6001-23-00-6ап/3375
ҚАУЛЫ
2024 жылғы 13 маусым
Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев, судьялар – Ғ.Ө. Әлжанов, Г.К. Нұрбаев болып,
талап қоюшының өкілі Т[...],
мүдделі тұрғаның өкілі Р[...] қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы А[...] жауапкер «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясы Түркістан облысы бойынша филиалына (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) әрекеттерін заңсыз деп тану, жер учаскелерінің бұрылыс нүктелеріне қайталама өлшемдерді жүргізу жолымен беттесулерін жоюды міндеттеу, жер учаскелерінің конфигурациясын өзгерту бойынша жерге орналастыру жобасын әзірлеуді міндеттеу туралы талап қою арызы бойынша қабылданған,
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 2023 жылғы 6 қыркүйектегі және Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 5 қазандағы ұйғарымдарына талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
А[...] сотқа жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен жүгініп, аталған жер учаскелері мүдделі тұлғаның жер учаскелерімен беттесетіні туралы жауапкер мекемемен түзілген актілер бойынша 2022 жылғы 30 қыркүйегінде белгілі болғанын, осы уақыттан бері талап қоюшының құқығы бұзылғанын көрсетіп, сотқа талап қоюды беруге арналған мерзімді қалпына келтіруді сұраған.
Сонымен қатар, өзінің меншігіндегі өнім шығаратын ғимаратының жер учаскесіне «K[...]» ЖШС-нің жер учаскесі беттесіп орналасуына байланысты өз өнімдерін тиеп жүктеу үшін автокөліктердің кіре алмай жатқандығын көрсеткен.
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 6 қыркүйектегі ұйғарымымен сотқа жүгіну мерзімі өтіп кетуіне байланысты қалпына келтіруден бас тартылып, талап арыз кері қайтарылған. Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 5 қазандағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы сот ұйғарымы өзгеріссіз күшінде қалдырылған.
Талап қоюшының өкілі кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспей, соттардың материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, сот актілерінің күшін жоюды сұраған.
Сот алқасы, талапкер өкілі Т[...] кассациялық шағым уәждерін қолдаған пікірін, мүдделі тұлға өкілі Р[...] пікірін тыңдап, әкімшілік іс құжаттарын жан-жақты зерттеп, шағым уәждерін талқылап, келесі қорытындыға келді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169 бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Жергілікті соттар тарапынан мұндай кемшіліктер орын алған.
Төменгі саты соттары талап арызды қайтару туралы шешім қабылдағанда талап қоюшы А[...] өзінің осы дау бойынша құқығының бұзылғанын 2021 жылдың сәуірінен бастап, яғни екі жылдан астам уақыт бұрын белгілі болғанын негізге алып, талап қоюшы сотқа жүгіну мерзімін дәлелді себептерсіз өткізіп алған деп тұжырымдаған.
Сот алқасы төменгі сатыдағы соттардың тұжырымдарын заңды әрі негізді деп санауға болмайды, ол тұжырымдар іс бойынша анықталған нақты мәнжайларға сәйкес келмейді және материалдық құқық нормаларына қайшы жасалған деп санайды деп есептейді.
ӘРПК-нің 5-бабына сәйкес, әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жарияқұқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады.
ӘРПК-нің 136-бабының 5-бөлігіне сәйкес, құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері әкімшілік актіде қозғалатын, әкімшілік рәсімге қатыспаған адам әкімшілік актінің қабылданғаны туралы адам білген немесе білуі мүмкін болған күннен бастап бір ай ішінде, бірақ ол қабылданған күннен бастап бір жылдан кешіктірмей сотқа талап қоюды беруге құқылы. Іс құжаттарына қарағанда талап қоюшы өзінің бұзылған құқықтарын қалпына келтіру жөнінде 2023 жылдың 10 наурызында Түлкібас аудандық тіркеу және жер кадастры бөліміне арызданып, соңғының тексеру қорытындысы бойынша Мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде межелік нүктелер қате енгізілгенін анықтаған.
Орын алған қателікті қалпына келтіру жөнінде Түлкібас аудандық тіркеу және жер кадастр бөлімі Мемлекттік тіркеу органына ұсыныс енгізген, алайда ол ұсыныс орындалмағандықтан талапкерге тиісті түрде хабарлаған, бұл мәнжайлар жергілікті соттармен іс бойынша анықталған мән-жайларға дұрыс құқықтық баға бермегені, талапкердің сотқа жүгіну мерзімі дәлелді себептерсіз өткізіп алған тұжырымдары қате қорытынды жасағанын білдіреді.
Істің мұндай тұрғысында, сот алқасы жергілікті соттардың қабылдаған сот актілері толығымен жойылып, талапкердік сотқа жүгіну мерзімі қалпына келтіріліп, істі негізінен қарау үшін бірінші саты сотына жолдануға, ал талапкер өкілінің кассациялық шағымы толық көлемде қанағаттандырылуға жатады деп есептейді.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 5) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 2023 жылғы 6 қыркүйектегі ұйғарымы және Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 5 қазандағы ұйғарымының күші жойылып, іс негізі бойынша қайта қарау үшін бірінші сатыдағы сотқа жолдансын.
Талап қоюшының өкілі Т[...] кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші Г.Б. Дуйсенбаев
Судьялар
Ғ.Ө. Әлжанов Г.К. Нұрбаев
Көшірмесі дұрыс. Судья
Г.Б. Дуйсенбаев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.