6001-21-00-6ап/181
2022 жылғы 15 наурыз Нұр-Сұлтан қаласы
Қ А У Л Ы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші Баймаханов С.У.,
судьялар Қайыпжан Н.Ү., Өмірәлиев Е.Ж.
талап қоюшы К[...], оның өкілі Ә[...], жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік кірістер Департаментінің Қаратау ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» РММ-нің өкілдері И[...], Ш[...] қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында қашықтықтан бейне-дыбыс жазу құралдарын қолдану арқылы талап қоюшы К[...] жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік кірістер Департаментінің Қаратау ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесіне, жауапкер тарапынанан мүдделі тұлға Алматы қалалық Әділет департаментінің «Мемлекеттік кірістерді өндіру жөніндегі аумақтық бөлімі» мемлекеттік сот орындаушысы А[...] тартылуымен, атқарушылық өндірісі бойынша міндеттемелері толық орындалған деп тану туралы талап қою арызы бойынша әкімшілік ісін,
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 6 қыркүйектегі шешіміне, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 9 қарашадағы қаулысына талап қоюшының өкілі Ә[...] берген кассациялық шағымын қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы К[...] сотқа аталған әкімшілік талап қою арызымен жүгініп, оны өзінің жеке тұлға ретінде салықтан қарызы немесе берешегі жоқтығымен, сот үкімі бойынша өндірілген шығын «RГХ[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің (әрі қарай - Серіктестік) жеке құрылтайшысы әрі директорының берешегі ретінде белгіленгендігімен, Серіктестікке оңалту рәсімін қолдануға байланысты үкімнің азаматтық талап қою бөлігі толық орындалғандығымен негіздеген.
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 6 қыркүйектегі шешімімен К[...] талап қою арызы қанағаттандырудан бас тартылған.
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 9 қарашадағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында бірінші және апелляциялық саты соттарының материалдық және процессуальдық заң нормаларын бұзуына байланасты іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жойып, талап қою арызды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Талапкердің жіне оның өкілінің кассациялық шағымның уәждерін қолдаған түсініктерін, жауапкер өкілдерінің кассациялық шағымға қарсы пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерделеп, қассациялық сот алқасы төмендегі негіздерге байланысты дау айтылған сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындыға келді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 169-бабының 1-бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі-АПК) қағидаларында айқындалады
АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Осы іс бойынша аталған заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Іс құжаттарына қарағанда, К[...] Серіктестіктің директоры және жалғыз құрылтайшысы болып табылады.
2017 жылғы 6 маусымда Шымкент қаласы Қаратау аудандық сотының заңды күшіне енген үкімімен (бұдан әрі - сот үкімі) К[...] Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 245-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, осы Кодекстің 55-бабы 6-бөлігінің негізінде коммерциялық қызметтермен айналысу құқығынан 3 жыл мерзімге айыра отырып, 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.
Аталған қылмыстық іс бойынша азаматтық талап қанағаттандырылып, К[...] мемлекет пайдасына 148 334 211 теңге келтірілген залал (шығын) 4 450 026 теңге баж өндірілген.
2017 жылы 17 қазанда Қаратау аудандық аумақтық бөлімінің мемлекеттік сот орындаушысы К[...] талап қоюшы К[...] мемлекет пайдасына 148 334 211 теңге келтірілген зиян, 4 450 026 теңге баж өндіру туралы атқарушылық өндірісі қозғалған.
2018 жылы 2 мамырда атқарушылық іс аумақтылығы бойынша Алматы қаласының Әділет департаментіне жолданған.
2018 жылы 16 мамырда Алматы қаласы Әділет департаментінің Бостандық аудандық аумақтық бөлімінің мемлекеттік сот орындаушысы М.А.Б[...].К[...] мемлекет пайдасына 148 334 211 теңге келтірілген зиян, 4 450 026 теңге баж өндіру туралы атқарушылық өндірісі қозғалған.
Бұдан бөлек, 2020 жылы 15 мамырда Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен Серіктестікке қатысты оңалту рәсімі қолданылған. 2020 жылғы 4 қарашадағы осы соттың ұйғарымымен Серіктестік басшысы К[...] Серіктестіктің оңалту жоспарын бекіту арызы қанағаттандырылып, оны жүзеге асыруға және қорытынды есебін ұсынуға бес жылдық мерзім берілген.
Талап қоюшы өзінің талабын Серіктестікке қатысты сот шешімімен оңалту рәсімі қолданылғандықтан аталған Заң нормасының негізінде сот үкімі бойынша өндірілген шығынды, яғни атқарушылық құжаттың өндiрiп алу талабы толық көлемде орындалған деп тану қажет деп негіздеген.
Алайда, сот үкімі негізінде берілген атқару парағы бойынша жауапкер К[...] мемлекет пайдасына нақты 148 334 211 теңге келтірілген зиян, 4 450 026 теңге баж өндіру көзделген.
К[...] атқарушылық өндіріс бойынша мемлекет пайдасына өндірілген қаржыны нақты орындағандығы туралы дәлелдемелерді сотқа ұсынбаған.
Қазақстан Республикасы «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Заңының 47-бабы 1-тармағы 7) тармақшасында көрсетілгендей атқарушылық iс жүргiзу, егер: атқарушылық құжаттың өндiрiп алу немесе өзге де талабы толық көлемде орындалса тоқтатылады.
Демек, К[...] Серіктестікке қатысты оңалту рәсімі қолданылғандықтан өзінің жеке азамат ретінде мемлекет алдында қарызы жоқ деген уәжі негізсіз болып табылады. Бірінші және апелляциялық саты соттары, бүгінгі күнге дейін сот үкімінің азаматтық талап бөлігінің күші жойылмағандығын, Серіктестіктің оңалту рәсімі бойынша бекітілген жоспарының толық көлемде орындалмағандығын, екі атқару өндірістері бойынша да атқарушылық құжаттардың орындалмағанын ескере отырып, К[...] талап қою арызын қанағаттандырусыз қалдыру туралы негізді тұжырымға келген.
К[...] Серіктестіктің салықтар бойынша мемлекет алдындағы берешегі салық органының хабарламасы бойынша 127 664 839 теңге, ал оның жеке азамат ретіндегі берешегі сот үкімі бойынша 148 334 211 теңге, сондықтан жоғарыда көрсетілген сомалар екінші рет өндіріліп жатыр деген уәжі бойынша сот алқасы төмендегіні атап өткенді жөн деп санайды. Сот үкімімен К[...] Серіктестіктің салықтар бойынша мемлекет алдындағы берешегі 148 334 211 теңгені төлеуден жалтарғаны үшін кінәлі деп танылып, осы сома мемлекетке келген шығын ретінде одан мемлекет пайдасына өндірілген. Бұл сома бүгінгі күнде Алматы қаласы Әділет департаментінің Бостандық аудандық аумақтық бөлімінің сот орындаушысымен орындалуда.
Бұдан бөлек, Серіктестікке оңалту рәсімін қолдану туралы азаматтық іс бойынша бекітілген оңалту рәсімінің жоспарына қарағанда Серіктестіктің салықтар бойынша мемлекет алдындағы берешегі 127 664 839 теңге. Бұл берешек сомасы да оңалту рәсімінің жоспарына сай орындалуда. Көрсетілген берешектердің сомасы туралы тараптар арасында дау жоқ.
Сот үкімінің мазмұнына қарағанда К[...] шығын есебінде өндірілген 148 334 211 теңге Серіктестіктің мемлекет алдындағы берешегін төлеуден жалтарудың нәтижесінде мемлекетке келтірілген шығынның сомасы екені көрінеді. Сондықтан бұл сомаға Серіктестіктің салық органының хабарламасы бойынша берешігі ретінде анықталған 127 664 839 теңге де кіреді.
Істің мұндай тұрғысында, жоғарыда көрсетілген атқару өндірісі бойынша және Серіктестікті оңалту рәсімінің жоспарына сай жалпы алғанда 148 334 211 теңге шығын К[...] және Серіктестіктің тараптарынан мемлекет пайдасына нақтылай төленген жағдайда жоғарыда көрсетілген тұлғалар атқару өндірісі және оңалту рәсімінің жоспары бойынша олардың толық орындалуына байланысты сотқа тиісті талаптармен жүгінуге құқылы.
Жоғарыда көрсетілгендер негізінде, Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің 169-бабының 1-бөлігінің, АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Осы әкімшілік іс бойынша қабылданған Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 6 қыркүйектегі шешімі, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 9 қарашадағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы К[...] өкілі Ә[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші С. Баймаханов Судьялар Н. Қайыпжан Е. Өмірәлиев
Көшірмесі дұрыс Судья Н. Қайыпжан
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.