ВС РК - Постановление от 19.04.2023 по делу 6001-23-00-3ГП/117 (Гражданское)

6001-23-00-3ГП/117

Қ А У Л Ы

2023 жылғы 19 сәуір Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші - алқа төрағасы Н.К.Шәріпов, судьялар З.Б.Кейкибасова, Б.Ж.Тоқтарова,

жауапкер К[...] және оның өкілі - адвокат

О[...] қатысуымен

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында бейнеконференцбайланысы арқылы өткізілген ашық сот отырысында талап қоюшы Е[...] жауапкерлер К[...], Ө[...] сенімхат пен сыйға тарту шартын жарамсыз деп тану туралы талап қоюмен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған,

Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 31 тамыздағы қаулысына жауапкер К[...] өкілі - адвокат О[...] келтірген өтінішхаты бойынша түскен азаматтық істі қарап,

Е[...] сотқа аталған талап қою арызымен жүгініп, талабын 2015 жылғы 23 қыркүйектегі сенімхат пен 13 қазандағы сыйға тарту шарты еркіне қарсы, заңсыз жасалғанымен негіздеген.

Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық сотының 2022 жылғы 24 мамырдағы шешімімен талап қою арызы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 31 тамыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгертілген.

Шешімнің талап қоюдың сенімхат пен өз үлесін сыйға тарту шартын жарамсыз деп тану бөлігінде күші жойылып, бұл бөлігінде талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылданған.

2015 жылғы 23 қыркүйектегі Е[...] К[...] Шымкент қаласы Әл Фараби ауданы, Сауле мөлтек ауданы, Тауке хан көшесі №18 тұрғын үйі мен кадастрлық №[...] жер теліміндегі (бұдан әрі - даулы үй, мүлік) өзінің үлесін ұлы Ө[...] сыйға тартуға берген нотариус Ж[...] №1713 куәландырылған сенім хаты (бұдан әрі - даулы сенімхат);

2015 жылғы 13 қазандағы өз атынан және сенімхат бойынша Е[...] атынан әрекет еткен К[...] мен ұлы Ө[...] арасында жасалған, нотариус Ж[...] тізілімінде №1863

куәландырылған, сыйға тарту шартының даулы мүлік пен жеке меншік құқығы бар жер теліміндегі Е[...] үлесін сыйға тарту бөлігі жарамсыз деп танылған.

Шешімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған. Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.

Өтінішхатта арыз беруші апелляциялық қаулымен келіспей, тұжырымдары істің нақты мән-жайларына сәйкес келмейтінін, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі бұзушылықтарын көрсете отырып, дау айтылған сот актісінің күшін жойып, бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдыруды сұраған.

Талапкер және жауапкер Ө[...] кассациялық сатыдағы соттың істі қарау уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарланған, алайда сот отырысына қатыспады, бейнеконференцбайланысы арқылы қосылмады.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 445-бабының 3-бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың істі қарау уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарландырылған іске қатысатын адамдардың келмеуі істі қарауға кедергі болмайды.

Сот алқасы жауапкер К[...] және оның өкілі - адвокат О[...] өтінішхатты қолдаған түсініктерін тыңдап, іс құжаттары мен өтінішхат уәждерін зерделеп, келесі тұжырымға келді.

АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Апелляциялық сатыдағы сот тарапынан мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.

Іс құжаттарынан анықталғандай, 2015 жылғы 23 қыркүйекте Е[...] жұбайы К[...] даулы үйдегі өз үлесін баласы Ө[...] сыйға тарту үшін сенімхат берген.

2015 жылғы 13 қазанда К[...] осы сенімхат негізінде және өз атынан, баласы Ө[...] даулы үйді сыйға тарту шарты арқылы өтеусіз берген.

Е[...] өтінішхаты бойынша тағайындалған 2022 жылғы 27 сәуірдегі №1012 сот қолтаңба сараптамасының қорытындысына сәйкес даулы сенімхаттағы қолтаңбалар Е[...] жас ерекшелік өзгерістері әсерінен өзімен орындалғаны анықталған.

Өз кезегінде, К[...] өкілі О[...] талап қою мерзімін қолдануды сұраған, өйткені даулы сенімхат 2015 жылғы 23 қыркүйекте, ал сыйға тарту шарты 2015 жылғы 13 қазанда жасалынған.

Осы дәлелдемелер жиынтығына баға беріп, бірінші сатыдағы сот Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 178, 179баптарының негізінде талап қою мерзімін қолданып, сараптама

қорытындысын ескеріп, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы шешім қабылдаған.

Бұл тұжырымын, Е[...] талап қою мерзімін өткізіп алғанымен және сенімхатты өзі орындағанымен, оған қоса сенімхатқа қол қою барысында әрекетке қабілетсіз деп танылмағанымен негіздеген. Мұндай шешіммен келіспеген апелляциялық сатыдағы сот Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасының шаруашылық жүргізу құқығындағы «Психикалық денсаулық орталығы» хатына және медициналық анықтамаларына сүйеніп, талап қоюшы даулы сенімхатты әрекет қабiлеттiлiгi болғанымен, сол уақытта өз әрекеттерiнiң мәнiн түсiне алмаған, өзiнiң не iстегенiн бiлмегені, шын мәнінде даулы мүлікті өзінің иелігінен шығару ниеті, яғни ондағы үлесін ұлына сыйға тарту ойы болмағаны жөнінде қорытындыға келген.

Бұл ретте талап қою мерзімін қалпына келтіру негіздемесіне талап қоюшының даулы сенімхатты ауыр психикалық науқас жағдайда бергенін, яғни өзінің іс-әрекетінің мәнін толығымен түсінбегенін, сәйкесінше өзінің бұзылған құқықтарын заңда белгіленген мерзімде қорғай алмағанын көрсеткен.

Алқа апелляциялық сатыдағы соттың аталған тұжырымдарын заңсыз және негізсіз деп санайды.

АПК-нің 82-бабының 1-бөлігіне сәйкес сот сараптамасы іс үшін маңызы бар мән-жайлар сарапшы арнайы ғылыми білімдер негізінде жүргізетін оның объектілерін зерттеу нәтижесінде анықталуы мүмкін жағдайларда тағайындалады. Азаматтық сот ісін жүргізуге қатысатын өзге де адамдардың мұндай білімінің болуы сотты тиісті жағдайларда сараптама тағайындау қажеттігінен босатпайды.

Бұл норманың мағынасы бойынша сот сараптамасын тағайындаудың

мақсаты фактілер туралы жазбаша дәлелдемелерді алу болып табылады.

Мұндай жазбаша дәлелдемелерді тек арнайы ғылыми білімдері бар сарапшылар ғана ұсына алады, ал арнайы білімдер адамдардың тәжірибесінен туындайтын, жалпыға мәлім қорытулардан, құқықтық білімдерден тыс орналасқан. Сонымен қатар, бірінші сатыдағы сот жауапкер өкілінің өтініші бойынша талап қою мерзімін дұрыс қолданды.

АК-нің 178 бабының 1 бөлігіне, 179 бабының 3 бөлігіне сай, талап қоюдың мерзімі үш жыл болып бергіленеді, талап қойғанға дейін талап қою мерзімінің өтіп кетуі соттың талаптан бас тарту туралы шешім шығаруына негіз болады.

АК-нің 185 бабының 1 бөлігіне сай, ерекше жағдайларда, талапкердiң жеке басына байланысты мән-жайлар (ауыр науқас, дәрменсiз халде болу, сауатсыздық және т.б.) бойынша талап қою мерзiмi өтiп кетуiнiң себебiн сот орынды деп таныған кезде, азаматтың бұзылған құқығы қорғалуға тиiс.

Талап қою мерзiмiнiң өтiп кету себептерi орынды болып, егер ол талап мерзiмiнiң соңғы алты ай iшiнде орын алған болса, ал егер бұл мерзiм алты айға тең немесе алты айдан аз болса - талап мерзiмiнiң өтуi кезiнде танылады.

АПК-нің 72-бабының талаптарын бұза отырып, талапкер талап қою мерзімін өткізіп алу себептерінің дәлелді екендігіне тиісті дәлелдер келтірмеді.

Мұндай жағдайда, бірінші сатыдағы сот жоғарыда келтірілген дәлелдемелерге заң тұрғысынан дұрыс баға беріп, заңды шешім шығарған.

Апелляциялық сатыдағы сот іс бойынша құқық нормаларын қолдануда қателік жібергендіктен, даулы сот актісінің күші жойылуға, ал бірінші сатыдағы сот шешімі күшінде қалдырылуға жатады.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 2) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 31 тамыздағы қаулысының күші жойылып, Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық сотының 2022 жылғы 24 мамырдағы шешімі күшінде қалдырылсын.

Жауапкер К[...] өкілі - О[...] өтінішхаты қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

Н.К. Шәріпов

З.Б.Кейкибасова

Судьялар

Б.Ж.Тоқтарова

Көшірмесі дұрыс Судья

З.Б.Кейкибасова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.