ВС РК - Чаcтное определение от 10.08.2021 по делу 6001-21-00-3гп/319 (Гражданское)

6001-21-00-3гп/319

Ж Е К Е Ұ Й Ғ А Р Ы М

2021 жылғы 10 тамыз Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында

төрағалық етуші – алқа төрағасы М.Т.Таймерденов, судьялар Ғ.Ж.Мырзаке, Н.Қ.Сұлтанов, прокурор Д[...],

Маңғыстау облысы денсаулық сақтау Басқармасының «Бейнеу орталық аудандық ауруханасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының өкілі А[...],

«К[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі

Т[...] қатысуымен,

мобильді бейнебайланыс құрылғысы арқылы ашық сот отырысында талап қоюшы «Маңғыстау облысы денсаулық сақтау Басқармасының «Бейнеу орталық аудандық ауруханасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының жауапкер «К[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне сатып алу шартын бұзу туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық ісі бойынша қабылданған

Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 27 сәуірдегі қаулысын қайта қарау туралы «К[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің келтірген өтінішхатымен келіп түскен азаматтық істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы:

Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау Басқармасының «Бейнеу орталық аудандық ауруханасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны (бұдан әрі – Аурухана) жауапкер «К[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен (бұдан әрі – Серіктестік) араларында 2020 жылдың 20 наурызында жасақталған тауарды сатып алу туралы №148 шартты бұзу жөніндегі талап қою арызымен сотқа жүгінген.

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2021 жылғы 2 ақпандағы шешімімен талап қою арызы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 27 сәуірдегі қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылып, талап қою арызы қанағаттандырылған. Аурухана мен Серіктестік арасында жасалған 2020 жылғы 20 наурыздағы №148 сатып алу шарты бұзылған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 10 тамыздағы қаулысымен апелляциялық сот алқасы қаулысының күші жойылып, бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.

Осы азаматтық істі қарау барысында анықталғандай, 2020 жылдың 20 наурызында Аурухана (тапсырыс беруші) және Серіктестік (өнім беруші) арасында №148 сатып алу туралы шарты (бұдан әрі – Шарт) жасақталған.

Шарт бойынша Серіктестік шартқа қол қойған күннен бастап 120 күн ішінде Ауруханаға 422 650 000 теңге құрайтын «A[...] SP (TSX303В)» компьютерлік томограф жүйесін (КТ жүйесі) Жапонияда шығарылған C[...] Corporation керек-жарақтарымен жеткізуге, ал Аурухана осы тауарды қабылдап, оның құнын төлеуге міндеттенген.

2020 жылғы 16 шілдедегі Шарттың №1 қосымша келісімімен тауарды жеткізу мерзімі 60 күнге ұзартылған.

Серіктестік өзіне алған міндеттемесін 2020 жылдың 1 қыркүйегінде орындаған, бұл тұралы тараптардың уәкілетті өкілдері қол қойған тауарды тапсырып - қабылдап алу актісі жасақталған.

Маңғыстау облысының прокуратурасы мемлекеттік сатып алу саласындағы заңдылықтың сақталуына талдау жүргізіп, нәтижесінде 2020 жылдың 27 қарашасында Маңғыстау облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментіне (бұдан әрі – Департамент) заң бұзушылықты жою туралы ұсыныс енгізген. Ұсыныста тапсырыс беруші тауарды сатып алу барысында төмендегі заң бұзушылықтарға жол бергенін көрсеткен, атап айтқанда:

  1. Маңғыстау облысының денсаулық сақтау Басқармасы КТ жүйесін сатып алу бағасын 390 000,00 мың теңге деп бекіткен, алайда тапсырыс беруші Шартты 422 650,00 теңгеге жасақтаған; 2) өнім берушінің КТ жүйесін Қазақстан аумағына алып келуге рұқсат құжаттары болмағаны, ал тапсырыс берушіде иондаушы сәулелендіру көздерімен жұмыс істеу лицензиясы болғанымен тараптар негізсіз қосымша келісім жасақтап КТ жүйесінің жеткізу уақытын 60 күнге ұзартқан;

  2. тапсырыс беруші КТ жүйесін сатып алу тендерін өткізу барысында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 қазандағы №1729 қаулысымен бекітілген «Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды, фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді сатып алуды ұйымдастыру және өткізу қағидалары» (бұдан әрі – Қағида) талаптарын сақтамай, құны 50 000 000 (елу миллион) теңгеден жоғары, сондай-ақ бірегейлендіруге жататын сервистік қызметті талап ететін медициналық бұйымды бірыңғай дистрибьютор – «СФ[...]» ЖШС-і арқылы сатып алмаған.

Ұсыныста аталған заң бұзушылықтарды жою шаралары ретінде 2020 жылғы 20 наурыздағы №148 сатып алу шартының күшін жою мәселесін қарастыру көрсетілген.

Осыған орай және Департаменттің 2020 жылдың 3 желтоқсанындағы №02-07/28258 хатын орындау мақсатында Аурухана Маңғыстау облыстық прокуратурасының ұсынысында көрсетілген тендер өткізу барысындағы жіберілген кемшіліктерге сілтеме жасап, Шарттың күшін жою туралы талап арызымен сотқа жүгінген.

Іс бойынша анықталғандай, Маңғыстау облыстық прокуратурасының ұсынысында көрсетілгендей анықталған заң бұзушылық ретінде өнім берушінің КТ жүйесін Қазақстан аумағына алып келуге рұқсат құжаттары болмағаны, ал тапсырыс берушінің аталған жүйені пайдалануға рұқсаты бар екендігі уәждері негізсіз деп танылған.

Атап айтқанда, өнім беруші тендерге қатысуға мүмкіндік беретін 2020 жылдың 18 ақпанындағы «Атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметтер көрсетуге», оның ішінде: құрамында иондаушы сәулеленудің радиоизотоптық көздері бар немесе иондаушы сәулеленуді генерациялайтын, медициналықты қоса алғанда, аспаптар мен қондырғыларға техникалық қызмет көрсету, оларды монтаждау, кері монтаждау, зарядтау, қайта зарядтау, жөндеу жүргізуге құқық беретін №20003046 лицензиясының иесі болған.

Қазақстан Республикасы инвестициялар және даму министрінің 2016 жылғы 13 қазандағы №719 бұйрығымен бекітілген «Өнімнің экспорты мен импортын лицензиялау қағидаларының» талабына сәйкес КТ жүйесін Қазақстан Республикасының аумағына енгізу лицензия арқылы жүзеге асырылады. Экспорттық бақылауға жататын өнімнің импортына лицензия алу үшін өтініш берілгенде, өтініш беруші міндетті түрде, өзінің толық атауын (мекенжайы, телефоны, электрондық пошта мекенжайы, БСН/ЖСН), сондай ақ түпкі пайдаланушының толық атауы (мекенжайы, телефоны, электрондық пошта мекенжайы, БСН/ ЖСН), лицензияны сұрау үшін негіз (шарт, келісімшарт, келісім) көрсетілуі тиіс.

Аталған талаптар КТ жүйесін Қазақстанға алып келуге рұқсат беретін лицензия шарт жасалғаннан кейін берілетінін белгілейді, себебі түпкі пайдаланушының атауы және лицензияны сұрау негізі шарт жасалғанға дейін анық болуы мүмкін емес.

Осыған орай, шарт бойынша тауарды жеткізу мерзімінің ұзартылғаны оған өнім берушінің керекті рұқсатының болмауы емес, керісінше тапсырыс берушінің заңнамамен белгіленген рұқсаты болмағаны себеп болған. Бұл тұжырым Қазақстан Республикасының «Атом энергиясын пайдалану туралы» Заңының талаптарымен негізделген, яғни аталған Заңның 9-бабының 45) тармақшасына сәйкес медициналық компьютерлік рентгендік томографтармен жұмыс жасау қосымша лицензия алуды қажет етеді. Ал тапсырыс берушінің «медициналық компьютерлік рентгендік томографтармен» жұмыс істеуге мүмкіндігін беретін қосымша лицензиясы болмаған.

Осыған қарамастан Серіктестік қосымша келісімде белгіленген мерзімде КТ жүйесін Ауруханаға жеткізіп, сәйкестендірген, міндеттемесін тиісінше орындаған. Тапсырыс беруші тарапынан жеткізілген тауардың сапасы мен санына қатысты шағымдары болмаған.

Ұсыныста көрсетілген: КТ жүйесін бекітілген бағадан 32 700 000 теңгеге жоғары сатып алу және тендер өткізу кезіндегі Қағида талаптарының сақталмауы – тендер комиссиясының тарапынан орын алған кемшіліктер деп танылуға тиіс.

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 401-бабының 2- тармағына сәйкес тараптардың бiреуiнiң талабы бойынша шарт: 1) екiншi тарап шартты едәуiр бұзған кезде; 2) осы Кодексте, басқа да заң құжаттарында немесе шартта көзделген өзге реттерде тек сот шешiмiмен өзгертiлуi немесе бұзылуы мүмкiн. Тараптардың бiреуi шартты бұзып, ол екiншi тарап шарт жасасу кезiнде үмiт артуға құқылы болғанынан едәуiр дәрежеде айрылып қалатындай шығынға әкеп соқса бұл шарттың едәуiр дәрежеде бұзылуы деп танылады.

Ұсыныста белгіленген КТ жүйесін сатып алу тендерін өткізу кезіндегі және мәмілені жасау кезіндегі заң бұзушылықтар Шарттың бұзылуына негіздеме деп танылуға жатпайды.

Осыған қарамастан, Маңғыстау облыстық прокуратурасы ұсынысында аталған заң бұзушылықтардың салдарынан Шарт бұзылуға жатады деген нұсқама беріп, соның негізінде берілген талап қою арызымен козғалған азаматтық іс барлық сот сатыларымен алты ай бойы қаралып нәтижесінде талап қою арызы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Бұл жағдай дүние жүзіндегі Covid-19 індетінен пайда болған пандемия кезеңінде, коронавируспен ауырған адамдарды анықтап оларды емдеуге КТ жүйесі өте қажет екендігін ескеріп, аурухана үшін маңыздылығы зор компьютерлік томограф жүйесі іске қосылмаған.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 270-бабының 1-бөліміне сәйкес заңдылық бұзылған жағдайлар анықталған кезде сот жеке ұйғарым шығаруға және оны жіберуге құқылы, ал егер бұзушылыққа мемлекеттік органдар, лауазымды адамдар мен мемлекеттік қызметшілер тарапынан жол берілсе, сот жеке ұйғарым шығарады және оны басқару функцияларын атқаратын тиісті ұйымдарға, лауазымды немесе өзге де тұлғаларға жібереді, олар өздері қолданған шаралар туралы бір ай мерзім ішінде хабарлауға міндетті.

Сондықтан Маңғыстау облыстық прокуратурасы тарапынан жоғарыда аталған заңдылық бұзушылық жөнінде, мұндай фактілерді келешекте болдырмау мақсатында және оларға жол берген лауазымды қызметкерлерге шара қолдану үшін Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының назарына жеткізілуге жатады.

Жоғарыдағылардың негізінде, АПК-нің 270-бабын басшылыққа алып, кассациялық сот алқа

Ұ ЙҒ А Р Ы М Е Т Т І:

Осы ұйғарымда аталған Маңғыстау облыстық прокуратурасы тарапынан жол берілген заңдылық бұзушылықтар жөнінде Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының назарына жеткізілсін. Ұйғарымды қарау нәтижелері және заңдылық бұзушылыққа жол берген лауазымды тұлғаларға қолданылған шаралар туралы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотына бір ай мерзімінде хабарлама берілсін.

Төрағалық етуші

М. Таймерденов Ғ. Мырзаке

Судьялар

Н. Сұлтанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.