№6001-22-00-6ап/1419 №6001-22-00-6ап/1419 (2)
ҚАУЛЫ
2023 жылғы 17 ақпан
Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов,
судьялар – Ш.Т.Даниярова, Е.Д.Өмірәлиев,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Д[...] жауапкерлер Алматы қаласы әкімдігіне (бұдан әрі – Әкімдік), «Алматы қаласының жер қатынастар басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Жер қатынастар басқармасы), «Алматы қаласының қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Жоспарлау және урбанистика басқармасы) берген Алматы қаласы әкімінің 4/494-889 санды 2021 жылғы 8 қазандағы қаулысының талап қоюшыға қатысты бөлігін заңсыз деп тану, жауапкерлерге Алматы қаласы, Алатау ауданы, Ақбұлақ ықшам ауданы, Доспанов қөшесі, [...] үй, жалпы көлемі 0,1028 га жер телімінің 0,0300 га бөлігінің пайдалану мақсатын коммерциялық мақсатта қолдануға өзгертуден бас тарту мен келтірген заң бұзушылықты толық көлемде жоюды міндеттеу туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 30 желтоқсандағы шешімі мен Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 30 мамырдағы қаулысына жауапкерлер Әкімдік пен Жер қатынастар басқармасының келтірген кассациялық шағымдармен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Онда уәкілетті орган 2021 жылғы 8 қазандағы №4/494-889 санды қаулысының 6 тармағында Д[...] жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы арызы заңсыз қанағаттандырудан бас тартылғанын көрсеткен.
Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 30 желтоқсандағы шешімімен талап қоюы қанағаттандырылған.
Алматы қаласының әкімінің 4/494-889 санды 2021 жылғы 8 қазандағы қаулының Д[...] қатысты бөлігі заңсыз деп танылған.
«Алматы қаласы әкімінің аппараты» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің орын алған заң бұзушылықтарды жойып, талапкер Д[...] бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге, яғни жер телімі жалпы көлемі 0,1028 га жер телімінің 0,0300 га бөлігінің пайдалану мақсатын коммерциялық мақсатта қолдануға өзгерту міндеті жүктелген.
Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 30 мамырдағы қаулысымен бірінші сатыдағы шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Жауапкерлер кассациялық шағымдарында іс бойынша соттар материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, шығарылған сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған. Іс бойынша тараптар істің олардың қатысуынсыз қарауды сұрап, өтінішхат келтірген.
Сот алқасы іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктерге соттармен жол берілген.
Іс материалдарын анықталғандай, 2005 жылғы 6 сәуірдегі Алматы қаласы Әкімдігінің 2/177-08 қаулысы негізінде Д[...] Алматы қаласы, Алатау ауданы, Ақбұлақ шағын ауданы, Доспанов көшесі [...] үй, 0,1028 га жер телімі берілген.
2005 жылғы 20 қыркүйегінде Д[...] талап қоюшы Д[...] арасында сатып алу-сату келісім шарты жасалып, 2005 жылғы 7 қазанында аталған жер телімі Д[...] атына тіркеліп, [...] кадастрлық сан берілген.
Аталған жер Ж-1 функционалдық аумағында, яғни «усадьбалық жеке тұрғын үй аумағында» орналасқан.
Талап қоюшы 2021 жылғы 1 қыркүйегінде жер телімінің 0,0300 га бөлігін коммерциялық мақсатта пайдалану үшін жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуді сұраған.
2021 жылғы 8 қазанында уәкілетті орган өз кезегінде №4/494-889 санды қаулысының 6 тармағында Д[...] жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы арызын қанағаттандырудан бас тартқан.
Жергілікті соттар жауапкердің даулап отырған қаулысы қолданыстағы заң талаптарына қайшы және осы қаулы арқылы Д[...] жеке меншік құқығы шектеліп, оның заңда бекітілген жеке кәсіпкерлікпен айналасу бостандықтары мен мүдделерiн жүзеге асыруына кедергі жасалғаны туралы тұжырымға келген. Осыған қоса, Алматы қаласын дамытудың Бас жоспарының «Алматы қаласының аумағын қала құрылысының аймақтарына бөлу туралы» № 4 Қосымшасының «Ж-1. Усадьбалық (жеке тұрғын үй) құрылыс» Бөлімінің 1- ші бөлігіне сәйкес, Ж-1 аумақты функционалды пайдалану үшін бөлек тұрған тұрғын үйлермен қатар, бұл аумақтарда сауда алаңы 40 ш.м. (шаршы метр) аспайтын дүкендер ашуға рұқсат етілген.
Алайда соттардың бұл тұжырымы негізсіз болып табылады.
ӘРПК-нің 154-бабына сай соттың шешімі заңды және негізді болуға тиіс. Соттың шешімі, егер ол заңның барлық талаптарын сақтай отырып және заңның негізінде шығарылса, заңды болып танылады. Егер шешім сотқа ұсынылған дәлелдемелерді сот отырысында жан-жақты және объективті зерттеу негізінде шығарылса, ол негізді болып танылады.
Қазақстан Республикасы Жер кодексінің (бұдан әрі – Жер кодексі) 141-бабының 2- тармағының 13) тармақшасына сай республикалық маңызы бар қаланың, астананың уәкілетті органының, оның әкімшілік бағынысына берілген аумақтағы құзыретіне жер учаскелерінің бөлінетіндігі мен бөлінбейтіндігін айқындау жатады.
Жер кодексінің 51- бабының 1-тармағына сай, жер учаскесi бөлiнетiн және бөлiнбейтiн болуы мүмкiн. Өзiнiң нысаналы мақсатын өзгертпей және өртке қарсы, санитарлық, экологиялық, құрылыстық және өзге де мiндеттi нормалар мен ережелердi бұзбай бөлiктерге бөлуге болатын, бөлiнгеннен кейiн әрқайсысы дербес жер учаскесiн құрайтын жер учаскесi бөлiнетiн жер учаскесi болады, бұлай болмаған жағдайда ол бөлiнбейтiн болып табылады.
Яғни, аталған нормаға сәйкес, бөлінетін жер учаскесінің бөліктері әрқайсысы дербес жер учаскесі құрайды.
Жер учаскелерінің нысаналы мақсаты функционалдық аймақтарға сәйкес белгіленеді.
2005 жылғы 7 қазандағы жер учаскесіне меншік құқығын беретін актісіне сай даулы жер учаскесі бөлінбейтін жер учаскесі болып табылады.
Осыған байланысты, талап қоюшының жер телімі бөлігінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы арызы уәкілетті органмен қанағаттандырудан бас тартуы негізді.
Сондықтан талап қоюшыға даулы жер учаскенің нысаналы мақсатын өзгертуге дейін даулы жер учаскесінің мәртебесін, яғни бөлінбейтін жер учаскесінен бөлінетін жер учаскесіне ауыстыру қажеттілігін түсіндіру жөн.
Бұл жағдайда, жергілікті соттармен материалдық құқық нормаларының бұзылуы істің дұрыс шешілмеуіне әкеліп, АПК-нің 427-бабының бірінші бөлігі 3), 4) тармақшаларына сәйкес сот актілерінің күшін жою үшін негіз болып табылады.
Іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып сот алқасы дауланып отырған сот актілерінің күшін жойып, талап қоюшының талап қоюы қанағаттандырудан бас тартуға жатады деп санайды.
ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 30 желтоқсандағы шешімі мен Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 30 мамырдағы қаулысының күші жойылсын.
Іс бойынша жаңа шешім қабылдансын.
Талап қоюшы Д[...] жауапкерлер Алматы қаласы әкімдігіне, «Алматы қаласының жер қатынастар басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне, «Алматы қаласының қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне берген Алматы қаласы әкімінің 4/494-889 санды 8 қазан 2021 жылғы қаулысының талап қоюшыға қатысты бөлігін заңсыз деп тану, жауапкерлерге Алматы қаласы, Алатау ауданы, Ақбұлақ ықшам ауданы, Доспанов қөшесі, [...] үй, жалпы көлемі 0,1028 га жер телімінің 0,0300 га бөлігінің пайдалану мақсатын коммерциялық мақсатта қолдануға өзгертуден бас тарту мен келтірген заң бұзушылықты толық көлемде жоюды міндеттеу туралы талап қоюы қанағаттандырудан бас тартылсын.
Жауапкерлер Алматы қаласы әкімдігінің және «Алматы қаласының жер қатынастар басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымдары қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
С. Баймаханов Ш. Даниярова Е. Өмірәлиев Ш. Даниярова
Көшірмесі дұрыс. Судья
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.