Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 17.02.2026 по делу 6003-25-00-2к/4146 (Гражданское)

6003-25-00-2к/4146

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 17 ақпан Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Ж.К. Рустембеков, судьялар А.О.Тогумбетова, Л.Б.Мамырбаева, прокурор А.Е.Кадылбековтың, талап қоюшының өкілі Н.С.Утепбергеновтың, жауапкерлердің өкілі К.А.Акеновтың қатысуларымен, ашық сот отырысында

талап қоюшы Шымкент қаласы әкімінің жауапкерлер Равшанбек Кайнарбекович Махамаджановқа, Мухадам Махамаджановаға мүлікті мемлекет мұқтажы үшін сатып алып, мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы электронды азаматтық істі талап қоюшының Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 28 наурыздағы шешіміне және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 21 мамырдағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, онда жауапкерлердің меншігіндегі жер учаскесін және жылжымайтын мүлікті мемлекет мұқтажы үшін ақшалай өтемақы төлей отырып, мәжбүрлеп иеліктен шығаруды сұраған.

Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 28 наурыздағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған. Р.К.Махамаджановқа меншік құқығына тиесілі кадастрлық №22-328-024-223 жалпы алаңы 0,0468 га, Шымкент қаласы, ӘлФараби ауданы, Спатаева көшесі, №72 үйде орналасқан жер учаскесіне жылжымайтын мүлік объектісіне 24 133 604 теңге ақшалай өтемақы төлеу арқылы онымен бірге тұрып жатқан адамдарды мәжбүрлеп иеліктен шығарылған. Сот шығыстары туралы мәселе шешілген. Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 21 мамырдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында істі қарау барысында материалдық құқық нормаларының бұзылғанын, іс үшін маңызы бар мәнжайлардың шеңбері дұрыс анықталмағанын, сарапшының қорытындысымен келіспейтінін көрсетіп, апелляциялық соттың қаулысының күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгертуді, төленетін өтемақыны 21 742 670 теңге мөлшерінде айқындауды сұраған.

Кассациялық сот тараптарды, сот актілерін күшінде қалдыруды сұраған прокурордың қорытындысын тыңдап, шағымның уәждерін талқылап, іс құжаттарын зерделеп, келесі қорытындыға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік мүлік туралы» заңының (бұдан әрі –Заң) 1-бабының 25) тармақшасының талаптарына сәйкес, мүлікті мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару – жер учаскесін мемлекеттік мүлік құрамына алып қоюға байланысты жеке тұлғаларға немесе мемлекеттік емес заңды тұлғаларға тиесілі жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті алып қою, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген ерекше жағдайларда және құны тең бағамен өтелген жағдайда мемлекет мұқтажы үшін жүргізілетін реквизициялау, мемлекет меншігіне алу болып табылады.

Заңның 67-бабының 2, 3-тармақтарына сәйкес, мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесінің, сондай-ақ жер учаскесінде орналасқан жылжымайтын мүліктің құны жер учаскесіне құқықтардың туындау негіздеріне қарамастан, олардың нарықтық құны мөлшерінде айқындалады.

Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты иеліктен шығарылатын жер учаскесінің немесе өзге де жылжымайтын мүліктің нарықтық құнын бағалаушы Заңның 208-бабы 1-тармағының ережелерін ескере отырып, бағалау жүргізу күніне айқындайды. «Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі» туралы Заңның 14бабына сәйкес, бағалаушының дереккөзiн көрсете отырып, бағалау стандарттарына және (немесе) халықаралық бағалау стандарттарына сәйкес бағалау әдiстерi мен бағалау амалдарын өзі дербес қолдануға құқығы бар. Шымкент қаласының Бас жоспары негізінде, Шымкент қаласының сәулет және мемлекеттік маңызы бар нысан құрылысын салу үшін мемлекеттік қажеттілікке байланысты, Шымкент қаласы әкімдігінің 2022 жылғы 3 наурызында №367 қаулысы негізінде, жауапкерлердің Шымкент қаласы, АльФараби ауданы, Спатаев көшесі, №72 үй, кадастрлық №22-328-024-223 жер учаскесі (әрі қарай - даулы мүлік) мемлекет мұқтажы үшін алу туралы қаулысы қабылданған.

Аталған жер учаскесі жауапкерлерге 2023 жылғы 16 наурыздағы №329, №330 заң бойынша мұраға құқық туралы куәліктер негізінде тиесілі болған.

Уәкілетті органмен жауапкерлерге өтемақы төлеу арқылы мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы хабарлама табысталған және 21 742 670 теңге ақшалай өтемақы ұсынылған.

Алайда, жауапкерлер өзінің мүліктерін талап қоюшының бағалаған

нарықтық құнымен келіспеген.

Осыған орай бірінші сатыдағы сотпен мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты иеліктен шығарылатын мүліктердің нарықтық құнын айқындау үшін сот сараптамасы тағайындаған.

Шымкент қаласы бойынша Сот сараптамалары институтының сарапшысының 2025 жылғы 20 наурыздағы №494 қорытындысымен жауапкерлерге тиесілі жер учаскесінің және онда орналасқан жылжымайтын мүліктің нарықтық құны 24 133 604 теңгені құраған (бұдан әрі - сарапшының қорытындысы).

Бірінші сатыдағы сот шешім қабылдаған кезде сарапшының қорытындысын назарға алған. Өйткені, қорытынды иеліктен шығарылатын жер учаскесінің шынайы нарықтық құнын айқындайтын анық дәлелдеме деп танылған. Бұл сараптама заңдылық пен әділдік өлшемдеріне сәйкес келеді. Сарапшымен сараптама салыстырмалы тәсілімен жүргізіліп, зерттеу кезінде аналогтар пайдаланылған. Соттар бұл әдіс Объектінің нарықтық құнын анықтау кезінде ең сенімді әдіс болып табылатынын назарға алған. Аталған қорытынды ғылыми негізделген, бағалау тәртібі, стандарты мен әдістемесін көздейтін нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес, Шымкент қаласындағы нарықта қалыптасқан жылжымайтын мүлік объектілерінің нақты құнын талдау және зерделеу негізінде құрастырылған.

Апелляциялық сот алқасы соттың бұл тұжырымымен келіскен.

Істің мұндай тұрғысында, соттардың мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп алынатын жер учаскесі мен мүлік үшін өтемақыны 24 133 604 теңге мөлшерінде анықтауы заңды.

Сарапшының бағалау тәсілдері мен әдістері сот құрылыс-тауартану сараптамасын жүргізу кезінде жылжымайтын мүліктің құнын айқындау әдістемесінің талаптарына сәйкес келеді, оны теріске шығаратын дәлелдемелер талап қоюшымен ұсынылмаған.

Осыған байланысты талап қоюшының шағымдағы уәжі негізсіз, соттардың түйіндеріне қарсы жаңа дәлелдер келтірмеген.

Кассациялық шағымдағы уәждер апелляциялық сатыдағы сотта келтірген уәждерге ұқсас және оларға тиісті құқықтық баға берілген.

Жергілікті соттар іс бойынша заңды маңызы бар мән-жайларды істі нақты қарау кезінде дұрыс анықтаған. Істің материалдары сотпен толық, жанжақты және объективті зерттелген, тараптар ұсынған дәлелдемелерге жергілікті соттармен тиісті құқықтық баға берілген.

Сондықтан дауланып отырған сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 28 наурыздағы шешімі және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 21 мамырдағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші: Ж.К.Рустембеков

А.О.Тогумбетова

Судьялар:

Л.Б.Мамырбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.