ҚАУЛЫ
2025 жылғы 13 қазан 6003-25-00-4к/1539 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші – А.Ж. Назарова,
судьялар – Г.М. Ыдырысова, М.А. Қасымов болып,
талап қоюшы өкілі А.С.Иргулованың, А.Н.Шайбекованың, жауапкер С.Шайкеновтың, мүдделі тұлғалардың өкілдері Ә. Кемелхан, Н. Әбдіхалық және А.С. Абдрахманованың қатысуыларымен,
ашық сот отырысында «Астана қаласы әкімдігінің «Біріккен мұражайлар дирекциясы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының (бұдан әрі – Дирекция) жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Астана қаласы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Департамент) 2023 жылғы 22 қыркүйектегі №ІМАД 1-06/6485 нұсқамасының күшін жою туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 4 желтоқсандағы шешіміне (бұдан әрі – МАӘС), Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 наурыздағы қаулысына (бұдан әрі – ӘІжСА) талап қоюшы өкілінің берген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген. Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 4 желтоқсандағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған. 2023 жылғы 22 қыркүйектегі №ІМАД 1-06/6485 нұсқамасы 2023 жылғы 23 мамырдағы аудиторлық есепте көрсетілген 2018 жылғы келісім-шарттар бойынша анықталған қаржылық бұзушылықтар бойынша және Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2023 жылғы 3 тамыздағы үкімінде көрсетілген келісім-шарттар бойынша бюджет кірісіне қаржылық бұзушылықтар сомасын өтеуді міндеттеу туралы бөлігінде заңсыз деп танылған.
Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 наурыздағы қаулысымен бірінші саты сотының шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшының өкілі өзінің кассациялық шағымында бірінші және апелляциялық сатыдағы соттың сот актілерімен келіспейтінін негізге ала отырып, оларды өзгертіп, талап қоюды толық көлемде қанағаттандыруды сұраған.
Мүдделі тұлға «Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті» КММ сот отырысын олардың қатысуынсыз қарау туралы өтініш жіберген. Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот кассациялық шағымның уәждерін тексеріп, іс құжаттарын зерттеп, ұсынылған дәлелдемелерді бағалай келе, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (әрі қарай - АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Жергілікті соттар тарапынан мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Іс бойынша анықталған мән-жайларға сәйкес, Департамент 2022 жылға арналған мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесін бекіту туралы 2021 жылғы 11 желтоқсандағы №313 бұйрығының негізінде 2019 жылғы 1 қаңтардан 2021 жылдың 31 желтоқсан аралығындағы қамтылған мерзімге Дирекцияға қатысты Қазақстан Республикасының заңнамаларының сақталуы мәселелері бойынша аудиторлық тексеру жүргізілген.
Тексеру нәтижелері бойынша 2023 жылғы 23 мамырдағы №182 аудиторлық есеп жасалды. Сондай-ақ, Дирекцияға анықталған бұзушылықтарды жою және оларға жол берген тұлғалардың жауапкершілігін қарау туралы 2023 жылғы 25 қыркүйектегі №IМАД 1-06/6485 нұсқама жолданған.
Нұсқамаға сәйкес Дирекцияға: 1) бюджет кірісіне 200 819,3 мың теңге қаржылық бұзушылықтар сомасын өтеу; 2) анықталған бұзушылықтарға жол берген лауазымды тұлғалардың тәртіптік жауапкершілігін қарау жүктелген.
2023 жылғы 23 мамырдағы № 182 және 2023 жылғы 23 ақпандағы №9 Аудиторлық есептердегі көрсетілген бұзушылықтар бойынша Астана қаласы Экономикалық тергеп-тексеру департаментімен қылмыстық іс қозғалып, нәтижесінде қызмет көрсетуге байланысты орындалған актілері көрсетілген 18 жалған шарт жасалқталған, атап айтқанда: 01.03.2018 жылғы №29, 01.03.2019 жылғы №21, 04.03.2020 жылғы №22, 04.09.2020 жылғы №41, 04.03.2020 жылғы №18, 04.09.2020 жылғы №37, 15.03.2021 жылғы №6, 15.03.2021 жылғы №7, 15.03.2021 жылғы №16, 15.03.2021 жылғы №9, 29.04.2022 жылғы №14, 01.06.2021 жылғы №42, 28.04.2022 жылғы №1, 04.01.2019 жылғы №15, 04.03.2020 жылғы №15, 15.03.2021 жылғы №2, 01.06.2021 жылғы №41, 04.01.2019 жылғы №14.
Жалған 18 шарт бойынша 34 155 150 теңге көлемінде бюджет қаражатын жымқыру фактісі анықталған, салдарынан Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2023 жылғы 3 тамыздағы үкімімен Дирекцияның бас бухгалтері С.Д. Темирханова Қылмыстық кодекстің 189бабының төртінші бөлігімен қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында бюджет кірісіне бас бухгалтердің еркімен аталған сомма толық көлемде бюджет кірісіне төленген.
АПК-нің 76-бабының екінші, үшінші бөліктеріне сәйкес соттың бұрын қаралған азаматтық іс бойынша заңды күшіне енген шешімімен немесен қаулысымен анықталған мән-жайлар сот үшін міндетті. Мұндай мән-жайлар тап сол тұлғалар қатысатын басқа да азаматтық істерді талқылау кезінде қайта дәлелденбейді.
Соттың қылмыстық іс бойынша заңды күшіне енген, талап қоюды қанағаттандыру құқығы танылатын үкімі өзіне қатысты сот үкімі шығарылған адам әрекеттерінің азаматтық-құқықтық салдары туралы істі қарайтын сот үшін міндетті. Заңды күшіне енген сот үкімі мұндай азаматтық істі қарайтын сот үшін іс-әрекеттер орын алды ма және оларды осы адам жасады ма деген мәселелер бойынша да, сондай-ақ үкіммен белгіленген басқа да мән-жайларға және олардың құқықтық бағасына қатысты міндетті.
Кассациялық сот, ұсынылған дәлелдемелерге баға бере отырып, бірінші саты сотының талап қоюды ішінара қанағаттандыру туралы шешімінің дұрыс екенін көрсетеді.
Анықталған мән-жайларға сәйкес, Департамент Дирекцияға мемлекеттік аудит жүргізіп, оның нәтижелері бойынша 2018, 2019, 2020, 2021, 2022 жылдарға жасалған шарттар бойынша бұзушылықтарды анықтап 2023 жылғы 23 мамырда №182 аудиторлық есеп жасаған. Аталған шарттар бойынша орындалған жұмыс актілері бойынша іс жүзінде жұмыстар мен қызметтер орындалмаған, соның салдарынан төлемақы негізсіз төленген.
Өз кезегінде Департамент Дирекцияға тексерудің шегін бұзып 2018 жылы жасалған шарттар бойынша бұзушылықтар үшін негізсіз айып таққан. Себебі, тексеру кезеңі 2019 жылдан бастап 2022 жылды қоса есептеген кезең тексерудің негізі мен шегі болған. Ал 2018 жылы жасалған шарттар бастапқыда тексерілуі тиіс болмаған және аудит нысанасына енгізілмеген.
Сондай-ақ, Департамент тексеру аяқталған және аудиторлық есеп жасалған күннен бастап 4 ай өткеннен кейін Дирекцияға жалпы соммасы 200 819 300 теңгеге 2023 жылғы 22 қыркүйектегі №IMAD 1-06/6485 нұсқаманы жіберген. Аталған кезеңдегі 34 155 150 теңге көлеміндегі келтірілген шығын өтелген, кінәлі адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған, бұл бұзушылықтарды Дирекцияға қайтадан жүктеуге болмайды.
Департаментпен анықталған бұзушылықтарға байланысты қалған 166 664 150 сомасында қаржылық бұзушылықтарға жол берген заңды тұлға Дирекцияға айып тағылады және ол шығынды өтеуге міндетті болып табылады. Астана қаласы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2023 жылғы 3 тамыздағы үкімінде 166 664 150 сомасын құрайтын өзге бұзушылықтар көрсетілмеген, яғни нұсқаманың толығымен күшін жоюға жеткілікті негіз бола алмайды.
Тиісінше, бірінші және апелляциялық саты соттарының нұсқаманың бір бөлігінің орындалуына қатысты тұжырымдары дұрыс болып табылады, кассациялық сот бұл тұжырымдармен келіседі.
АПК-нің 426 және 452-баптарына сәйкес, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты шағым қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін АПК-да көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағымның уәждері мазмұны, мәні және мақсаты жағынан бірінші және апелляциялық сатыдағы соттарда келтірілген уәждерге ұқсас болып табылады. Аталған уәждер төмен тұрған сатыдағы соттарда қаралып, оларға тиісті құқықтық баға берілген. Кассациялық шағымда жаңа уәждер келтірілмеген.
Іс бойынша мән-жайлар дұрыс анықталып, материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына немесе дұрыс қолданылмауына жол берілмегендіктен, кассациялық сот сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ деп санайды.
Жоғарыда аталғанның негізінде, бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың сот актілері күшінде қалдырылуға, ал талап қобшы өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Осы іс бойынша Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 4 желтоқсандағы шешімі, Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 наурыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
А. Назарова
Судьялар
Г. Ыдырысова М. Қасымов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.