ҚАУЛЫ
2025 жылғы 22 сəуір 6001-25-00-6ап/247 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының əкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов, судьялар – Ш.Т. Даниярова, Е.Ж. Өмірəлиев болып, талап қоюшының өкілдері Е.Алпысбаев пен Е.С.Төлегеннің қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы жеке кəсіпкер Нишанбаев Нурлан Кунанбаевичтың (бұдан əрі – ЖК Нишанбаев Н.К.) жауапкер «Ордабасы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары жəне тұрғын үй инспекциясы бөлімі» мемлекеттік мекемесіне (бұдан əрі –Мекеме) қорытындылар туралы хаттаманы заңсыз деп танып, күшін жою, мемлекеттік сатып алу туралы шартты жарамсыз деп тану, конкурс қорытындыларын қайта қарауды міндеттеу туралы əкімшілік іс бойынша қабылданған,
Шымкент қалалық сотының əкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 4 желтоқсандағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен келіп түскен əкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық əкімшілік сотының 2024 жылғы 14 қазандағы шешімімен талап қою арызы қанағаттандырылған.
2024 жылғы 1 шілдедегі №12343067-ОК2 қорытындылар туралы хаттама заңсыз деп танылып, күші жойылған.
2024 жылғы 15 тамыздағы №43 «Қажымұхан ауыл округі əкімі аппараты» мемлекеттік мекемесі (бұдан əрі – Әкім аппараты) мен «M - build-01» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан əрі – ЖШС) арасындағы шарт жарамсыз деп танылған.
Мекеме №12343067-ОК2 конкурстың қорытындыларын қайта қарауға міндеттелген.
Шымкент қалалық сотының əкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 4 желтоқсандағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылып, талап қою арызы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында апелляциялық сот алқасының қаулысымен келіспейтінін көрсетіп, оның күшін жойып, бірінші сатылы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған.
Мүдделі тұлға «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Түркістан облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан əрі – Департамент) өкілі істі оның қатысуынсыз қарауды сұраған. Басқа тараптар немесе олардың өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот алқасы (бұдан əрі – сот алқасы) отырысына келмеді, сотқа келмеу себептерін хабарламады.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рəсімдік-процестік кодексінің (бұдан əрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сəйкес əкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот алқасы талап қоюшы өкілдерінің кассациялық шағымды қолдаған пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау жəне кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тəртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан əрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сəйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға əкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық жəне процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тəртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Апелляцялық сатыдағы сот тарапынан мұндай кемшіліктерге жол берілген.
Сотта анықталған мəн-жайларға қарағанда Әкім аппаратының тапсырысы бойынша Мекеме (ұйымдастырушы) «Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Қажымұқан ауылында объектілерді жəне өзге де жұмыс түрлерін орналастыра отырып, тартымды түрді құруға бағытталған жұмыстарды орындау» жөнінде №12343067-ОК2 электронды ашық конкурс (бұдан əрі – конкурс) өткізген.
2024 жылғы 1 шілдедегі №12343067-ОК2 қорытындылар туралы хаттамаға сəйкес «M-build-01» ЖШС-гі жеңімпаз болып анықталған, ЖК «Medina» екінші орын алған, ал ЖК Нишанбаев Н.К. өтінімі материалдық жəне еңбек ресурстарына ие болу бөлігінде біліктілік талаптарына сəйкес келмегендіктен конкурсқа жіберілмеген.
Талап қоюшының Департаментке берген шағымы 2024 жылғы 23 шілдедеде қанағаттандырусыз қалдырылған.
Нəтижесінде тапсырыс беруші мен жеңімпаз «M-build-01» ЖШС-нің арасында 2024 жылғы 15 тамыздағы №43 мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасалған.
Бірінші сатыдағы сот талапты қанағаттандырғанда ЖК Нишанбаев Н.К. конкурсқа лицензиясын ұсынуымен материалдық жəне еңбек ресурстарына ие екендігін растағанын басшылыққа алған.
Бұл тұжырыммен келіспеген апелляциялық сатыдағы сот, бірінші сатыдағы сот шешімінің күшін жойып, талапты қанағаттандырусыз қалдырғанда ЖК Нишанбаев Н.К. конкурстық құжаттама жобасына ескерту немесе шағым келтірмегенін жəне конкурсқа қатысуға өтінімін беру барысында III-санаттағы құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге тиісті лицензиясы болмаған назарға алған. Сот алқасы, апелляциялық сатыдағы сот істің мəн-жайларын дұрыс анықтай тұра материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданбаған деп есептейді.
Қазақстан Республикасының «Мемлекеттiк сатып алу туралы» Заңының (бұдан əрі – Заң) 9-бабының 1-тармағының 4)-тармақшасына сəйкес əлеуетті өнім берушілерге мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша міндеттемелерді орындау үшін жеткілікті материалдық, еңбек жəне қаржы ресурстарының болуы жайлы біліктілік талаптары қойылады.
Конкурстық құжаттаманың 6-қосымшасына сəйкес əлеуетті өнім берушілерге 24 түрлі техника жəне 10 түрлі маманның, яғни материалдық жəне еңбек ресурстарының болуы жайлы біліктілік талаптары қойылған. Бірінші сатыдағы соттың Мекеме, Департамент жəне конкурс жеңімпазының конкурстық құжаттамаға Заңның 22-бабымен айқындалған тəртіппен шағым келтірмегенін уəждерімен келіспей, дау конкурстық құжаттамадан, қойылған біліктілік талаптардан туындап отырған жоқ деген тұжырымы негізді болып табылады.
Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 11 желтоқсандағы № 648 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларының» (бұдан əрі – Қағидалар) 58-тармағына сəйкес құрылыс-монтаждау жұмыстарына тиісті рұқсаты (хабарламасы) бар жəне құрылыспен байланысты емес жұмыстарды (бар объектілерді ағымдағы немесе орташа жөндеу, реставрациялау, қолданыстағы объектілерді реэкспозициялау, абаттандыру, жайластыру) мемлекеттік сатып алуға қатысатын əлеуетті өнім берушілер Қазақстан Республикасының рұқсаттар жəне хабарламалар туралы заңнамасына сəйкес берілген тиісті рұқсатпен (лицензиямен) материалдық жəне еңбек ресурстарына ие екендігін растайды.
Бұл ретте құрылыс-монтаждау жұмыстарына тиісті рұқсаттың (лицензияның) түрлері мен кіші түрлері өткізілетін мемлекеттік сатып алу нысанасына ұқсас (сол сияқты) болады.
Сондай-ақ, конкурстық құжаттаманың 10-қосымшасының ескертпесінде де құрылыс-монтаждау жұмыстарына тиісті рұқсаты (хабарламасы) бар жəне құрылыспен байланысты емес жұмыстарды (бар объектілерді ағымдағы немесе орташа жөндеу, абаттандыру немесе құрылыспен байланысты емес өзге де жұмыс түрлері) мемлекеттік сатып алуға қатысатын əлеуетті өнім берушілер əлеуетті өнім берушінің материалдық жəне еңбек ресурстарын иеленуін растайтын құжат «Рұқсаттар жəне хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сəйкес берілген тиісті рұқсат (лицензия) болып табылатыны көрсетілген.
Конкурстық құжаттамаға сəйкес конкурсқа қатысуға өтінім берудің басталу мерзімі – 31 мамыр 2024 жыл, өтінімді қабылдау аяқталу мерзімі -17 маусым 2024 жыл, өтінімді толықтыру мерзімі – 25 маусым 2024 жыл, өтінімді толықтырудың аяқталу мерзімі – 28 маусым 2024 жыл болып белгіленген. Қағидалардың 199-тармағына сай осы Қағидалардың 219-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, конкурсқа қатысуға өтінімдер берудің соңғы мерзімі аяқталғаннан кейін оған өзгерістер жəне (немесе) толықтырулар енгізуге жол берілмейді.
Қағидалардың 219-тармағына сəйкес конкурстық комиссия біліктілік талаптары мен конкурстық құжаттаманың талаптарына сəйкес келмейтін əлеуетті өнім берушілерді анықтаған жағдайда, мұндай əлеуетті өнім берушілерге конкурсқа қатысуға алдын ала жіберу хаттамасы веб-порталда орналастырылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде конкурсқа қатысуға өтінімдерді біліктілік талаптары мен конкурстық құжаттаманың талаптарына сəйкес келтіру құқығын береді.
Дау болып отырған конкурс бойынша конкурсқа қатысуға алдын ала жіберу 2024 жылдың 25-маусымында өткізілген.
Лицензиар «Қарағанды облысының мемлекеттік сəулет-құрылыс бақылау басқармасы» КММ-мен ЖК Н.К.Нишанбаевқа III санаттағы құрылыс-монтаж жұмыстарын жүзеге асыру құқығына 2024 жылдың 26маусымында №24022303 лицензия берген.
Бұл лицензияны ЖК Нишанбаев Н.К. 2024 жылдың 28 маусымында, яғни өтінімді толықтырудың аяқталу мерзімі ішінде тапсырған.
Қағидалардың 234 жəне 236-тармақтарына сай конкурстық комиссия конкурсқа қатысуға өтінімдерді қайтадан қарау нəтижелері бойынша:
біліктілік талаптарына жəне конкурстық құжаттаманың талаптарына сəйкес келетін əлеуетті өнім берушілерді айқындайды жəне конкурсқа қатысушылар деп таниды;
конкурстық баға ұсынысына əсер ететін өлшемшарттарды қолданады жəне есептейді;
біліктілік талаптарына жəне конкурстық құжаттаманың талаптарына сəйкес келтірілген əлеуетті өнім берушілердің конкурсқа қатысуға өтінімдерін қайта ұсыну мерзімі өткен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде осы Қағидаларға 10-қосымшаға сəйкес конкурс тəсілімен мемлекеттік сатып алудың қорытындысы туралы хаттаманы ресімдейді. Заңның 28-бабы 2-тармағына сəйкес конкурс тəсілімен мемлекеттік сатып алу қорытындысы туралы хаттама мынадай ақпаратты қамтиды:
конкурсқа қатысуға өтінімдерді біліктілік талаптары мен конкурстық құжаттаманың талаптарына сəйкес келтіру туралы;
осы Қағидалардың 228-тармағының 3) жəне 4) тармақшаларына сəйкес конкурстық комиссияның сұрау салулары туралы;
конкурсқа қатысуға берілген өтінімдері қабылданбаған əлеуетті өнім берушілердің өтінімдерін қабылдамау себептері егжей-тегжейлі сипатталып, оның ішінде біліктілік талаптары мен конкурстық құжаттаманың талаптарына сəйкес келмейтінін растайтын мəліметтер мен құжаттар көрсетіле отырып, олар туралы ақпарат;
конкурстық комиссияның конкурстық құжаттамада көзделген конкурстық баға ұсынымына əсер ететін өлшемшарттарды қолдануы туралы:
- ең төмен шартты баға негiзiнде конкурс жеңiмпазын айқындау туралы
мəліметтер қамтылуға тиіс.
Яғни, 2024 жылғы 1 шілдеде конкурсты қорытындылағанда талап қоюшының лицензиясы назарға алынуы тиіс болатын.
Сондықтан талап қоюды қанағаттандыру жайлы бірінші сатыдағы соттың шешімі заңды жəне істің мəн-жайларына сəйкес келеді.
Істің бұл тұрғысында дауланып отырған сот қаулысының күші жойылып, бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылуға жатады. ӘРПК-нің 169-бабын жəне АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 2) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Шымкент қалалық сотының əкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 4 желтоқсандағы қаулысының күші жойылсын.
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық əкімшілік сотының
2024 жылғы 14 қазандағы шешімі күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы Нишанбаев Нурлан Кунанбаевичтың кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші С. Баймаханов Судьялар Ш. Даниярова Е. Өмірəлиев
Көшірмесі дұрыс
Судья С. Баймаханов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.