ВС РК - Постановление от 18.11.2024 по делу 6001-24-00-3Г/5308 (Гражданское)

6001-24-00-3г/5308

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 18 қараша Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Ш.С. Иманиязова

арыз беруші Ж.И.Сагимбекованың мұраны қабылдау фактісін анықтау туралы арызымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған

Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов аудандық сотының 2023 жылғы 12 желтоқсандағы шешімін және Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 13 наурыздағы қаулысын қайта қарау туралы мүдделі тұлға «Ержан» ШҚ-ның басшысы Е.С.Болатбековтың өтінішхатын электрондық істі алдыру арқылы алдын ала қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Ж.И.Сагимбекова сотқа аталған арызбен жүгінген.

Тұрар Рысқұлов аудандық сотының 2023 жылғы 12 желтоқсандағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған.

Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 13 наурыздағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған. Өтінішхатта арызданушы жергілікті соттардың қабылдаған шешімдерімен келіспей, тұжырымдары істің мән-жайларына сәйкес келмейтінін көрсетіп, сот актілерінің күшін жоюды сұраған.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс құжаттарынан анықталғандай, неке қию туралы куәлікке сай 1983 жылғы 21 қыркүйекте арызданушы Ж.И.Сагимбекова мен М.Ш.Сагимбеков некеге тұрған, қайтыс болу туралы куәлікке сай М.Ш.Сагимбеков 2010 жылғы 21 қарашада қайтыс болған.

Нотариус Г.К.Рахимбаеваның 2023 жылғы 20 ақпандағы қаулысына сәйкес Ж.И.Сагимбекованың шартты жер үлесіне мұрагерлiкке құқық туралы куәлiк беру өтiнiшiн қарап, оған жер учаскесіне құқық белгілейтін құжат ұсынылмағанына байланысты нотариаттық iс-әрекет жасаудан бас тартылған.

Т.Рысқұлов ауданы әкімдігінің 2004 жылғы 21 мамырдағы №227 қаулысына сәйкес Т.Рыскулов аудандық жер комиссиясының 2004 жылғы 27 сәуірдегі жиналысының қорытындысына сай, Малдыбай ауылының 50 жанұясының өтініштері негізінде М.Урустембековке «Ауыл» ШҚ жүргізу үшін «Бекболат» ӨК-нің аумағындағы ауданның арнайы жер қорынан жалпы көлемі 200 га егістік жер уақытша өтеулі пайдалану құқығымен 10 жылға дейін ұзақ мерзімге берілген.

Т.Рысқұлов ауданы әкімдігінің 2014 жылғы 29 сәуірдегі №187 қаулысына сәйкес Е.С.Болатбековке «Ержан» ШҚ жүргізу үшін қосымша 50 жанұяның жер үлесі есебінен «Ауыл» ШҚ-ның жерінен (басшысы М.Урустембеков) бұрынғы «Бекболат» ӨК-нің аумағындағы ауданның арнайы жер қорынан жалпы ауданы 200 га егістік жер учаскесі уақытша өтеулі (жалдау) жер пайдалану құқығымен 10 жылға дейін ұзақ мерзімге берілген.

Жергілікті соттар арызды қанағаттандыру туралы актілерінде жергілікті атқарушы органның қаулыларының негізінде, арыз беруші Ж.И.Сагимбекованың қайтыс болған жұбайы М.Ш.Сагимбеков «Ауыл» ШҚның мүшесі болып келген, ол қайтыс болған соң, оның жанұясына берілген жер учаскесі 2014 жылдан бастап «Ержан» ШҚ-на өткен деп тұжырымдаған. АПК-нің 305-бабының 1-бөлігіне және 2-бөлігінің 9) тармағына, «Заңдық маңызы бар фактілерді анықтау туралы істер бойынша сот практикасы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысының 11-тармағына сүйеніп, әлеуметтік әділдік пен ақылға сыйымдылық өлшемшарттарын басшылыққа алып, Ж.И.Сагимбекованың мұрагерлiктi iс жүзiнде қабылдаған деп, осыған орай арыз қанағаттандырылуға жатады деп қорытындылаған.

Сот актілерімен келіспей, өтінішхат беруші заңнамада қарастырылған мұраны қабылдаудың екі әдісі бар (өтініш беру немесе мұраны нақты қабылдау арқылы), бірақ жергілікті соттар оларды назарға алмады деп өтінішхатта көрсеткен.

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – АК) 1072-1бабының 1-бөлігіне сай мұраны қабылдау мұра ашылған жердегі нотариусқа немесе заңға сәйкес мұра алу құқығы туралы куәлікті беруге уәкілетті лауазымды адамға мұрагердің мұраны қабылдау туралы өтінішін не мұрагердің мұраға құқық туралы куәлік беру туралы өтінішін беру арқылы жүзеге асырылады.

«Соттардың мұрагерлiк туралы заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2009 жылғы 29 маусымдағы № 5 нормативтік қаулысының 5-тармағына сай, АК-нің 1072бабының 1-тармағына сәйкес мұраны алу үшін заң бойынша немесе өсиет бойынша мұрагер оны қабылдауы тиіс. Мұраны қабылдау тәсілі мұра ашылған кезде қолданыста болған заң бойынша айқындалады.

АК-нің (ерекше бөлім) қолданысқа енгізілгенге дейін (1999 жылғы 1 шілдеге дейін) және 2007 жылғы 12 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңымен АК-ге (ерекше бөлім) енгізілген өзгерістер қолданысқа енгізілгеннен кейін (2007 жылғы 3 ақпаннан бастап) ашылған мұраны мұрагер мұраның ашылу орны бойынша нотариусқа немесе заңға сәйкес мұра алу құқығы туралы куәлікті беруге уәкілетті лауазымды тұлғаға мұраны қабылдау туралы немесе мұра алу құқығы туралы куәлікті беру туралы арыз беру арқылы не оны іс жүзінде қабылдау арқылы қабылдауы тиіс.

Мұраны іс жүзінде қабылдау деп мұрагердің мұра қалдырушы қайтыс болғаннан кейін соңғының мүлкін иеленуін және пайдалануын кәуландыратын әрекеттері, оның мүлкін ұстау мен сақтау жөніндегі әрекеттерді жүзеге асыруы, мұрагерлік мүлікке байланысты оның қарыздары мен салықтарын төлеуі не мұрагерлік массаға енгізілуге жататын мүліктік сипаттағы мұра қалдырушыға тиесілі төлемдерді, құндылықтарды алуы түсіндіріледі.

Мұрагерлер көрсетілген әрекеттерді мұра ашылған кезден бастап алты ай ішінде жасауы тиіс.

Аталған нормативтік қаулының 7-тармағына сай, егер мұрагер АК-нің 1072-1-бабының 2-тармағында көрсетілген қандай да бір әрекеттерді жасап, мұраны іс жүзінде қабылдаса, бірақ нотариус қандай да бір себептермен мұра алу құқығы туралы куәлікті беруден бас тартса, онда мұрагер сотқа ерекше іс жүргізу тәртібімен нотариустың әрекеттеріне шағым келтіруге құқылы.

Мұрагер мұраны іс жүзінде қабылдаған, бірақ мұра алу құқығы туралы куәлікті алу үшін нотариусқа қажетті даусыз дәлелдемелерді келтіре алмаған және оларды өзге де жолмен алуға мүмкіндігі болмаған жағдайда мұрагер мұраны қабылдаудың заңдық фактісін белгілеу туралы арызбен сотқа жүгінуге құқылы, арыз ерекше іс жүргізу тәртібімен қаралады. Егер, бұл ретте құқық туралы дау туындаса, онда мұндай фактіні белгілеу талап қою тәртібімен жүргізіледі.

Егер мұрагер мұрагерлікті іс жүзінде қабылдағанын куәландыратын ісәрекеттер жасаған болса, мұрагер мұраны қабылдады деп танылады.

Осы нормаларға сай аталған іс-әрекеттер алты айдың ішінде жасауға тиіс болатын, алайда, М.Ш.Сагимбеков кайтыс болғаннан кейін, одан мұраға қалған мүлікті баскару бойынша кандай да бір іс-әрекеттер жасағанын куәландыратын дәлелдемелерді Ж.И.Сагимбекова сотқа ұсынбаған және соттармен анықталмаған, М.Ш.Сагимбековқа тиісті жер үлесі бар екені айқындалмаған, аталған нормалардың талаптарын соттар елемеген деп арызданушы уәждеген.

Сондай-ақ, нотариус Г.К.Рахимбаеваның нотариаттық іс-әрекет жасаудан бас тарту туралы қаулысы іс құжаттарына тіркелген, бірақ оның қандай маңызды дәлел екенін сот зерттемеген деп өтінішхат иесі атап өткен. АПК-нің 304-бабынын 2-бөлігіне сай, егер арыз берген немесе істі ерекше іс жүргізіп қарау кезінде соттың ведомстволығына құқығы туралы даудың бар екендігі туралы белгілі болса, сот арызды қараусыз қалдыру туралы ұйғарым шығарады, онымен тараптар мен мүдделі тұлғаларға олардың талап қою ісін жүргізу тәртібімен сотқа жүгіну құқығы түсіндіріледі.

Алайда, аталған норманың талабын соттар өрескел бұзған және нормативтік қаулының 7-тармағының 2-абзацының соңғы ұсынысын сот шешімде көрсетпей, процессуалдық құқықтық норманың түсіндіру мен қолданудағы біркелкілікті бұзған, бұл ретте құқық туралы дау туындаған,

сондықтан, ол тек талап қою өндірісінде қаралуға жатады деп Е.С.Болатбеков өтінішхатта назар аударған.

Т.Рысқұлов ауданы әкімдігінің 2014 жылғы 29 сәуірдегі №187 қаулысы қабылданған кезде, даулы құқықтық қатынастар туындағанда, 1998 жылғы 31 наурыздағы «Шаруа немесе фермер қожалығы туралы» Заңы (бұдан әрі – Заң) қолданыста болған.

Заңның 8-бабының 4-тармағына сай Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес барлық меншік иелерін (жер пайдаланушыларды) көрсете отырып, шаруа немесе фермер қожалығы мүшелерінің атына жер учаскесіне құқық белгілейтін құжат жасалуға тиіс.

Әкімдіктің қаулысында және жер учаскесін жалға алу шарттың бірде-бір тармағында қайтыс болған М.Ш.Сагимбеков жер учаскесінің пайдаланушысы болып табылатыны және басқа жер пайдаланушылардың аты-жөндері көрсетілмеген, сондай-ақ, қаулыға жер пайдаланушылар енгізілмеген және кейіннен салық органында жеке тұлғаларды тіркеу үшін «Ауыл» ШҚ-ның мүшелерінің тізімі қоса берілмеген, осы уақытқа дейін жер учаскелерін оның иелену және пайдалану құқығы расталмаған, алайда Заңның 2-бабының 2-тармағын, 8-бабының 4-тармағын соттар ескермеген, осы мән-жайларға тиісті баға бермеген деп өтінішхатта көрсетілген. Іс материалдарын алдын ала зерделеу, арызданушының өтінішхатында келтірген уәждері және жоғарыда көрсетілген түйіндер дау айтылған сот актілерін қайта қарау үшін кассациялық сатының сот мәжілісінде қарауға жататын негіздер бар екенін көрсетеді.

АПК-нің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, судья

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Тұрар Рысқұлов аудандық сотының 2023 жылғы 12 желтоқсандағы шешімін және Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 13 наурыздағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы өтінішхатты іспен бірге Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының сот отырысында қарау үшін берілсін.

Қаулының көшірмесі іске қатысушы тараптарға жолдансын.

Судья Ш.Иманиязова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.