6001-23-00-6ап/2536
Қ А У Л Ы
2024 жылғы 27 тамыз
Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші судья Г.У. Альжанов, судьялар Г.Б.Дуйсенбаев, Г.К.Нұрбаев болып,
талап қоюшы А.Д. Джанибековтың қатысуымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында талап қоюшы Асилбек Дуйсенович Джанибековтың жауапкерлер «Шымкент қаласы әкiмiнің аппараты» мемлекеттiк мекемесіне, «Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасы» мемлекеттік мекемесіне Шымкент қалалық тұрғын үй комиссиясының 2023 жылғы 12 желтоқсандағы хаттамалық шешімінің талап қоюшыға қатысты мемлекеттен берілетін тұрғын үй кезегінен шығарған бөлігін заңсыз деп тану, талап қоюшыны халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобына жататын азамат ретінде 2012 жылғы 26 қазандағы тұрғын үй кезегіне қоюды қалпына келтіруді міндеттеу туралы әкімшілік ісі бойынша, Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 2 мамырдағы шешіміне және Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 9 тамыздағы қаулысына жауапкер өкілі берген кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген. Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 2 мамырдағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған. Шымкент қаласының тұрғын үй комиссиясының 2022 жылғы 12 желтоқсандағы №1/9 хаттамалық шешімінің Асилбек Дуйсенович Джанибековты тұрғын үй кезегінен шығару туралы тармағы заңсыз деп танылған.
«Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасы» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Басқарма) Асилбек Дуйсенович Джанибековтың тұрғын үйге мұқтаж тізіміндегі кезегін қайта қалпына келтіру міндеттелген.
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 9 тамыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.
Жауапкер өкілі кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған бірінші және апелляциялық саты соттарының сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жоюды сұраған.
Жауапкер тарапы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан
әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Іс құжаттарын зерттеп, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот алқасы (бұдан әрі – сот алқасы) төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
А.Д.Джанибеков халықтың әлеуметтік жағдай төмен азаматтар тобындағы бірінші және екінші топтардағы мүгедектігі бар адамдар санаты бойынша тұрғын үй қорынан тұрғынжай немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғынжайға мұқтаж азаматтардың есебіне 2012 жылы 26 қазанда №4063 кезегі бойынша тұрған. 2015 жылғы 2 ақпанда А.Д.Джанибеков тұрғын үй кезегіне қою туралы берген өтінішіне әйелі Ж.К. Алимбаеваны және қызы А.А. Дүйсенованы қосуды сұрап Басқармаға жүгінген.
2022 жылғы 12 желтоқсандағы Шымкент қаласының тұрғын үй комиссиясының 1/9 хаттамалық шешімімен «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының (әрі қарай – Заң) 73-бабының 1-тармағының 3) тармақшасына сай, яғни А.Д.Джанибеков тұрғын үй берілуіне мұқтаждығы туралы шындықа сай келмейтін мәліметтер берген деген негізбен тұрғын үйге мұқтаж азаматтар тізімінен шығарылған.
Басқарма, тұрғын үй комиссиясының 2022 жылғы 12 желтоқсандағы хаттамасына сәйкес тұрғын үйге мұқтаж азаматтар тізімінен А.Д.Джанибеков шығарылғандығы жөнінде оған 2023 жылғы 28 қаңтарда хабарлама жолдаған.
ӘРПК-нің 9 бабына сәйкес әркім бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтарын немесе заңды мүдделерін қорғау үшін осы Кодексте белгіленген тәртіппен әкімшілік органға, лауазымды адамға немесе сотқа жүгінуге құқылы.
А.Д.Джанибеков өзің тұрғын үйге мұқтаж азаматтар тізімінен шығару туралы шешіммен келіспей, сотқа жүгінген.
ӘРПК-нің 5-бабы 2-бөлігіне сәйкес әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады.
Заңның 73-бабы 1-тармағының 3) тармақшасына сай азамат мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үй берiлуiне мұқтаждығы туралы шындыққа сай келмейтiн мәлiметтер берген жағдайларда, оларды мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғынжайға немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғынжайға мұқтаж адамдар есебiнен шығару жүзеге асырылады.
Осыған сәйкес, тұрғын үй комиссиясы, А.Д.Джанибековтың атына Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданы, Шубарсу ауылдық округі, Шубарсу ауылы, Связист-ТУСМ, участке №4132 мекен-жайында орналасқан тұрғын үйді пайдалануға қабылданғандығы туралы актісі 2007 жылғы 23 сәуірде тіркелгені және 2011 жылғы 1 наурыздағы № 483 сатып алу-сату шарты негізінде мемлекет мұқтажы үшiн мәжбүрлеп иелiктен шығарылғандығымен уәждеп, 2022 жылғы 12 желтоқсанда А.Д.Джанибековты кезектен шығару туралы хаттамалық шешім қабылдаған. Яғни, аталмыш шешімді талап қоюшының тұрғын үй кезегіне есепке тұруға өтініш беру кезінде аталған мәліметтерді ұсынбауымен негіздеген.
Жергілікті соттармен аталған тұрғын үй талап қоюшының жұбайы Ж.К. Алимбаеваның атына 2007 жылғы 23 сәуірде тұрғын үйді пайдалануға қабылданғандығы туралы актісімен тіркелгендігі, 2011 жылғы 1 наурыздағы №483 сатып алу-сату шарты негізінде осы тұрғын үй мемлекет мұқтажына алынып, оған 3 569 000 теңге бағасы өтелгендігі анықталған.
2012 жылғы 26 қазанда А.Д.Джанибеков халықтың әлеуметтік жағдай төмен азаматтар тобындағы бірінші және екінші топтардағы мүгедектігі бар адамдар санаты бойынша, тұрғын үй қорынан тұрғынжай немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғынжайға мұқтаж азаматтардың есебіне тұрған.
ӘРПК-нің 15-бабына сәйкес әкімшілік рәсімді жүзеге асыру кезінде әкімшілік рәсімге қатысушы ұсынған материалдар, объектілер, құжаттар мен мәліметтер әкімшілік орган, лауазымды адам теріс деп белгілемейінше, анық деп есептеледі.
Материалдардың, объектілердің, құжаттар мен мәліметтердің төлнұсқалығына күмән болған кезде әкімшілік орган, лауазымды адам олардың төлнұсқалығын өзі дербес тексеруге міндетті.
Әкімшілік орган талап қоюшыны 2012 жылғы 26 қазанда үй кезегіне қою кезінде және одан кейін он жыл бойы талап қоюшы ұсынған мәліметтерді теріс деп белгілемеген, ал оның кезекке негізсіз қойылғандығы туралы тұжырымды тек 2022 жылғы 12 желтоқсандағы хаттамада көрсеткен.
ӘРПК-нің 13-бабына сай әкімшілік рәсімге қатысушының әкімшілік органның, лауазымды адамның қызметіне сенімі Қазақстан Республикасының заңдарында қорғалады.
Әкімшілік органның, лауазымды адамның кінәсінен қабылданған заңсыз әкімшілік акт, сондай-ақ әкімшілік органның, лауазымды адамның кінәсінен жасалған заңсыз әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) әкімшілік рәсімге қатысушы үшін ауыртпалық салатын салдарға алып келмейді. Осылайша, әкімшілік органның А.Д.Джанибековты тұрғын үй қорынан тұрғынжай немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге мұқтаж азаматтар есебіне №4063 ретімен 2012 жылы кезекке қойып, 2022 жылы А.Д.Джанибековтың кезектілік реті №41 болған кезде оны есептен шығару шешімі әкімшілік сот ісін жүргізудің сенім құқығын қорғау қағидаттарына қайшы келеді.
Осының негізінде төмеңгі сатыдағы соттар әділеттілік өлшемшарттарын басшылықа алып, әкімшілік талапты қанағаттандыру жайлы негіздемелерін сот актілерінде толық көрсеткен.
Аталғандар негізінде, сот алқасы, жергілікті соттардың жауапкердің 2022 жылғы 12 желтоқсандағы талап қоюшы А.Д.Джанибековты тұрғын үйге мұқтаж азаматтар тізімінен шығару туралы хаттамалық шешімі заңсыз деген тұжырымымен толық келіседі.
АПК-ның 452 бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426 бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды. ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің
- тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 2 мамырдағы шешімі және Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 9 тамыздағы қаулысы өзгеріссіз, жауапкер өкілі И. Татыбаевтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Альжанов Г.У.
Судьялар
Дуйсенбаев Г.Б.
Нұрбаев Г.К.
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.