Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 21.04.2026 по делу 6003-25-00-2к/5125 (Гражданское)

6003-25-00-2к/5125

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 21 сәуір Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Ж.К. Рустембеков,

судьялар А.О.Тогумбетова, Л.Б.Мамырбаева,

«Қарасай ауданының жер қатынастар бөлімі» мемлекеттік мекемесінің өкілі К[...], жауапкер Д[...] өкілі М[...] қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы «Қарасай ауданының жер қатынастар бөлімі» мемлекеттік мекемесінің жауапкер Д[...] жер учаскесін жалға беру типтік келісім шартын бұзу туралы электрондық форматтағы азаматтық істі жауапкер Д[...] Алматы облысы Қарасай аудандық сотының 2025 жылғы 17 наурыздағы шешіміне және Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 18 маусымдағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ :

Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.

Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 18 маусымдағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған Алматы облысы Қарасай аудандық сотының 2025 жылғы 17 наурыздағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған.

2017 жылғы 21 маусымда «Қарасай ауданының жер қатынастар бөлімі» мемлекеттік мекемесі мен Д[...] арасында жасалған жалпы ауданы 20,0 га, кадастрлық №[...] жер учаскесін жалға беру шарты бұзылған. Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.

Жауапкер кассациялық шағымында бірінші сатыдағы сот іс үшін маңызы бар мəн-жайлардың шеңберін дұрыс анықтамағанын, материалдық құқықтық нормалары бұзылғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.

Кассациялық шағымды қолдаған жауапкер Д[...] өкілі М[...], шағымға қарсылық білдірген «Қарасай ауданының жер қатынастар бөлімі» мемлекеттік мекемесінің өкілі К[...] тыңдап, іс құжаттарын, шағымның уәждерін зерделеп, кассациялық сот келесі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Жергілікті соттармен іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.

Іс құжаттарына сәйкес, Д[...] жер учаскесі Қарасай ауданы әкімінің 2017 жылғы 9 маусымдағы №449 қаулысымен Райымбек ауылдық округіне қарасты, ауданның жер қорынан, көлемі 20,0 га, жекеше орман өсіру үшін 49 жылға уақытша өтеулі ұзақ мерзімді жер пайдалану (жалға алу) құқығымен берілген.

2017 жылғы 21 маусымдағы №589 «Қарасай ауданының жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесімен жалға алу туралы типтік келісім шарт (бұдан әрі - шарт) жасалынып, жер учаскесіне кадастрлық нөмері [...] сәйкестендіру актісі рәсімделген.

Талап қоюшы талабында аудандық ветеринария станциясының жер пайдаланушыға тиесілі ауыл шаруашылығы жануарларының басы туралы мәлімет алуға арналған ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру базасына сәйкес, жер пайдаланушы Д[...] атында ауыл шаруашылығы жануарларының басы туралы ақпарат тіркелмегені анықталып, жер пайдаланушыға хабарлама жолданып, хабарламада көрсетілген кемшіліктер жойылмады деп негіздеп, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі-АК) 401-бабының 2-тармағының, 402-бабының талаптарын сақтай отырып, шартты бұзуды сұраған.

Бірінші сатыдағы сот шешім қабылдаған кезде 2024 жылдың 3 шілдедегі №33-ө н/қ Қарасай ауданы әкімдігінің қаулысымен бекітілген «Мақсаты бойынша пайдаланылмаған және игерілмеген немесе Қазақстан Республикасы заңнамаларын бұза отырып пайдаланылған жерлерді анықтау бойынша құрылған жұмыс тобының жер учаскелерді тексеру актісіне сәйкес, көрсетілген жер учаскесі нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмай жатқандығы анықталған.

Шарттың 7-тармағының 1)-тармақшасында көрсетілгендей, жалға алушы жерді оның нысаналы мақсатына сәйкес және осы шартта көзделген тәртіппен пайдалануы қажет.

Шарттың 8-тармағының 1)-тармақшасында көрсетілгендей, жалға беруші осы Шарттың талаптарының орындалуына бақылауды жүзеге асыруға құқылы. 2023 жылғы 20 маусымда жер пайдаланушыға хабарлама жолданған, жер пайдаланушы тарапынан хабарламада көрсетілген кемшіліктер жойылмаған.

Осылардың негізінді бірінші сатыдағы сот жауапкер тарапынан жалға берілген жер учаскесін 7 жылдан астам мерзімде нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмай жатқандығын, шартта көзделген міндеттемелер орындалмағанын назарға алып, талап қою қанағаттандыруға жатады деген тұжырымға келген.

Апелляциялық сатыдағы сот, соттың бұл тұжырымымен толықтай келіскен.

Алайда жергілікті соттардың бұл тұжырымы келесі себептермен негізсіз. Расында да Д[...] Қарасай ауданы әкімінің 2017 жылғы 9 маусымдағы №449 қаулысымен Райымбек ауылдық округіне қарасты,

ауданның жер қорынан, көлемі 20,0 га, 49 жылға уақытша өтеулі ұзақ мерзімді жер пайдалану (жалға алу) құқығымен жер учаскесі берілген және шарт жасалған.

Жер учаскесінің нысаналы мақсаты жекеше орман өсіру болып көрсетілген.

АК-нің 401-бабының 2-тармағының 1) тармақшасына сәйкес тараптардың бiреуiнiң талабы бойынша шарт екiншi тарап шартты едәуiр бұзған кезде бұзылуы мүмкiн.

Тараптардың бiреуi шартты бұзып, ол екiншi тарап шарт жасасу кезiнде үмiт артуға құқылы болғанынан едәуiр дәрежеде айрылып қалатындай шығынға әкеп соқса бұл шарттың едәуiр дәрежеде бұзылуы деп танылады.

Басқаша айтқанда, елеулі бұзушылық – бұл шарттың мәнін жоғалтуға әкеп соғатын және екінші тараптың мүдделеріне елеулі нұсқан келтіретін бұзушылық.

Елеулі бұзушылық ұғымы кеңейтілген түсіндіруге жатпайды.

Сондықтан, соттар істі қарау барысында бұзушылықтың сипаты мен дәрежесін, келтірілген залалдың көлемін, тараптардың шарт бойынша күткен нәтижеден қаншалықты айырылғанын талдамаған.

Осылайша Д[...] қандай елеулі бұзушылыққа жол жіберілгені туралы іс бойынша нақты құқықтық баға бермеген.

Сонымен қатар, соттардың жауапкерге жалға берілген жер учаскесі нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмайды деген дәйегі негізсіз.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Соттардың жер заңнамасын қолдануының кейбір мәселелері туралы» 2007 жылғы 16 шілдедегі № 6 нормативтік қаулысының 17-2 тармағына сәйкес соттар жалға алушы немесе меншік иесі келіспеген жағдайда мақсаты бойынша пайдаланылмауына не заңнаманы бұзып пайдалануына байланысты жер учаскесін жалдау және сатып алу-сату шартын бұзу сот тәртібімен жүргізілуі мүмкін емес екенін ескеруге тиіс, өйткені Жер кодексінің 92 және 93-баптарында жер учаскесін мәжбүрлеп алып қоюдың арнайы рәсімі айқындалған.

Жер учаскесін алып қою рәсімі белгілі бір мерзім мен тәртіптің сақталуын көздейді, белгілі бір дәлелдемелерді ұсынуды міндеттейді. Мұндай талаптар, әдетте, жалдау, сатып алу-сату шарттары жағдайында қамтылмайды.

Демек, Жер кодексінің 92 және 93-баптарының талаптарына сәйкес нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмайтын жер учаскесі сот тәртібімен мәжбүрлеп алып қоюға жатады.

Жергілікті соттар тарапынан материалдық құқық нормаларының дұрыс қолданылмауы, іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымы дұрыс айқындалмауы орын алған.

Істің мұндай тұрғысында кассациялық сот, жергілікті соттардың сот актілерінің күші жойылып, Қарасай ауданының жер қатынастар бөлімі» мемлекеттік мекемесінің жер учаскесін жалға беру типтік келісім шартын бұзу туралы талап қоюын қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығарылуға жатады деп есептейді.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 8) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Алматы облысы Қарасай аудандық сотының 2025 жылғы 17 наурыздағы шешімінің және Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 18 маусымдағы қаулысының күші жойылсын.

Талап қоюшы «Қарасай ауданының жер қатынастар бөлімі» мемлекеттік мекемесінің жауапкер Д[...] жер учаскесін жалға беру типтік келісім шартын бұзу туралы талап қоюы қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығарылсын.

Жауапкер Д[...] кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші: Ж.К.Рустембеков

Судьялар: А.О.Тогумбетова

Л.Б.Мамырбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.