КСАД РК - Постановление от 07.10.2025 по делу 6003-25-00-4к/1933 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 7 қазан №6003-25-00-4к/1933 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:

төрағалық етуші - судья М.Туганбаев,

судьялар Н.Нуралыева, Ж.Оспанова болып,

жауапкер өкілі А.Даулетияровтың қатысуымен ашық сот отырысында

«Тайбурыл» шаруа қожалығының (бұдан әрі – Шаруа қожалығы) иесі Жаныбек Анешович Анишовтың жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің Ақтөбе облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Қобда ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Салық басқармасы) қойған

2022 жылғы 8 тамыздағы автоматтандырылған базаға «Тайбурыл» бірлескен отбасылық кәсіпкерлік шаруа қожалығының кәсіпкерлері ретінде Н.Садуовты, Н.Анишовты тіркеген әрекетін заңсыз деп танып, шаруа қожалығының иесі Ж.Анишовты автоматтандырылған базада өзгертусіз қалдыруға міндеттеу туралы талабы бойынша

Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 20 қаңтардағы шешімі мен Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 17 маусымдағы қаулысына талап қоюшының өкілі А.Аймагамбетовтің кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы Ж.Анишов жоғарыда аталған талаппен сотқа жүгінген. Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 20 қаңтардағы шешімімен талапты қанағаттандырудан бас тартылған.

Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 17 маусымдағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Кассациялық шағымда талап қоюшының өкілі А.Аймагамбетов сот актілерінің күшін жоюды және талапты қанағаттандыруды сұраған. Шағым иесі сот істің мән-жайларына әділ баға бермегені жайлы уәждер келтірген.

Сот отырысына талап қоюшы келмеді, оның өкілінен өзін сот отырысына онлайн түрде мобильді бейнеконференцбайланыс арқылы қатыстыруды сұраған өтініш түсті.

Бұл өтініш қанағаттандырылмады, себебі әкімшілік істің қаралуы Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соттың ғимаратында ашық сот отырысында тағайындалған. Сот отырысының өткізілетін уақыты мен орны іске қатысушыларға тиісті түрде алдын-ала хабарланған. Сондықтан отырыстың форматын өзгертуге негіздер жоқ. Қазақстан Республикасы Әкімшілік іс жүргізу кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сай әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Жауапкер өкілінің сот актілерін күшінде қалдыру туралы түсініктерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, шағым уәждерін талқылап, кассациялық сот төмендегідей тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі-ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Осы іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Істің сотта анықталған мән-жайларына қарағанда, Шаруа қожалығы 2013 жылғы 15 қаңтарда Салық басқармасында бірлескен кәсіпкерлік ретінде тіркелген. Қожалық құрамында талап қоюшы Ж.Анишов және Т.Танатаров болған.

2019 жылғы 25 маусымдағы №1 хаттамаға сәйкес қожалық мүшесі Т.Танатаров өз еркімен мүшеліктен шығуға ниет білдіріп, оның орнына Н.Анишов мүшелікке қабылданған.

2019 жылғы 27 маусымда аталған хаттама негізінде Салық басқармасына Шаруа қожалығының деректемелеріне өзгерістер енгізу туралы хабарлама ұсынылған. Хабарламада қожалықтың түрі - «бірлескен кәсіпкерлік», ал оның түрі - «отбасылық» деп көрсетілген. Қожалық мүшелері ретінде Ж. Анишов пен Н. Анишов көрсетілген.

Кейін, 2022 жылғы 8 тамызда Ж.Анишов Салық басқармасына Шаруа қожалығының деректемелеріне өзгерістер енгізу туралы хабарлама ұсынған. Онда бірлескен кәсіпкерліктің үш мүшесі бар екені көрсетіліп, олардың (Ж.Анишов, Н.Ж. Анишов, Н.Н. Садуов) жеке сәйкестендіру нөмірлері жазылған.

2022 жылғы 11 тамыздағы №2 хаттамаға сәйкес, Н.Н. Садуов Шаруа қожалығының мүшесі болып қабылданған.

Кейін, Шаруа қожалығының иесі Ж.А. Анишов Н.Н. Садуовқа қатысты 2022 жылғы 11 тамыздағы №2 хаттаманы және Салық басқармасы арқылы жеке кәсіпкерлік тіркеуін жарамсыз деп тану туралы талаппен сотқа жүгінген. Ақтөбе қалалық сотының 2023 жылғы 5 қаңтардағы шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.

Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 2 сәуірдегі қаулысымен соттылық қағидасының бұзылуына байланысты бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылып, іс бірінші сатыдағы сотта іс жүргізу қағидалары бойынша қарауға ұйғарылған.

Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 9 сәуірдегі қаулысымен Шаруа қожалығының мүшесі Н. Садуовқа қатысты 2022 жылғы 11 тамыздағы №2 хаттаманы және Салық басқармасы арқылы жеке кәсіпкер ретінде тіркеуді жарамсыз деп тану туралы талап қанағаттандырусыз қалдырылған.

Қазақстан Республикасының «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» (Салық кодексі) кодексінің 80-бабының 1, 2 және 4-тармақтарына сәйкес, салық органы тіркеу деректерін өзгертуді дара кәсіпкер Қазақстан Республикасының рұқсаттар мен хабарламалар туралы заңнамасында айқындалған тәртіппен ұсынған хабарлама негізінде жүргізеді.

Дара кәсіпкер осы баптың 1-тармағында көрсетілген хабарламаны орналасқан жеріндегі салық органына өзінің тіркеу деректері және (немесе) бірлескен кәсіпкерлік қатысушылары (мүшелері) туралы деректер өзгерген күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей ұсынуға міндетті.

Салық органы тіркеу деректерін өзгертуді, тіркеу деректерін өзгерту үшін ұсынылған хабарламаны алған күннен кейінгі бір жұмыс күні ішінде жүргізеді.

Қазақстан Республикасының « Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Заңының 14-бабына сәйкес хабарламаларды қабылдауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың құзыретіне: хабарламаларды қабылдау; рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімін жүргізу; хабарлама жасау тәртібін рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік ақпараттық жүйесі арқылы оның жұмыс істеу қағидаларына сәйкес электрондық түрде жүзеге асыру; өтініш берушінің нормативтік құқықтық актілерде белгіленген талаптарды сақтауын тексеру; сондай-ақ осы Заңда және өзге де заңдарда көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру жатады.

Аталған Заңның 3 және 5-баптарына сәйкес, нормативтік құқықтық актілерде көзделген жағдайларда мәліметтер нысанын ұсыну арқылы өтініш берушілер хабарлама жасау тәртібі енгізілген қызметті немесе әрекеттерді жүзеге асыруға қойылатын талаптарға өздерінің сәйкестігін мәлімдейді. Заңда белгіленген жағдайларда қажетті құжаттар хабарламаға қоса беріледі. Бұл ретте заңнамаға сәйкес мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстардан алынуы мүмкін құжаттарды немесе өзге де ақпаратты өтініш берушіден талап етуге тыйым салынады. Хабарламада және (немесе) оған қоса берілетін құжаттарда қамтылған мәліметтердің дұрыстығы үшін өтініш беруші жауапты болады. Бірінші сатыдағы сот анықтағандай, Шаруа қожалығының деректемелеріне өзгерістер енгізу талап қоюшы ұсынған хабарлама негізінде жүзеге асырылған, онда бірлескен кәсіпкерліктің үш мүшесі (Ж. Анишов, Н.Анишов, Н. Садуов) көрсетілген. Хабарламаға Шаруа қожалығының басшысы Ж. Анишов қол қойған. Аталған хабарлама Салық басқармасында 2022 жылғы 8 тамызда тіркелген және заңды түрде негізге алынған.

Н. Садуовтың 2022 жылғы 11 тамыздағы №2 хаттамаға сәйкес Шаруа қожалығының мүшесі болып қабылданғаны тараптармен даусыз және оның заңдылығы сот актісімен расталған.

Бірінші сатыдағы соттың «Тайбурыл» шаруа қожалығының иесі Ж. Анишовтың талап қоюын қанағаттандырудан бас тарту туралы шешімі заңды шығарылған. Талап қоюшы сот актісінің заңсыздығын немесе соттың материалдық және процестік нормаларды бұзғанын дәлелдейтін жаңа әрі елеулі уәждер келтірмеген.

Сот алқасы дауланып отырған сот актісінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіздер анықтамады, өйткені бірінші сатыдағы сот аталған дау үшін маңызы бар мән-жайлардың барлығын жан-жақты зерттеп, тиісті құқықтық баға берген және материалдық заңды дұрыс қолданған. Осыған байланысты, іс бойынша қабылданған сот актісі күшінде қалдырылып, талап қоюшының апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актілерін өзгертуге немесе олардың күшін жоюға негіз бола алмайды.

Мұндай жағдайда талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады. ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 20 қаңтардағы шешімі мен Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 17 маусымдағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшы өкілі А.Аймагамбетовтің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші М.Туғанбаев Судьялар Н.Нуралыева Ж.Оспанова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.