№ 6001-24-00-3г/2889
ҚАУЛЫ
2024 жылғы 17 шілде Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы М.Т. Балкен талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Қызылорда облысының Полиция департаменті» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Департамент) жауапкер «IW[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін (бұдан әрі Серіктестік) мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушысы деп тану туралы талап қоюымен қозғалған электрондық форматтағы азаматтық ісі бойынша қабылданған Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер бойынша сот алқасының 2023 жылғы 8 қарашадағы қаулысын қайта қарау туралы Серіктестіктің өтінішхатын алдын ала қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Департамент жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, Серіктестіктің шарт бойынша міндеттемелерді тиісті түрде орындамағанымен негіздеген.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 12 қыркүйектегі шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер бойынша сот алқасының 2023 жылғы 8 қарашадағы қаулысымен шешімінің күші жойылып, іс бойынша талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығарылған.
Серіктестік мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушысы деп танылған.
Өтінішхат иесі апелляциялық сатының сот актісімен келіспейтіндігін, соттың тұжырымы істің мән-жайына сәйкес келмейтінін көрсетіп, апелляциялық сатының сот актісінің күшін жойып, бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдыруды сұраған.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде
бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Апелляциялық сатыдағы со тарапынан мұндай заң бұзушылықтарға жол берілгені туралы өтінішхат иесінің уәждері кассациялық сатының сот отырысында зерттеліп қаралуға негіз бар.
Іс құжаттарынан анықталғандай, тараптар арасында 2022 жылғы 19 желтоқсанда 112 168 560 теңгеге шарт жасалып, өнім беруші тауарды 90 күнтізбелік күн ішінде жеткізуге міндеттенген. Бірақ, шарттың қолдану мерзімі 2022 жылғы 31 желтоқсанға дейін деп белгіленген. Тауар 2022 жылғы 26 желтоқсанда жеткізілгенімен, алайда ол шарттың техникалық ерекшеліктеріне сәйкес келмеген. Ал, талап қоюшы 2022 жылғы 30 желтоқсанда аталған факті бойынша жарнамалық акт жасап, оны жауапкердің электрондық поштасына жолдаған.
Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдау кезінде, шарттың 2022 жылдың 19 желтоқсанында жасалып, оның әрекет ету мерзімі 2022 жылдың 31 желтоқсанына дейін болып бекітілуі шарт талаптарын орындауға жеткіліксіз екенін және Серіктестіктің шарт талаптарын орындамау түріндегі теріс пиғылының болмағанымен негіздеген. Өз кезегінде, апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың бұл тұжырымдарымен келесі негіздермен келіспеген. Апелляциялық сатыдағы соттың пікірінше, Серіктестік шарт бойынша өз міндеттемелерін орындамай, көрсетілген кемшіліктерді қалпына келтірмегендіктен, Серіктестіктің бұл әрекеттері жағымсыз салдарға әкеп соққан деген қорытындыға келген.
Өтінішхат иесі апелляциялық сатыдағы соттың мұндай тұжырымдарымен келесі негіздермен келіспей, олардың істі бір жақты қараған деген уәждер келтірген.
Талап қоюшы 2023 жылы 16 қаңтарда жауапкерді мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану туралы талаппен сотқа жүгінген. Бұл, жауапкердің тауарды шарттың қолдану мерзімі шегінде яғни, 2022 жылдың 31 желтоқсанына дейін жеткізгенін, бірақ шарттың талаптарына сәйкес келмеуі салдарынан қабылданбағанын дәлелдеген.
Шарттың орындалуын қамтамасыз етуді енгізу және тауарды жеткізу мерзімі шарттың қолданылу мерзімінен асып кеткен. Бұл ретте, шарттың қолданысы 2023 жылға дейін ұзартылмағандықтан, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 272, 273, 277, 367, 368-баптарының талаптарына сәйкес жауапкердің шартта белгіленген мерзімде міндеттемелерді орындау бойынша құқығы бұзылды деп есептейді.
Көрсетілген мерзімді ескере отырып, жауапкер «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасы заңының 43-бабының 22-тармағында белгіленген жеткізудің ең аз мерзімі бойынша талапты бұзды деген пікірге келген.
Сонымен бірге, жауапкердің уәждері бойынша талап қоюшы шарттың 4.3, 6.2-тармақтарында көзделген тауарды ауыстыру мерзімін ұсынбаған. Өйткені, талап қоюшының әрекеттері белгілеген тауарды жеткізу мерзімі заңның талаптарына тікелей қайшы келеді. Осылайша, шарттың көрінеу орындалмайтын талаптары бар заңнаманың тікелей талаптарын бұза отырып жасалғанын және АК-тің 359-бабының талаптарына сәйкес жауапкердің кінәсінің жоқтығын, тиісінше талап қоюшының АК-тің 364, 366-баптарының талаптарына сәйкес талап қоюшының кінәсі бар деп есептейді. Жоғарыда көрсетілген мән-жайларды ескере отырып, Серіктестікті отандық тауар өндіруші ретінде қолдау қағидатын бұзуға әкеп соқтырған деген уәждерін келтірген.
Жоғарыда аталған мән-жайлар сот отырысы барысында зерттеліп, толығымен дәлелденгенін және жоғарыда аталған заң талаптарын негізге ала отырып, бірақ оны дұрыс қолданбағанын өтінішхатта келтірілген.
Іс материалдарын алдын ала зерделеу, арызданушының өтінішхатында келтірген уәждері және жоғарыда көрсетілген түйіндер дау айтылған сот актісін қайта қарау үшін кассациялық сатының сот мәжілісінде қарауға жататын негіздер бар екенін көрсетеді. АПК-нің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, судья,
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер бойынша сот алқасының 2023 жылғы 8 қарашадағы қаулысын қайта қарау туралы «IW[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өтінішхаты Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының сот отырысында қарау үшін берілсін.
Қаулының көшірмесі іске қатысушы тараптарға жолдансын.
Судья М.Т.Балкен Көшірмесі дұрыс Судья М.Т.Балкен
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.