Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 10.12.2025 по делу 6003-25-00-2к/2057 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 10 желтоқсан 6003-25-00-2к/2057 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты, құрамында: төрағалық етуші Г.Б.Бастаубаев,

судьялар А.Б.Тоқсанбаев, А.А.Даненова,

талап қоюшының өкілі Е.Т.Имадуллаев, жауапкердің өкілі С.Ж.Спатаеваның бейнеконференцбайланысы арқылы қатысуымен

ашық сот отырысында талап қоюшы Нуршат Абдихадирович Толеповтің жауапкер «Алматы қаласы коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне иелену мерзіміне байланысты меншік құқығын тану туралы талап қоюы бойынша қабылданған Алматы қаласының Алатау аудандық сотының 2025 жылғы 9 қаңтардағы шешімі және Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 6 мамырдағы қаулысына талап қоюшының берген кассациялық шағымын қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы:

Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгініп, онда 2002 жылы Алматы қаласы, Алатау ауданы, Текелі көшесі,18/2 учаскесіндегі жер теліміне және тұрғын үйге (бұдан əрі - даулы үй) меншік иесі В.В.Поповтен сатып алған. Меншік иесі қайтыс болуына байланысты сатып алу шарты жасалмаған. Сол уақыттан бері үйдің жер ауыртпалықтарын төлеп, тұрып жатқанын, бұл үй жөнінде құзырлы органдардан жəне басқа тұлғалардан наразылық даудың болмағанын, аталған тұрғын үй есепке алынып, иесіз деп танылмағанын, 23 жыл бойы адал, ашық жəне ұдайы иеленіп тұрып жатқанын көрсетіп, даулы үйге иелену мерзіміне сəйкес өзінің жеке меншік құқығын тануды сұраған.

Алматы қаласының Алатау аудандық сотының 2025 жылғы 9 қаңтардағы шешімімен талап қоюы қанағаттандырудан бас тартылған.

Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 6 мамырдағы қаулысымен шешім өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында, бірінші жəне апелляциялық сатыдағы соттардың сот актілерімен келіспей, істі қараған кезде материалдық құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, осы сот актілердің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыруды сұраған.

Кассациялық сот шағым уәждерін тексеріп, талап қошының өкілі Е.Т.Имадуллаевтың шағымды қолдаған, жауапкердің өкілі С.Ж.Спатаеваның шағымды қанағаттандырусыз қалдыру туралы түсініктерін тыңдап, төмендегі негіздерге байланысты дау бойынша жергілікті соттардың сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деп санайды.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп

соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

АПК-нің 449-бабының 1-бөлігіне сәйкес, істi кассациялық тәртiппен қарау кезiнде сот iстегі материалдар бойынша кассациялық шағымның, наразылықтың дәлелдерi шегiнде соттар шығарған сот актiлерiнiң заңдылығын тексередi.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі-АК) 240бабының 1 тармағына сәйкес мүлiктiң меншiк иесi болып табылмайтын, бiрақ өзiнiң жеке қозғалмайтын мүлкiндей жеті жыл бойы, не өзге мүлiктi кем дегенде бес жыл адал, ашық және ұдайы иеленген азамат немесе заңды тұлға ол мүлiкке меншiк құқығын (иелену мерзiмiн) алады деп белгіленген.

Аталған баптың мағынасынан, мүлiктiң меншiк иесi болып мән-жайлар жиынтығы, атап айтқанда, жеті жыл бойы адал, ашық және жылжымайтын мүлікті өз меншігі ретінде үздіксіз иелену жатады.

Сондай-ақ, мұндай құқықты тану негіздерінің бірі болып даулы мүлікті заңды түрде сатып алу туралы дәлелдемелердің болуы да танылады. Меншік құқығын тану туралы талап қоюлар азаматтық айналымға енгізілген затқа қатысты ғана қойылуы мүмкін. Ал жылжымайтын мүлік туралы мәліметтер құқықтық кадастрда болса, азаматтық айналымға енгізілген болып есептеледі.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының 2024 жылғы 27 қарашасындағы анықтамасына сәйкес, Алматы қаласы, Алатау ауданы, Текелі көшесі, 18/2 жер телімі түріндегі жылжымайтын мүліктің (кадастрлық нөмірі 20:311:031:063:18/2) иесі, 1992 жылғы 7 желтоқсандағы №6139 тіркеу куәлігі негізінде Владимир Васильевич Попов екені анықталған.

Алматы қаласы Алмалы ауданының азаматтық хал актілерін жазатын бөлімінің 2002 жылғы 17 желтоқсандағы №0008985 куәлікке сәйкес В.В.Попов, 2002 жылғы 16 желтоқсанда қайтыс болған.

Н.А.Толепов талап қоюында, ол 2002 жылғы 26 маусымда В.В.Поповтан жоғарыда көрсетілген 0,0070 га жер телімін және сол жерде орналасқан тұрғын үйді сатып алған кезде В.В.Попов оған жылжымайтын мүлікке қатысты барлық құқық белгілейтін құжаттардың түпнұсқаларын берген. Сол кезден бастап осы күнге дейін адал, ашық және ұдайы иеленіп, өз құқығын ешкімнен жасырмай, пайдаланып келуіне байланысты, жылжымайтын мүлікке иелену мерзіміне байланысты меншік иесі құқығын тануды сұраған.

Аталған даулы мүлікке меншік құқығы сатып алу-сату шартын жасасу, сыйға тарту немесе өзге де мүлікті иеленушінің иеліктен шығаруы туралы дәлелдер болған жағдайда ғана ерекше жағдайларда танылады.

Сот барысында талап қоюшы тарапынан В.В.Поповпен сатып алу-сату шартын жасасу арқылы өзіне меншік құқығында тиесілі мүлікке билік еткені туралы дәлелдемелерді ұсынылмаған, сонымен қатар, мүлік иесінің оларға

билік ету үшін қандай да бір әрекет жасағаны туралы ешқандай дәлелдер орын алғаны расталмаған.

Талап қоюшы жылжымайтын мүлікті бұрынғы меншік иесінен сатып алғанын көрсете отырып, иелену мерзіміне байланысты меншік құқығын тануды сұрап отыр.

АПК-нің 72-бабына сәйкес, әр тарап өзінің талаптарының және қарсылықтарының негізі ретінде сілтеме жасайтын мән-жайларды дәлелдеуге, қорғаныс құралдарын пайдалануға, фактілерді растауға, оларға дау айтуға, процесті адал жүргізуге сәйкес келетін және іс жүргізуге жәрдемдесуге бағытталған дәлелдемелер және дәлелдемелерге қарсы қарсылықтарды судья белгілеген мерзімде келтіруге тиіс.

Іс құжаттарына сәйкес «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының 2024 жылғы 27 қарашадағы анықтамасына сәйкес, В.В.Попов пен Н.В.Поповаға қатысты неке қию туралы акт жазбасы 1973 жылғы 8 қыркүйекте №56-221-14-0860178 Алматы қаласы, Бостандық ауданы, азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінде тіркелген. Сонымен қатар, олардың 1974 жылғы 31 шілдеде туған қызы Е.В.Попова және 1984 жылғы 15 ақпанда туған ұлы Е.В.Попов бар екендігі анықталған. Көрсетілген дау бойынша тиісті жауапкерлер болып, 2002 жылғы 16 желтоқсанда қайтыс болған В.В.Поповтың бірінші кезектегі мұрагерлері танылады.

Бұл ретте, меншік құқығын тану туралы талап құқықтық кадастрда көрсетілгендей В.В.Поповтың жеке меншік құқығымен тиесілі азаматтық айналымдағы мүлікке қатысты қойылған.

Сондықтан, жергілікті соттардың аталған дау бойынша «Алматы қаласы коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі тиісті жауапкер бола алмайды деген тұжырымдары негізді.

Осы ретте, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2006 жылғы 20 сəуірдегі №3 «Меншік иесімен тасталған тұрғын үйге құқық жөніндегі дауларды соттардың қарау практикасы туралы» нормативтік қаулысының 10 тармағына сəйкес, иелену мерзімінің ескіруі негізі бойынша тұрғын үйге меншік құқығын алу туралы талаптарды қараған кезде, АК-нің 240-бабының 1- тармағында көрсетілген мəн-жайлар жиынтығын, яғни тұрғын үйді өзінің жеке жылжымайтын мүлкіндей жеті жыл бойы адал, ашық жəне ұдайы иеленгенін ескеру қажет. Иеленудің адалдығын тұлғаның тұрғын үйді заңды жолмен иеленуі, яғни заңмен, өзге құқықтық актілермен тікелей танылған немесе оларға қайшы келмейтін, бірақ құқықтық ресімделмеген (мысалы, тұрғын үй иесінің сатып алу-сату, жалға беру шарттарының заңда көзделген нысандарын сақтамай беруі жəне тағыда басқа) əрекеттер мен оқиғалардың нəтижесінде тұрғын үйдің осы иеленушіде болуы білдіріледі. Талап қоюшы даулы үйді сатып алғаны немесе басқа заңда көрсетілген жолымен алғандығы туралы дəлелдемелерді сотқа ұсынбаған. АК-нің 1083-бабының 1,2-тармақтарында егер өсиет бойынша да заң

бойынша да, мұрагерлер болмаса не мұрагерлердiң ешқайсысының мұра алуға құқығы болмаса (осы Кодекстiң 1045-бабы), не олардың бəрi мұрадан бас тартса (осы Кодекстiң 1074-бабы), мұра иесiз қалған мүлік деп танылатыны, иесiз қалған мүлік мұраның ашылған жерi бойынша коммуналдық меншiкке ауысатыны көзделген.

Жергілікті соттар көрсетілген мән-жайларға дұрыс құқықтық баға беріп, талап қоюшының даулы мүлік үшінші тұлғалармен ауызша келісімін, не болмаса қолхат негізінде оның иелігіне өткені туралы уәждерін негізге алынбайтынын, заңмен көзделген иелену мерзіміне байланысты меншік құқығын алуға негіздердің жоқтығын ескеріп, дау айтылған мүлікке меншік құқығын тану туралы талап қоюы негізсіз деп танып, талап қоюды негізді түрде қанағаттандырусыз қалдырған.

Осылайша, жергілікті соттар істің мән-жайын толық анықтап, құқықтық баға беріп, заң нормаларын дұрыс қолданып, негізді сот актілерін қабылдаған. Іс нәтижесіне әсер еткен материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуын, өтінішхатта көрсетілген уәждер растамайды. Талап қоюшының кассациялық шағымдағы уәждері сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз болып табылмайды. Сондықтан талап қоюшының шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Алматы қаласының Алатау аудандық сотының 2025 жылғы 9 қаңтардағы шешімі және Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 6 мамырдағы қаулысы күшінде, талап қоюшы Н.А. Толеповтің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Ғ.Б.Бастаубаев

Төрағалық етуші судья

А.Б.Тоқсанбаев

Судьялар

А. А.Даненова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.