6001-25-00-3г/324
ҚАУЛЫ
2025 жылғы 3 наурыз Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы М.Ж. Бектұрғанов
талап қоюшы Ерлан Есенбекович Отаровтың жауапкер "Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Маңғыстау облысының полиция департаменті" мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Полиция департаменті) жұмыстан босату бұйрығын заңсыз деп танып, оны бұзу, бұрынғы жұмысына қайта орналастыру туралы талап қоюымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған
Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024жылғы 20 тамыздағы қаулысына талап қоюшының өкілі Р. Өмірболаттыңкелтірген өтінішхатын алдын ала қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Е. Отаров сотқа жоғарыда көрсетілген талап қоюмен жүгінген. Маңғыстау облысы Ақтау қаласының № 2 сотының 2024 жылғы 4 мамырдағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған.
Полиция департаментінің 2023 жылғы 27 қарашадағы № 597 ж/қ бұйрығының Е. Отаровқа тиісті бөлігі заңсыз деп танылып, бұзылған.
Е. Отаров Полиция департаментінің Ақтау қаласының полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бөлімі бастығы қызметіне жұмысқа қайта алынған.
Жауапкер Полиция департаментіненталап қоюшы Е. Отаровтың пайдасына бос жүрген күндеріне 1 952 450 теңге мөлшерінде жалақысы, еңбек шартын бұзу кезінде төленген өтемақыны, жеке табыс салығы және зейнеткерлік төлемдер (міндетті төлемдер) алынып, өндірілген.
Сот шығындары туралы мәселе шешілген.
Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 20 тамыздағы қаулысымен сот шешімінің күші жойылып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылданған.
Өтінішхатта арыз беруші істі қарау барысында материалдық құқық нормаларының бұзылуына байланысты азаматтық іс бойынша қабылданған апелляциялық сатыдағы сот актісінің күшін жойып, бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдыруды сұраған.
Іс құжаттарынан анықталғандай, Е. Отаров 2022 жылғы 25 қарашадан бастап Ақтау қаласы полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бөлімі бастығы қызметін атқарған.
2023 жылғы 27 қарашада Полиция Департаменті өзіндік қауіпсіздік басқармасына арызданушы Д. Есбосинов, 2023 жылы 27 қарашада сағат
02:00 шамасында Ақтау қаласы, Шығыс-2 шағын ауданында орналасқан «Эльдивино» ресто-барының жер төле автотұрағында Мұнайлы ауданы полиция басқармасының патрульдік полиция ротасының командирі Н. Мақзамов пен Е. Отаров себепсізден себепсіз бірнеше рет ұрып-соғып, дене жарақаттарын салғаны туралы арызданып, болған оқиғаның орын алуы туралы түсініктеме берген.
2023 жылғы 27 қарашада аталған дерек бойынша Полиция Департаменті өзіндік қауіпсіздік басқармасында Қазақстақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі - ҚК) 293-бабы 2-бөлігінің 1) тармағымен сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің біріңғай тізіміне № 234769031000022 қылмыстық іс тіркелген. 2023 жылғы 27 қарашада қызметтік тергеу қорытындысымен Е. Отаров Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 6 қаңтардағы «Құқық қорғау қызметі туралы» Заңының (бұдан әрі - Заң) 16-бабы 1-тармағының 1) тармақшасын, 54-бабтың 1-тармағын, Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 2 қаңтардағы № 81 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары, азаматтық қорғау органдары және мемлекеттік фельдъегерлік қызметі қызметкерлерінің Әдеп кодексінің 3 тарауының талаптарын, Заңның 80-бабы 1-тармағының 13) тармақшасымен құқық қорғау органынан теріс қылықпен шығару мәселесі Полиция Департаментінің тәртіптік комиссия отырысында қарау туралы шешім қабылдаған.
Полиция департаментінің тәртіптік комиссиясы 2023 жылғы 27 қарашада Ақтау қаласының полиция басқармасының жергілікті полиция қызметінің бөлімі бастығы Е. Отаровты ішкі істер органынан теріс қылықпен босату туралы шешім қабылдаған.
Жауапкердің 2023 жылғы 27 қарашадағы № 597 ж/қ бұйрығымен Е. Отаров тәртіптік комиссияның шешімінің негізінде Заңның 80-бабы 1-тармағының 13-тармақшасына сәйкес жұмыстан босатылған.
Маңғыстау облысы прокурорының орынбасары А. Валиевпен бекітілген 2024 жылғы 13 қаңтардағы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтату туралы қаулысымен № 23476903100002 қылмыстық іс бойынша Е .Отаровтың іс-әрекетінде ҚК-нің 293-бабы 2-бөлігінің 1) тармағымен көзделген қылмыстық құқық бұзушылық белгілерінің құрамының болмауына байланысты Қазақстан Республикасының қылмыстық процестік кодексінің (әрі қарай - ҚПК) 35-бабына сай сотқа дейінгі тергептексеру.
Талап қоюшы сотқа жүгінген талап қоюында өзіне қатысты қызметтік тергеу жүргізбестен жұмыстан босатылғанын, 2023 жылғы 25 қарашасынан бастап 5 желтоқсан аралығында стационарлық ем алғанын, сәйкесінше жарамсыздық парағы болғанына қарамастан тәртіптік комиссия отырысына қатыстырып, шешім қабылдағанын, өзіне қатысты 2023 жылғы 27 қарашадағы қылмыстық іс, қылмыстық құқық бұзушылық белгілерінің құрамының болмауына байланысты ҚПК-нің 35-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру тоқтатылғанын көрсеткен.
Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандыра отырып, Е. Отаровтың 2023 жылы 27 қарашада Жетыбай ауылдық ауруханасында стационарлық ем алып уақытша еңбекке жарамсыз болғанын, аталған жағдай Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасының «Жетыбай ауылдық ауруханасы» ШЖҚ МКК-ның 2024 жылғы 9 ақпандағы хатымен расталатынын, хатта Е. Отаровтың Жетібай ауылдық ауруханасының жалпы хирургия бөлімшесінде 2023 жылғы 25 қараша және 5 желтоқсан аралығында стационарлық ем алғаны, сәйкесінше № 9147157 санды еңбекке уақытша жарамсыздық парағы ашылғаны көрсетілуіне орай, жұмыс берушінің бұйрығын Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 54-бабының 1-бөлігіне сай, осы Кодекстің 52-бабы 1- тармағының 1), 18), 20) және 23) тармақшаларында, 1-1-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, жұмыскердің еңбекке уақытша қабілетсіздігі және демалыста жүрген кезеңінде жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шартын бұзуға жол берілмейтіндігімен негіздеген.
Апелляциялық сатыдағы сот, бірінші сатыдағы соттың тұжырымымен келіспей, іс құжаттарындағы дәлелдемелерге және АПКнің 68-бабының 1-бөлігінің талабына қайшы келеді деп есептеп, Е. Отаровтың құқық қорғау органына кір келтіретін теріс қылық жасамағанын және оның оқиға орын алған күні еңбекке жарамсыз болғанын, жауапкер еңбекке уақытша қабілетсіз кезеңде жұмыстан шығарғанын көрсеткен уәждері іс құжаттарындағы 2023 жылы 27 қарашадағы қызметтік тергеу қорытындысымен және 2024 жылғы 13 қаңтардағы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтату туралы қаулысымен теріске шығарылады деген қорытындыға келген.
Өтінішхат иесі өтінішхатта апелляциялық сатыдағы соттың мұндай тұжырымымен келіспей, келесідей уәждер келтірген.
Заңның 57-бабының 4-бөлігіне қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту, атқарып отырған лауазымынан босату, құқық қорғау органдарының білім беру ұйымынан шығару және босату түріндегі жаза жүргізілген қызметтік тергеп-тексеру нәтижелері мен тәртіптік комиссияның тиісті ұсынымдары бойынша қолданылады. Қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту, атқарып отырған лауазымынан босату түріндегі жаза қызметтік тергеп-тексеру жүргізілмей және тәртіптік комиссияның тиісті ұсынымдарынсыз, алқаның немесе құқық қорғау органы бірінші басшысының жанындағы жедел кеңестің шешімі және қызметкердің өзі жасаған тәртіптік теріс қылық фактісімен келісетіні туралы жазбаша түсініктемесінің болуы, сондай-ақ оны жасау мәнжайларының толық және объективті анықталуын растайтын материалдар негізінде қолданылуы мүмкін.
Заңның 57-бабының 8-бөлігіне сай тәртiптiк жаза қолдану туралы бұйрық ол шығарылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде тәртіптік жазаға тартылған қызметкерге қолын қойдырып, жария етіледі.
Алайда Маңғыстау облысының Денсаулық сақтау басқармасының «Жетыбай ауылдық ауруханасы» ШЖҚ МКК-ның 2024 жылғы 9 ақпандағы хатымен расталғандай, талап қоюшы 2023 жылғы 25 қараша мен 5 желтоқсан аралығында стационарлық ем алған, сәйкесінше № 9147157 санды еңбекке жарамсыздық парағы ашылған.
Заңның 57-бабының 14-бөлігіне сәйкес қызметкерге тәртіптік жазаны еңбекке уақытша жарамсыздық кезеңінде қолдануға болмайды.
Өтінішхат иесінің пікірінше, жауапкермен Е. Отаровтың еңбекке уақытша жарамсыз болу фактісі елеусіз қалдырылып, Заңның 57-бабының 14-бөлігіне қайшы заңсыз бұйрық шығарылған.
Еңбек кодексінің 54-бабының 1-бөлігіне сәйкес осы Кодекстің 52бабы 1-тармағының 1), 18), 20) және 23) тармақшаларында, 1-1 тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, жұмыскердің еңбекке уақытша қабілетсіздігі және демалыста жүрген кезеңінде жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шартын бұзуға жол берілмейді.
Сол себепті, аталған мән-жай талап қоюшыға қатысты жұмыстан босату түрінде тәртіптік жаза қолдану үшін негіз болып табылмайды.
Маңғыстау облысы прокуратурасының 2024 жылғы 13 қаңтардағы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтату туралы қаулысымен № 23476903100002 қылмыстық істі Е. Отаровтың іс-әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық белгілерінің құрамының болмауына байланысты ҚПК-нің 35-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру тоқтатылғаны өтінішхатта атап өтілген.
Іс материалдарын алдын ала зерделеу, арызданушының өтінішхатында келтірген уәждері және жоғарыда көрсетілген түйіндер дау айтылған сот актісін қайта қарау үшін кассациялық саты сот отырысында қарауға жататын негіздер бар екенін көрсетеді.
АПК-тің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, судья
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 20 тамыздағы қаулысына талап қоюшының өкілі Р. Өмірболаттың келтірген өтінішхаты азаматтық іспен бірге Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының сот отырысында қарау үшін берілсін.
Қаулының көшірмесі іске қатысушы тараптарға жолдансын.
Судья М. Бектұрғанов Көшірмесі дұрыс Судья М. Бектұрғанов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.