ВС РК - Постановление от 28.11.2023 по делу 6001-23-00-3гп/477 (Гражданское)

6001-23-00-3гп/477

ҚАУЛЫ

2023 жылғы 28 қараша Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында: төрағалық етуші - судья Н.Қ.Сұлтанов, судьялар М.Т.Балкен, Ғ.Ж.Мырзаке, прокурор Ж[...], талап қоюшының өкілі А[...] қатысуымен,

ашық сот отырысында мобильді бейнебайланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы «Жамбыл облысы бойынша тексеру комиссиясы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Т[...] комиссиясы) жауапкер «Жамбыл ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Мекеме) нұсқама талаптарын орындауға міндеттеу туралы талап қоюымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 24 сәуірдегі шешіміне, Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 25 шілдедегі қаулысына талап қоюшының келтірген өтінішхаты бойынша азаматтық істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы :

Т[...] комиссиясы аудиторлық қорытындының нәтижесі бойынша жіберілген бұзушылықтар бойынша 2021 жылғы 26 ақпандағы № 02-Н Н[...] (бұдан әрі-Н[...]) орындауды міндеттеу туралы талап қоюмен жүгінген.

Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 25 шілдедегі қаулысымен заңды күшіне енген Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 24 сәуірдегі шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.

Т[...] 1-тармағының «ЖС[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін «ААОАЖЖОАААЖ[...]» объектісі бойынша орындалмаған 564,1 мың теңгені құрайтын жобалық сметалық құжаттамада көрсетілген жұмыстардың орындалуын қамтамасыз етсін деген 2) тармағының орындалуын міндеттеген.

Н[...] Жамбыл ауданында орналасқан жалпы сомасы 5 348 472,7 мың теңгені құрайтын ауыз су құбыры желілер мүліктік кешендерін шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының теңгеріміне өткізу қамтамасыз етілсін - деген 3) тармақшасының орындалуын міндеттеу туралы талабы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Өтінішхат иесі сот актілерімен келіспейтіндігін уәждеп, жергілікті соттар істі дұрыс шешу үшін маңызы бар мән-жайлардың шеңберін толық анықтамай, материалдық және процестік құқық нормаларының дұрыс қолданбауына сілтеме жасап, іс бойынша қабылданған жергілікті соттардың сот актілерінің талап қоюды қанағаттандырусыз қалдырған бөлігінде күшін жойып, талап қоюды толық қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот алқасы Т[...] комиссиясының өтінішхатты қолдаған түсінігін, прокурордың қорытындысын тыңдап, өтінішхат уәждерін талқылап, іс-құжаттарын зерделеп, келесідей тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады. Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жергілікті соттар тарапынан жол берілмеген.

Электрондық азаматтық іс құжаттарынан анықталғандай, Т[...] комиссиясының тізбесіне сәйкес 2020 жылдың желтоқсан айында 20182020 жылдар аралығындағы кезең бойынша мемлекеттік аудит жүргізілген. Аудит нәтижесі бойынша жалпы сомасы 5 354 658,3 мың теңгені құрайтын қаржылық бұзушылықтар анықталған, оның ішінде өтелуге жататыны 420,3 мың теңге, қалпына келтіруге жататыны 5 354 238 мың теңге.

Т[...] комиссиясының «Жамбыл облысы, [...] мемлекеттік органдарының бюджет қаражатын пайдалану, жекелеген бюджеттік бағдарламаларды іске асыру, коммуналдық мүлікті, ауыз су және жер ресурстарын басқару бөлігіндегі қызметіне тиімділік аудит нәтижесінде анықталған бұзушылықтарды жою және жауапкершілік шараларын қолдану туралы» 2021 жылғы 26 ақпандағы Н[...] орындау үшін жолданған.

Н[...] көрсетілген қаржылық бұзушылықтарды қалпына келтіру және алдағы уақытта оларды болдырмау мақсатында атқарылған шаралардың орындалғанын растайтын құжаттармен қоса оның орындалуы туралы ақпаратты 2021 жылдың 1 қазанына дейін ұсыну міндеттелген.

Н[...] 1-тармағы 1), 2), 3) және 6) тармақшаларын белгіленген мерзімде тиісінше орындалмаған. Осыған байланысты, Мекеменің басшысы К[...] Жамбыл аудандық сотының 2021 жылғы 23 желтоқсандағы қаулысымен Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 462-бабы 3-тармағымен әкімшілік жазаға тартылып, әкімшілік айыппұл салынған.

Содан кейін Мекеменің бастамасымен Н[...] орындалу мерзімі 2022 жылдың 15 қарашасына дейін ұзартылған.

Мекемеің 2023 жылғы 24 қаңтардағы хатына сәйкес, Н[...] 1- тармағының 1) және 2) тармақшаларының Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талап қоюмен жүгінгені, ал, ауыз су жүйелерінің ауылдық округ әкімі аппараттарына берілгендіктен 3) тармақшасын орындау мүмкін емес екені туралы ақпарат берілген.

Н[...] орындалмағандықтан, Т[...] комиссиясы аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Бірінші сатыдағы сот талап қоюды ішінара қанағаттандыру туралы шешім қабылдау кезінде, Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының 35-бабының 1-тармағының 19) тармақшасына сілтеме жасап, онда, ауылдық округ әкімінің құзыреттеріне де су пайдалану мәселелерiн басқару, ұйымдастыру және пайдалану құқықтары мен мүмкіндіктері берілгендіктен, ауылдық округ әкімі аппараттарының теңгерімінде ауыз су нысандарының болуы заң талаптарымен келісіледі деген тұжырымға келген.

Өз кезегінде апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың бұл жұжырымдарымен келісе отырып, «Аса-су» КМК-ның қаржылықшаруашылық жағдайының қиын екенін, сонымен қатар, ауыз су құбыры желілері осы кәсіпорнының теңгеріміне берілген жағдайда тарифтерге әсер етеді деген «табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Жамбыл облыстық департаменті» Республикалық мемлекеттік мекемесінің өкілі М[...] түсіндірмесін назарға алған.

Арызданушының өзінің өтінішхатында жергілікті соттардың мұндай тұжырымдарымен келіспей, жалпы сомасы 5 348 472,7 мың теңгені құрайтын ауыз су құбыры желілері мүліктік кешендері Қазақстан Республикасының Су кодексінің 27 бабы 1, 2 тармақтарына сәйкес шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорынның теңгерімінде болуы тиіс деген уәждерін келтірген.

Іс құжаттарына қарағанда, жауапкер Н[...] 1-тармағының 2) тармақшасын орындау бойынша мойындаған. Ал, 3) тармақшасын орындау бойынша, Жамбыл ауданында орналасқан баланстық құны 5 348 472,7 мың теңгені құрайтын ауыз су құбыры желілер мүліктік кешендері Мекемеге ведомстволық бағынысты «Аса-су» КМК-нен Мекеменің теңгеріміне өткендіктен, оны орындау мүмкіндігінің жоқ екенін көрсеткен.

Дегенмен, Қазақстан Республикасының Су кодексінің (бұдан әрі - Су кодексі) 27 бабы 1, 2 тармақтарына сәйкес сумен жабдықтауды қамтамасыз ететін, коммуналдық меншіктегі су тарту құрылыстары, сорғы станциялары, су құбырын тазартқыш құрылыстар мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындарға бекітіліп берілген.

«Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 134 бабы 2-тармағына сәйкес шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындар өз қызметін елді мекендердің тіршілігін (энергиямен, газбен, сумен, жылумен жабдықтау, су бұру және коммуналдық қалдықтарды көму, қалдықтар полигондарын құру және пайдалану) қамтамасыз етуді жүзеге асырады.

Заңның бұл тұрғысында, кассациялық алқа арызданушының бұл уәждерімен келісе отырып, жергілікті соттардың тұжырымдары бойынша кәсіпорынның қаржылық-экономикалық жағдайының қиын екені туралы мәліметтерді назарға алып, нұсқаманың 1-тармағының 3) тармақшасын қанағаттандыруға жатпайды деген қорытындыларын негізсіз деп есептейді.

Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Заңының 21-бабы 1-бөлігіне сәйкес, Мемлекеттік аудит

және қаржылық бақылау органдарының өз құзыреті шегінде берген талаптары мемлекеттік аудит объектілерінің орындауы үшін міндетті.

Заңда белгіленген тәртіппен Н[...] заңсыз деп танылмағандықтан, нұсқамада көрсетілген талаптардың толық орындалмау фактісі заңды және негізді. Н[...] шығару мемлекеттік қаржылық бақылаудың ден қою шаралары болып табылатындықтан, Т[...] комиссиясының актілері лауазымды тұлғалар, жеке тұлғалар мен заңды тұлғалармен орындалуға міндетті.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының алдында Су кодексі нормаларының басым болатынын ескерген жөн.

Сот азаматтық істерді қарау және шешу кезінде Қазақстан Республикасы Конституциясының, Қазақстан Республикасы конституциялық заңдарының, осы Кодекстің, басқа да нормативтік құқықтық актілердің, қолданылуға жататын Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының талаптарын дәлме-дәл сақтауға міндетті (АПК-нің 6-бабының 1-бөлігі).

Қорытындылай келе бірінші сатыдағы сот талап қоюшының сотқа берген мәліметтеріне дұрыс баға бермеген, ал апелляциялық алқа бiрiншi сатыдағы сот шешiмiнiң заңдылығы мен негiздiлiгiн толық көлемде тексермеген деген тұжырымға келуге болады.

Жоғарыдағылардың негізінде, кассациялық сот алқасы жергілікті соттардың осы істі қарау барысында АПК-нің 224-бабының талаптары сақталмай, іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымын дұрыс айқындамауы және анықтамауы, қолдануға жататын материалдық құқық нормаларының дұрыс қолданылмауына және істің дұрыс шешілмеуіне әкеп соққан деген қорытындыға келеді.

Істің мұндай тұрғысында, іс бойынша қабылданған даулы сот актілерін заңды және негізді деп тануға болмайды. Сондықтан кассациялық сот алқасы жергілікті соттардың актілерін өзгертуге және талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдау туралы тұжырымға келді.

АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы,

Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 24 сәуірдегі шешімі, Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 25 шілдедегі қаулысы өзгертілсін.

«Жамбыл облысы бойынша тексеру комиссиясы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің 2021 жылғы 26 ақпандағы №02-Н Н[...] «Жамбыл ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне Жамбыл ауданында орналасқан жалпы сомасы 5 348 472,7 мың теңгені құрайтын ауыз су құбыры желілер

мүліктік кешендерін шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорынның теңгеріміне өткізуі қамтамасыз етілсін - деген 3) тармақшасының орындалуын міндеттеу туралы талабын қанағаттандырудан бас тартылған бөлігінде сот актілерінің күші жойылсын.

Бұл бөлікте «Жамбыл облысы бойынша тексеру комиссиясы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің талап қоюын қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдансын.

«Жамбыл облысы, [...] әкімдігінің тұрғын үйкоммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне Жамбыл ауданында орналасқан жалпы сомасы 5 348 472,7 мың теңгені құрайтын ауыз су құбыры желілер мүліктік кешендерін шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорынның теңгеріміне өткізуі қамтамасыз етілсін - деген бөлігінде 2021 жылғы 26 ақпандағы №02-Н Н[...] 3) тармақшасының орындалуы міндеттелсін.

Қалған бөлігінде сот актілері күшінде қалдырылсын.

«Жамбыл облысы бойынша тексеру комиссиясы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің өтінішхаты қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

Н.Қ.Сұлтанов

Судьялар

Ғ.Ж.Мырзаке

М.Т. Балкен

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.