ҚАУЛЫ
2025 жылғы 11 тамыз 6003-25-00-4к/75 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші – судья Д.Ә.Әбдіғалиев,
судьялар – М.А.Қасымов, Г.М.Ыдырысова,
ашық сот отырысында Марта Аллабердиевна Майлибаеваның жеке сот орындаушысы Тахир Сансбаевич Урашевке әрекетсіздікті заңсыз деп тану туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған
Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 23 желтоқсандағы шешімі мен жеке ұйғарымына, Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 30 қаңтардағы қаулысы мен ұйғарымына жауапкер Т.С.Урашевтің кассациялық шағымы бойынша әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
М.А.Майлибаева жеке сот орындаушысы (бұдан әрі – ЖСО) Т.С.Урашевке алиментті ұстаудың уақтылығы мен толықтығын тиісінше бақыламағанын көрсете отырып, әрекетсіздікті заңсыз деп тану туралы талап қоюмен сотқа жүгінді.
Маңғыстау облыстық сотының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 23 желтоқсандағы шешімімен талап қанағаттандырылды. 2024 жылғы 23 желтоқсандағы жеке ұйғарыммен «Маңғыстау облысы бойынша Әділет департаменті» РММ-нің назарына ЖСО Т.С.Урашевтың жол берілген бұзушылықтар туралы жеткізілді.
Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 30 қаңтардағы қаулысымен және ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың 2024 жылғы 23 желтоқсандағы шешімі және жеке ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылды.
Кассациялық шағымында Т.С.Урашев материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуын, сот қорытындыларының істің мәнжайларына сәйкес еместігін көрсете отырып, өткен сот актілерінің күшін жоюды және талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығаруды сұрады. Тиісті түрде хабарланған тараптар және іске қатысушы басқа да тұлғалар кассациялық сатыдағы сотқа келмеді, бұл Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының 1- бөлігіне сәйкес істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, кассациялық шағым беру және және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларымен айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес АПК-нің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіздер АПК-нің 427-бабында көзделген, заңсыз сот актісін шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі бұзылуы болып табылады.
Мұндай заңбұзушылықтарға соттар жол берген жоқ.
Іс материалдарынан Мұнайлы аудандық сотының 2015 жылғы 3 желтоқсандағы шешімімен П.С.Халбаевтан М.А.Майлибаеваның пайдасына кәмелетке толмаған екі баласын асырау үшін кірістің 1/3 бөлігі бөлігінде алимент өндірілгені белгілі болды.
Атқарушылық іс жүргізу 2017 жылғы 17 сәуірде қозғалды.
ЖСО-ның 2022 жылғы 16 қыркүйектегі қаулысымен 2017 жылдың 1 мамырдан бастап 2018 жылғы 30 қарашаға дейінгі кезеңге алимент бойынша берешегі 641 399, 77 теңгені құрайтынын берешек айқындалды. Аталған сома 2022 жылдың 2 желтоқсанында өтелді. Тараптар 2022 жылғы 1 қарашада сотпен бекітілген бітімгершілік келісімін жасады. Келісім шарттың талаптары бойынша ЖСО Т.С.Урашев қарыздың пайда болуы мен өтелуі туралы толық ақпарат беруге міндеттелді. М.А.Майлибаеваның 2022 жылғы 16 қыркүйектегі ЖСО-ның берешекті анықтау туралы қаулысына дау айту туралы қоюы 2023 жылғы 29 мамырда қайтарылды. Борышкердің «Сейш» ЖК-да жұмыс істейтінін анықтаған соң, 2022 жылғы 16 қарашасында ЖСО қаулысымен жұмыс берушіге жолданды, П.С.Халбаевтың жалақысының 33% ұстап қалу міндеттелді.
Алайда, атқарушылық іс жүргізу материалдарында тиісті еңбек шарты немесе жұмысқа қабылдау туралы бұйрық жоқ.
Аталған қаулы шығарылғаннан бері алимент төлемдері толық немесе тұрақты түрде түспеген. Анықталғандай, 2024 жылдың 1 тамызынан бастап борышкер П.С.Халбаев «Сейш» ЖК-да қайтадан жұмыс істеп жүрген, алайда сот орындаушысы борышкердің қай уақыттан бастап ол жерде жұмысын тоқтатқанын және алимент ұстау тәртібінің сақталғанын анықтаған жоқ.
Сондай-ақ, борышкер 2024 жылдың 10 мамыры мен 31 тамызы аралығында «МDV Beton» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жүргізуші болып жұмыс істегені анықталды, бұл факті анықталғаннан кейін ЖСО 2024 жылдың маусым айында алимент қндіру туралы қаулы жіберген. Алайда, 2024 жылдың мамыр айына алиментті борышкердің өзі 2024 жылдың 20 желтоқсанында ғана аударған.
Сонымен қатар, борышкер ЖК «Гулдана» ЖК «Дана» да табыс алғаны анықталды, бірақ ЖСО бұл ЖК-лердің жұмыс беруші екендігін анықтамаған және оларға алимент өндіру туралы қаулы жібермеген.
Осылайша, ЖСО борышкердің ЖК «Гулдана» мен ЖК «Дана» жұмыс істеу фактісін тексермеген; төмендетілген және кешіктірілген төлемдерге жауап бермеген, борышкердің еңбек қатынастарының тоқтатылуын немесе қайта басталуын қадағаламаған.
Мұның бәрі ЖСО жауапкершілігіне жатады және талап қоюшының арнайы сұрауын талап етеді.
Көрсетілген заң бұзушылықтардың бар екендігін анықтай отырып, бірінші сатыдағы сот ЖСО-нің әрекетсіздігін заңды және негізді түрде заңсыз деп танып, оған қатысты жеке ұйғарым шығарды.
Апелляциялық сот алқасы сот шешімі мен жеке ұйғарымды өзгеріссіз қалдырды.
Іс материалдарын және кассациялық шағымның дәлелдерін зерделей отырып, кассациялық сатыдағы сот дауланған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз таппайды.
«Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасының Заңының (бұдан әрі – Заң) 93-бабы 3-тармағының талаптарына сәйкес сот орындаушысы борышкердің жалақысынан және өзге де кірістерінен ұстап қалудың дұрыстығы мен уақтылы жүргізілуіне, сондай-ақ ұсталған соманың өндіріп алушыға уақтылы аударылуына бақылауды жүзеге асыруға міндетті. Сот орындаушысының кассациялық шағымда келтірген дәлелі оған Заңның 93-бабы қолданылмайды, өйткені алимент өндірудің ерекшеліктерін қарастыратын Заңның 102-бабында ерекше норма бар.
Осылайша, Заңның 102-бабының талаптарына сәйкес сот орындаушысы өндіріп алушының (заңды өкілдің) өтініші бойынша кез келген уақытта, бірақ тоқсанына бір реттен жиі емес борышкердің жалақысынан және өзге де кірістерінен ұсталатын ұсталымдардың дұрыс және уақтылы жүргізілуіне және ұсталған соманың өндіріп алушыға аударылуына бақылауды жүзеге асырады.
Заңның осы нормасын негізге ала отырып, сот орындаушысы тоқсанына бір рет өндіріп алушының өтініші бойынша ғана жалақыдан ұстап қалудың дұрыстығы мен уақтылы жүргізілуін бақылауды жүзеге асыруға тиіс деп есептейді.
Талап қоюшыдан мұндай мәлімдеме болмағандықтан, алименттің ұсталуына тұрақты бақылауды жүзеге асыруға міндеттелмеген. Кассациялық сот бұл дәлелді заңға негізделмеген деп санайды.
Заңның 103-бабы өндіріп алушының өтініші бойынша немесе өзінің бастамасы бойынша ЖСО-ның борышкер туралы ақпаратты алу құқығын реттейді, бірақ өндіріп алу туралы қаулылардың орындалуын бақылау жөніндегі оның міндеттерін жоймайды. Ол ЖСО-ны Заңның 93-бабында көзделген белсенді әрекеттерден босатпайды, бұл ЖСО-ның алименттің ұсталуын бақылау жөніндегі міндетін тікелей белгілейді.
Заңның 93-бабына сәйкес борышкердің жалақысынан және өзге де табыс түрлерінен өндіріп алу мерзімдік төлемдерді өндіріп алу туралы атқарушылық құжатты орындау кезінде, бір жүз айлық есептік көрсеткіштен аспайтын соманы өндіріп алу кезінде, сондай-ақ борышкердің мүлкі болмаған немесе өндіріп алынатын соманы толық өтеу үшін мүлкі жеткіліксіз болған жағдайда басқа да өндіріп алу бойынша қолданылады.
Борышкердiң жалақысынан және өзге де табыс түрлерiнен өндiрiп алынған кезде сот орындаушысы осы Заңның талаптарын ескере отырып қаулы шығарады, онда берiлген сома толық өндiрiп алынғанға дейiн ай сайын қандай мөлшерде ақша ұсталуға тиiс екендiгi көрсетiледi және аумақтық бөлімнің не жеке сот орындаушысының мөрімен куәландырылған атқарушылық құжаттың көшірмесімен бірге оны орындау үшiн борышкер еңбек қатынастарында тұрған жұмыс берушiге немесе борышкер одан кіріс алатын тұлғаға жiбередi.
Сот орындаушысы борышкердiң жалақысынан және басқа да табыстарынан ақшаның дұрыс және уақтылы ұсталуына, сондай-ақ ұсталған соманың өндiрiп алушыға уақытында жiберiлуiне бақылау жасап отыруды жүзеге асыруға мiндеттi.
Заңның 93-бабының мазмұнынан ол ЖСО-ны ұстап қалу туралы қаулы шығаруға (нақты сома мен тәртіпті көрсете отырып), оны борышкердің жұмыс берушісіне жіберуге, ең бастысы - алиментті ұстаудың және алушыға аударылуының дұрыс және уақтылы жүргізілуін қадағалауды тікелей міндеттейді. Бұл императивті норма (орындауға міндетті) және талап қоюшының арыз беруіне байланысты емес.
Осылайша, кассациялық сатыдағы сот жеке ұйғарым іс жүргізу заңнамасының талаптарын сақтай отырып, АПК-нің 270-бабында көзделген негіздер болған жағдайда, соттың құзыреті шегінде негізді түрде шығарылды деп есептейді.
Төмен тұрған соттар жеке сот орындаушысының әрекетсіздігіне тиісті құқықтық баға берді.
Істің мән-жайы соттармен дұрыс анықталғандықтан, материалдық және іс жүргізу құқығының нормалары дұрыс қолданылғандықтан, кассациялық саты сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге және шағымдарды қанағаттандыруға негіз таппай отыр.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып, кассациялық сатыдағы сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 23 желтоқсандағы шешімі мен жеке ұйғарымы, Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 30 қаңтардағы осы іс бойынша қаулысы мен ұйғарымы күшінде қалдырылсын.
Жеке сот орындаушысы Тахир Сансызбайұлы Урашевтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын. Төрағалық етуші
Судьялар
Д. Әбдіғалиев
М. Қасымов
Г. Ыдырысова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.