ҚАУЛЫ
2026 жылғы 16 сәуір №6003-26-00-4к/58 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші судья Ә. Назарова,
судьялар Г. Ыдырысова, Д. Нұрлыбаева,
талап қоюшы А. Байытовтың, оның өкілі А. Елекеевтің қатысумен ашық сот отырысында
талап қоюшы Алимбай Толешович Байытовтың жауапкер «Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Департамент) зейнетақы өтілі бойынша зейнетақы тағайындау туралы 2006 жылғы 25 қаңтардағы баянаты мен құжаттарын жоғарғы тұрған құзырлы органға жолдауды міндеттеу, 2006 жылғы 25 қаңтардағы зейнетақы өтілі бойынша баянаты берілген деп тану туралы талап қоюы бойынша қабылданған
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 18 қарашадағы ұйғарымына, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 15 желтоқсандағы ұйғарымына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
А. Байытов сотқа талап қоюмен жүгініп, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі қылмыстық атқару жүйесі комитеті органдарында 1981 жылдан бастап 2006 жылдың 21 қыркүйегі аралығында 29 жыл 5 ай 15 күн қызмет атқарғанын, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі төрағасының 2006 жылғы 21 қыркүйектегі №358-ж/қ бұйрығымен қызметінен босатылғанын көрсеткен. Қызметте жүрген кезінде 2006 жылғы 25 қаңтарда зейнеткерлік жасқа толуына және қызмет өтіліне байланысты зейнетке шығару туралы баянат бергенін, алайда осы күнге дейін баянаты жоғары тұрған органға жолданбастан, ашық қалып кеткенін, осы негізінде 2025 жылғы 10 қыркүйекте Департаментке өтініш бергенін көрсетіп, жауапкерге зейнетақы өтілі бойынша зейнетақы тағайындау туралы 2006 жылғы 25 қаңтардағы баянаты мен құжаттарын жоғарғы тұрған құзырлы органға жолдауды, әрекет жасауды міндеттеуді, 2006 жылғы 25 қаңтардағы зейнетақы өтілі бойынша баянат берілген деп тануды сұраған.
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 18 қарашадағы ұйғарымымен талап қою қайтарылған.
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 15 желтоқсандағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы күшінде қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында іс бойынша шығарылған бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жоюды сұрайды. Жауапкердің өкілі сот отырысына келмеді, сотқа келмеу себептерін хабарламады.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Кассациялық сот талап қоюшының және оның өкілін тыңдап, кассациялық шағымның уәждері мен іс құжаттарын зерделеп, дауланып отырған сот актілері төмендегі негіздерге байланысты күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындыға келді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Осы іс бойынша аталған заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Жергілікті соттар А. Байытовтың талап қоюын қайтаруға қатысты тұжырымын, яғни 2006 жылғы 25 қаңтардағы баянаты мен құжаттарын жоғарғы тұрған құзырлы органға жолдауды міндеттеу туралы талабы сотқа жүгіну мерзімінің өтіп кетуі мен 2006 жылғы 25 қаңтардағы зейнетақы өтілі бойынша баянат берілген деп тану туралы талабы әкімшілік іс жүргізу тәртібімен қаралуға жатпайтындығымен негіздеген.
ӘРПК-нің 102-бабының екінші бөлігінде белгіленгендей, жарияқұқықтық қатынастардан туындайтын, осы Кодексте көзделген даулар әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен соттардың соттылығына жатады.
ӘРПК-нің 4-бабының бірінші бөлігінің 4), 5) тармақшаларына сәйкес әкімшілік акт - жария-құқықтық қатынастарда әкімшілік орган, лауазымды адам қабылдайтын, белгілі бір тұлғаның немесе жеке-дара айқындалған тұлғалар тобының Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген құқықтары мен міндеттерін іске асыратын шешім.
Әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) - әкімшілік органның, лауазымды адамның жария-құқықтық қатынастардағы, әкімшілік акт болып табылмайтын әрекеті (әрекетсіздігі).
Бұл ретте, талап қоюшы негізге алып отырған баянат 2006 жылы 25 қаңтарда берілген, осы уақыт ішінде талап қоюшы жауапкердің әрекетсіздігін дауламаған. Соттың ескертулеріне қарамастан, талап қоюшы талап қою нысанасын нақтыламаған.
ӘРПК-нің 136-бабының 8-бөлігіне сәйкес талап қоюды сотқа беруге арналған мерзімді дәлелді себепсіз өткізіп алу, сондай-ақ сотқа жүгінудің өтіп кеткен мерзімін қалпына келтірудің мүмкін болмауы талап қоюды қайтару үшін негіз болып табылады.
Талап қоюшының 2006 жылғы 25 қаңтардағы баянатын зейнетақы өтілі бойынша берілген деп тану туралы талабы ӘРПК-нің 135-бабымен белгіленген қатынастарға жатпайды, әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралатын талап қою болып табылмайды.
Жауапкердің 2025 жылғы 7 қазандағы №30-32-3-13/12836-Т жауап хаты түсіндірме сипатында берілген.
Сондықтан, төменгі сатыдағы соттардың талап қоюды қайтару туралы тұжырымдары дұрыс әрі негізді болып табылады.
Сот актілерінің күшін жоюға негіз жоқ. Жоғарыда келтірілгендердің негізінде жергілікті соттардың сот актілері өзгеріссіз, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.
ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 18 қарашадағы ұйғарымы, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 15 желтоқсандағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшының Алимбай Толешович Байытовтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Ә. Назарова
Судьялар
Г. Ыдырысова
Д. Нұрлыбаева
⚠️ Текст документа получен на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан.