Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 16.06.2026 по делу 6003-26-00-2к/1411(2) (Гражданское)

№6003-26-00-2к/1411(2) іс Қ А У Л Ы

2026 жылғы 16 маусым Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші судья Г.С.Джаппарова, судьялар А.К.Есдаулетов, Д.Д.Махметова болып, талап қоюшы А[...],

жауапкер өкілі С[...] қатысуларымен, бейне-байланыс құрылғысы арқылы ашық сот отырысында, Алмалы ауданының № 2 сотының 2025 жылғы 31 наурыздағы шешімі мен Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 4 шілдедегі қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен,

талап қоюшы А[...] жауапкер Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасының шаруашылық жүргізу құқығындағы «Медициналық жедел жәрдем қызметі» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнына еңбек шартын бұзу туралы бұйрықты заңсыз деп танып күшін жою, бұрынғы жұмысына қайта орналастыру, бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін жалақысы мен сыйақысын және моральдық зиянның өтемақысын өндіру туралы электрондық азаматтық істі қарап,

А[...] талап қоюында, заңсыздығына байланысты Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасының шаруашылық жүргізу құқығындағы «Медициналық жедел жәрдем қызметі» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының (бұдан әрі - К[...]) еңбек шартын бұзу туралы 2024 жылғы 30 қыркүйектегі №3689 жқ бұйрығының күшін жоюды, өзін бұрынғы К[...] кадрлар және адами ресурстарды дамыту бөлімінің инспекторы жұмысына қайта орналастыруды, бос жүруге мәжбүр болған уақыты үшін 1 880 562 теңге жалақысын, төленуге тиіс 467 902 теңге сыйақысын және 825 535 теңге моральдық зиянның өтемақысын өндіруді сұраған.

Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 4 шілдедегі қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған, Алмалы ауданының № 2 сотының 2025 жылғы 31 наурыздағы шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.

Талап қоюдың қанағаттандырусыз қалдырылуына, соттардың жауапкермен жұмыскердің бастамасы бойынша еңбек шартын бұзуда еңбек заңнамасының талаптарының бұзылуына жол берілмегені жөнінде тұжырымға келуі негіз болған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында, іс бойынша материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына, ұсынылған дәлелдемелерге дұрыс баға берілмеуіне, істің біржақты қаралуына, өткен күнмен жасалған актінің дәлелдеме ретінде қабылдануына, жүктілігі ескерілмеуіне, жұмыстан өз еркімен босату туралы арыздың қысыммен жазылуына, арыздың тіркелмеуіне

және прокурордың қорытындысына баға берілмеуіне байланысты, сот актілерінің күшін жойып істі жаңадан қарау үшін жолдауды сұраған. Сонымен бірге, талап қоюшы алқа қаулысына кассациялық шағым беру мерзімін қалпына келтіру жөнінде өтінішпен жүгінген.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 126-бабының 2-бөлігіне сәйкес, егер осы Кодексте белгіленген мерзімдерді өткізіп алу себептерін сот дәлелді деп таныса, сот оларды қалпына келтіруі мүмкін.

АПК-тің 431-бабы мен 436-бабының 1-бөлігінің талабы бойынша апелляциялық сатыдағы соттың сот актілері олар жария етілген күннен бастап заңды күшіне енеді.

Кассациялық шағым апелляциялық сатыдағы соттың ұйғарымдары, қаулылары заңды күшіне енген күннен бастап алты ай iшiнде берілуі мүмкін.

Апелляциялық сатыдағы соттың қаулысы 2025 жылғы 4 шілдеде заңды күшіне енген, оған осы жылдың 22 желтоқсанында берілген кассациялық шағым оны рәсімдеуде орын алған кемшіліктерге байланысты талап қоюшыға қайтарылған.

Осыған орай, кассациялық сот бастапқы шағымның уақытылы берілуін процестік мерзімнің өткізіп алудың дәлелді себептері ретінде танып, ол қалпына келтірілуге жатады деп тапты.

Кассациялық сот істегі бар дәлелдемелерді зерттеп, сотқа қатысушылардың түсініктерін тыңдап, кассациялық шағымның дәлелдерi шегiнде сот актiлерінің заңдылығын тексерiп, шағым уәждерін талқылап, төмендегідей тұжырымға келді.

АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша соттармен мұндай бұзушылықтарға жол берілмеген.

Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі - Еңбек кодексі) 49-бабының 5)-тармақшасына сәйкес жұмыскердің бастамасы бойынша еңбек шартын бұзу, еңбек шартын тоқтатудың негіздерінің бірі болып табылады.

«Соттардың еңбек дауларын шешу кезінде заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2024 жылғы 28 қарашадағы №1 нормативтік қаулысының 15-тармағының талабы бойынша, еңбек шартын жұмыскердің бастамасы бойынша бұзу кезінде, жұмыскер жұмыс берушіні бұл туралы кемінде бір ай бұрын хабардар етуге міндетті.

Жұмыскердің бастамасы бойынша еңбек шартының алдағы бұзылатыны туралы хабарламаны жұмыскер біржақты тәртіппен хабардар ету мерзімі

ішінде кері қайтарып алуы мүмкін.

Еңбек шартын хабардар ету мерзімі аяқталғанға дейін бұзуға жұмыс берушінің жазбаша келісімімен ғана жол беріледі.

Шартты бұзу туралы хабарлама жұмыскердің өзінен шыққан және оның ерікті түрде өз еркін білдіруі болған жағдайда, еңбек шартын жұмыскердің бастамасы бойынша бұзуға жол беріледі.

Еңбек кодексінде хабардар ету мерзімі өткеннен кейін жұмыс берушіге еңбек шартының бұзылуын рәсімдеу, яғни жұмыс берушінің актіні уақтылы шығару және оның көшірмелерін табыс ету не оның табыс етілгені туралы хабарламасы бар тапсырысты хатпен пошта не курьерлік пошта, факсимильді байланыс, электрондық пошта немесе өзге де ақпараттық-коммуникациялық технологиялар арқылы бұйрық шығарылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жіберу міндеті жүктелген.

Тараптар арасында даудың туындауына негіз болған істің мән-жайлары шағым берілген сот актілерінде толық баяндалғандықтан, олар осы қаулыда қайталап көрсетуді қажет етпейді.

Анықталғаны, А[...] 2020 жылдың 10 наурызынан бастап К[...] кадр және адами ресурстарды дамыту бөлімінің инспекторы қызметін атқарған.

А[...] тарапынан 2024 жылғы 2 қыркүйекте жұмысқа кешігу фактісі орын алып, онымен сол күні өзін 3 қыркүйектен бастап өз еркі бойынша жұмыстан шығару туралы К[...] директоры атына арыз берілген.

А[...] бұл арызы К[...] директорымен қаралып, бірақ еңбек шартының тоқтатылуы мерзімі бір ай жұмыс атқарылу шартымен келісілген.

К[...] 2024 жылғы 6 қыркүйектегі №73-К бұйрығымен аталған жұмысқа кешігу фактісі бойынша талап қоюшыға «ескерту» түріндегі тәртіптік жазасы қолданылған.

К[...] даулы 2024 жылғы 30 қыркүйектегі №3689 жқ бұйрығымен 3 қазаннан бастап А[...] жұмыскердің бастамасы бойынша негізімен еңбек шарты тоқтатылған. Осы күнмен К[...] үш қызметкерінің қатысуымен оның аталған жұмыс берушінің актісімен танысып, бірақ алудан бас тартылғаны жөнінде актісі толтырылған. К[...] келісу комиссиясының шешімімен талап қоюшының жұмысысқа қайта орналастыру туралы өтініші қанағаттандырусыз қалдырылған (қарсы-5 дауыс, үшін-1 дауыс, қалыс-2 дауыс).

Жұмыстан өз еркімен босату туралы арыздың өзімен жазылғаны жұмыскермен дауланбайды.

А[...] К[...] тікелей кадр саласының қызметкері болғандықтан бұл арызын бір ай ішінде кері қайтарып алуға құқылы болғанын

білген, немесе білуге тиіс болған.

Дегенмен, бұл құқығының пайдаланылмауы, оның сол уақытта ерікті түрде өз қалауы бойынша жұмыстан шығуға ниеті болғанын білдіреді.

Өз кезегінде, жоғарыда аталған еңбек заңнамасының талабы бойынша жұмыс беруші хабардар ету мерзімі өткеннен кейін уақтылы еңбек шартының бұзылуын ресімдеуге міндетті болған.

Еңбек шартын жұмыскердің бастамасы бойынша бұзу туралы бұйрық көшірмесінің, ол шығарылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде оған жіберілмеуі бұзушылық болып табылады, бірақ өздігінен оның заңсыздығына әкеп соқтырмайды. Одан бөлек іске талап қоюшының аталған жұмыс берушінің актісімен танысып, бірақ алудан бас тартылғаны жөнінде актісі тіркелген.

Еңбек кодексінің 54-бабында жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шартын бұзу мүмкіндігінің шектеулері қаралған. Алайда бұл жағдайда еңбек шарты тікелей жұмыскердің бастамасы бойынша тоқтатылғандықтан, аталған материалдық құқық нормасы қолданылуға жатпайды.

Сонымен қатар, іске тіркелген 2024 жылғы 13 желтоқсандағы зерттеу хаттамасына қарағанда, өз еркі бойынша жұмыстан босату туралы арыз жазылған уақытта талап қоюшы жүкті болмаған.

Талап қоюшымен АПК-тің 72-бабының талабы бойынша даулы арыздың жұмыс берушінің қысымымен, еркінен тыс жазылғанын немесе арызды кейіннен қайтарып алуға ниеті болғанын растайтын дәлелдемелер ұсынылмаған. Олай болған жағдайда А[...] жұмыс беруші еңбек шартын 2024 жылғы 3 қазаннан бастап емес арызда көрсетілген 3 қыркүйектен бастап тоқтатуға құқылы болған.

Өз кезегінде, шешiм iстiң мән-жайлары туралы болжамдарға негiзделуі мүмкін емес. Сот шешімді әрбір тараптың дәлелдемелерді зерттеуге тең негіздерде қатысуы қамтамасыз етілген дәлелдемелерге ғана негіздейді. Өз еркімен жұмыстан шығу туралы арыздың тиісті тәртіппен тіркелмеуі, тек құжат айналымындағы кемшілік болғандықтан даусыз оның жарамсыздығына әкеп соқтырмайды. Мәні бойынша дұрыс сот шешімінің күші бір ғана формальды пайымдаулар бойынша жойылмайды.

АПК-тің 226-бабының 5–бөлігінде шешiмнiң уәждеу бөлiгiмен қамтылуы тиіс мәселелер қаралған, бірақ онда сотпен шешім қабылдауда процеске қатысқан прокурордың даудың мәні бойынша берген қорытындысына құқықтың баға берілуі міндеті, прокурор іс бойынша тарап болып табылмағандықтан талап етілмеген.

Бұл тұрғыда соттармен шешім шығарған кезде дәлелдемелерге дұрыс баға беріліп, іс үшін маңызы бар мән-жайлар, тараптардың құқықтық қатынастары дұрыс анықталып, дауды шешуге тиісті заңдар қолданылып,

талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы заңды әрі негізді шешім қабылданған.

Соттың іс құжаттарына және сотта анықталған мән-жайларға негізделген тұжырымдарымен бір тараптың келіспеуі, өздігінен сот актісінің күшін жоюға негіз болып табылмайды.

Осы мән-жайларға байланысты кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Алмалы ауданының № 2 сотының 2025 жылғы 31 наурыздағы шешімі мен Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 4 шілдедегі қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Г.Джаппарова

Судьялар Д.Махметова

А.Есдаулетов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.