ВС РК - Постановление от 28.03.2023 по делу 6001-22-00-6ап/2087 (Административное)

6001-22-00-6ап/2087

Қ А У Л Ы

2023 жылғы 28 наурыз

Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші судья Н.Ү.Қайыпжан, судьялар Г.Б.Дуйсенбаев, Г.К.Нұрбаев болып,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында талап қоюшы Ә[...] жауапкер Қызылорда облысы бойынша жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының жеке сот орындаушысы А[...] 2021 жылғы 21 қаңтардағы жылжымайтын мүлікті электрондық сауда-саттықа шығарған іс-әрекетін заңсыз деп тану, 2021 жылғы 18 ақпандағы электрондық аукционның қорытындысы туралы хаттамасын жарамсыз деп танып, күшін жою туралы, 2021 жылғы 19 ақпандағы осы аукцион арқылы сатылған тұрғын үйді сатып алу–сату шартын жарамсыз деп тану туралы әкімшілік ісі бойынша,

Қызылорда облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 15 шілдедегі шешіміне және Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 16 тамыздағы қаулысына жауапкердің берген кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 15 шілдедегі шешімімен әкімшілік талап толығымен қанағаттандырылған.

Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 16 тамыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.

Жауапкер кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған бірінші және апелляциялық саты соттарының сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жоюды сұраған.

Тараптар Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Іс құжаттарын зерттеп, шағым уәждерін жан-жақты талқылап, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді. ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, Алматы қаласының Бостандық аудындық сотының 2019 жылғы 23 қыркүйектегі шешімімен «Банк ВТБ (Қазақстан)» акционерлік қоғамының еншілес ұйымының (бұдан әрі - Банк) пайдасына К[...], А[...] пен Ж[...] ортақтасып 35 059 704 теңге өндірілген.

Қызылорда қалалық сотының 24 қыркүйек 2020 жылғы шешімімен Банктің талабы ішінара қанағаттандырылып, сот шешімімен өндірілген қарызды орындау мақсатында кепіл беруші Ә[...] атындағы Қызылорда қаласы, [...] өндіріп алынып, бастапқы сату бағасын жария сатуды өткізу сәтінде тәуелсіз бағалау жүргізу жолымен белгіленген.

ЖСО А[...] 2021 жылғы 21 қаңтардағы қаулысымен даулы үй 49 236 000 теңгемен сауда-саттыққа шығарылып, электронды саудасаттықтың нәтижелері туралы 2021 жылғы 18 ақпандағы хаттамасы бойынша аталған тұрғын үй төмендету әдісімен өткізілген сауда-саттықта А[...] жеңімпаз болып танылған.

Жергілікті соттар талап қоюды қанағаттандыру туралы шешім қабылдағанда, ЖСО А[...] сот шешімінде көрсетілгендей жылжымайтын мүлікті сауда-сатыққа шығарған кезде жылжымайтын мүлікке тәуелсіз бағалау жүргізбей, сот шешімі қабылданғаға дейінгі бағалауды басшылыққа алып сауда-саттыққа шығарған іс-әрекеті Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасы Заңының заңдылық принципіне қайшы келеді деген тұжырымымен сот алқасы келіседі.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2015 жылғы 20 ақпандағы №100 бұйрығымен бекітілген тыйым салынған мүлікті, оның ішінде электрондық аукцион нысанындағы сауда-саттықта өткізу қағидаларының (бұдан әрі –Қағида) 39-тармағында электрондық аукционың қорытындысы туралы хаттамада аукционның әрбір қатысушының атауы, олар ұсынған баға, сондай-ақ әрбір қатысушы ұсынылған лоттың бағасына шерту уақыты көрсетіле отырып, аукционның әрбір қадамының тарихы көрсетілуі тиіс екені бекітілген.

Қағиданың 3-қосымшасында жоғарыда көрсетілген міндетті мәліметтерді қамтитын хаттаманың нысаны келтірілген. Бұл ереженің сақталған-сақталмағаны да дауланып отырған хаттамадан көрінбейді, онда аукционның әрбір қадамының тарихы көрсетілмеген. Аукционның нешеде басталғаны, сатылым бағасын қатысушылар неше қадамнан кейін бергені келтірілмеген.

2014 жылғы 23 мамырдағы Тұрғын үйді жер учаскесімен сату-сатып алу туралы № 0184307 келісім шартына сәйкес Қызылорда қаласы, [...] мүдделі тұлға А[...] 55 000 000 теңгеге сатып алған. Арада 7 жыл өткеннен кейін жылжымайтын мүлікті өзінің бағаланған 49 236 000 құнынан екі есеге дейін төмендетіп, 27 079 800 теңгеге сатып жіберу әділдік пен ақылға қонымдылық өлшемшарттарына сәйкес емес екені көрінеді.

Осының негізінде бірінші және апелляциялық сатыдағы сот әділеттілік өлшемшарттарын басшылықа алып, әкімшілік талапты қанағаттандырған және қанағаттандыру жайлы негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.

АПК-ның 452 бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426 бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Қызылорда облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 15 шілдедегі шешімі және Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 16 тамыздағы қаулысы өзгеріссіз, жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Қайыпжан Н.Ү.

Судьялар

Дуйсенбаев Г.Б. Нұрбаев Г.К.

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.