ВС РК - Постановление от 15.09.2023 по делу 6001-23-00-6ап/924 (Административное)

6001-23-00-6ап/924

ҚАУЛЫ

2023 жылғы 15 қыркүйек Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші - судья Г.Б.Дуйсенбаев, судьялар - Б.Т.Нажмиденов, Г.К.Нурбаев болып,

ашық сот отырысында талап қоюшы К[...] жауапкер жеке сот орындаушысы (бұдан әрі - ЖСО) Е[...] қойған іс-әрекетіне дау айту туралы талап қоюы бойынша қабылданған,

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 24 қаңтардағы ұйғарымына, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 28 ақпандағы ұйғарымына талап қоюшы өкілі келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

К[...] сотқа жүгінген талабында ЖСО Е[...] атқарушылық өндірісті қозғау барысындағы әрекеттеріне және атқарушылық істі тоқтату қаулысын жұмыс орнына жолдамау әрекетсіздігіне дау келтірген. Сонымен қатар сотқа талап қоюмен жүгіну мерзімін қалпына келтіруді сұраған.

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 24 қаңтардағы ұйғарымымен сотқа жүгіну үшін арналған талап қою мерзімін қалпына келтіруден бас тартылып, талап қою тіркелген құжаттарымен бірге талап қоюшыға қайтарылған.

Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 28 ақпандағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың 2023 жылғы 24 қантардағы сот ұйғарымы өзгеріссіз, жауапкердің апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Тиісті түрде хабарланған тараптар кассациялық сатының сот отырысына келмеуі Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сай істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді.

Сот алқасы, әкімшілік істің материалдарын зерттеп, шағымның дәлелдерін талқылап, келесі қорытындыға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады. АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Соттармен анықталғандай, талап қоюшы жауапкермен өзіне қатысты атқарушылық өндіріс қозғалғаннан кейін оның 2022 жылғы 18 қазандағы атқарушылық өндірісті қозғау әрекетін даулап сотқа 2022 жылғы 15 қарашады жүгінген.

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 27 желтоқсандағы ұйғарымымен талап қоюшы К[...] жауапкер ЖСО Е[...] әрекетіне дау айту туралы талап қоюшының өкілі У[...] өзара келісуіне байланысты талап қоюы қайтарылған.

Бұдан кейін талап қоюшы К[...] екінші мәрте 2023 жылдың 10 қаңтарында сотқа қайтадан талап қоюмен жүгініп, онда ЖСО Е[...] 2022 жылғы 18 қазанда қозғалған атқарушылық өндірісі бойынша жүргізген әрекеттерін (сотқа бірінші талап қою барысында даулаған әрекеттерін) және әрекетсіздігін даулаған.

ӘРПК-ның 136-бабының 4-бөлігіне сәйкес сот орындаушысының атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) талап қою әрекет жасалған (әрекет жасаудан бас тартылған) күннен бастап немесе сот орындаушысының әрекет жасау уақыты мен орны туралы хабарланбаған өндіріп алушыға немесе борышкерге ол туралы белгілі болған күннен бастап он жұмыс күні ішінде сотқа беріледі.

ӘРПК-нің 136-бабының сегізінші бөлігіне сәйкес сотқа жүгінудің өтіп кеткен мерзімін қалпына келтірудің мүмкін болмауы талап қоюды қайтару үшін негіз болып табылады.

АПК-нің 126-бабының 2-бөлігіне сай, егер осы кодексте белгіленген мерзімді өткізіп алу себептерін сот дәлелді деп таныса, сот оны қалпына келтіруі мүмкін.

Сот алқасы талап қоюшымен осы талап қоюмен сотқа жүгінуге арналған мерзімі өткізіліп алынғандығы туралы жергілікті соттардың тұжырымдарымен келіседі, өйткені талап қоюшымен мерзімді өткізіп алуға ықпал еткен өзге де дәлелді себептер сотқа ұсынылмаған.

Бұл жағдай өткізіп алған мерзімді қалпына келтіруге негіз бермейді, өйткені заңда белгіленген мерзімді өткізіп алу себептерінің негізділігі жоқ.

Осыған байланысты, жергілікті соттардың талап қоюды қайтару туралы тұжырымдары дұрыс, өйткені талап қоюшы дәлелсіз себептермен талап қою үшін заңмен белгіленген мерзімді өткізіп алған.

Сот алқасы дауланып отырған сот актінің күшін жоюға не өзгертуге дәлелді негіз жоқ деп санайды.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 24 қаңтардағы ұйғарымы, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 28 ақпандағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы К[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Г. Дуйсенбаев

Судьялар

Б. Нажмиденов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.