ҚАУЛЫ
2025 жылғы 10 қыркүйек 6003-25-00-4к/451 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші – Д.Ә.Әбдіғалиев судьялар – Г.М.Ыдырысова, М.А.Қасымов болып,
прокурор С.Пернеевтың, талап қоюшының өкілі Б.Ж.Әбенова, жауапкердің өкілі Б.Д.Салмақованың қатысуыларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы «Павлодар қаласы жер қатынастар бөлімі» мемлекеттік мекемесінің (әрі қарай - Бөлім) жауапкер «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің жер ресурстарын басқару комитеті Павлодар облысының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (әрі қарай - Департамент) нұсқаманың күшін жою туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған
Павлодар облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылы 29 қазандағы шешіміне, Павлодар облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 20 ақпандағы қаулысына жауапкердің тарапынан келтірілген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Павлодар облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 29 қазандағы шешімімен талап қою толығымен қанағаттандырылған.
Павлодар облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 20 ақпандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Жауапкер кассациялық шағымында бірінші сатыдағы соттың шешімі мен апелляциялық сатыдағы соттың қаулысымен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, талап арызды қайтаруды, кассациялық шағымын қанағаттандыруды сұраған.
Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттарға қатысқан өзге тұлғалар сот отырысының күні, уақыты және форматы туралы тиісті түрде хабардар етілгеніне қарамастан, сотқа келмеген және келмеу себептері туралы сотқа мәлімет бермеген.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (әрі қарай - ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды. Кассациялық сот тараптар өкілдерінің түсініктемелерін және прокурордың қорытындысын тыңдап, кассациялық шағымның дәлелдерін тексеріп, іс құжаттарын зерттеп, ұсынылған дәлелдемелерді бағалай келе, келесідей қорытындыға келеді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (әрі қарай - ӘРПК) 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (әрі қарай - АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Жергілікті соттар тарапынан мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексі (әрі қарай - Кәсіпкерлік кодексі) 144-бабының 4-тармағына сәйкес, бақылау және қадағалау органы адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделеріне төнген тікелей қатердің алдын алу және (немесе) оны жою мақсатында, нақты бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) қатысты жоспардан тыс тексеруді тағайындауға негіз болған нақты фактілер мен мән-жайлар бойынша тағайындайтын тексеру жоспардан тыс тексеру болып табылады.
Сотта анықталғандай, азамат Р.А.Нурхановтың өтініші негізінде Департамент – Павлодар қаласы, Проезд К, 2/1 мекенжайында орналасқан жер учаскелерін нысаналы мақсатымен беру туралы 2023 жылы 31 тамыз - 2023 жылы 13 қыркүйек аралығында Бөлімге қатысты жер заңнамасының сақталуына жоспардан тыс тексеру жүргізген.
Тексеру қорытындысы бойынша Бөлімге заң бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілген.
Нұсқаманың 6-тармағына сәйкес Бөлімнен келесі шараларды қолдану туралы талап етілді: 1) 2009 жылы 24 желтоқсанда № 1680/28, 2023 жылы 1 маусымда № 730/1 Павлодар қаласы әкімдігінің қаулыларының күшін жою туралы қаулысының жобасын дайындау; 2) жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару; 3) қаулылардың тіркеуші органда мемлекеттік тіркелуінің күшін жою.
Бөлім анықталған бұзушылықтарды жою туралы шығарылған нұсқамасымен келіспей, сотқа аталған талап қоюмен жүгінген.
Қазақстан Республикасы Жер кодексінің (әрі қарай – Жер кодексі) 17бабына сәйкес жер учаскелерін жеке меншікке және жер пайдалануға беру жергілікті атқарушы органның құзыретіне жатады. Жер кодексінің 148-бабының 1-тармағының 6) тармақшасына сәйкес жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың: жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушыларға, сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының, Мемлекеттік корпорацияның лауазымды адамдарына, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдеріне Қазақстан Республикасы жер заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы орындау үшін міндетті нұсқамалар беруге құқығы бар.
Кассациялық сот жергілікті соттардың талап арызды қанағаттандыру жөніндегі тұжырымдарын келесі негіздер бойынша заңды әрі негізді деп есептейді.
Іс бойынша Павлодар қаласының әкімі (әрі қарай - әкім) тарапынан жер учаскелерін беру кезінде заң бұзушылықтарға жол берілгендігі анықталуына орай, Бөлім аталған тексерудің тиісті субъектісі болып табылмайды. Яғни, тексеру объектісі әкім болу керек.
Осыған байланысты, әкімдік қаулыларының күшін жою туралы нұсқама әкімге шығарылу қажет. Бөлімнің құзыретіне әкімдіктің қаулылары негізінде жасалған жер учаскесін жалдау шартын жасасу және бұзу жатады. Бірақ, нұсқамада Бөлімге осындай нұсқаулар қойылмаған.
Істің бұл тұрғысында соттардың талап қоюды қанағаттандыруы заңға сәйкес қабылданған. Соттардың келтірген негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.
АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс. АПК-нің 427-бабының үшінші бөлігіне сәйкес, мәні бойынша дұрыс сот шешімінің күші бір ғана формальды пайымдаулар бойынша жойылмайды. Материалдық немесе процестік құқық нормаларының бұзылуы немесе дұрыс қолданылмауы, егер осы бұзушылық дұрыс шешім қабылдамауға әкеп соқса немесе әкеп соғуы мүмкін болса, соттың шешімін өзгертуге немесе күшін жоюға негіз болып табылады. Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Жоғарыда аталғанның негізінде, бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың сот актілері күшінде қалдырылуға жатады. ӘРПК-нің 169-бабын, АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Осы іс бойынша Павлодар облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылы 29 қазандағы шешімі мен Павлодар облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 20 ақпандағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Д. Әбдіғалиев
Судьялар
Г. Ыдырысова
М. Қасымов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.