6003-26-00-2к/1284
Қ А У Л Ы
2026 жылғы 23 маусым
Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Л.Б.Мамырбаева,
судьялар А.О.Тогумбетова, А.К.Тлеубаева,
прокурор М[...], талап қоюшының өкілі Б[...], жауапкер «Astana» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының өкілі С[...], «CIP[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі Б[...] қатысуларымен, ашық сот отырысында талап қоюшы «Астана қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі-Басқарма) жауапкерлер «Astana» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамына (бұдан әрі – АҚ, Корпорация) және «CIP[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі - ЖШС, Серіктестік) жер учаскелерін жалдау (беру) шарттарын жарамсыз деп тану туралы электронды азаматтық істі талап қоюшының Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 29 қаңтардағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ :
Басқарма жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.
Астана қаласы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 24 қазандағы шешімімен Басқарманың талап қоюы қанағаттандырылған. Астана қаласы, Есіл ауданы, А[...] және Б[...] көшелер қиылысының ауданында орналасқан жапсарластыра салынған орын-жайлары, паркингі және бизнес орталығы бар көп қабатты тұрғын үй салу үшін ауданы 0,5428 га, кадастрлық нөмірі [...], бес жыл мерзімге берілген жер учаскесі бойынша Басқарма мен Корпорация арасында 2022 жылғы 10 науырызда жасалған № 45117 жер учаскесін жалдау шарты жарамсыз деп танылған.
Басқарма мен Серіктестік арасында жасалған 2022 жылғы 29 маусымдағы № 47156 уақытша өтеулі жер пайдалану құқығын беру шарты жарамсыз деп танылған.
Корпорация мен Серіктестік арасында 2022 жылғы 27 мамырдағы №2144 жер учаскесін беру туралы шарты жарамсыз деп танылған. Сот шығындары туралы мәселе шешілген.
Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 29 қаңтардағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімінің күші жойылып, Басқарманың жер учаскелерін жалдау (беру) шарттарын жарамсыз деп тану туралы талап қоюы қанағаттандырудан бас тартылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында апелляциялық сатыдағы сот іс үшін маңызы бар мəн-жайлардың шеңберін дұрыс анықтамағанын, материалдық құқықтық нормалары бұзылғанын көрсетіп, қаулының күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған.
Іске қатысушы тұлғалардың түсініктерін, сот актілерін күшінде қалдыруды сұраған прокурордың қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын, шағымның уәждерін зерделеп, кассациялық сот келесі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Апелляциялық сотпен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Іс құжаттарына қарағанда, Астана қаласы әкімдігінің 2022 жылғы 10 наурыздағы No510-560 қаулысымен Корпорацияға Астана қаласы, Есіл ауданы, А[...] және Б[...] көшелер қиылысының маңында орналасқан жапсарластыра салынған орын-жайлары, паркингі және бизнес орталығы бар кешенді көп пәтерлі тұрғын үй салу үшін, ауданы 0,5428 га, кадастрлық нөмірі [...], бес жыл мерзімге берілген жер учаскесіне (бұдан әрі –жер учаскесі) уақытша өтеулі жер пайдалану құқығы берілген.
Басқарма мен Корпорация арасында 2022 жылғы 10 науырызда №45117 кадастрлық нөмірі [...] жер учаскесін жалдау шарты, ал 2022 жылғы 27 мамырда Корпорация мен Серіктестік арасында бірлескен қызмет туралы шарт жасалған.
Басқарма мен Серіктестік арасында 2022 жылғы 29 маусымда № 47156 жер учаскесін жалға беру шарты жасалған.
Талап қоюшы сотқа даулы шартты жарамсыз деп тану туралы талап қоюында жауапкерге жер телімінің құқығы сауда-саттықсыз (аукционсыз), яғни, Қазақстан Республикасының Жер кодексінің (бұдан әрі - Жер кодексі) 48 бабының 1 бөлігінің 5) тармақшасы бұзылып берілген деп уәждеген. Жер кодексінің 147-бабына сәйкес, орталық уәкілетті орган осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген құзыреті шегінде жердің пайдаланылуы мен қорғалуына мемлекеттік бақылауды ұйымдастырады және жүргізеді.
Аумақтық бөлімшелер жердің пайдаланылуы мен қорғалуына, атап айтқанда:
облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының, аудандық маңызы бар қалалар, кенттер, ауылдар, ауылдық округтер әкімдерінің Қазақстан Республикасының жер заңнамасы саласында қабылдаған шешімдерінің заңдылығына;
облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың уәкілетті органдарының жеке және заңды тұлғалардың жолданымдары бойынша қабылдаған шешімдерінің заңдылығына мемлекеттік бақылауды жүргізеді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 157-бабының 3-
тармағына сай, мүдделі тұлғалар, тиісті мемлекеттік орган не прокурор мәмілені жарамсыз деп тану туралы талап қоюы мүмкін. Жоғарыда көрсетілген жер заңнамасымен мәмілелерді жарамсыз деп тануды талап етуге тиісті мемлекеттік орган айқындалған.
Апелляциялық сатыдағы сот Басқарма тиісті талап қоюшы болып табылмайды деген қорытындыға келген.
Кассациялық сот апелляциялық сот алқасының бұл тұжырымымен келіседі. Өйткені Басқарма тиісті талап қоюшы бола алмайды, себебі аталған мемлекеттік орган даулы шартты жасасу барысында заңнама талаптарының бұзылуына жол берген. Өзінің жіберген бұзушылықтарына сілтеме жасай отырып, сол бұзушылықтарды даулауға бағытталған талап қоюы құқықты теріс пайдалану деп бағаланады. Мұндай жағдайда талап қою құқығы заңда белгіленген құзыретті мемлекеттік бақылау органына тиесілі.
Сонымен қатар, апелляциялық сот алқасы ескіру мерзімін қате қолданған, демек бұл тұжырым қаулыдан алынып тасталуға жатады.
Сондықтан дауланып отырған сот актісі күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.
АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 29 қаңтардағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші: Л.Б.Мамырбаева
Судьялар: А.О.Тогумбетова
А.К.Тлеубаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.