Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 11.11.2025 по делу 6003-25-00-2к/1784 (Гражданское)

6003-25-00-2к/1784

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 11 қараша

Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Ж.К. Рустембеков, судьялар А.К.Тлеубаева, Л.Б.Мамырбаева,

арыз беруші С.З.Лобянның, шетел азаматы З.И.Юсуповтың және оның өкілі Қ.Тулемысовтың қатысуларымен,

арыз беруші «Маңғыстау облысының полиция департаменті Ақтау қаласының полиция басқармасы» мемлекеттік мекемесі халықтың көші қон қызмет басқармасының Өзбекстан Республикасының азаматы Зафар Икрамбаевич Юсуповты Қазақстан Республикасының аумағынан тыс шығарып жіберу туралы электронды азаматтық істі шетел азаматы З.И.Юсуповтың өкілі Қ.Тулемысовтың Маңғыстау облысы Ақтау қаласының №2 сотының 2025 жылғы 29 шілдедегі шешіміне берген кассациялық шағымы бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Арыз беруші шетел азаматы З.И.Юсуповты Қазақстан Республикасының заңнамаларын бірнеше рет бұзғаны үшін оны Қазақстан Республикасының аумағынан тыс шығарып жіберу туралы арызбен сотқа жүгінген.

Маңғыстау облысы Ақтау қаласының №2 сотының 2025 жылғы 29 шілдедегі шешімімен арыз қанағаттандырылған. 1985 жылы 4 қазанда туылған Өзбекстан Республикасының азаматы З.И.Юсупов Қазақстан Республикасының аумағынан тыс шығарылған. З.И.Юсуповқа Қазақстан Республикасының аумағынан өздігінен кетуге мерзім белгіленген. Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.

Шағымданушы қабылданған шешіммен келіспей, оның күшін жойып, арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды немесе бірінші сатыдағы сотқа қайта қарауға жіберуді сұраған.

Кассациялық шағымды қолдаған шетел азаматы З.И.Юсуповты және оның өкілі Қ.Тулемысовты, шағымға қарсылық білдірген арыз беруші С.З.Лобянды тыңдап, электронды іс құжаттарын, шағымның уәждерін зерделеп, кассациялық сот келесі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Іс бойынша бірінші сатыдағы сотпен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Өзбекстан Республикасының азаматы З.И.Юсуповқа жеке тұлғалардың еңбек қызметін жүзеге асыруға рұқсат етілетін құжатының негізінде еңбек ету мерзімі 2025 жылдың 12 қарашасына дейін ұзартылған.

Уәкілетті органның осы арызбен сотқа жүгінуіне З.И.Юсуповтың Қазақстан Республикасының заңдарын бұзуы себеп болған.

Өзбекстан Республикасының азаматы З.И.Юсупов 2025 жылдың 24 наурызында Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің (әрі қарай-Кодекс) 599-бабының 1-бөлігімен (бағдаршамның тыйым салатын сигналына немесе реттеушiнiң тыйым салатын қимылына қарамай өту), 2025 жылдың 7 сәуірінде Кодекстің 590-бабының 5-бөлігімен (көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу), 2025 жылдың 11 мамырында Кодекстің 592-бабының 2-бөлігімен (белгiленген жүру жылдамдығын арттыру), 2025 жылдың 15 шілдесінде Кодекстің 590-бабының 10-бөлігімен (көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу) қарастырылған құқықбұзушылықтарды жасағаны үшін кінәлі деп танылған.

Демек, З.И.Юсуповтың Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзғаны үшін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылуы оны елден шығаруға негіз болады. З.И.Юсупов кассациялық шағымында әкімшілік жауапкершілікке тартылса да, әкімшілік құқық бұзушылық елеусіз сипатта және ауыр зардаптарға әкелмеген деп санайды.

Алайда, бағдаршамның тыйым салатын сигналына өту, белгiленген жүру жылдамдығын арттыру елеусіз сиппаттағы құқық бұзушылық болып табылмайды, мұндай фактілер жол қозғалысы қатысушысының қауіпсіздігіне қатер төндіреді.

З.И.Юсуповтың бірінші сатыдағы сотта оған қорғаушы тағайындалмады және қазақ тілін толық меңгермегеніне байланысты аудармашы қамтамасыз етпеді деген уәждерімен келісуге болмайды.

Тегін заң көмегін көрсету АПК-нің 112-бабының 1-бөлігінде көзделген, ал З.И.Юсуповтың ісі осы баптың бірінші бөлігінде көзделген жағдайларда жатпайды.

Кассациялық соттың отырысында бірінші сатыдағы соттың бейнежазба хаттамасы зерделеніп, онда З.И.Юсупов мемлекеттік тілде толық және таза жауап бергендігі анықталды.

Сонымен қатар, З.И.Юсупов Ақтау қаласында отбасымен бірге тұрып жатқандығы туралы дәлелдейтін құжаттар сотқа табыстамады.

Сондықтан бірінші сатыдағы соттың Қазақстан Республикасының «Халықтың көші-қоны туралы» Заңының 5-бабының 2-тармағы 2) тармақшасын, «Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы» Заңының 28бабының «в» тармақшасын, яғни осы заң нормаларының талаптарын ескеріп, арызды қанағаттандыруы заңды.

Жергілікті сот іс бойынша заңды маңызы бар мән-жайларды істі нақты қарау кезінде дұрыс анықтаған. Істің материалдары сотпен толық, жан-жақты

және объективті зерттелген, тараптар ұсынған дәлелдемелерге сот тиісті құқықтық баға берілген.

Сондықтан дауланып отырған сот актісі күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Шетелдіктерді немесе азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасының шегінен шығарып жіберу жөніндегі істерді қараудың сот практикасы туралы» 2013 жылғы 13 желтоқсандағы № 4 нормативтік қаулысының 18-тармағына сай соттың шығарып жіберу туралы шешімі өзгеріссіз қалдырылған кезде кассациялық сатының қаулысында шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам Қазақстан Республикасының аумағынан шығуға тиіс жаңа мерзім көрсетіледі.

Сондықтан кассациялық сот З.И.Юсупов Қазақстан Республикасының аумағынан 2025 жылдың 20 қарашаға дейін шығарылуы тиіс деп санайды.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Маңғыстау облысы Ақтау қаласының №2 сотының 2025 жылғы 29 шілдедегі шешімі күшінде, З.И.Юсуповтың өкілі Қ.Тулемысовтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын. Зафар Икрамбаевич Юсупов Қазақстан Республикасының аумағынан 2025 жылдың 20 қарашаға дейін шығарылсын.

Төрағалық етуші: Ж.К.Рустембеков

А.К.Тлеубаева

Судьялар:

Л.Б.Мамырбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.