6001-22-00-3гп-442
Қ А У Л Ы
2022 жылғы 13 желтоқсан Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – судья Ғ.Ж.Мырзеке, судьялар Б.Р.Ералиева, Ж.М.Қашқынбаеваның, прокурор Д[...], талап қоюшының өкілдері Д[...], Р[...], С[...],
жауапкерлер «ТАК[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі Қ.Қ.Қалабайдың, «STC[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің банкроттық басқарушысы Т[...] қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында TrueConf мобилді бейнебайланысы арқылы талап қоюшы Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті «Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Қызылорда қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Мекеме, Салық органы), жауапкерлер «STC[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі – ЖШС), «ТАК[...]» ЖШС-не мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы талап қоюмен қозғалған электрондық азаматтық іс бойынша қабылданған
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 8 маусымдағы қаулысын қайта қарау туралы Мекеменің келтірген өтінішхатымен келіп түскен азаматтық ісін қарап,
Мекеме сотқа жоғарыда көрсетілген талап қоюмен жүгініп, онда жауапкерлер арасындағы жалпы сомасы 119 692 967 теңге 2018 жылғы:
30 мамырда № 650; 31 тамызда № 661; 14 қыркүйекте № 664; 28 қыркүйекте №№ 666, 667; 15 қазанда № 670 электронды шот-фактуралар (бұдан әрі – Шот-фактуралар) негізінде жасалған және 2018-2019 жылдар аралығында жалпы сомасы 236 891 467 теңге 2018 жылы 7 қыркүйектегі № ПД-01/09, 23 қарашадағы № ПД-02/11; 2019 жылы 14 қаңтардағы № ПД-03/01, 10 маусымдағы № ПД-02/06, 13 шілдедегі № ПД-09/07 шарттармен (бұдан әрі – Шарт) жасалған мәмілелерді (бұдан әрі – Мәмілелер) жарамсыз деп тануды сұраған.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының (бұдан әрі-МАЭС) 2022 жылғы 1 сәуірдегі шешімімен Мекеменің талап қоюы қанағаттандырылған.
«STC[...]» ЖШС-і мен «ТАК[...]» ЖШС-і арасындағы Шот-фактуралармен және Шарттармен дәлелденетін Мәмілелер жарамсыз деп танылған.
«STC[...]» ЖШС-і мен «ТАК[...]» ЖШС-нің әрқайсысынан тең үлесте мемлекет кірісіне 10 213 теңгеден мемлекеттік баж өндірілген.
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 8 маусымдағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығарылған. Ө[...] апелляциялық сатыдағы сот қаулысымен келіспей, сот алқасының материалдық және процестік құқық нормаларын бұзуға жол бергенін көрсетіп, дауланған сот актісінің күшін жойып, бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдыруды сұраған.
«ТАК[...]» ЖШС-і өтінішхатқа келтірген пікірінде апелляциялық сатыдағы сот қаулысын күшінде, Мекеменің өтінішхатын қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған.
Сот алқасы іс бойынша Мекеменің өкілдері Д[...], Р[...], С[...] өтінішхатты қолдаған түсініктерін, жауапкерлер «ТАК[...]» ЖШС-ң өкілі Қ.Қ.Қалабайдың, «STC[...]» ЖШС-ң банкроттық басқарушысы Т[...] дауланған сот актісін күшінде қалдыруды сұраған түсініктерін, прокурордың өтінішхатты қанағаттандырып, дауланған сот актісінің күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған қорытындысын тыңдап, өтінішхат уәждерін, пікірді талқылап, іс құжаттарын зерделеп, келесідей тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актісін шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуы осы кодекстің 434-бабының
1-бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіздер болып табылады.
Сот алқасы бұл іс бойынша мұндай негіздер жоқ деп санайды.
Іс құжаттарынан анықталғандай «ТАК[...]» ЖШС 2009 жылы 20 шілдеде мемлекеттік тіркеуден өтіп, қызметінің негізгі түрімұнай және газ магистраль құбырларының құрылысы, қосымша қызмет түріавтомобиль көлігімен жүк тасымалдау, қандай да бір нақтылаусыз тауарлардың кең ассортиментін көтерме саудада сату; басқа санаттарға енгізілмеген шаруашылық қызметіне қосалқы қызмет көрсетудің басқа түрлері белгіленген. Қосылған құн салығының (бұдан әрі-ҚҚС) төлеушісі ретінде 2002 жылдың 1 қаңтарынан бастап тіркелген.
«STC[...]» ЖШС-і 2017 жылдың 8 маусымында мемлекеттік тіркеуден өткен, қызметінің негізгі түрі-тұрғын үй ғимараттарының құрылысы. ҚҚС төлеушісі ретінде 2017 жылғы 1 шілдеден бастап тіркеуге тұрған. Басшысы, әрі құрылтайшысы М[...]. Камералдық бақылау нәтижелері бойынша Мекеме 2018 жылдың 1-3 тоқсанында жалпы сомасы 119 692 967 теңгеге, ал 2019-2020 жылдар аралығында жалпы сомасы 236 891 467 теңгеге аталған заңды тұлғалар арасында қызметтерді көрсету туралы Шот-фактуралар жазылғанын анықтаған.
Мәмілелер мемлекет алдындағы міндеттемелерді орындаудан жалтару, Салықтық жүктемені оңтайландыру ниетімен жасағанына сілтеме жасап, Мекеме жоғарыда аталған шарттарды жарамсыз деп тану туралы талап қоюмен сотқа жүгінген.
Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандыра отырып, аталған мерзімде «STC[...]» ЖШС-і «ТАК[...]» ЖШСнің атына қосалқы мердігерлік жұмыстарды атқаруға нақты мүмкіндік беретін тиісті еңбек ресурстары мен активтерінің болмауына, тіркелген мекенжайда орналаспауына байланысты мердігер шартты орындамаған деген тұжырымға келген.
Апелляциялық сатыдағы сот алқасы аталған шешімнің күшін жойып, дауды жауапкерлердің пайдасына шешіп, келесідей қорытындыға келген.
«ТАК[...]» ЖШС-не 2017 жылғы 1 қаңтар-2019 жылғы 31 желтоқсан аралығындағы кезеңге құжаттық салықтық тексеру жүргізілген.
Тексеріс нәтижесі бойынша 2020 жылғы 15 қыркүйектегі № 33 құжаттық салықтық тексеру актісіне сәйкес «STC[...]» ЖШС-і күрделі құрылыс, атап айтқанда «Батыс ТҰЗКӨЛ» кенішін жайластыру, газ құбыры-бұрмасын салу және басқа қосалқы мердігерлік қызметтер көрсеткен.
Өзара есеп айырысуларды растайтын құжаттар толық тексеруге ұсынылған (қосалқы мердігерлік жұмыстарға жасалған шарттар, шотфактуралар, орындалған жұмыстардың актілері, шығыстар сметасы және басқа құжаттар). Бұл фактілер Мекеменің салықтық тексеру жүргізген кезінде жауапкерлер арасында 2018 жылғы 7 қыркүйекте, 2019 жылғы 14 қаңтарда, 2018 жылғы 23 қарашада, 2019 жылғы 10 маусымда, 2019 жылғы 13 шілдеде қосалқы мердігерлік шарттарда кемшіліктердің болмағанын білдіреді.
Сонымен бірге, Мекеме «STC[...]» ЖШС-не қатысты құжаттық салықтық тексеру жүргізген. Тексеру нәтижесі бойынша 2021 жылғы 1 сәуірдегі актісіне сәйкес жауапкерлер арасында өзара есеп айырысу жүргізу кезінде кемшіліктер анықталмаған. Аталған актінің нәтижесінде 45 048 635,13 теңге төлеу туралы хабарлама шығарылған.
Сол себепті апелляциялық сот алқасы Салық органының тексеру актілері талап қоюдың негізсіз екенін білдіреді деген тұжырымға келіп, талап қоюдан бас тарта отырып, «Салық заңнамасын қолданудың сот практикасы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2017 жылғы 29 маусымдағы № 4 Нормативтік қаулысының 6-тармағының, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі-АК) 157-бабы 2-тармағының және 158-бабының 1-тармағының ережелеріне сүйенген.
Қазақстан Республикасының «Салық және бюджетке төленетін міндетті төлемдер туралы» (Салық кодексі) кодексінің (бұдан әрі – Салық кодексі) 8-бабының 4-тармағына сай, салық төлеуші (салық агенті) жол берген Қазақстан Республикасының салық заңнамасын бұзушылық салықтық тексерулер жүргізу барысында сипатталған болуға тиіс. Тұжырымдарды негіздеу және Қазақстан Республикасының салық заңнамасын бұзу фактісін айғақтайтын мән-жайларды ашып көрсету салық органдарына жүктеледі.
Д[...] мәмілелер жасалған уақыт, Салық органы тарапынан бұрын «ТАК[...]» ЖШС-н 2017-2019 жылдар аралығында салықтық міндеттемелерін тиісінше орындағанын анықтау үшін жүргізген құжаттық салықтық тексерудің кезеңіне сәйкес келеді, алайда 2020 жылғы 15 қыркүйектегі № 33 актіге сай тексеру барысында жауапкерлер арасында заң бұзушылықтар анықталмаған.
Сонымен қатар, 2017-2020 жылдың 30 маусымы аралығына, Салық органы «STC[...]» ЖШС-не де құжаттық салықтық тексеру жүргізіп, оның нәтижесі бойынша 2021 жылы 1 сәуірде № 105 тексеру актісін шығарып, «STC[...]» ЖШС-не үшінші тұлғалармен өзара есеп айырысуы бойынша 45 048 635 теңге өндіру жөнінде хабарлама қойған.
Аталған № 105 актіде жауапкерлер арасында болған мәмілелер бойынша деректер жоқ.
Сондықтан апелляциялық сатыдағы сот № 105 актіде көрсетілген «STC[...]» ЖШС-нің үшінші тұлғалармен өзара есеп айырысуының даулы шарттарға еш қатысы жоқ деген тұжырымы заңды.
Салық органы № 33 актісінде «STC[...]» ЖШС-нің күрделі құрылыс, яғни «Батыс ТҰЗКӨЛ» кенішін жайластыру, газ құбыры-бұрмасын салу және басқа қосалқы мердігерлік қызметтерін көрсеткенін. Өзара есеп айырысуларды растайтын құжаттар толық тексеруге ұсынылғанын (қосалқы мердігерлік жұмыстарға жасалған шарттар, шот-фактуралар, орындалған жұмыстардың актілері, шығыстар сметасы және басқа құжаттар) жазған.
Сонымен қатар, контрагенттер (жауапкерлер) бойынша қылмыстық істің қозғалмауына байланысты, камералдық бақылау негізінде заң бұзушылықтарды жою туралы хабарламаның түзілмейтінін көрсеткен.
Салық кодексінің 143-бабының 2-тармағына сәйкес қарсы тексеру кешенді немесе тақырыптық тексеруге қатысты қосалқы тексеру болып табылады.
Алайда, «ТАК[...]» ЖШС-не құжаттық салықтық тексеру жүргізген кезде Салық органы жасалған операциялар туралы қосымша ақпарат алу және операциялар мазмұны мен фактісін растау мақсатында «STC[...]» ЖШС-не қарсы тексеру жүргізбеген.
Кассациялық сатыдағы сот алқасының отырысында Салық органының өкілдері «STC[...]» ЖШС-де қарсы тексерудің болмағанын жоққа шығармады.
Сонымен бірге, «STC[...]» ЖШС-не салықтық тексеру 2021 жылы жүргізілсе де, № 105 актіде соңғының «ТАК[...]» ЖШС-мен жасаған мәмілелері туралы деректер орын алмаған. Істегі Қызылорда қаласының № 2 сотының 2021 жылы 8 қазанда сотталушылар Ш[...], А[...], Ө[...], Ж[...], М[...] бойынша шығарған үкімінде де жауапкерлер арасында жасалған мәмілелер көрсетілмеген.
Салық кодексінің 19-бабының 4-тармағына сәйкес салықтық тексеру барысында қылмыстық құқық бұзушылық белгілерін көрсететін, салықтарды және бюджетке төленетін төлемдерді төлеуден жалтару, сондай-ақ әдейі банкроттық фактілері анықталған кезде салық органдары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес процестік шешімді қабылдау үшін тиісті құқық қорғау органдарына олардың тергеуіне жататын материалдарды жібереді.
Салық органы «ТАК[...]» ЖШС-ң даулы мәмілелер жасалған кезеңде құжаттық салық тексеруін жүргізгенімен, салық заңнамасының жоғарыда көрсетілген талаптарын орындамай, анықталған заң бұзушылықтар жөнінде тиісті қылмыстық қудалау органдарына хабарлағандығын немесе осы жағдайлар бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы өндіріс қозғағаны туралы, әлде тиісті тұлғаны жауаптылыққа тартуға мүмкіндігі жоқ екендігі туралы дәлелдемелерін сотқа ұсынбаған.
Салық органы талап қоюында Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – АК) 157-бабына, 158-баптың 1-ші және 4-тармағына, 160-баптың 1-тармағына сілтеме жасаған, бірақ АК-ң 157-бабы мәміленің жарамсыздығы туралы жалпы қолданылатын ережелерді айқындайтынын ескермеген, ал қалған заң нормалары бойынша мәмілелердің мазмұны заңнама талаптарына сәйкес келмейтіні, сондай-ақ құқықтық тәртіп негіздеріне көрінеу қайшы келетін мақсатпен жасалғаны, жауапкерлердің бiрi мәмілені мемлекет алдындағы жауаптылықтан жалтару ниетiмен жасасқаны, ал мәмiленiң басқа қатысушысы бұл ниет туралы бiлгені немесе бiлуге тиiс болғаны, мәміленің құқықтық салдарлар жасау ниетінсіз, тек алдау үшін жасалғаны жөніндегі дәлелдерді сотқа ұсынбаған.
Қызылорда облысының МАЭС-нің 2021 жылғы 8 желтоқсанда шығарған шешімімен борышкердің арызы бойынша «STC[...]» ЖШС-і банкрот деп табылып, оған банкроттық рәсім қозғалған және даулы істі қараған кезде банкроттық басқарушы Т[...] қатысқан.
Сол себепті апелляциялық сатыдағы сот, Салық органының «STC[...]» ЖШС-і тіркелген мекенжайда орналаспаған және онда бақылау-кассалық аппараты жоқ деген уәждерін заңды еске алмаған, себебі жауапкерлер арасындағы барлық есеп айырысулар қолма-қол ақшасыз жолмен жүргізілген және заңды тұлғаның тіркелген орны оның құрылтайшысы мен басшысының тұрғылықты жерімен сәйкес болған. Сондықтан кассациялық сот алқасы осы іс бойынша апелляциялық сатыдағы соттың шығарған сот актісі істің мән-жайларына сәйкес және қолданыстағы заңнаманың талаптарын сақтай отырып қабылдағанын мәлімдейді.
Салық органының өтінішхатта келтірген «STC[...]» ЖШС-де жалдамалы жұмысшылардың аз болуы, активтерінің, автокөлік құралдарының, жер, мүлік, тауар сақтайтын қоймаларының болмауы, салық жүктемесінің төмендігі туралы уәждері апелляциялық сотпен зерттеліп негізсіз деп танылған.
Д[...] мен Шот-фактураларда көрсетілген жұмыстардың орындалғаны Салық органымен тексеру нәтижесінде жоққа шығарылмай, керісінше қуатталған.
Қазақстан Республикасының заңнамасында кәсіпкерлікпен айналысу үшін міндетті түрде оның атында тіркелген жылжымайтын және жылжыйтын мүліктердің болуы міндеттелмеген. Кәсіпкерлік қызмет көрсету барысында мүлікті уақытша жалға алуға, тауарды бір мекемеден сатып алып екінші мекемеге тікелей жеткізуге заңмен шектеу қойылмаған.
Істің мұндай тұрғысында, сот алқасы өтінішхаттағы Салық органының келтірген уәждерімен келіспейді, себебі апелляциялық сатыдағы сот істің мән-жайын толық, жан-жақты және объективті түрде тексеріп, жиналған дәлелдемелерге материалдық және процестік құқық нормаларына сәйкес дұрыс баға беріп, бірінші сатыдағы соттың шешімінің күшін жою туралы заңды және негізді шешім қабылдаған.
Сондықтан сот алқасы, АПК-нің 427-бабында көрсетілген сот актісінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіздер жоқ деген қорытындыға келіп, өтінішхатты қанағаттандырусыз қалдырады.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 8 маусымдағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті «Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Қызылорда қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесінің өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
Ғ.Ж.Мырзеке Б.Р.Ералиева Ж.М.Қашқынбаева
Көшірмесі дұрыс: Судья
Б.Р.Ералиева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.