ВС РК - Постановление от 27.04.2023 по делу 6001-22-00-6ап/2363 (Административное)

1

№6001-22-00-6ап/2363

ҚАУЛЫ

2023 жылғы 27 сәуір Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар – Ш.Т.Даниярова, Е.Д.Өмірәлиев, талап қоюшының өкілі С[...], жауапкерлердің өкілдері Б[...], К[...]

қатысуыларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Мәртөк ауданы прокуратурасының жауапкерлер Мәртөк ауданының әкіміне, «Мәртөк аудандық жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне қаулының күшін жою, наразылыққа берілген жауабын заңсыз деп тану және прокуратурамен енгізілген наразылығын орындауға міндеттеу туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 7 шілдедегі ұйғарымы мен Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 13 қыркүйектегі ұйғарымына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 7 шілдедегі ұйғарымымен талап қою кері қайтарылған.

Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 13 қыркүйектегі ұйғарымымен бірінші сатыдағы ұйғарымы күшінде қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында іс бойынша соттар материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, шығарылған сот актілерінің күшін жойып, істі сол сотқа мәні бойынша қарау үшін жолдауды сұраған.

Талап қоюшының кассациялық шағымды қолдап, сот актілерінің күшін жою туралы, жауапкерлер сот актілерді күшінде қалдыру туралы пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады. АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сай, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктерге соттармен жол берілмеген.

Іс материалдарын анықталғандай, 2002 жылғы 3 мамырдағы №102 қаулыға сәйкес пай иелеріне ауылшаруашылық өнімдерін өндіру үшін ақылы бастапқы ұзақ мерзімді уақытша үлестік жер пайдалануға берілген. 2003 жылғы 20 маусымда Қазақстан Республикасының Жер кодексінің (бұдан әрі - Жер кодексі) қабылдануына орай, бұл жерлер «Л[...]» ЖШС-нің жарғылық қорына аударылған. Кейіннен жердің «Л[...]» ЖШС-нің емес, жеке тұлға Д[...] атына тіркелгені анықталған.

2021 жылғы 4 мамырда Д[...] өз атында ауылшаруашылық жерлерінің болуына байланысты жер учаскелерін аудандық жер қорына өз еркімен тапсыру жөнінде арыз берген. Мәртөк ауданы әкімінің 2021 жылғы 14 мамырдағы қаулысымен 2002 жылғы 3 мамырда қабылданған қаулының күші жойылып, жер учаскесі аудандық арнайы жер қорына қайтарылған.

Прокурор 2022 жылы 2 наурыздағы наразылығында аудан әкімі аталған қаулының күшін жоюды талап еткен.

Аудан әкімінің прокурордың наразылығына берген жауап хатында Жер кодексінің 2011 жылға дейін қолданыста болған 170 - баптың 4, 6 - тармақтарына сілтеме жасала отырып, 2021 жылғы 14 мамырдағы №121 қаулының күшін жою мүмкін еместігі жөнінде хабарланған.

Заңды күшіне енген Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 24 желтоқсандағы ұйғарымымен талап қоюшы Мәртөк ауданы прокуратурасының Мәртөк ауданының әкіміне, «Мәртөк аудандық жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне 2021 жылғы 6 тамыздағы жауапты заңсыз деп тану, 2021 жылғы 15 мамырдағы заң бұзушылықты жою туралы ұсынуды орындауға міндеттеу және Мәртөк ауданы әкімінің 2021 жылғы 14 мамырдағы №121 қаулысының күшін жою туралы талабы қоса берілген құжаттарымен қайтарылған.

Бұл талап қою ӘРПК-нің 138-бабының 2-бөгінің 11) тармақшасы негізінде қайтарылған. Ұйғарым заңды күшіне енген.

Осыған қоса, ӘРПК-нің 138-бабының 3-бөлігіне сәйкес талап қоюды қайтару, сол жауапкерге сол нысана мен сол негіздер туралы сотқа талап қоюмен қайтадан жүгінуіне кедергі келтіреді. Жергілікті соттар, Мәртөк ауданы әкімінің 2021 жылғы 14 мамырдағы №121 қаулының күшін жою туралы талап қоюмен сотқа қайтадан жүгінуіне кедергі болатындықтан, осы талап қайтарылуға жатады деген тұжырымға келіп, наразылыққа берілген жауапты заңсыз деп тану туралы талап әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуға жатпайтындықтан, қайтаруға жатады деп көрсеткен.

Бұдан бөлек, соттар талап қоюшы талап қоюды беруге арналған мерзімді өткізіп алғанын анықтаған.

Соттардың бұл қорытындылары негізді, материалдық және процестік құқық нормаларына сәйкес келеді.

Сонымен қатар, сол тараптардың арасындағы сол нысаны бойынша және сол негіздер бойынша әкімшілік іс Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасында, атап айтқанда «Л[...]» ЖШС-нің талап арызы бойынша әкімшілік іс қаралуда.

Аталған іс бойынша кассациялық сатымен шешім қабылданған жоқ.

Бұл жағдайда әкімнің қаулысына дау айту бөлігіндегі талап қою ӘРПКнің 138-бабының 5-тармағы бойынша кері қайтарылуға жатады.

Кассациялық шағым өзінің мазмұны мен мәні сот отырысында келтірілген дәлелдермен, уәждермен сонымен қатар берілген түсіндірмелермен біріңғай. Бұл дәлелдемелерге соттармен тиісті құқық баға берілген, сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болатын материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы орын алмаған.

Бұндай жағдайда, кассациялық шағымда жаңа дәлелдердің жоқтығын ескере отырып, іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы дауланып отырған сот актілері ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды.

Сондықтан сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ.

ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 7 шілдедегі ұйғарымы мен Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 13 қыркүйектегі ұйғарымы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы Мәртөк ауданы прокуратурасының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші С. Баймаханов Судьялар Ш. Даниярова Е. Өмірәлиев Көшірмесі дұрыс. Судья Ш. Даниярова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.