Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 21.01.2026 по делу 6003-25-00-2к/4689 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 21 қаңтар №6003-25-00-2к/4689 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот, құрамында төрағалық етуші судья Ғ.Б.Бастаубаев, судьялар Даненова А.А., Токсанбаев А.Б., талап қоюшының өкілі Е.Жумабеков,

жауапкер нотариус К.Сьюбаева,

бейнеконференцбайланыс арқылы қатысуларымен, ашық сот отырысында талап қоюшы Хамида Саид кизи Абдураимованың жауапкер жеке нотариус К.Сьюбаеваға, үшінші тұлғалар Айткул Абдраимова, Қайрат Саидұлы Абдураимов, берген мұраны қабылдау мерзімін қалпына келтіру туралы талап қоюы бойынша азаматтық істі Түркістан облысы Сайрам аудандық сотының 2025 жылғы 19 наурыздағы шешіміне және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 15 мамырдағы қаулысына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен қарап,

Сайрам аудандық сотының 2025 жылғы 19 наурыздағы шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 15 мамырдағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында жергілікті соттардың істің мән жайын толық анықтамай, заң нормаларын қате қолданғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыруды сұрайды.

Талап қоюшының өкілінің кассациялық шағымды қолдайтын, жауапкердің қарсы пікірлерін тыңдап, шағым уәждері мен іс құжаттарын зерделеп, кассациялық сот төменгі тұжырымдарға келеді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі- АПК) 438 - бабының 5 - бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427 - бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434 - бабының 1- бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Қаралып отырған іс бойынша жергілікті соттармен заң бұзушылыққа жол берілмеген.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 10722 бабына сәйкес, мұраның ашылу күнiнен бастап алты ай iшiнде мұра қабылдануы мүмкін.

АК-нің 1072-3 бабына сәйкес, егер мұрагер мұраны қабылдау үшiн белгiленген мерзiмдi (осы Кодекстiң 1072-2-бабы) дәлелдi себептер бойынша өткiзiп алған болса және мұраны қабылдау үшiн белгiленген мерзiмдi өткiзiп алған мұрагер бұл мерзiмдi өткiзу себептерi жойылғаннан кейiн алты айдың iшiнде сотқа жүгiнген жағдайда осы мерзiмдi өткiзiп алған мұрагердiң өтiнiшi бойынша сот бұл мерзiмдi қалпына келтiре алады және мұрагер мұраны қабылдады деп тани алады.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2009 жылғы 29 маусымдағы №5 «Соттардың мұрагерлік туралы заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысының 11 тармағында мұрагердің АК-нің 1072-3-бабына сәйкес мұраны қабылдау үшін мерзімді қалпына келтіру туралы арызын қарағанда сот мерзімді қалпына келтіріп, мынадай шарттар жиынтығы болған кезде: мұраны іс жүзінде қабылдаған дәлелдері болмаса; мерзім дәлелді себептермен (мұрагердің науқастануы, сондай-ақ мұраны қабылдау туралы арызды беруге кедергі жасайтын мәнжайлар) өткізіп алса; мұрагер осы мерзімді өткізіп алуының себебі жойылғаннан кейін алты ай ішінде сотқа жүгінсе мұрагерді мұраны қабылдаған деп тани алады.

Абдраимова Нурлы Кадировна, 1982 жылы 11 наурызда туған, талап қоюшының анасы, 2022 жылғы 20 қыркүйекте қайтыс болған.

2021 жылғы 28 сәуірдегі №24 Құтарыс ауылдық округі әкімінің шешімі негізінде Н.К.Абдраимоваға Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданы, Құтарыс ауылы, Жаңақұрылыс-3 көшесі, №20 жер учаскесі 3 жылға жалдау құқығымен берілген. Жер учаскесінің жалпы көлемі 0,10 га, нысаналы мақсаты – тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін.

Осы шешім негізінде 2021 жылғы 5 мамырда Сайрам ауданының жер қатынастар бөлімі мен Н.К.Абдраимова арасында аталған жер учаскесін 3 жылға жалға беру шарты жасалған.

Талап қоюшы анасы қайтыс болғаннан кейін заңмен белгіленген алты айлық мерзімде мұраны қабылдамаған.

2024 жылғы 29 қарашадағы қаулысымен нотариус К.Сьюбаева Х.Абдураимоваға аталған жер учаскесіне заң бойынша мұраға құқық туралы куәлікті беруден бас тартқан.

Талап қоюшы талап қоюында мұрагерлік құқығы туралы куәлік алуға заң жүзінде алты айлық мерзім бар екенін білмегенін, сол себепті нотариуске осы мерзім өтіп кеткеннен кейін арызданғанын, алайда, нотариус мұрагерлікті қабылдау мерзімі өтіп кетуіне байланысты өзінің қаулысымен заң бойынша мұраға құқық туралы куәлікті беруден бас тартқанын көрсетіп, соттан мұрагерлікті қабылдау мерзімін қалпына келтіруді соттан сұраған.

Жергілікті соттар талап қоюшының анасы қайтыс болғанын сол уақытта білгенін, қайтыс болған соң мұра ашылатынын білгенін және білуге тиіс болғанын, мұраны қабылдау мерзімін себепті жағдайда өткізіп алғаны туралы дәлелін келтірмегенін, мұра қабылдау мерзімін сауатсыздығына байланысты өткізіп алғаны туралы уәжінің заңмен белгіленген мерзімді қалпына келтіруге негіз болмайтынын көрсетіп, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдырған.

Қассациялық сот бұл тұжырымды заңды және негізді деп санайды, себебі АК-нің 1072-3 бабына сәйкес мұраны қабылдау үшiн белгiленген мерзiмдi дәлелді себептермен өткiзiп алған туралы сотқа нақты дәлелдер ұсынбаған.

Сонымен қатар, мұра қалдырушы Н.К.Абдраимоваға 2021 жылғы 5 мамырда 3 жылға жалдау құқығымен берілген жер учаскесін жалдау мерзімі 2024 жылғы 5 мамырда өтіп кеткен, яғни бұл мүлік мұра ретінде қарастырыла алмайды.

Кассациялық шағымда келтірілген уәждер істі қарау барысында айтылған, оларға жергілікті соттармен дұрыс баға берілген, тиісті заң нормалары дұрыс қолданылған, шағымдалған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіздер жоқ.

АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Түркістан облысы Сайрам аудандық сотының 2025 жылғы 19 наурыздағы шешімі және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 15 мамырдағы қаулысы күшінде, талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Ғ.Бастаубаев

Төрағалық етуші судья

Судьялар А.Даненова

А.Токсанбаев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.