ВС РК - Постановление от 26.06.2023 по делу 6001-23-00-3Г/2360(2) (Гражданское)

6001-23-00-3г/2360(2)

ҚАУЛЫ

2023 жылғы 26 маусым Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Б.Ж.Тоқтарова,

талап қоюшылар К[...], Т[...], Д[...], К[...], М[...], Ш[...], К[...], С[...], А[...], А[...], Д[...], Ж[...], У[...], Б[...], К[...], К[...] жауапкер Ө[...] келісім шарт бойынша міндеттемені орындауды міндеттеу туралы талап қоюымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 31 наурыздағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы жауапкердің өкілі О[...] өтінішхатын істі алдырту арқылы алдын ала қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшылар жоғарыда аталған талап қою арызымен сотқа жүгінген.

Маңғыстау облысы Ақтау қаласының №2 сотының 2022 жылғы 19 қазандағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған. Жауапкер А[...] Ақтау қаласы, 19 шағын ауданы, [...] учаскеде орналасқан тұрғын үйдің [...] пәтердің алдына құдық қазылып қате қойылған [...] пәтердің су өлшегіш құралы мен өткізілген тоқты алып тастауға міндеттелген.

Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 31 наурыздағы қаулысымен аудандық соттың шешімі өзгертіліп, талап қоюшылардың А[...] Ақтау қаласы, 19 шағын ауданы, [...] учаскеге тұрғызған 19 тұрғын үйдің (таунхаус) бекітілген жобаға сәйкес: тұрғын үйдің төбесін - бу тосқауыл пленкасы (пароизоляция из пленки) және 120 к/м3 қалыңдығы 150 мм минералды жүн плитасымен (минераловатная плита) қаптап жабу және тұрғын үйдің декоративті әрлеу материалы сарғыш травертин мен қатты минералды жүн плитасымен қаптауды міндеттеу туралы талабы қанағаттандырылған.

Жауапкер А[...] Ақтау қаласы, 19 шағын ауданы, [...] учаскеге тұрғызған 19 тұрғын үйдің (таунхаус) бекітілген жобаға сәйкес: тұрғын үйдің төбесін - бу тосқауыл пленкасы (пароизоляция из пленки) және 120 к/м3 қалыңдығы 150 мм минералды жүн плитасымен (минераловатная плита) қаптап жабу және тұрғын үйдің декоративті әрлеу материалы сарғыш травертин мен қатты минералды жүн плитасымен қаптауға міндеттелген.

Өтінішхатта жауапкердің өкілі апелляциялық сатыдағы соттың қаулысымен келіспей, оның күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұрап келесідей уәждер келтірген.

Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы, 19 шағын ауданындағы №[...] учаскеде таунхаустың құрылысын салу үшін қажет құжаттарды дайындауды К[...] бастаған, бірақ кейін бұл жер учаскені А[...] сатқан.

Өз кезегінде, А[...] осы жер учаскесіне эскиздық жоба жасатып, 2020 жылғы 20 шілдеде талап қоюшылар К[...], К[...], А[...], Ш[...], С[...], М[...], К[...], Д[...], К[...], А[...] ынтымақтастық және бірлескен қызмет туралы шартқа отырған. Осы шарт бойынша тараптар 30 000 000 теңге мөлшеріндегі ақшаны біріктіру және күш салу арқылы Ақтау қаласы, 19 шағын ауданы, №[...] учаскесі мекенжайы бойынша 19 тұрғын үй (таунхаусты) салу және пайдалану саласында бірлесіп әрекет етуге міндеттенген.

Тұрғын үй құрылысы екі қатардан аспаса жұмысшы жобасы талап етілмейді, сондықтан А[...] жұмысшы жобасын жасатпаған.

Алайда, талап қоюшылар бұрыңғы меншік иесі К[...] тапсырыс беріп жасатқан және өзі бекіткен таунхаустың жұмыс жобасын тауып, қазіргі кезде даулы таунхаус құрылысы осы жобаға сай салынбаған деп, сотқа талап қоюмен жүгінген.

Апелляциялық сатыдағы соты А[...] ешқандай қатысы жоқ, мүлдем басқа тұлғаның тапсырыс беріп жасатқан жұмысшы жобасын негізге алып, даулы таунхаус құрылысы жұмысшы жобасына сай салынбаған деген тұжырымға келген.

Бірақ соттың бұл тұжырымы негізге алуға жатпайды, себебі А[...] пен талап қоюшылардың құрылыс жұмысы бойынша барлық ара-қатынастары тек 2020 жылғы 20 шілдедегі ынтымақтастық және бірлескен қызмет туралы шартпен реттеледі.

Бұл шарттың талаптарына сәйкес, үйдің қабырғасы сырт жағынан тек қас беті (фасад) табиғи травертинмен қапталады, ал қалған жерлері жәй сылақ болады деп көрсетілген. Қандай да бір минералды жүн (минвата) және жұмысшы жобасы туралы шартта көрсетілмеген.

Осыған орай, арызданушының жоғарыда көрсеткен уәждері кассациялық сот отырысында тексерілуге жатады.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, судья

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Жауапкердің өкілі О[...] Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 31 наурыздағы қаулысын қайта қарау туралы өтінішхаты іспен бірге Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына қарау үшін берілсін.

Қаулының көшірмесі өтінішхатты берген тұлғаға жолдансын.

Судья Б.Тоқтарова

Көшірмесі дұрыс Судья Б.Тоқтарова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.