6001-23-00-6ап/2942, 6001-23-00-6ап/2942(2)
Қ А У Л Ы
2024 жылғы 12 желтоқсан Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші судья Г.Б.Дуйсенбаев, судьялар Ж.Б.Ермағамбетова, Г.К.Нұрбаев болып, жауапкерлер өкілдері Н.А. Айнабековтың, Б.С. Баймахановтың
қатысуымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында талап қоюшы Толганай Джанадиловна Бегалиеваның жауапкерлер «Азаматтарға арналған үкімет» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Түркістан облысы филиалына, «Азаматтарға арналған үкімет» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Түркістан облысы филиалының Түркістан қалалық тіркеу және жер кадастріне, Түркістан қаласы әкімдігінің «Сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесіне, Түркістан қаласы әкімдігінің «Жер қатынастар бөлімі» мемлекеттік мекемесіне Тилеубергенов Ергали Абдрахмановичтің кадастрлық нөмірі №19-307-142-1828 санды сәйкестендіру актісін Түркістан қаласы, Жаушықұм көшесі, №30 жер учаскесіне орналастыру іс-әрекетін заңсыз деп тану туралы әкімшілік ісі бойынша,
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 12 мамырдағы шешіміне, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 17 тамыздағы қаулысына мүдделі тұлға берген кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы Т.Д. Бегалиева сотқа жоғарыда аталған талап қоюмен Азаматтарға арналған үкімет» коммерциялық емес акционерлік қоғамының (бұдан әрі – КеАҚ) Түркістан облысы филиалына, КеАҚ-ның Түркістан қалалық тіркеу және жер кадастріне, Түркістан қаласы әкімдігінің «Сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Бөлім), Түркістан қаласы әкімдігінің «Жер қатынастар бөлімі» мемлекеттік мекемесіне жүгінген.
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 12 мамырдағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған. Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 17 тамыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.
Мүдделі тұлға кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған бірінші және апелляциялық саты соттарының сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып талап қоюды қаңағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Талап қоюшы тарапы мен мүдделі тұлға Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Жауапкерлер өкілдерінің пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Іс құжаттарынан анықталғандай, Түркістан қалалық әкімінің 1993 жылғы 8 желтоқсандағы №151 шешімі негізінде талап қоюшыға бағбандық және саяжай салу үшін жер иелену жоспарына сәйкес шекарада көлемі 0,0600 гектар жер өмір бойы мұраға қалдырылып иеленуге берілген. 1997 жылғы 8 шілдеде талап қоюшы Т.Д. Бегалиеваға жерді өмір бойы мұраға қалдырып иеленуге құқық беретін мемлекеттік акт берілген.
С.Тилеубергеноваға аталған шешім негізінде 1997 жылғы 13 маусымда жерді өмір бойы мұраға қалдырып иеленуге құқық беретін мемлекеттік акт берілген. С.Тилеубергенова кейін мүдделі тұлға Е.А.Тилеубергеновке жер учаскесін сыйға тартқан.
Жоғарыда көрсетілген актілерде жер учаскелерінің мекен-жайлары көрсетілмеген.
Талап қоюшы Т.Д.Бегалиева 10 наурыз 2006 жылы жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы куәлігін алған. Куәлігінде жер учаскесінің кадастрлік №19-307-142-520 деп көрсетілген.
Сотқа талап қоюшы КеАҚ-ның Түркістан облысы филиалынан 13 наурыз 2023 жылғы жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар (құқықтар ауыртпалықтары) тіркелген жөнінде анықтамасын ұсынған. Бұл анықтама бойынша Т.Д.Бегалиеваның атында кадастрлық №19-307-142-520 санды, мекен-жайы Түркістан қаласы, Жаушықұм көшесі, 30 телімінде көлемі 0,06 гектар жер учаскесі 2006 жылғы 8 ақпанда тіркелген.
Бұл мән-жайларды сотта жауапкер КеАҚ-ның Түркістан облысы филиалының өкілі жоққа шығармаған, керісінше Т.Д.Бегалиеваның көрсетілген жер учаскесіне құқықтары тіркелгендігін растаған, алайда оның құқықтары тек құқықтық кадастрда тіркелгендігін көрсеткен.
Ал, мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде бұл мекен-жайы бойынша мүдделі тұлға Е.А. Тилеубергеновке тиесілі кадастрлық №19-307-142-1828 санды жер учаскесі тіркелген.
ӘРПК-нің 9 бабына сәйкес әркім бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтарын немесе заңды мүдделерін қорғау үшін осы Кодексте белгіленген тәртіппен әкімшілік органға, лауазымды адамға немесе сотқа жүгінуге құқылы.
Т.Д.Бегалиева сотқа аталған талап қоюмен жүгініп, сотқа талабын Түркістан қаласы, Жаушықұм көшесі, 6 жер телімі өзіне тиесілі екендігін, бірақ ол мекен-жайға мемлекеттік актіні Е.А. Тилеубергенов алып қойғандықтан, өзі жаңа үлгідегі мемлекеттік актіні ала алмай жүргендігімен негіздеген.
ӘРПК-нің 5 бабының екінші бөлігіне сәйкес әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады.
ӘРПК-нің 7 бабында белгіленген заңдылық қағидатына сәйкес әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік рәсімдерді өз құзыреті шегінде және Қазақстан Республикасының Конституциясына, осы Кодекске және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырады.
Жергілікті соттар, кадастрлық №19-307-142-1828 тіркеу іс қағаздарындағы 17 қыркүйек 2019 жылғы жер учаскесі Түркістан қаласы, 140 көше, 6 жер телімі деген Бөліммен берілген жылжымайтын мүлік объектісінің мекен-жайын нақтылау туралы анықтамасына сын көзбен қарап, оған дұрыс құқықтық баға берген.
Сот, көше атауының өзгергендігіне дейін бұл мекен-жайда бұрын, 2013 жылы 5 қазанда, Т.Д.Бегалиеваның тіркелгендігін анықтаған.
Одан бөлек, соттың сұраныс хатына Бөлімнің берген жауап хатында Түркістан облыс әкімдігінің 2018 жылғы №276 және Түркістан облысы мәслихатының 2018 жылғы №30/323-VI бірлескен шешіміне сәйкес, №140 көшесіне Жаушықұм атауы беріліп өзгертілгені туралы және Түркістан қаласы, №140 көше №6 мекенжай, қазіргі таңда Жаушықұм көшесі, №30 мекен-жай болып өзгертілгені көрсетілген.
Яғни, Түркістан қаласы, 140 көше, 6 жер телімі мекен-жайы 2013 жылғы 5 қазанда Т.Д.Бегалиеваның атына тіркелгеннен кейін Жаушықұм көшесі, №30 мекен-жайы болып өзгертілген.
Аталған мекен-жай мүдделі тұлға Е.А.Тилеубергеновтың атына тиесілі деген Бөлімнің 2019 жылғы 17 қыркүйектегі анықтамасын негізге алуға болмайды, себебі ол аталған мекен-жай 2013 жылы Т.Д.Бегалиеваның атына тіркелу фактісіне қайшы келеді.
Істің мұндай тұрғысында, сот алқасы жергілкті соттардың жауапкер КеАҚ-ның Түркістан облысы бойынша филиалының жауапты қызметкерлерінің тарапынан жол берілген қателіктерінің тарапынан талап қоюшының бұзылған құқығын қалпына келтіру жөніндегі тұжырымы заңды және негізді деп санайды. АПК-ның 452 бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426 бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерімен тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 12 мамырдағы шешімі және Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 17 тамыздағы қаулысы өзгеріссіз, мүдделі тұлғаның кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Г.Б.Дуйсенбаев
Судьялар
Ж.Б.Ермағамбетова
Г.К.Нұрбаев Көшірмесі дұрыс Судья
Г.К.Нұрбаев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.