық сотпен іс АПК-тің 449-бабының 1-бөлігінің талабы бойынша тек кассациялық шағымның дәлелдерi шегiнде қаралды.
АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Орал қаласының №2 сотының 2025 жылғы 4 шілдедегі шешімі мен Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 қыркүйектегі қаулысы күшінде, талап қоюшы К[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Кассациялық сатыдағы сот қаулысы ол жарияланған күнінен бастап заңды күшiне енедi.
Г.Джаппарова
Судьялар
Г.Даулеткалиева
А.Есдаулетов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.