Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 05.03.2026 по делу 6003-25-00-2к/4458 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 5 наурыз №6003-25-00-2к/4458 (2) Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында төрағалық етуші судья Г.Б.Бастаубаев, судьялар М.Т.Кадырова, Н.О.Косанов,

прокурор Р.Б.Казмуханбетовтың, талап қоюшы өкілі Х.А.Карабаевтың, жауапкер өкілі Н.М.Касымбековтың қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы «Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасы» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Басқарма) жауапкер «Чарва» шаруа қожалығынан (бұдан әрі - Қожалық) субсидия қаржысын өндіру туралы электрондық азаматтық істі Қожалықтың Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 28 қаңтардағы шешіміне (бұдан әрі - сот шешімі) және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 сәуірдегі қаулысына (бұдан әрі - алқа қаулысы) берген кассациялық шағымымен қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы :

Басқарма аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, оны Қожалық субсидия қаржысын мақсатсыз пайдаланғанымен негіздеген.

Алқа қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған сот шешімімен талап қою қанағаттандырылып, Қожалықтан мемлекет пайдасына 11 785 800 теңге субсидия қаражаты және 353 574 теңге мемлекеттік баж өндірілген.

Қожалық кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жоюды, талапты қанағаттандырудан бас тарту жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.

Сонымен қатар, Қожалық сот актілеріне кассациялық шағым беру мерзімін қалпына келтіру жөнінде арызбен жүгініп, оны осы мәселемен Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына арызданып, кассациялық шағым беру мерзімі өтіп кеткенін олардан жауап алғаннан кейін білгенімен негіздеген.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын және прокурордың сот актілері өзгеріссіз, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады деген қорытындысын тыңдап, кассациялық шағымның және оны беру мерзімін қалпына келтіру жөніндегі арыздың уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 126-бабының 2-бөлігінде егер осы Кодексте белгіленген мерзімдерді өткізіп алу себептерін сот дәлелді деп таныса, сот оларды қалпына келтіруі мүмкін екені бекітілген.

Алқа қаулысы 2025 жылғы 17 сәуірде шығарылған.

АПК-тің 436-бабының 1-бөлігіне сәйкес кассациялық шағым апелляциялық сатыдағы соттың қаулылары заңды күшіне енген күннен бастап алты ай iшiнде берілуі мүмкін.

Жауапкер кассациялық шағыммен сотқа бірінші рет 2025 жылғы 7 қарашада жүгінген, шағым қайтарылған соң Түркістан облыстық сотына талап қою мерзімін қалпына келтіру жөнінде арызбен жүгінген, соңғылардан кассациялық сотқа жүгіну қажеттілігі туралы 2025 жылғы 12 желтоқсанда жауап алғаннан кейін екінші рет 2025 жылғы 19 желтоқсанда жүгініп отыр.

Мұндай жағдайда кассациялық шағым беру мерзімі қалпына келтірілуге жатады, өйткені жауапкермен бұл мерзімнің өткізіп алуының дәлелді себептері ұсынылған.

АПК-тің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Мұндай бұзушылықтар іс бойынша орын алмаған.

Жергілікті соттар Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2019 жылғы 15 наурыздағы №108 бұйрығымен бекітілген «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларын» (бұдан әрі - Қағида) дұрыс қолданып, іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасаған.

Қожалық 2019 жылғы 23 желтоқсанда 198 бас бұқашықты бордақылау алаңдарына өткізгені үшін сыйымдылығы бір уақытта кемінде 1 000 бас болатын бордақылау алаңдарына бордақылау үшін өткізілген немесе ауыстырылған бұқашықтардың құнын арзандатуға субсидия алуға №0901001901 өтінім беріп, 2019 жылғы 24 желтоқсандағы төлем тапсырмасымен 11 785 800 теңге субсидия қаражатын алған.

Қағиданың 3-қосымшасының 6, 7, 8, 16-нысанындағы талаптарына сәйкес, Қожалық субсидияға өтінім беру барысында субсидияланған аналық мал басының (табиғи кему нормалары шегіндегі өлім-жітімді қоспағанда) жыл бойы сақталуын қамтамасыз ететінін, сақталуы қамтамасыз етілмеген жағдайда, алынған субсидияларды қайтаруға келісетіндігін көрсеткен.

«Түркістан облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті» мемлекеттік мекемесімен Басқармада «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау» бюджеттік бағдарламасы бойынша мемлекеттен төленген субсидиялардың нормативтік құқықтық актілерге сәйкестігіне тексеру жүргізіліп, 2024 жылғы 19 наурызды №61 аудиторлық есеп жасалған.

Аудиторлық тексеру барысында АТЖ (ИАС) пен АШЖБ (ИСЖ) дерекқор базасымен салыстыру барысында өтінімде көрсетілген сырға белгілері бойынша 198 бас бұқашықтар 2019 жылғы 14 қазанда ИСЖ дерекқор базасына кіріске алынып, 2019 жылғы 4 қарашада ИСЖ дерекқор базасынан шығарылғаны анықталған.

Сонымен қатар, ветеринарлық бекет меңгерушілерінің анықтамалары бойынша 198 бас бұқашықты ИСЖ дерекқор базасына тіркеу мен шығаруға жауапкер тарапынан өтініштер берілмегенін растаған, дерекқор базасында жоғарыдағы 198 бас бұқашықтың 2019 жылғы 4 қарашада «Байтерек» ШҚ-на тіркелгені және ветеринариялық іс-шаралардың жүргізілмегені көрсетілген.

Осылайша 2019 жылғы 23 желтоқсандағы №0901001901 өтінім берген уақытында 198 бас бұқашықтары ауыл шаруашылығы бірдейлендіру дерекқорында жауапкердің иелігінде 22 тәулік болғаны дәлелденген.

Одан бөлек, аудиторлық іс-шара бойынша мамандардың Қожалықты тексеру кезінде 2023 жылғы 1 желтоқсанда бақылау өлшемі (қарап тексеру) актісіне сәйкес шаруашылықта ешқандай ауыл шаруашылық малдары жоқ екені анықталған.

Істің мұндай тұрғысында талап қою қанағаттандырылуға жатады деген жергілікті соттардың тұжырымы заңды әрі негізді болып табылады.

Кассациялық шағым уәждері соттардың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған сот актілерінің күштерінің жойылуына немесе өзгертілуіне әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ.

Сол себепті, сот шешімін өзгеріссіз қалдырған алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады. АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Жауапкер «Чарва» шаруа қожалығына сот актілеріне кассациялық тәртіппен шағым беру мерзімі қалпына келтірілсін.

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 сәуірдегі қаулысы күшінде, жауапкер «Чарва» шаруа қожалығының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Г.Бастаубаев

Судьялар М.Кадырова

Н.Косанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.