ВС РК - Постановление от 13.02.2024 по делу 6001-24-00-3гп/15 (Гражданское)

6001-24-00-3гп/15

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 13-ақпан Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында: төрағалық етуші - судья Н.Қ.Сұлтановтың, судьялар М.Т.Балкеннің, Б.Р.Ералиеваның, талап қоюшының өкілі А[...], жауапкердің өкілдері Т[...], К[...] қатысуларымен,

ашық сот отырысында мобильді бейнебайланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы «Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы Байзақ ауданының білім бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Мекеме, Тапсырыс беруші) жауапкер «BTA[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі - Серіктестік, Өнім беруші) мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану, төленген соманы өндіру туралы талап қоюмен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 7-маусымдағы шешіміне, Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 19-қыркүйектегі қаулысына Серіктестіктің келтірген өтінішхаты бойынша азаматтық істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Серіктестікпен Шарт бойынша міндеттемелердің орындалмағанын уәждеп, Мекеме жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 19-қыркүйектегі қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 7-маусымдағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған. Серіктестіктен мемлекет пайдасына 24 025 983 теңге төленген сома және 720 779 теңге мемлекеттік баж өндіріліп, мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану бөлігінде талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.

Өтінішхат иесі сот актілерімен келіспейтіндігін уәждеп, жергілікті соттар істі дұрыс шешу үшін маңызы бар мән-жайлардың шеңберін толық анықтамай, материалдық және процестік құқық нормаларының дұрыс қолданбауына сілтеме жасап, іс бойынша қабылданған жергілікті соттардың талап қоюды ішінара қанағаттандыру туралы сот актілерінің күшін жойып, талап қоюдан бас тарту туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот алқасы (бұдан әрі - сот алқасы, кассациялық алқа) арызданушының өтінішхатты қолдаған түсінігін, жауапкер өкілдерінің қарсылығын, прокурордың қорытындысын

тыңдап, өтінішхат уәждерін талқылап, іс-құжаттарын зерделеп, келесідей тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады. Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға апелляциялық алқаның тарапынан жол берілген деген пікірге келуге болады.

Азаматтық іс құжаттарынан көрінгендей, 2020 жылдың 9-сәуірінде Мекеме және Серіктестіктің арасында мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасалып, оның құны 26 695 536 теңге болып белгіленген (бұдан әрі - Шарт).

Шарт бойынша міндеттеме орындалып, ол бойынша 2020 жылғы 13-сәуірде қабылдау актісі жасалған.

Алайда, талап қоюшының уәжі бойынша жеткізілген тауарлардың 90 данасы техникалық сипаттамаға сәйкестігі тексеріліп, олардың Шарттың техникалық ерекшеліктеріне сәйкессіздіктері анықталып, ал оның 10 данасы мүлдем істен шыққаны анықталған. Кемшіліктерді орындау бойынша хабарлама жолданған, бірақ Серіктестікпен орындалмаған.

Мекеме анықталған фактілерді және дәлелдемелер ретінде сот сараптама қорытындысын, актілерді сотқа ұсына отырып, Серіктестіктіктің бұл әрекеттері білім беру процесіне кедергі келтіреді деген уәждерімен сотқа аталған талап қоюмен жүгінген.

Дегенмен жергілікті соттар, талап қоюдың 30 күндік мерзімін өткізгені үшін, мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану бөлігінде қанағаттандырусыз қалдыра отырып, 24 025 983 теңгені Серіктестіктен өндіруді жөн көрген.

Жергілікті соттардың бұндай шешімге келуіне талап қоюшының мерзімді өткізіп алып талап қоюмен жүгінуі және жауапкердің шарт бойынша міндеттемелерді орындамауы себеп болған.

Дегенмен, Серіктестік жергілікті соттардың бұл тұжырымдарымен келесі негіздермен келіспеген.

Шарт бойынша міндеттемелердің орындалуы 2020 жылы 13-сәуірде тауарды қабылдап алу актісімен расталатынын, атап айтқанда барлық тәуекелдер Шарт талаптарына сәйкес талап қоюшыға сол кезде өткенін, сондықтан Серіктестікті Шарттың техникалық ерекшеліктеріне сәйкес компьютерлерді соңына дейін сақтауға міндеттемейтінін уәждеген. Шарт бойынша тауар жеткізіліп, ол бойынша қаражат төленген. Ал, жеткізілген тауарды екі жылдай уақыт өткеннен кейін оның техникалық ерекшеліктерге сәйкес келмейді деген қорытындысымен де келіспейтінін көрсеткен, өйткені жауапкер жеткізілген компьютерлердің сақталуын қамтамасыз етуге міндетті емес екенін уәждеген. Сонымен қатар, Серіктестіктің пікірінше тауарды қабылдау кезінде талап қоюшымен қабылданған тауардың техникалық ерекшеліктерге сәйкес келетінін тексеру міндеттері бола тұра, оларды тек үш жыл өте келе кемшіліктерді анықтап, сотқа жүгінгені негізсіз деп есептейді. Алқа, жергілікті соттардың бұл дәлелдемелерді зертегенімен, бірақ оларға дұрыс баға бермеген деген түйінге келеді.

Шарттың талаптарына сәйкес, Серіктестік өзіне алған міндеттемелерді орындауды қамтамасыз ете отырып, жеткізілуге жататын тауарладың сәйкестігін қамтамасыз етуге, ал Мекеме тауардың сапасын тексеріп, оның кемшіліктері анықталған кезде тез арада Серіктестікті жазбаша хабарландыруға міндеттенген.

Сондықтан, Шарт талаптарының орындалмауы талап қоюшының заң талаптарын бұзуға алып келген деген пікірге келуге болады.

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 466бабының 2-бөлігіне сәйкес сатып алушы (алушы) қабылдаған тауар заң актiлерiнде, тауар жеткiзiлiмi шартында немесе iскерлiк айналым дағдыларында белгiленген мерзiмде қаралуға тиiс.

Сатып алушы (алушы) сол мерзiмде заң актілерінде, шартта немесе iскерлiк айналым дағдыларында белгiленген тәртiппен қабылданған тауардың саны мен сапасын тексеруге және тауардың байқалған сәйкессiздiктерi немесе кемшiлiктерi туралы тауар берушiге жазбаша түрде дереу хабарлауға мiндеттi. Талапқоюшы (сатып алушы) аталған міндеттемелерді тиісінше орындамаған. Талап қоюшы тауарды қабылдағаннан кейін сотқа тек үш жыл өткен соң шағымданған. Тиісінше, оның компьютерлердің конфигурациясы сәйкес емес деген уәждері даусыз және негізді деп санауға болмайды.

Осыған қоса, талап қоюшы сотқа соманы кері қайтару туралы талап қоюмен жүгінген кезде Шарттың талаптарын орындаудан бас тарту туралы арыз бермеген.

Сонымен қатар алқа, Шарттың 8.1. тармағына сай, оның қолданыс мерзімі 2020 жылдың 31-желтоқсанына дейін. Ал, талап қою сотқа 2023 жылдың 30-наурызында берілген.

Атаған жағдайға байланысты АК-нің 386-бабының 3-бөлігіне сәйкес шартта шарттың қолданылу мерзiмi көзделсе, осы мерзiмнiң аяқталуы, шарт бойынша тараптар мiндеттемелерiнiң тоқтатылуына әкелiп соқтырады.

Сот азаматтық істерді қарау және шешу кезінде Қазақстан Республикасы Конституциясының, Қазақстан Республикасы конституциялық заңдарының, осы Кодекстің, басқа да нормативтік құқықтық актілердің, қолданылуға жататын Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының талаптарын дәлме-дәл сақтауға міндетті (АПК-нің 6-бабының 1-бөлігі). Жоғарыдағылардың негізінде, кассациялық сот алқасы жергілікті соттардың осы істі қарау барысында АПК-нің 224-бабының талаптары сақталмай, іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымын дұрыс айқындамауы және анықтамауы, қолдануға жататын материалдық құқық нормаларының дұрыс қолданылмауына және істің дұрыс шешілмеуіне әкеп соққан деген қорытындыға келеді.

Істің мұндай тұрғысында, іс бойынша қабылданған даулы сот актілерін заңды және негізді деп тануға болмайды. Сондықтан кассациялық сот алқасы жергілікті соттардың актілерін өзгертіп, іс бойынша жаңа шешім қабылдау қажет деген түйінге келді.

Іс бойынша дәлелдемелерді жинауды және қосымша тексеруді талап етпейтінін ескере отырып, даудың мән-жайы толық анықталған, алайда

бірінші және апелляциялық сатыладрағы соттар материалдық құқық нормаларын түсіндіру мен қолдануда қателік жіберген.

АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 7 маусымдағы шешімі, Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 19 қыркүйектегі қаулысы өзгертілсін, «BTA[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен мемлекет пайдасына 24 025 983 теңге төленген сома және 720 779 теңге мемлекеттік баж өндірілген бөлігінде күші жойылып, талаптың бұл бөлігін қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдансын.

«BTA[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің пайдасына 1 081 169 (бір миллион сексен бір мың жүз алпыс тоғыз) теңге мемлекеттік баж кері қайтарылсын.

«BTA[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өтінішхаты қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

Н.Қ.Сұлтанов

Судьялар

Б.Р.Ералиева

М.Т. Балкен

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.