КСАД РК - Постановление от 22.04.2026 по делу 6003-26-00-4к/608 (Административное)

ҚАУЛЫ

2026 жылғы 22 сәуір 6003-26-00-4к/608 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:

төрағалық етуші – Д.Ә. Әбдіғалиев,

судьялар – Г.М. Ыдырысова, М.А. Қасымов болып,

жауапкерлердің өкілдері А[...], Д[...] және М[...] қатысуларымен ашық сот отырысында талап қоюшы жеке қожалық «Барыс» жетекшісі Х[...] жауапкер Батыс Қазақстан облысы, [...] әкіміне (бұдан әрі – Аудан әкімі) 2025 жылғы 4 сәуірдегі № 1 жер комиссиясының хаттамасының № 11 лоты бойынша шешімін заңсыз деп тану туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған

Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 8 шілдедегі шешіміне, Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 18 желтоқсандағы қаулысына жауапкердің берген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Талап қоюшы Аудан әкімінің 2025 жылғы 4 сәуірдегі № 1 жер комиссиясының хаттамасының № 11 лоты бойынша шешімін заңсыз деп тану туралы талап қоюмен сотқа жүгінген.

Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 8 шілдедегі шешімімен талап арыз толық қанағаттандырылған.

Батыс Қазақстан облысы, [...] әкімінің 2025 жылғы 4 сәуірдегі № 1 жер комиссиясының хаттамасының №11 лоты бойынша шешімі заңсыз деп танылып, күші жойылған.

Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 18 желтоқсандағы қаулысымен бірінші саты сотының шешімі өзгеріссіз, жауапкердің апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Жауапкер кассациялық шағымында бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, күшін жоюды және жер комиссиясының 2025 жылғы 4 сәуірдегі №11-ші лоты (400,0 га) бойынша қабылданған №1 хаттамалық шешімін өз күшінде қалдыруды сұраған.

Талап қоюшының өкілінен сот отырысын кейінге қалдыру туралы өтініш келіп түсті.

Алайда, бұл өтінішхат қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады, себебі сот отырысы Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотының ғимаратында міндетті түрде жеке қатысу арқылы өткізуге тағайындалған, бұл туралы іске қатысушы тұлғалар алдын-ала хабарланған.

Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттарға қатысқан өзге тұлғалар сот отырысының күні, уақыты және форматы туралы тиісті түрде хабарланғанына қарамастан, сотқа келмеген және келмеу себептері туралы сотқа мәлімет бермеген.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Кассациялық сот кассациялық шағыммен қарсылықтың уәждерін тексеріп, іс құжаттарын зерттеп, ұсынылған дәлелдемелерді бағалай келе, келесідей қорытындыға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының 5- бөлігіне сай заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы АПК-нің 434-бабының 1-бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Мұндай бұзушылықтарға соттар жол берген.

Бірінші және апелляциялық сатылы соттар талап қоюды толық қанағаттандыра отырып, жер учаскесiн шаруа немесе фермер қожалығын жүргiзу үшiн алуға басым құқықты ауыл шаруашылығындағы жұмыс тәжірибесі, арнаулы ауыл шаруашылығы білімі мен біліктілігі, арнайы техникасы бар және осы ауданда, қалада, ауылда, кентте тұратын азаматтар пайдаланады деген тұжырымға келген.

ӘРПК-нің 1-бабының үшінші бөлігіне сәйкес, егер ӘРПК-де өзгеше тәртіп көзделмесе, әкімшілік сот ісін жүргізуде АПК-нің ережелері қолданылады.

«Азаматтық істер бойынша сот шешімі туралы» 2003 жылғы 11 шілдедегі № 5 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысының 5-тармағына сәйкес, шешiм процестік құқық нормалары сақтала отырып және осы құқықтық қатынасқа қолдануға жататын материалдық құқық нормаларына толық сәйкестiкте шығарылғанда заңды болып табылады.

АПК-нің 14-бабында азаматтық істер бойынша сот ісін жүргізудің бір қағидаты – сот ісін жүргізу тілі қағидаты бекітілген, ол азаматтық сот ісін жүргізу субъектілерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін мәнге ие болып, Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді.

АПК-нің 14-бабының 1-бөлігіне сәйкес, азаматтық істер бойынша сот ісін жүргізу қазақ тілінде жүргізіледі, сот ісін жүргізуде қазақ тілімен қатар ресми түрде орыс тілі, ал заңда белгіленген жағдайларда басқа тілдер де қолданылады.

Сонымен қатар, АПК-нің 14-бабының 2-бөлігіне сай, сот ісін жүргізу тілі сотқа талап қою берілген тілге байланысты сот ұйғарымымен белгіленеді. Сол бір азаматтық іс бойынша іс жүргізу бастапқы белгіленген сот ісін жүргізу тілінде жүзеге асырылады.

Істі сот талқылауына дайындау кезінде екі тараптың да жазбаша өтінішхаты бойынша сот ұйғарыммен сот ісін жүргізу тілін өзгертуге құқылы.

Егер істі бірінші сатыдағы сотта қарауға дайындау барысында талап қоюшының өз өкілі талап қою берген тілді білмейтіні анықталса, онда сот талап қоюшының жазбаша өтінішхаты бойынша сот ісін жүргізу тілін өзгерту туралы ұйғарым шығарады.

Қаралып отырған іс бойынша істі сот талқылауына дайындау барысында және одан кейін жауапкерлер тарапынан сот ісін жүргізу тілін өзгерту туралы өтінішхаттар берілмеген.

АПК-нің 14-бабының 2-бөлігінің ережелерінен бірінші сатыдағы соттың сот ісін жүргізу тілін өзгертуге негіздері болмағаны көрінеді, себебі сот ісін жүргізу тілін өзгерту туралы өтінішхат талап қоюшының өкілімен берілген, алайда жауапкер мен мүдделі тұлғалардан сот ісін жүргізу тілін өзгерту туралы өтініштер түспеген.

Осы мән-жайларда соттың сот ісін жүргізу тілін өзгертуге құқықтық негіздер болмаған.

АПК-нің 427-бабының 3- бөлігінің 3) тармақшасына сәйкес, істі қарау кезінде сот ісін жүргізу тілі туралы қағида бұзылған жағдайда бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылуға жатады.

Алайда, апелляциялық саты аталған құқық бұзушылықтарды жоймаған. Осыған байланысты апелляциялық сатыдағы сот қаулысының күші жойылып, іс апелляциялық сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жіберілуі тиіс.

Процестік бұзушылықтарды негізге ала отырып сот актісін жойғанда кассациялық сот қабылданған шешімнің мәнін талқылауға кіріскен жоқ.

Апелляциялық сатыдағы сот істі қайта қарау кезінде жоғарыда аталғандарды ескеріп, көрсетілген кемшіліктерді жойып, істі дұрыс шешу үшін маңызы бар мән-жайларды толық және жан-жақты анықтау және зерттеу мақсатында заңда көзделген шараларды қабылдап, даулы құқықтық қатынастар туындаған кезде қолданыстағы Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсты ұйымдастыру мен өткізу қағидаларын бекіту туралы қағидаларын қолдана отырып, іс бойынша заңды және негізді шешім шығару тиіс.

ӘРПК–нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабының 2- бөлігінің 5) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Осы іс бойынша Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 8 шілдедегі шешімнің, Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 18 желтоқсандағы қаулысының күштері жойылсын.

Іс Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасына басқа құрамда жаңадан қайта қарауға жолдансын.

Жауапкердің кассациялық шағымы ішінара қанағаттандырылсын.

Д. Әбдіғалиев

Төрағалық етуші

Судьялар

Г. Ыдырысова

М. Қасымов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.