ҚАУЛЫ
2025 жылғы 10 желтоқсан № 6399-25-00-4к/1554 ісАстана қаласы
Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соттың құрамында:
төрағалық етуші судья Е.Б. Тулеев,
судьялар Р.М. Айнакулова, Н.М. Кабдрахманова,
талап қоюшының өкілдері К. Жукел, Н.Ж.Альжанов, жауапкердің өкілдері Б.У Қалу, Б.С. Айткасимов, мүдделі тұлғалардың өкілдері: «Қазақстан Респуликасы төтенше жағдайлар министрлігінің өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті» республиалық мемлекеттік мекемесінің А.З. Тагаев, «Қазақстан Респуликасы өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті» республиалық мемлекеттік мекемесінің өкілі З.А. Карибаеваның қатысуларымен,
ашық сот отырысында «Sinooil» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жауапкер «Шымкент қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы» мемлекеттік мекемесіне 2024 жылғы 28 қазандағы №150 бұзушылықты жою туралы нұсқамасының күшін жою туралы талап қоюы бойынша Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 10 қаңтардағы шешіміне, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 9 сәуірдегі қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы «Sinooil» ЖШС (бұдан әрі – Серіктестік) «Шымкент қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Басқарма) жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 10 қаңтардағы шешімімен «Sinooil» ЖШС-нің талап қоюын қанағаттандырудан бас тартылған. Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 9 сәуірдегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында соттар даулы нұсқаманың төрт тармағының мазмұны бірдей және түсініксіз екенін; ара қашықтық мәселесі қарастырылмағанын; газ-моноблокты орнату құрылыс болып саналмайтынын, жылжымалы мүлікке жататынын; «Қазақстан Респуликасы өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті» республиалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Комитет) 2024 жылғы 31 желтоқсандағы жауап хатында сғымдалған газды автокөліктерге құюға арналған газ-моноблокты құрылғысы құралжабдықтарға жататыны расталғанын; құрал-жабдықты жер телімінің аумағына орнату немесе қою құрылыс-монтаж жұмыстарына жатпайтынын; тексеру жауапкер емес «Қазақстан Респуликасы төтенше жағдайлар министрлігінің өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің құзыретіне жататынын; Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы № 750 бұйрығымен бекітілген Құрылыс саласындағы құрылыс салуды ұйымдастыру және рұқсат беру рәсімдерінен өту Қағидалары (бұдан әрі - № 750 Қағида) қолданысқа 2016 жылғы 1 қаңтардан енгендіктен, ал автогаз құю құрылғысы 2014 жылғы жұмыс жоспарына сәйкес орнатылғандықтан, заң талаптарының кері күші жоқ, яғни, № 750 Қағида талаптары серіктестіктің автогаз құю құрылғысына қолданылмайтынын; сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жоюды сұраған.
Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот кассациялық шағым уәждері мен іс-құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Даудың мәні бойынша шешім қабылданғанда мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Серіктестікпен құрылыс процесіне қойылатын негізгі талаптар орындалмағаны жөніндегі «Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі Өртке қарсы қызмет комитетінің Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Департамент) 2024 жылғы 4 қазандағы № 21-03-04-05/1130-И жолданымының негізінде Басқармамен жоспардан тыс тексеру тағайындалған.
Серіктестікке тиесілі Шымкент қаласы, Қаратау ауданы, 217 орам, №136 А мекенжайда орналасқан №34 және Шымкент қаласы, Қаратау ауданы, 191 орам, №1457 мекенжайда орналасқан №14 автожанармай құю бекеттеріне қатысты басқарманың 2024 жылғы 15 қазандағы № 150 тексеруді тағайындау актісі заңды, себебі Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің (бұдан әрі – КК) 144-бабының 5-тармағының 5) тармақшасына сәйкес адамның өміріне, денсаулығына, қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне зиян келтірудің, сондай-ақ жойылмауы адамның өмірі мен денсаулығына зиян келтіруге алып келетін Қазақстан Республикасы заңнамасы талаптарын бұзушылықтардың нақты фактілері бойынша мемлекеттік органдардың жолданымдары бақылау мен қадағалау субъектілерін (объектілерін) жоспардан тыс тексеруге негіз болып табылады.
Тексеру басқарманың құзыретіне жатады, ал шағымдағы керісінше уәждер заңға негізделмеген, себебі тексеру объектісі «Азаматтық қорғау туралы» Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 11 сәуірдегі № 188 Заңының (бұдан әрі - Азаматтық қорғау туралы заң) 1- бабының 32-1) тармақшасына сәйкес мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жергілікті атқарушы органдар жүзеге асыратын қауіпті техникалық құрылғыларға жатады, ал Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің міндетін атқарушысының 2021 жылғы 16 қыркүйектегі № 454 бұйрығымен бекітілген Қауіпті өндірістік объектіні пайдаланатын ұйымдардың қауіпті өндірістік объектіні салуға, кеңейтуге, реконструкциялауға, жаңғыртуға, консервациялауға және жоюға арналған жобалау құжаттамасын келісу Қағидаларының 2-қосымшасы болып табылатын "Қауіпті өндірістік объектілерді салуға, кеңейтуге, реконструкциялауға, жаңғыртуға, консервациялауға және жоюға арналған жобалау құжаттамасын келісу" мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптар тізбесінде әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріндегі қауіпті өндірістік объектілердің жобалық құжаттамасын келісу кезінде қызметті беруші ретінде аудандардың, облыстық және республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары көрсетілген.
Тексеру 2024 жылғы 21 – 28 қазан аралығында жүргізілген.
2024 жылғы 28 қазанда басқарма тексеру нәтижелері туралы №293/242 актіні жасаған.
Тексеру актісіне сәйкес Шымкент қаласы, Қаратау ауданы, 191 орам, №1457 мекенжайда орналасқан №14 автожанармай құю бекет станциясында, кадастрлық № 19-309-191-1457 жер учаскесінде сыйымдылығы 4 800м.3 автогаз құю станциясы «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі N 242 Заңының (бұдан әрі – Заң) 68 –ші бабында көзделген талаптар сақталмай, яғни нысанның құрылысын жобалау құжаттамасынсыз және сараптаманың оң қорытындысыз, техникалық және авторлық қадағалауларсыз және құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталғаны туралы хабарлама жолдамай құрылыс монтаждау жұмыстарын жүргізіп орнатылғанын, қазіргі таңда пайдаланғаны анықталған. Актіде Заңның 17-ші бабының 1-тармағының 4-1), 5), 6), 10) тармақшаларында аталған бұзушылықтар орын алғаны көрсетілген.
2024 жылғы 28 қазанда басқарма бұзушылықты жою туралы №150 нұсқама шығарып, сыйымдылығы 4 800м.3 автогаз құю станциясының пайдалануын тоқтатуды талап еткен, нұсқаманы талап қоюшыға 2024 жылғы 30 қазанда берген. Тексеру объектісі Азаматтық қорғау туралы заңның 70 бабында көзделген қауіпті өндірістік объектілердің белгілеріне ие. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 28 ақпандағы № 165 бұйрығымен ғимараттар мен құрылыстарды техникалық және (немесе) технологиялық жағынан күрделі объектілерге жатқызудың жалпы тәртібін айқындау Қағидаларының (бұдан әрі - № 165 Қағида) 9-ші тармағының 2) тармақшасына сәйкес сыйымдылығы 10 000 м3 (текше метр) дейінгі мұнай, мұнай өнімдері, сұйытылған газ резервуарлары жауапкершілігі II (қалыпты) деңгейдегі объектілерге жатады.
№ 165 Қағиданың талаптарына сай тексеру объектісі техникалық жағынан күрделі объектілерге жатады.
Заңның 1 бабының 7) тармақшасына сәйкес ғимарат - табиғи немесе жасанды кеңiстiк шекаралары бар және өндiрiстiк процестердi орындауға, материалдық құндылықтарды орналастыруға және сақтауға немесе адамдарды, жүктердi уақытша орналастыруға (орын ауыстыруға), сондай-ақ жабдықтарды немесе коммуникацияларды орналастыруға (төсеуге, жүргiзуге) арналған жасанды жасалған ауқымды, тегiстiктi немесе желiлiк объект (жер үстi, су бетi және (немесе) жер асты, су асты).
Осы ұғымға сәйкес тексеру объектісі ғимарат болып табылады, себебі ол жасанды кеңiстiк шекаралары бар және өндiрiстiк процестердi орындауға, материалдық құндылықтарды орналастыруға және сақтауға арналған жасанды жасалған жер үстiндегі объект.
Сонымен қатар заң шығарушы осы Заңда көзделген объектке әр-түрлі терминдерді қолданған: Заңның 1 бабының 18) тармақшасында құрылыс деп атаған, 19-2) тармақшасында құрылысжайға жатқызған, ал № 165, № 750 Қағидаларда құрылыс деп атаған.
Қолданыстағы заңнаманы саралай келе, әкімшілк іс жүргізу қатысушыларына түсінікті болуы үшін кассациялық сатыдағы сот жасанды кеңiстiк шекаралары бар және өндiрiстiк процестердi орындауға, материалдық құндылықтарды орналастыруға және сақтауға арналған жасанды жасалған жер үстiндегі тексеру объектісіне қатысты «құрылыс» ұғымын қолдануды қажет деп санайды.
Осылайша, тексеру объектісі - қауіпті өндірістік объектілерге, техникалық жағынан күрделі объектілерге жататын құрылыс, сондықтан оған қатысты Заңның 68 бабымен көзделген құрылыс процесiне қойылатын негiзгi талаптар сақталуға тиіс.
Мұндай жағдайда соттардың даулы нұсқаманың заңдылығы туралы қорытыңдылары мәні бойынша дұрыс.
Шағымның газ-моноблокты орнату құрылыс болып саналмайтынын, жылжымалы мүлікке жататыны туралы шағымның уәждері негізсіз, себебі жоғарыда керсетілген Заңның 1 бабының 7) тармақшасындағы ұғымынан жер үстіндегі газомоноблок, оның үстіндегі сыйымдылығы 4 800м.3 автогаз құю станциясы құрылысқа жатады, оны орнату үшін құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіледі, және де құрылыс жылжымалы немесе жылжымайтын мүлікке жататыны даудың дұрыс шешілуіне маңызды емес, ол жылжымалы мүлік болғанда да қауіпті өндірістік объектілерге, техникалық жағынан күрделі объектілерге жататындықтан Заңның 68 бабымен көзделген құрылыс процесiне қойылатын негiзгi талаптар сақталуға тиіс.
Осыған байланысты Комитеттің 2024 жылғы 31 желтоқсандағы жауап хатында сғымдалған газды автокөліктерге құюға арналған газ-моноблоктың құрылғысы құрал-жабдықтарға жататыны туралы шағымның уәжедері де қате. № 750 Қағидалардың 22 тармағына сәйкес құрылыс жөніндегі жобаларды іске асыру жер учаскесіне тиісті құқығы негізінде және белгілі кезеңдерде жүзеге асырылады.
Аталған кезеңдердің біреуінде серіктестік даулы объектідегі газмоноблокты орнату бойынша жұмыс жобасына Қазақстан Республикасы инвестициялар және даму министрлігі «Индустриалдық даму және өнеркәсіптік комитетінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті» РММ-нің келісімін 2015 жылғы 16 сәуірде алған, яғни осындай іс-әрекетімен тексеру объектісіне қатысты жобалау-сметалық құжаттама қажет екенін дәлелдеген.
№ 750 Қағида қолданысқа 2016 жылғы 1 қаңтардан қолданысқа енгендіктен, ал автогаз құю құрылғысы 2014 жылғы жұмыс жоспарына сәйкес орнатылғандықтан, заң талаптарының кері күші жоқ, яғни № 750 Қағида талаптары серіктестіктің автогаз құю құрылғысына қолданылмайтыны туралы шағымның уәждері де қате, себебі тексеру жүргізілген кезде № 750 Қағида, жоғарыда көрсетілген басқа да нормативтік құқықтық актілер қолданыста болған, демек, бақылау органы оларды қолдануға құқылы болды.
Бұдан басқа, қолданыстағы құқықта қауіпті өндірістік объектілер мен техникалық жағынан күрделі объектілерге қатысты құрылыс процесiне қойылатын негiзгi талаптарды көздейтін нормалар әрдайым болған, өйткені бұл халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тікелей байланысты.
Жоғары орналасқан, қысыммен жұмыс істейтін және сұйытылған көмірсутек газын сақтауға арналған ыдыс негізгі құрылыс нысанына жатпайтыны туралы 2025 жылғы 2 шілдедегі сарапшының қорытындысы іске қатысы жоқ, себебі қорытыныдыда тек ыдыс туралы айтылған, ал ол құрылыстың бір бөлігі ғана, құрылыс нысаны жерге орналасқан газмоноблоктан, оның үстіне орнатылған сұйытылған газ резервуарынан (ыдыс) және шатырдан тұрады.
Даулы әкімшілік актіде ара қашықтық мәселесі қарастырылмағаны жөніндегі шағымның уәждері негізді, алайда АПК-нің 427-бабының үшінші бөлігіне сәйкес мәні бойынша дұрыс сот шешімінің күші бір ғана формальды пайымдаулар бойынша жойылмайды.
Мұндай жағдайда жауапкер даулы әкімшілік актіні қабылдағанда ӘРПК - нің 7 бабында бекітілген заңдылық қағидатын сақтағаны туралы соттардың тұжырымдары дұрыс.
ӘРПК-нің 155-бабының төртінші бөлігінің талаптарына сәйкес сот, егер талап қоюды қарау кезінде даулы әрекет (әрекетсіздік) жасалғанын, шешім құзыретіне және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қабылданғанын анықтаса, оны қанағаттандырудан бас тартады.
Аталғандар негізінде кассациялық сатыдағы сот соттардың шешімі мәні бойынша дұрыс шығарылған деген қорытындыға келді.
ӘРПК-ның 169-бабы, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып, әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 10 қаңтардағы шешімі, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 9 сәуірдегі қаулысы өзгеріссіз қалдырылсын.
Талап қоюшы «Sinooil» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Е. Тулеев
Р. Айнакулова
Судьялар
Н. Кабдрахманова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.