6001-22-00-3гп/522
ҚАУЛЫ
2023 жылғы 25 қаңтар Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші М.Ж.Бектұрғановтың
судьялар Ш.С.Иманиязованың, А.С.Савинованың,
талап қоюшы К[...], оның өкілі Ж[...], жауапкердің өкілі Е[...], аудармашы Ш[...]
қатысуларымен,
ашық сот отырысында мобильді бейне-байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы К[...] жауапкер «ҚЖҚИ[...]» ЖШС-не (бұдан әрі - Институт / Серіктестік) келтірілген зиян мен моральдық зиян өтемін өндіру туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық ісі бойынша қабылданған
Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық сотының 2021 жылғы 20 желтоқсандағы шешімін, Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 28 наурыздағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы К[...] өтінішхаты бойынша азаматтық істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
К[...] сотқа аталған талап қоюмен жүгініп, оныі жұбайы Д[...] Серіктестікте еңбек міндетін атқарып жүріп, өндірісте орын алған жазатайым оқиғадан қайтыс болғанын, соның салдарынан талап қоюшы кәмелетке толмаған екі баласымен және марқұмның әкесі Ж[...] асыраушысынан айырылып, уайым шегіп, жанкүйзелісіне ұшырағанымен негіздеген.
Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық сотының 2021 жылғы 20 желтоқсандағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.
Серіктестіктен К[...] пайдасына үш жылдан аспайтын мөлшердегі 1 944 000 теңге біржолғы төлем, 2023 жылдың 19 қарашасынан бастап, кәмелетке толмаған 2016 жылғы 13 маусымда туған А[...] 18 жасқа толғанға дейін ай сайын 18 000 теңге, 2020 жылғы 25 наурызда туған А[...] 18 жасқа толғанға дейін ай сайын 18 000 теңге, балалардың анасы К[...] 2020 жылғы 25 наурызда туған А[...] 14 жасқа толғанға дейін ай сайын 18 000 теңге көлемінде зиянды өтеу төлемдері өндірілген.
Серіктестіктен К[...] пайдасына 1 000 000 теңге моральдық зиян өндірілген.
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 28 наурыздағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
К[...] өтінішхатында жергілікті соттардың тұжырымдары істің мән-жайларына сәйкес келмейтінін, материалдық құқық нормалары дұрыс қолданылмағанын, асыраушысыз қалуына байланысты, оған өтелетін зиян екі есе кем есептелгенін көрсетіп, талап қою арызын толық көлемінде қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Арызданушының өтінішхатты қолдаған пікірін, Серіктестіктің қарсылығын тыңдап, іс-құжаттарын зерттеп, өтінішхат уәждерін талқылап, сот алқасы төмендегі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Аталған азаматтық іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.
Д[...] 2018 жылғы 29 шілдедегі № 30 еңбек шарты негізінде Институтта инженер-жобалаушы қызметін атқарған.
Институттің 2020 жылғы 18 қарашадағы № 18 бұйрығымен өндірістік қажеттілікке байланысты инженер-жобалаушы Д[...] пен техникгеодезист Ә[...] нысан бойынша авторлық қадағалау жұмыстарын жүргізу мақсатында 2020 жылғы 19 қарашадан бастап 20 қарашаға дейін іссапарға жіберілген.
2020 жылғы 19 қарашада сағат 08:00 шамасында Жамбыл облысы Ақшолақ елді-мекеннің тұсында жол көлік апаты салдарынан Д[...] оқиға орнында көз жұмған. 2020 жылғы 24 қарашада жазатайым оқиғаның себептері мен мәнжайларын жан-жақты зерттеу үшін арнайы тергеп-тексеру тағайындалып, оның қорытындысы бойынша № 1 және № 2 актілер толтырылған. Өндірістегі жазатайым оқиғасы туралы аталған актілерге сәйкес жұмыс беруші мен жұмыскерлердің кінәлары тиісінше 100 % және 0 % деп белгіленген.
Институт қызметкері Д[...] денсаулығы мен өмірі сақтандырылмағанына байланысты, талап қоюшы сотқа жүгініп, Д[...] асырауында өзі - жұбайы К[...], олардың ортақ кәмелетке толмаған ұлдары - А[...] мен А[...] және қайтыс болған Д[...] әкесі Ж[...] болғандарын көрсетіп, жұмыс берушіден келтірілген зиян мен моральдық зиян өтемін өндіруді сұраған. Жергілікті соттар талап қою арызын ішінара қанағаттандырып, Д[...] қатысты сақтандыру шарты жасалмағанын, оның асырауында жұбайы, екі баласы болғанын, ал әкесі Ж[...] баласының асырауында болғаны туралы дәлелді құжат ұсынбағанын ескеріп, Д[...] жазатайым оқиға бойынша жұмыс беруші мен жұмыскердің кінәсінің дәрежелері анықталғанын көрсетіп, Институттың 2021 жылғы 06 желтоқсандағы анықтамасына сәйкес, қайтыс болған жұмыскердің ай сайынғы жалақысы 90 000 теңге болғанын айқындап,
асыраушысынан айырылған екі кәмелет жасына толмаған балаларының әр қайсысына және кіші баласы он төрт жасқа толған уақытқа дейін анасына 18 000 теңгеден (90 000 / 5 = 18 000) шығады деген қорытындыға келген.
Сот алқасы келесі негіздер бойынша жергілікті соттардың тұжырымдары іс мән-жайларына сәйкес келмейді және қабылданған сот актілері материалдық құқық нормаларын бұзу арқылы қабылданған деп санайды.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 940-бабының 1, 3-тармақтарына сәйкес, азамат қайтыс болған жағдайда қайтыс болған адамның асырауындағы немесе ол қайтыс болған күнге дейiн одан жәрдем ақша алуға құқылы болған еңбекке жарамсыз адамдардың, қайтыс болған адамның ол қайтыс болғаннан кейiн туған баласының, сондайақ ата-анасының бiреуі, зайыбы не еңбекке қабiлеттiлiгiне қарамастан жұмыс iстемейтiн және қайтыс болған адамның асырауында болған балаларын, немерелерiн, жасы он төртке толмаған не аталған жасқа толса да, медицина органдарының қорытындысы бойынша денсаулық жағдайына байланысты басқа адамның күтуiне мұқтаж аға-iнiлерi мен апа-қарындастарын (жас балаларды) күтумен айналысатын, отбасының басқа да мүшесiнiң зиянды өтетiп алуға құқығы бар.
Зиян: кәмелетке толмағандарға - он сегiз жасқа толғанға дейiн, он сегiздегi және одан да ересек жастағы оқушыларға - күндiз оқыту нысанындағы оқу орындарындағы оқуы аяқталғанға дейiн, бiрақ әрi кеткенде жиырма үш жасқа дейiн; Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасында белгіленген зейнеткерлік жасқа толған адамдарға - өмiр бойы; мүгедектерге - мүгедектiк мерзiмiне; ата-аналарының бiреуiне, жұбайына не қайтыс болған адамның асырауында болған балаларын, немерелерiн, аға-iнiлерi мен апа-сiңлiлерiн, қарындастарын күтумен айналысатын отбасының басқа мүшесiне - олар он төрт жасқа толғанға дейiн не денсаулық жағдайы өзгергенге дейiн өтеледi.
Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 122-бабының 1- тармағына сай жұмыскердің еңбек міндеттерін орындауына байланысты оның өміріне және (немесе) денсаулығына зиян келтірілген кезде жұмыс беруші зиянды Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген көлемде және тәртіппен өтеуге міндетті.
АК-нің 938-бабының 2-тармағымен жоғалтылған табыстың (кiрiстiң) құрамына негізгі жұмыс орны бойынша, сондай-ақ қоса атқаратын жұмысы бойынша да еңбек және азаматтық-құқықтық шарттар еңбекке ақы төлеудің жеке табыс салығы салынатын барлық түрлері кіргізілетіні көзделген.
АК-нің 944-бабының 1-тармағына сәйкес жәбiрленушiнiң еңбекке қабiлеттілігiнiң төмендеуiне немесе қайтыс болуына байланысты зиянды өтеу ай сайынғы төлемдермен жүргiзiледi.
Іс-құжаттарына сәйкес, жұмыскердің ай сайынғы жалақысы 90 000 теңге болғаны жергілікті соттармен айқындалған.
Бірінші сатыдағы сотпен Д[...] әкесін оның асырауындағы адам ретінде танымаған. Алайда, ай сайынғы төлем 18 000
теңге мөлшерінде деп, айлық жалақыны бес адамға бөлген, яғни зиян мөлшерін айқындауда ай сайынғы жалақыны бес адамға бөлу туралы қате тұжырымға келген.
Бұл ретте, Д[...] жалақысының мөлшері 90 000 теңге, асыраушысынан айырылған екі кәмелет жасына толмаған балалардың әр қайсысына және кіші баласы он төрт жасқа толған уақытқа дейін анасына кемінде 22 500 теңгеден (90 000 / 4 = 22 500) төлем өндірілуге жатады.
АК-нің 951-бабының 1-тармағына сай моральдық зиян - жеке тұлғалардың өзіндік мүліктік емес игіліктері мен құқықтарының бұзылуы, кемсітілуі немесе олардан айырылуы, оның ішінде өзіне қарсы құқық бұзушылық салдарынан ол қайтыс болған жағдайда - жақын туыстарының, жұбайының (зайыбының) басынан кешірген (төзім тауысқан, уайымға салған) жан азабы немесе тән азабы (қорлау, ызаландыру, қысым жасау, ашуландыру, ұялту, түңілту, тән қиналуы, залал шегу, қолайсыз жағдайда қалу және т.б.).
«Соттардың моральдық зиянды өтеу жөніндегі заңнаманы қолдануы туралы» Жоғарғы Соттың 2015 жылғы 27 қарашадағы № 7 нормативтік қаулысының 8-тармағында соттар моральдық зиян өтемақысының мөлшерін анықтаған кезде азаматқа келтірілген жан мен тән азабының ауырлығын, оның субьективті мәліметтерді, атап айтқанда: өзіндік мүліктік емес игіліктер мен құқықтардың (өмірі, денсаулығы, бостандығы, тұрғын үйге қолсұқпаушылық, жеке және отбасылық құпиясы, ар-намысы мен қадірқасиеті және т.б) өмірлік маңызын; жәбірленушінің басынан кешірген жан немесе тән азабының дәрежесін (бас бостандығынан айырылуы, дене жарақаттарының келтірілуі, жақын туыстарынан айырылуы, еңбек қабілетін жоғалтуы немесе оның шектелуі және т.б); моральдық зиянды өтеу үшін қажет болып табылатын зиян келтірушінің кінәсінің түрін назарға алуы қажет екені түсіндірілген.
Бұл жағдайда, К[...] ерінің қазасы салдарынан келтірілген жан азабын, оның асыраушысыз қалғанын, әділдік пен парасаттылық өлшемшарттарын басшылыққа алып, моральдық зиян ұлғайтылуға жатады деп санайды.
АПК-ның 224-бабына сәйкес, сот шешiмi заңды және негiздi болуға тиiс.
Процессуальдық нормаларды сақтай отырып, материалдық немесе процестік құқық нормаларды дұрыс қолданып, қабылданған шешім заңды болып табылады. Жоғарыдағылар негізінде, кассациялық сот алқасы дау айтылған сот актілерін өзгертіп, Серіктестіктен талап қоюшы К[...] пайдасына өндірілетін біржолғы төлем 2 430 000 теңгеге дейін, кәмелетке толмаған балалары үшін олар он сегіз жасқа толғанға дейін ай сайын 22500 теңге дейін, балалардың кішісі он төрт жасқа толғанға дейін оның күтімі үшін К[...] өзіне ай сайын 22 500 теңгеге дейін зиянды өтеу төлемдерді және моральдық зиянның өндіріп алынған өтемақысының мөлшерін 4 000 000 теңгеге дейін ұлғайту қажет деп санайды.
АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 8)-тармақшаларын басшылыққа алып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Әл-Фараби аудандық сотының 2021 жылғы 20 желтоқсандағы шешімін, Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 28 наурыздағы қаулысы өзгертілсін.
Аталған сот актісінің талап қоюшы К[...] пайдасына жауапкер «ҚЖҚИ[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен өндірілген зиян өтемімен моральдық зиян мөлшері ұлғайтылсын.
«ҚЖҚИ[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен Ж[...] Ермановна К[...] пайдасына 2 430 000 (екі миллион төрт жүз отыз мың) теңге біржолғы төлем, 2023 жылғы 19 қарашасынан бастап кәмелетке толмаған баллары А[...], А[...] үшін олар он сегіз жасқа толғанға дейін ай сайын 22 500 (жиырма екі мың бес жүз) теңгеден, балалардың кішісі А[...] он төрт жасқа толғанға дейін оның күтімі үшін К[...] өзіне ай сайын 22 500 (жиырма екі мың бес жүз) теңге зиянды өтеу төлемдері өндірілсін.
«ҚЖҚИ[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен Ж[...] Ермановна К[...] пайдасына 4 000 000 (төрт миллион) теңге моральдық зиян өндірілсін.
«ҚЖҚИ[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен мемлекет пайдасына 181 800 (жүз сексен бір мың сегіз жүз) теңге мемлекеттік баж салығы өндірілсін.
Сот актілерінің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылсын. К[...] өтінішхаты ішінара қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші М.Бектұрғанов Судьялар Ш.Иманиязова А.Савинова
Көшірмесі дұрыс Судья М.Бектұрғанов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.