6001-23-00-3гп-485
2024 жылғы 10-желтоқсан Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші - алқа төрағасы Н.К.Шәріпов, судьялар Б.Р.Ералиева, Ғ.Ж.Мырзакенің, прокурор Н.А.Молдахановтың, талап қоюшының өкілдері М.А.Джургенбаеваның, М.А.Нугманованың,
жауапкерлер: «Торговая компания-Asset» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің өкілі Р.Н.Тасыбаевтың, «Infratech» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің өкілі С.Г.Елемесованың, аудармашы Р.Т.Шайхының қатысуларымен,
талап қоюшы Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті «Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Қызылорда қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Басқарма, Салық органы), жауапкерлер «Торговая компания-Asset» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі – ЖШС), «Infratech» ЖШС-не, «New Trend KZ» ЖШС-не, «Future Vector» ЖШС-не арасындағы мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы талап қоюмен қозғалған электрондық азаматтық іс бойынша қабылданған
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 10-қаңтардағы шешімін және Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 7-наурыздағы қаулысын қайта қарау туралы Басқарманың келтірген өтінішхатымен келіп түскен азаматтық ісін қарап,
А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы:
Басқарма сотқа жоғарыда көрсетілген талап қоюмен жүгінген.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 10-қаңтардағы шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 7-наурыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Өтінішхатта Басқарма жергілікті соттардың қабылдаған сот актілерімен келіспей, соттың тұжырымы істің мән-жайына сәйкес келмейтінін көрсетіп, сот актілерін өзгертуді сұраған.
«Торговая компания-Asset» ЖШС өтінішхатқа қарсы пікірінде жергілікті соттардың қабылдаған сот актілерін күшінде, өтінішхатты қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған.
Жауапкерлер «New Trend KZ» ЖШС-ң, «Future Vector» ЖШС-ң өкілдері кассациялық сатыдағы сот отырысының уақыты мен орны туралы хабарламаны дер кезінде алса да, сот отырысына қатыспады және оның қатыспау себептерін хабарламады, істің қаралуын өздерінің қатысуынсыз өткізуді сұрамады.
Алқа, аталған жауапкерлердің өкілдерінің сотқа қатыспауын дәлелсіз себептермен деп есептеп, сот отырысын олардың өкілдерінің қатысуынсыз өткізді.
Сот алқасы іс бойынша Басқарма өкілдері М.А.Джургенбаева, М.А.Нугманованың өтінішхатты қолдаған түсініктерін, «Торговая компанияAsset» ЖШС-нің өкілі Р.Н.Тасыбаевтың, «Infratech» ЖШС-нің өкілі С.Г.Елемесованың, дауланған сот актілерін күшінде қалдыруды сұраған түсініктерін, прокурордың өтінішхатты қанағаттандырып, жергілікті соттардың қабылдаған сот актілерінің күшін жойып, жаңа шешім қабылдауды сұраған қорытындысын тыңдап, өтінішхат уәждерін, оған қарсы пікірді талқылап, іс құжаттарын зерделеп, келесідей тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актісін шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуы осы кодекстің 434-бабының 1-бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіздер болып табылады.
Сот алқасы бұл іс бойынша мұндай негіздер жоқ деп санайды.
Іс құжаттарынан анықталғандай, «Торговая компания-Asset» ЖШС 2020 жылдың 3-тоқсанында «Infratech» ЖШС, «New Trend KZ» ЖШС, «Future Vector» ЖШС мекенжайларына жиһаздар жеткізу туралы электрондық шот-фактуралар (бұдан әрі – ЭШФ) жазған. Ал, 2020 жыл үшін «Торговая компания-Asset» ЖШС-нің айналымы 133 499 186 теңгеге жеткен. Салық органының мәліметіне сай «Торговая компания-Asset» ЖШС – нің ЭШФ деректері бойынша 2021 жылдың 4-ақпанында «Modern Office Furniture» ЖШС-нен 16 071 429 теңгеге тауарларды сатып алуы орын алған. 2021 жылы көрсетілген тауарды сатып алу 2020 жылғы сатылымға сәйкес келмейді. Басқарма талап қоюында «Торговая компания-Asset» ЖШС өндіруші компания емес екенін, керісінше, тауарды жеткізуші екенін көрсетіп, оның активтерінің, жалдамалы жұмысшыларының жоқтығымен уәждеген. Аталған тұлға 2020 жылдың 4-тоқсаны мен 2021 жылдың 1-тоқсаны үшін салық есебін 0 деп көрсеткен.
Басқарма осы негізде талап қоюын нақтылап:
«Торговая компания-Asset» ЖШС мен «Infratech» ЖШС арасындағы айналым сомасы 1 715 847 теңге, қосылған құн салығы (бұдан әрі-ҚҚС) сомасы 0 теңгеге жасалған 2020 жылғы 29-қазандағы № 51 келісім-шартын; - «Торговая компания-Asset» ЖШС мен «New Trend KZ» ЖШС арасындағы айналым сомасы 1 629 700 теңге, ҚҚС сомасы 0 теңгеге жасалған 2020 жылғы 21-шілдедегі № 30 келісім-шартын;
«Торговая компания-Asset» ЖШС мен «Future Vector» ЖШС арасындағы айналым сомасы 1 300 000 теңге, ҚҚС сомасы 0 теңгеге жасалған 2020 жылғы 9-қарашадағы № 110 келісім-шартын жарамсыз деп тануды сұраған.
«Торговая компания-Asset» ЖШС заңды тұлға ретінде 2011 жылы 25-наурызда Басқармаға тіркеліп, 2016 жылдың 29-қарашасында Астана қаласының Сарыарқа ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасына (бұдан әрі-МКБ) тіркеуін ауыстырып, 2021 жылғы 17-ақпанда Астана қаласының Есіл ауданы бойынша МКБ-на ауысып, 2021 жылдың 22-желтоқсанында Алматы қаласының Алмалы ауданы бойынша МКБ-на ауысып, 2023 жылғы 5-сәуірде Басқармаға орналасқан жері бойынша қайта тіркелген, мекенжайын Қызылорда қаласы, Сәулет мөлтек ауданы, А.Ибраев көшесі, 2 үй деп көрсеткен. Қызмет түрі: қандай да бір нақтылаусыз тауарлардың кең ассортиментін көтерме саудада сату. 2013 жылғы 11-желтоқсан мен 2021 жылдың 17-ақпанына дейін айналысқан қызмет түріавтомобиль көлігімен жүк тасымалдау.
Заңды тұлғада 2020 жылғы 9-қаңтарда «reKASSA» версия 2.0 маркалы бақылау-кассалық машинасы Астана қаласы, Қабанбай батыр көшесі, № 58 Б үй, 6 корпус, 2 пәтер (кеңсе) мекен-жайына тіркеліп, орнатылған.
«Торговая компания-Asset» ЖШС тіркелгеннен бастап оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимінде қызмет атқарады. 2020-2021 жылдар үшін 700.0, 700.01 салық есептілік нысандарының тапсырылмауына сәйкес тіркеуінде активтері жоқ. Серіктестік 2020 жылдан бастап 2023 жылғы 1-тамызға дейін бюджетке 1 065 000 теңге төлем жүргізген. Басшысы әрі құрылтайшысы – Ерденова Бахтыгүл Ерденовна, тұрғылықты мекенжайы: Астана қаласы, Ш.Қалдаяқов көшесі, № 4/2 үй, 59 пәтер.
ЭШФ мәліметіне сәйкес айналымы бола тұра, салық декларацияларында 2020 жылдың 4-тоқсаны мен 2021 жылдың 1-тоқсаны үшін ҚҚС бойынша 300.00 салық есептілігі 0 көрсеткішпен тапсырылған. Тұтынушы «Infratech» ЖШС Алматы қаласы, Әуезов ауданы бойынша МКБ-на заңды тұлға ретінде тіркелген. Тәуекел дәрежесі-орташа. Заңды мекенжайы: Алматы қаласы, Саина көшесі,
№ 16 Б үй. Басшысы Сергей Александрович Вышегородцев, мекенжайы: Астана қаласы, Желтоқсан көшесі, № 14 үй, 15 пәтер. Құрылтайшылары Павел Константинович Барков пен Ержан Нұрланұлы Ныгметжанов. Заңды тұлғаның атында бақылау кассалық машина тіркелмеген.
2020 жылғы ЭШФ мәліметіне сәйкес ҚҚС-сіз айналым сомасы 1 715 847 теңге, тәуекел дәрежесі жоғары.
Тұтынушы «New Trend» ЖШС Астана қаласының Сарыарқа ауданы бойынша МКБ-на тіркелген. Тәуекел дәрежесіорташа. Мекенжайы: Астана қаласы, Абай даңғылы, № 39 үй. Басшысы Динмухамед Есенбаевич Коразов, мекенжайы: Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Қорған тұйығы, № 4/1 үй. Құрылтайшысы Балғынбек Қалиұлы Имаш, мекенжайы: Астана қаласы, жилой массив Юго-Восток (Правая сторона), Кокпар тұйығы, № 14. Серіктестіктің атында 2020 жылдың 19 мамырында бақылау кассалық машина тіркелген.
2020 жылғы ЭШФ мәліметіне сәйкес ҚҚС-сыз айналым сомасы
1 629 700 теңге, тәуекел дәрежесі жоғары.
Тұтынушы «FutureVector» ЖШС Астана қаласының Алматы ауданы бойынша МКБ-на тіркелген. Тәуекел дәрежесі-жоғары. Заңды мекенжайы: Астана қаласы, Р.Қошқарбаев көшесі, № 28 үй, 8А пәтер. Басшысы әрі құрылтайшысы Бауыржан Жуматаевич Сексенбаев, мекенжайы: Семей қаласы, Панфилов көшесі, № 6А үй. Серіктестіктің атында бақылау кассалық машина 2021 жылғы 8-қыркүйекте тіркелген. 2020 жылғы ЭШФ мәліметіне сәйкес ҚҚС-сыз айналым сомасы 1 300 000 теңгеге тәуекел дәрежесі жоғары. Талап қоюшы қаржылық-шаруашылық көрсеткіштеріне талдау жұмыстары нәтижесінде «Торговая компания - Asset» ЖШС-нің тәуекел дәрежесі жоғары, қандай да бір қызметтер көрсетуге мүмкіншілігі жоқ екенін, жұмысшы санының болмауын, жабдықтаушылары жоқ екенін, бюджетке төленетін төлемдердің және салық жүктемесінің төмендігін көрсетіп жауапкерлердің арасында ешқандай тауар сатып алу-сату болмағандығын көрсетіп, жауапкерлер «Торговая компания - Asset» ЖШСнің «Infratech» ЖШС-мен, «New Trend KZ» ЖШС-мен, «Future Vector» ЖШС-мен араларында жасалған мәмілелердің шынайылығына күмән келтіріп, мәмілелерді жарамсыз деп тануды сұраған.
Жергілікті соттар талап қоюды қанағаттандырусыз қалдырып, шарттардың жалғандығы туралы Басқарманың түйіні іс құжаттарымен дәлелденбегенін, «Торговая компания-Asset» ЖШС жеткізушілерден тауарларды, яғни кеңсе жихаздарын сатып алғанын, оның қоймадан тауар
шығару есептері жүргізілген «Қоймалық есеп кітабындағы» жазбамен расталатынын көрсеткен. «Торговая компания-Asset» ЖШС тауарларды төмен бағамен сатып алып, оларды жоғары бағамен сатқан, сол үшін өзіне үстеме пайда тауып, пайда көруші кәсіпкер ретінде басқа кәсіпкерлермен шынайы мәмілелер жасаған деп көрсеткен.
Қазақстан Республикасының «Салық және бюджетке төленетін міндетті төлемдер туралы» (Салық кодексі) кодексінің (бұдан әрі – Салық кодексі) 8-бабының 4-тармағына сай, салық төлеуші (салық агенті) жол берген Қазақстан Республикасының салық заңнамасын бұзушылық салықтық тексерулер жүргізу барысында сипатталған болуға тиіс. Тұжырымдарды негіздеу және Қазақстан Республикасының салық заңнамасын бұзу фактісін айғақтайтын мән-жайларды ашып көрсету салық органдарына жүктеледі.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі-АК) 458-бабына сәйкес кәсiпкер болып табылатын сатушы (тауар берушi) сатып алушыға өзі өндіретін немесе сатып алатын тауарларды кәсіпкерлік қызметке немесе жеке өзіне, отбасына, үй ішіне және сол сияқты өзге де пайдалануға байланысты емес өзге мақсаттарға пайдалану үшін келісілген мерзімде немесе мерзімдерде беруге міндеттенеді.
«Торговая компания - Asset» ЖШС-і (тауар беруші) «Infratech» ЖШС, «New Trend KZ» ЖШС, «Future Vector» ЖШС-мен (сатып алушылар) араларында жасалған 2020 жылғы 29-қазандағы, 21-шілдедегі, 9-қарашадағы шарттарға (бұдан әрі-Шарттар) сай, өзі дилер ретінде сатып алған тауарларын, яғни кеңсе жихаздарын: жазу үстелін (металлокаркас), жұмыс станциясын, үстелге қойылатын фронталды экранын (кабель-каналдармен), тумбаларды, басшыға арналған кабинет жихаздарын «RITIM MAKAM», «TALAS» және креслоларды Царь, Самурай, келушілерге арналған креслоны «Samba S», конференция залына арналған креслоларды, құжаттарға арналған шкафты 1 715 847 теңгеге, 1 629 700 теңгеге, 1 300 000 теңгеге ҚҚС-сіз сатқан.
Тауар беруші мен сатып алушылар араларындағы мәмілелердің жарамдылығы кеңсе жихаздарын жіберген тауарға ілеспе жүкқұжаттармен, оны қабылдап алған актілерімен, бағасын төлеуге қойылған шотпен, ЭШФ-мен, банк арқылы өткен төлемнің көшірмелерімен, төлемді қабылдаған ордермен, жихаздардың фотосуреттерімен бекуін тапқан.
Тауар беруші өз кезегінде сатып алушыларға сатқан кеңсе жихаздарын «Modern Office Furniture» ЖШС-нен 2019 жылғы 19-қаңтардағы № 12 дилерлік шарт пен оған қосымша жасалған 2020 жылғы 1-маусымдағы, 20-қыркүйектегі келісімдер жасау арқылы алғанын көрсеткен.
Сатылған кеңсе жихаздары аталған келісімдердің № 1 сипаттамасында көрсетілген.
Дилерлік шарттың 4.1, 4.2 бөліктеріне сай тауар «Modern Office Furniture» ЖШС-нің қоймасынан жіберіліп, сол кезден бастап «Торговая компания - Asset» ЖШС-нің меншігіне өткен.
Кеңсе жихаздарын «Торговая компания - Asset» ЖШС-нің қабылдап алғаны тауарға ілеспе жүкқұжаттармен, қойманың тауарды жіберуін тіркеген кітабымен расталған.
«Торговая компания-Asset» ЖШС-нің оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимінде қызмет атқаратыны Басқармамен жоққа шығарылмаған және ол жөнінде талап қоюда да көрсетілген.
«Торговая компания-Asset» ЖШС-і 2020 жылдың 4-тоқсанына өткізген кезекті декларациясында тауар айналымы болмағанын көрсеткен. Ал, оған Нұр-Сұлтан қаласының Есіл ауданының салық басқармасының 2021 жылы 15-маусымда қойған хабарламасының негізінде 2020 жылдың бірінші және екінші жартыжылдықтарына қосымша оңайлатылған декларацияларды 2022 жылы 18-сәуірде өткізіп, өзінің кірісі 92 715 870 теңге құрағанын, төленетін салық сомасының 2 781 476 теңге екенін көрсеткен.
Басқарма талап қояюында «Торговая компания-Asset» ЖШС-і 2020-2021 жылдарға 1 065 000 теңге корпоративтік табыс салығын төлегенін көрсеткен.
Басқарманың нақтыланған талап қоюында жауапкерлердің арасында жасалған жоғарыда көрсетілген үш Шартты жарамсыз деп тануды сұрап, жауапкерлердің арасында болған тауар айналымын «Торговая компанияAsset» ЖШС-нің жеткізу мүмкіншілігі болмағанын, тауарды сату және сатып алу мерзімдерінің сәйкес келмегенін жалпылама негіздеп, ал бюджетке даулы Шарттар бойынша қандай салық, қай суммада түспей қалғаны жөніндегі деректерді сотқа ұсынбаған.
Алқа отырысында Басқарма «Торговая компания-Asset» ЖШС-нің сатып алушылармен жасаған Шарттары ҚҚС-сіз екенін жоққа шығармай, ал қосымша хабарлама бойынша өткізген оңайлатылған декларациялар басқа салық органына тиесілі екенін, сондықтан ол бойынша шара қолдану өз құзыреттеріне жатпайтынын; «Торговая компания-Asset» ЖШС-нің өкілі Р.Н.Тасыбаев пен «Infratech» ЖШС-нің өкілі С.Г.Елемесова Басқармамен дауланып отырған мәмілелердің заңды түзілгенін, тауарды «Modern Office Furniture» ЖШС-нің қоймасынан жалданған жеткізуші таксиге артып, оны түсіріп бергенін; ал сатып алушы оны өздерінің кеңсесіне қойып, қолданып жатқанын, соның дәлелі ретінде жихаздың суреттерін түсіріп, жергілікті соттарға бергенін көрсетті.
Демек, «Торговая компания-Asset» ЖШС-і өз айналымын жасырмай, қосымша салық есептілігінде көрсеткен, бірақ оның жалған екені туралы
деректер іс құжаттарымен бекуін таппаған, Басқарма тарапынан оған хабарламалар жолданбаған, оның бюджет алдындағы қарызы бар екені туралы деректер ұсынылмаған.
Бюджетке төленген төлем де Басқармамен жоққа шығарылмаған.
Салық органы талап қоюында АК 158-бабының 1-тармағына, 160-бапқа сілтеме жасаған, бірақ даулы мәмілелердің мазмұны қандай заңнама талаптарына сәйкес келмейтіні, сондай-ақ құқықтық тәртіп негіздеріне көрінеу қайшы келетін мақсатпен жасалғаны, жауапкерлердің бiрi мәмілені мемлекет алдындағы жауаптылықтан жалтару ниетiмен жасасқаны, ал мәмiленiң басқа қатысушысы бұл ниет туралы бiлгені немесе бiлуге тиiс болғаны, мәміленің құқықтық салдарлар жасау ниетінсіз, тек алдау үшін жасалғаны жөніндегі дәлелдерді сотқа ұсынбаған.
АПК-нің 68-бабының 1-бөлігіне сай әрбір дәлелдеме оның қатыстылығы, жарамдылығы, анықтығы ескеріле отырып, ал барлық жиналған дәлелдемелер жиынтығы азаматтық істі шешу үшін жеткіліктілігі тұрғысынан бағалануға тиіс.
Сондықтан кассациялық сот алқасы осы іс бойынша жергілікті соттардың шығарған сот актілері істің мән-жайларына сәйкес және қолданыстағы заңнаманың талаптарын сақтай отырып қабылдағанын мәлімдейді. Даулы Шарттардың орындалғаны Салық органымен жоққа шығарылмаған.
Қазақстан Республикасының заңнамасында кәсіпкерлікпен айналысу үшін міндетті түрде оның атында тіркелген жылжымайтын және жылжыйтын мүліктердің болуы міндеттелмеген. Кәсіпкерлік қызмет көрсету барысында мүлікті уақытша жалға алуға, тауарды бір мекемеден сатып алып екінші мекемеге тікелей жеткізуге заңмен шектеу қойылмаған.
Істің мұндай тұрғысында, сот алқасы өтінішхаттағы Салық органының келтірген уәждерімен келіспейді, себебі жергілікті соттар істің мән-жайын толық, жан-жақты және объективті түрде тексеріп, жиналған дәлелдемелерге материалдық және процестік құқық нормаларына сәйкес дұрыс баға беріп, Басқарманың талап қоюын заңды қанағаттандырусыз қалдырған.
Сондықтан сот алқасы, АПК-нің 427-бабында көрсетілген сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіздер жоқ деген қорытындыға келіп, өтінішхатты қанағаттандырусыз қалдырады.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 10-қаңтардағы шешімі және Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 7-наурыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті «Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Қызылорда қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесінің өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
Н.К.Шәріпов Б.Р.Ералиева Ғ.Ж.Мырзаке
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.