ВС РК - Постановление от 14.05.2025 по делу 6001-24-00-6ап/3436 (Административное)

6001-24-00-6ап/3436

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 14 мамыр Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев, судьялар – Г.К. Нұрбаев, Е.Ж. Өмірәлиев,

өзінің ашық сот отырысында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот мәжіліс залында талап қоюшы Бақдәулет Төребекұлы Төребектің жауапкер Қызылорда облысының жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының жеке сот орындаушысы Есен-Аман Батырбекұлы Хабыловтың атқарушылық іс жүргізуді қозғау туралы және берешекті анықтау туралы қаулыларын заңсыз деп танып, олардың күшін жою туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 9 қыркүйектегі шешіміне және Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 16 қазандағы қаулысына мүдделі тұлғаның кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы Б.Т.Төребек жоғарыда көрсетілген талап арызбен сотқа жүгініп, негіздемесінде сот орындаушысының атқарушылық іс жүргізуді қозғау және берешекті анықтау туралы қаулылары атқарушылық заңнама талаптарына сәйкес келмейтінін, себебі ЖСО М.Бекжановтың 2021 жылғы 28 қыркүйектегі қаулысымен өндіріп алушы М.Қ.Төребектің пайдасына алимент өндіру туралы атқарушылық іс жүргізу тоқтатылғанын көрсеткен.

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 9 қыркүйектегі шешімімен, өзгеріссіз қалдырылған Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істері жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 16 қазандағы қаулысымен талап арыз қанағаттандырылған.

Мүдделі тұлға М.Қ.Төребек кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған жергілікті соттардың сот актілерімен келіспейтінін, себебі іс біржақты қаралғанын, құқықтық заң нормалары дұрыс қолданылмағанын көрсете келе, олардың күшін жойып, талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Тиісті түрде хабарланған тараптар кассациялық саты сотының отырысына келмеуі Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сай істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді.

Сот алқасы іс құжаттарын жан-жақты зерттеп, шағым уәждерін талқылап төмендегідей тұжырымға келді.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Жергілікті соттар тарапынан мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Іс құжаттарына қарағанда, Қызылорда қалалық сотының 2021 жылғы 20 қыркүйектегі сот бұйрығымен өндіріп алушы М.Қ. Төребектің пайдасына Б.Т.Төребектен кәмелетке толмаған балаларын асырап бағу үшін 2021 жылғы 17 қыркүйектен бастап және кәмелетке толғанға дейін ай сайын еңбек ақысының және (немесе) өзге де кірістерінің 1/3 мөлшерінде алимент өндірілген.

Сот бұйрығы негізінде ЖСО М.Бекжановпен 2021 жылғы 21 қыркүйекте атқарушылық іс жүргізу өндірісі қозғалып, 2021 жылғы 28 қыркүйекте атқарушылық іс жүргізуді тоқтату туралы қаулы қабылдаған.

2024 жылғы 20 мамырда ЖСО Е.Хабыловпен атқарушылық іс жүргізуді қайта қозғау туралы қаулы қабылдап, алимент бойынша берешекті анықтау туралы қаулы қабылдаған.

«Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 38-бабында сот орындаушысының атқарушылық іс жүргізуді қозғауға құқығы, сонымен қатар атқарушылық іс жүргізуді қозғаудан бас тарту негіздері көрсетілген.

Сот орындаушысы өзіне атқарушылық құжат келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде осы негіздердің бар-жоғын тексеріп, іс жүргізуді қозғау немесе қозғаудан бас тарту туралы шешімін қабылдауы қажет.

Заңның жоғарыда аталған 38-бабының бірінші тармағының 5) тармақшасында атқарушылық құжат бұрын орындауға ұсынылған болса және атқарушылық іс жүргізу осы Заңның 47-бабының 1-тармағында көзделген негіздер бойынша тоқтатылған болса, атқарушылық іс жүргізуді қозғаудан бас тарту туралы қаулы шығарылатыны бекітілген.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, атқарушылық құжат бұрын орындауға ұсынылып, ол бойынша атқарушылық іс жүргізу осы Заңның 47-бабының 1-тармағы 1) тармақшасымен, яғни өндiрiп алушы өндiрiп алудан бас тартуына байланысты 2021 жылғы 28 қыркүйектегі қаулысымен тоқтатылған.

Атқарушылық іс жүргізуді тоқтату туралы сот орындаушысының қаулысында атқарушылық құжатты сотқа ұсыну мерзімін сот қалпына келтірген немесе сот орындаушысының іс жүргізу тоқтатылған атқарушылық құжатты орындау жөніндегі әрекеттері заңсыз деп танылған жағдайларды қоспағанда, тоқтатылған атқарушылық іс жүргізуді қайта бастауға болмайтыны көрсетілген. Жоғарыда аталған сот орындаушының қаулысы тиісті түрде дауланбаған, заңды күшінде. Сот орындаушысының іс жүргізу тоқтатылған атқарушылық құжатты орындау жөніндегі әрекеттері заңсыз деп танылмаған. Яғни, төменгі сатыдағы соттардың ЖСО Е.Хабыловтың атқарушылық іс жүргізуді қозғау туралы қаулы қабылдауы Заңның 38-бабының бірінші тармағы 5) тармақшасының, 47-бабының 2-тармағының талаптарына қайшы келеді деген тұжырмыдары дұрыс.

Мұндай жағдайда төменгі сатыдағы соттармен іс үшін маңызы бар мәнжайлар ауқымы дұрыс айқындалған, материалдық заң нормалары дұрыс қолданылған, процестік құқық нормалары бұзылмаған.

АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актілерін өзгертуге немесе олардың күшін жоюға негіз бола алмайды.

Мұндай жағдайда мүдделі тұлғаның кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 9 қыркүйектегі шешімі және Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істері жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 16 қазандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Мүдделі тұлға Маржан Қалжанқызы Төребектің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Дуйсенбаев Г.Б.

Судьялар

Нұрбаев Г.К.

Өмірәлиев Е.Ж. Көшірмесі дұрыс. Судья

Дуйсенбаев Г.Б.

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.