ҚАУЛЫ
2026 жылғы 17 ақпан №6003-25-00-2к/4421 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Ж.К.Рустембеков, судьялар Л.Б.Мамырбаева, А.О.Тогумбетова, прокурор А.Е.Кадылбековтың,
талап қоюшының өкілі Н.С.Утепбергеновтың, жауапкер Н.С.Абуовтың қатысуларымен бейнеконференциялық байланыс арқылы ашық сот отырысында,
талап қоюшы Шымкент қаласы әкімінің жауапкер Нуржан Спанович Абуовқа мемлекет мұқтажы үшін жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы талап қою жөніндегі азаматтық істі талап қоюшының Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 27 наурыздағы шешіміне және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 4 маусымдағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Шымкент қаласының әкімі сотқа аталған талап қоюмен жүгініп, оны жауапкерге тиесілі жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару қажеттілігімен негіздеген.
Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 27 наурыздағы шешімімен, талап қою ішінара қанағаттандырылған. Жауапкер Н.С.Абуовтан Шымкент қаласы, Қаратау ауданы, 223 орам, 62/40 мекен жайда орналасқан алаңы 0,0710 га кадастрлық №19-309-223-076 жер учаскесі (бұдан әрі - жер учаскесі) мемлекет мұқтажы үшін жалпы құны 17 656 990 теңге өтемақы төленіп, мәжбүрлеп иеліктен шығарылған.
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 4 маусымдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында жергілікті соттар іс бойынша анықталған мән-жайларға дұрыс құқықтық баға бермегенін, сот сараптамасымен мемлекет мұқтажы үшін алынатын жер учаскесінің нарықтық құны асыра бағаланғанын, соттар материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, оның талап қоюын қанағаттандыруды, жауапкерге төленетін өтемақыны «АБН-Консалтинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі -ЖШС) бағалау есебі бойынша 12 527 873 тенге мөлшерінде анықтауды сұраған.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі -АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп
соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 26-бабының 3-тармағына сай, соттың шешімінсіз ешкімді де өз мүлкінен айыруға болмайды. Заңмен көзделген ерекше жағдайларда мемлекет мұқтажы үшін мүліктен күштеп айыру оның құны тең бағамен өтелген кезде жүргізілуі мүмкін.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 188бабының 5-тармағында меншiк құқығының мерзiмi шексiз екені, мүлiкке меншiк құқығы осы Кодексте көзделген негiздер бойынша ғана ықтиярсыз тоқтатылуы мүмкiн екені көрсетілген.
АК-нің 255-бабының 1-тармағында мемлекеттiк органның меншiк иесiнен мүлiктi алып қоюға тiкелей бағытталмаған шешiмiне, соның iшiнде меншiк иесiне тиесiлi үй, өзге де қора-қопсы, құрылыстар немесе өсiмдiктер бар жер учаскесiн алып қою туралы шешiмiне байланысты қозғалмайтын мүлiкке меншiк құқығының заң құжаттарымен белгiленген реттер мен тәртiп бойынша ғана меншiк иесiне құны тең мүлiк берiп және өзге де келтiрiлген залалдарын өтей отырып немесе меншiк құқығының тоқтатылуынан келтiрiлген залалдарын толық көлемiнде өтей отырып тоқтатылуына жол берiлетіні қарастырылған.
Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 84-бабының 1-тармағына сәйкес, жер учаскесi мемлекет мұқтажы үшiн айрықша жағдайларда, меншік иесінің немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушының келісімімен мүлiктің тең құны өтелген кезде не сот шешiмi бойынша мәжбүрлеп иелiктен шығарылуы мүмкін.
Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңының (бұдан әрі - Заң) 1 бабының 25) тармақшасының талаптарына сәйкес, мүлікті мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару - жер учаскесін мемлекеттік мүлік құрамына алып қоюға байланысты жеке тұлғаларға немесе мемлекеттік емес заңды тұлғаларға тиесілі жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті алып қою, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген ерекше жағдайларда және құны тең бағамен өтелген жағдайда мемлекет мұқтажы үшін жүргізілетін реквизициялау, мемлекет меншігіне алу болып табылады.
Заңның 67-бабының 2, 3 - тармақтарында мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесінің, сондай-ақ жер учаскесінде орналасқан жылжымайтын мүліктің құны жер учаскесіне құқықтардың туындау негіздеріне қарамастан, олардың нарықтық құны мөлшерінде айқындалатыны көзделген.
Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты
иеліктен шығарылатын жер учаскесінің немесе өзге де жылжымайтын мүліктің нарықтық құнын бағалаушы осы Заңның 208-бабы 1-тармағының ережелерін ескере отырып, бағалау жүргізу күніне айқындайды.
Азаматтық істің құжаттарына қарағанда, Шымкент қаласының Бас жоспарына және мемлекеттік маңызы бар нысан құрылыс (стадион құрылысы үшін) салу бойынша мемлекеттік қажеттерге байланысты, Шымкент қаласы әкімдігінің 2024 жылғы 1 сәуірдегі №1304 қаулысы негізінде, жауапкер Н.С.Абуовтың жер учаскесі мемлекет мұқтажы үшін алынуға жатады. Жауапкерге жер учаскесі мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатыны туралы хабарланып, оған «АБН-Консалтинг» ЖШС-мен жүргізілген 2024 жылдың 5 тамыздағы №264/122 жылжымайтын мүлікті бағалау есебімен анықталған 12 527 873 мөлшеріндегі ақшалай өтемақы ұсынылған.
Жауапкер жер учаскесін мемлекет мұқтажына алуға қарсы болмағанымен, ұсынылған өтемақы мөлшерімен келіспеген. Осыған орай бірінші сатыдағы сотпен мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты иеліктен шығарылатын мүліктердің нарықтық құнын айқындау үшін сот сараптамасы тағайындаған.
«Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің сот сараптама орталығы» Республикалық мемлекеттік қазынашылық кәсіпорнының Шымкент қаласы бойынша Сот сараптамалары институты (бұдан әрі - Сот сараптамалары институты) сарапшысының 2025 жылғы 5 наурыздағы №422 қорытындысымен жер учаскесінің (нысаналы мақсатын ескере отырып) нарықтық құны, бағалау жүргізу күніне 17 656 990 теңгені құраған.
Бірінші сатыдағы сот өтемақыны айқындау кезінде осы сот сараптамасының қорытындысын негізге алған. Өйткені, бұл қорытындыда объектіні зерттеу кезінде жер учаскелерінің нақты нарықтық құны көрсетіліп, олардың жалпы сомасы 17 656 990 теңгені құраған. Аталған қорытынды ғылыми негізделген, бағалау тәртібі, стандарты мен әдістемесін көздейтін нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес, Шымкент қаласындағы нарықта қалыптасқан жылжымайтын мүлік объектілерінің нақты құнын талдау және зерделеу негізінде құрастырылған. Салыстырмалы зерттеу әдістемесін қолданғанда сарапшы жер учаскелерінің ұқсас аналогтарын пайдаланған.
Жергілікті соттар талап қоюшымен ұсынылған бағалау есебі мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын мүліктің құны өтем төлеу күніне сәйкес анықталмағанын дұрыс назарға алған.
Сонымен қатар, сарапшыға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 420-бабы бойынша көрiнеу жалған қорытынды бергенi үшiн қылмыстық жауаптылық туралы ескертiлген.
Апелляциялық сот істің мән-жайын тексеріп, бірінші сатыдағы соттың бұл тұжырымдарымен толықтай келіскен.
Талап қоюшының кассациялық шағымында келтірген уәждері соттардың қарау нысаны болған және дауланған сот актілерінде оларға тиісті құқықтық баға берілген. Шағымдағы уәждер іс бойынша жинақталған дәлелдемелерді қайта бағалауға бағытталған, басқа жаңа дәлелдемелер мен уәждер келтірілмеген.
Істі қарау барысында жергілікті соттар тарапынан материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына жол берілмеген.
Талап қоюшының іс бойынша анықталған мән-жайлармен келіспеуі дауланып отырған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз бола алмайды.
Сондықтан кассациялық сот дауланып отырған сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындыға келді.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 27 наурыздағы шешімі және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 4 маусымдағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші, судья: Ж.Рустембеков
Судьялар: Л.Мамырбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.