ВС РК - Постановление от 16.05.2023 по делу 6001-22-00-6ап/2520 (Административное)

ҚАУЛЫ

2023 жылғы 16 мамыр 6001-22-00-6ап/2520 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов, судьялар – Ш.Т. Даниярова, Г.К. Нұрбаев болып,

талап қоюшы И[...] қатысуымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы И[...] жауапкерлер Түркістан қаласының әкіміне, Кентау қаласының әкіміне қаулылардың күшін жою және жерді қайтару туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 7 маусымдағы шешімі мен Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 14 қыркүйектегі қаулысына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 7 маусымдағы шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.

Сонымен қатар анықталған заң бұзушылықтар туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Түркістан облысы бойынша филиалына жеке ұйғарым қабылданған.

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 14 қыркүйектегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында шешім және қаулымен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.

Жауапкер Түркістан қаласы әкімінің өкілі істі мобильді бейнеконференцбайланыс арқылы қарауды сұраған.

Сот алқасының отырысы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында қарауға тағайындалған болатын. Жауапкер өкілінің сотқа келмеуі туралы уәжін сот дәлелді деп санамайды.

Жауапкер Кентау қаласының әкімі немесе оның өкілі Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді. Сотқа келмеу себептерін хабарламады.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Талап қоюшының кассациялық шағымды қолдаған түсінігін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді. ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда 2002 жылғы 26 шілдеде Түркістан қаласының әкімінің шешімімен А.И[...] ауыл әкімшілігіне қарасты арнаулы жер қорынан ауыл шаруашылығы мақсатында пайдалану үшін жалпы ауданы 150,0 гектар жайылымдық жер учаскесі 10 жыл мерзімге уақытша жер пайдалану құқығымен табысталған.

2012 жылғы 20 қарашада жайылым жер учаскесінің 130,0 гектары суармалы жер санатына өзгертілген.

2012 жылғы 11 желтоқсанда И[...] пен Түркістан қаласы жер қатынастары бөлімі арасында жер учаскесін 45 жыл мерзімге жалға беру туралы типтік шарт жасалып, сәйкестендіру актілері ресімделген.

2013 жылғы 5 наурыздағы Түркістан қаласының әкімдігінің №407 қаулысымен ««БШГҚ[...]»» ЖШС-не Түркістан қаласы, Е[...] ауылдық округінен магистралды газ құбырының инфрақұрылым нысандары құрлысы (ШТ-41) анодтық алаңы үшін көлемі 0,1228 гектар және Түркістан қаласы, Шорнақ ауылдық округінен магистралды газ құбырының инфрақұрылым нысандары құрлысы «Шорнақ ұңғыма алаңы үшін 1-ші, 2-ші, 3-ші, 4-ші учасклеріне кірме жолдардың қосымша алаңы үшін, (ТҚҚТ-8) 2-ші компенсатор алаңаралық құбыры үшін, (ТҚҚТ-8) анодтық алаң үшін 8,8173 гектар» жер учаскелері жалға беріліп, мемлекеттік актілері ресімделген.

2015 жылғы 23 қыркүйектегі Түркістан қаласының әкімдігінің №1373 қаулысымен ««БШГҚ[...]»» ЖШС-не пайдалануға берілген магистральды газ құбырының жер үсті нысандарын пайдалану үшін жалпы алаңы 2,4426 гектар жер телімін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығымен ұзақ мерзімді 30 жылға дейін жалға беріліп, мемлекеттік актілері ресімделген.

2018 жылғы 29 наурыздағы Түркістан қаласының әкімдігінің №416 қаулысымен «Интергаз Орталық Азия» АҚ-на Түркістан қаласы, Шорнақ ауылдық округінде орналасқан «Шорнақ» компрессор станциясы құрлысын салу үшін жалпы алаңы 26,77 гектар жер телімін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығымен қысқа мерзімді 3 жылға жалға беру мақұлданып, мемлекеттік актісі ресімделген.

2019 жылғы 4 қазандағы Кентау қаласының әкімдігінің №519 қаулысымен Түркістан қаласының әкімдігінің 2018 жылғы 29 наурыздағы №416 шешімімен берілген жер пайдалану құқығы 6 жыл мерзімге уақытша өтеулі жер пайдалану құқығы болып белгіленген.

2012 жылғы И[...] пен «БШГҚ[...]» ЖШС арасында жасалған шығындарды өтеу туралы №100/1/2/35 шартына, 2017 жылғы 4 шілдедегі №157 шартына және №052/14 келісімге сәйкес талап қоюшы жер теліміне келген шығын ретінде «БШГҚ[...]» ЖШС-нен 154 988 теңге және 5 732 000 теңге алған.

Талап қоюшы өзіне тиесілі суармалы жер учаскесінің 8,6 гектар жері басқа тұлғаға негізсіз берілгенін көрсетіп, Түркістан қаласы әкімдігінің 2013 жылғы 5 наурыздағы №407 қаулысын, 2015 жылғы 23 қыркүйектегі №1373 қаулысын, 2018 жылғы 29 наурыздағы №416 қаулысын және Кентау қаласы әкімдігінің 2019 жылғы 4 қазандағы №519 қаулысының күшін жоюды сұраған.

Соттар дауды талап қою шеңберінде шешкен.

Жергілікті соттар талап қоюды қанағаттандырусыз қалдырғанда мына мән-жайларды ескерген.

А .И[...] жалдау құқығымен тиесілі жер учаскесін (кадастрлық №[...]) алып қою әрекетін жасамастан Түркістан қаласының әкімдігі «БШГҚ[...]» ЖШС-не және «Интергаз Орталық Азия» АҚ-на жалпы көлемі 8,58 га жер телімін жалға беріп жіберген. Оған қоса Кентау қаласының әкімдігі осы жалға беру мерзімін ұзартып берген.

Бірақ соттар әкімдердің дауланып отырған қаулыларын заңсыз деп тану тиімсіз, ақылға қонымсыз деп дұрыс тұжырым жасаған.

Даулы жер учаскелерінде газ инфрақұрылымының стратегиялық және әлеуметтік маңызы бар компрессорлық станциясы орналасқан. Бұл нысандар Түркістан облысын және Қазақстанның оңтүстік өңірлерін газбен үздіксіз жабдықтауды және халықаралық газ транзитін қамтамасыз етеді. Осылайша, ӘРПК-нің 10-бабының 2-бөлігіне сай талап қоюшының құқықтарын мен заңды мүдделерін шектеу нәтижесінде алынған қоғамдық игілік осы шектеулер келтірген зияннан көп болғандығы ескерілген.

Талап қоюшыға тиесілі жер учаскесіне мүдделі тұлғалар газ құбырларының жүргізген. Сондықтан жер учаскесінің осы бөліктерін алғаны үшін шығындарды өтеу туралы келісім-шарттарға сәйкес И[...] келтірілген шығындар «Бейнеу-Шымкент» Газ құбыры» ЖШС-нен өтелген.

Соттардың басқа уәждері мен заң талаптарына сілтемелері сот актілерінде толық көрсетілген.

АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актілерін қайта қарауға негіз бола алмайды. ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 7 маусымдағы шешімі мен Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 14 қыркүйектегі қаулысы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшы И[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші С. Баймаханов Судьялар Ш. Даниярова Г. Нұрбаев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.