КСАД РК - Постановление от 06.08.2025 по делу 6003-25-00-4к/47 (Административное)

2025 жылғы 6 тамыз 6003-25-00-4к/47 Астана қаласы

ҚАУЛЫ

Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:

төрағалық етуші – судья Ж.Оспанова,

судьялар Г.Ыдырысова, М.Қасымов болып,

талап қоюшы Н. Кузербаев пен өкілі А.Амангалиевтің,

жауапкерлер өкілдері И.Көкжалова, Г.Дюсекина, А.Мунтыновтың қатысуымен ашық сот отырысында

талап қоюшы Нуржан Таженович Кузербаевтың жауапкерлер «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Министрлік), «Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет)» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі–Агенттік)

еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін тағайындаудан бас тарту әрекеттерін заңсыз деп тану туралы талап қоюы бойынша қабылданған

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 30 шілдедегі шешіміне, Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 30 қазандағы қаулысына жауапкер Агенттіктің кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Н. Кузербаев жоғарыда аталған талаппен сотқа жүгінген.

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 30 шілдегі шешімімен Н.Кузербаевтың талабы ішінара қанағаттандырылған.

Агенттіктің Н.Кузербаевқа еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін тағайындаудан бас тарту әрекеті заңсыз деп танылған.

Аталған жауапкерге соттың құқықтық ұстанымын ескере отырып, жіберілген кемшіліктерді жою міндеттелген.

Талаптың жауапкер Министрлікке қатысты бөлігін қанағаттандырудан бас тартылған.

Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 30 қазандағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Сот актілерімен келіспей, олардың күшін жоюды сұрап, Агенттік кассациялық шағым берген. Шағым иесі іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымының дұрыс айқындалмағанын, материалдық құқық нормаларының бұзылуы даудың дұрыс шешілмеуіне әкеп соққанын алға тартқан.

Жауапкер өкілдерінің кассациялық шағымды қолдаған түсініктерін, талап қоюшы мен өкілінің қарсы пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, кассациялық сот төмендегідей тұжырымға келеді. Қазақстан Республикасы Әкімшілік іс жүргізу кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің – (бұдан әрі АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Осы іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алған.

Істің мән-жайларына қарағанда, Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің 2014 жылғы 18 қарашадағы №Л-136 бұйрығының (бұдан әрі - №Л-136 бұйрық) негізінде қаржы полициясының подполковнигі Н.Кузербаев Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің (бұдан әрі - Еңбек кодексі) 51бабының 3) тармақшасына, 54-бабының 1-тармағаның 1) тармақшасына, 55бабына, 56-бабының 1-тармағына, 110-бабына, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 6 тамыздағы №883 Жарлығына сәйкес қаржы полициясы органдарының таратылуына байланысты атқаратын лауазымынан босатылып, Қазақстан Республикасы қаржы полициясы органдарынан шығарылған. Қызметтен босатылған уақытта Н.Кузербаевтың жалпы еңбек өтілі 25 жыл 8 ай 6 күнді, оның ішінде үзіліссіз еңбек өтілі 13 жыл 8 ай 1 күнді құраған.

Н.Кузербаевқа зейнетақы төлемдері тағайындалмаған.

Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі (бұдан әрі-Әлеуметтік кодекс) қолданысқа енгізілуіне байланысты Н.Кузербаев 2024 жылғы 25 наурызда Агенттікке еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы арызбен жүгінген.

2024 жылғы 12 сәуірде Агенттік қаржы полициясының құқық мирасқоры болып табылмайтынын, бұрын қаржы полициясы органдарында қызмет атқарған қызметкерлерге зейнетақы тағайындауды Министрлік жүзеге асыратынын, сондықтан зейнетақы төлемдерін тағайындау мәселесі бойынша Министрлікке жүгінуі қажет екенін, керекті құжаттарды Министрлікке ұсынуға дайын екенін көрсетіп, зейнетақы тағайындаудан бас тартқан.

Агенттіктің зейнетақы төлемдерін тағайындаудан бас тартуымен келіспей, Н.Кузербаев аталған талап қоюмен сотқа жүгінген. Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар талапты қанағаттандырып, Агенттіктің Н.Кузербаевқа зейнетақы төлемдерін тағайындаудан бас тартуын заңсыз деп танығанда, талап қоюшының еңбек өтілі аталған зейнетақы түрін тағайындауға жеткілікті екенін, Агенттік қаржы полициясы органдарының құқықтық мирасқоры емес екенін, алайда бұрынғы қаржы полициясы органдарының міндеттері Агенттікке, оның жергілікті департаменттеріне және талап қоюшының жеке ісі «Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Түркістан облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне берілгенін негізге алған. Жалпы құқықтық болып табылатын заңдылық, әділдік, мөлшерлестік, ақылға қонымдылық қағидаттарын басшылыққа алып, барлық күмәндар, заңнамадағы көмескіліктер талап қоюшының пайдасына шешілуге жатады деген тұжырыммен талап қоюшының Агенттікке қойған талабын қанағаттандырған.

Бұл тұжырымдармен кассациялық сот төмендегі негіздермен келіспейді. Еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдеріне құқықты іске асыру шарттары құқық қорғау қызметін атқарған адамның қызметтен босатылған сәтінде белгіленеді.

Н.Кузербаев құқық қорғау саласындағы қызметін тоқтатқан уақыт - 2014 жылдың қараша айына қолданыстағы заңнамаға сәйкес құқықты іске асыру шарттары болмаған.

Сол уақытта қолданыста болған «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасының 2013 жылғы 21 маусымдағы Заңының ( бұдан әрі – Зейнетақы туралы заң, Заң ) 64бабының 1-тармағында әскери қызметшiлердiң (мерзiмдi қызметтегі әскери қызметшiлердi қоспағанда), арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің арнаулы атақтар, сыныптық шендер берiлген қызметкерлерiнiң, сондай-ақ арнаулы атақтар, сыныптық шендер алу және нысанды киiм киiп жүру құқықтары 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап жойылған мына:

  1. әскери қызметте, арнаулы атақтар, сыныптық шендер берiлiп, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарындағы, мемлекеттік фельдъегерлік қызметтегі қызметте кемiнде жиырма бес жыл еңбек сiңiрген, қызметте болудың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген шектi жасына толған;

  2. әскери қызметте, арнаулы атақтар, сыныптық шендер берiлiп, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарындағы, мемлекеттік фельдъегерлік қызметтегі қызметте кемiнде жиырма бес жыл еңбек сiңiрген, штаттың қысқартылуына байланысты, өзінің еркі бойынша және денсаулық жағдайына байланысты қызметтен шығарылған;

  3. офицерлердің, прапорщиктердің (мичмандардың), арнаулы атақтар, сыныптық шендер берiлген арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің, құқық қорғау органдарының, мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің орта, аға және жоғары басшы құрамындағы адамдарының, сондай-ақ әскери қызметтi келiсiмшарт бойынша өткерiп жүрген, әскери қызметте және арнаулы атақтар, сыныптық шендер берiлiп, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарындағы қызметте болудың белгiленген шектi жасына толуына, штаттың қысқартылуына немесе денсаулық жағдайына байланысты қызметтен шығарылған, жиырма бес және одан да көп жыл жалпы еңбек өтілі бар, олардың кемiнде он екі жылы мен алты айын үзіліссiз әскери қызмет, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарындағы, мемлекеттік фельдъегерлік қызметтегі қызмет құрайтын адамдардың еңбек сiңiрген жылдары үшiн зейнетақы төлемдерiн алуға құқығы бар деп көрсетілген.

Яғни еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алуға құқық туындауы үшін қызметкер келесі келтірілген талаптардың біріне сәйкес келуі қажет болған: 1) қызметте тұрудың шекті жасына жетуі және кемінде 25 жыл еңбек сіңірген жылы болуы;

  1. кемінде 25 жыл еңбек сіңірген жылы болып, штаттың қысқартылуы денсаулық жағдайы немесе өз еркі бойынша қызметтен босатылуы; 3) шектi жасына жетуi бойынша, штатты қысқарту немесе денсаулық жағдайы бойынша қызметтен босатылған, жиырма бес жыл және одан да көп жалпы еңбек стажы бар, оның кемiнде он екi жыл алты айында үздiксiз әскери қызмет және ішкi iстер органдарында қызмет атқарған болуы. Талап қоюшы Н.Кузербаев қызметтен босатылған уақытта оның еңбек сіңірген жылдары 25 жылдан кем болған (17 жыл 7 ай 9 күн) және жасы қызметте тұрудың шекті жасына толмаған (майор арнаулы атағы бойынша - 48 жас, подполковник-50 жас), осыған орай Заңның 64-бабының бірінші тармағының 1), 2) тармақшаларына сәйкес зейнетақы төлемдерiн алуға құқығы болмаған.

Аталған баптың бірінші тармағының 3) тармақшасы бойынша да зейнетақы тағайындауға оның қызметтен босатылу негізі сәйкес келмеген. Жоғарыда келтірілгендермен қатар, кассациялық сот келесіні атап өтеді.

Азаматтық заң қалыптары оларда айтылған сөздердiң дәлме-дәл мәнiне сәйкес түсiнiлуге жатады. «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 6 қаңтардағы № 380-IV Заңының 1-бабының 9) тармақшасында құқық қорғау органының қызметкері ретінде құқық қорғау органдары жұмыскерлерінің арасынан арнаулы атақ немесе сыныптық шен берілген Қазақстан Республикасының азаматы түсіндірілген. Яғни құқық қорғау органының қызметкері ретінде осы органда қызмет өткеріп жүрген, еңбек қатынастарында тұратын азамат ұғынылады. Төменгі саты соттары Н.Кузербаевтың талабын қанағаттандырғанда, Әлеуметтік кодекстің 212-бабы бірінші тармағы 3) тармақшасын басшылыққа алып, осы тармақшада қамтылған нормаларға сәйкес оның зейнетақы алуға құқығы бар деп таныған. Алайда аталған 212-баптың бірінші тармағында көзделген құқық осы тармақта көрсетілгендерге: әскери қызметшілерге (мерзімді қызметтегі, резервтегі әскери қызметті өткеріп жүрген әскери қызметшілерден басқа), арнаулы мемлекеттік органдар және құқық қорғау органдары, азаматтық қорғау органдары, мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлеріне тиесілі. Талап қоюшы бұл көрсетілген санаттарға жатпайды, сондықтан Әлеуметтік кодекстің 212-бабы бірінші тармағы 3) тармақшасы оған қолданылмайды.

Көрсетілгенді ескере отырып, төменгі саты соттарының даулы қатынастарға Әлеуметтік кодекстің ережелерін қолдануға құқықтық негіздері болмаған.

Істің бұл тұрғысында істі жаңадан қарауға жібермей, сот актілерінің күшін жойып, талапты қанағаттандырусыз қалдыру жайлы жаңа шешім қабылдануға жатады. ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы 2-бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 30 шілдедегі шешімі мен Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 30 қазандағы қаулысының күші жойылсын.

Талап қоюшы Нуржан Таженович Кузербаевтың жауапкерлер «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі» мемлекеттік мекемесіне, «Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) мемлекеттік мекемесіне талап қоюын қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдансын. Жауапкер «Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы қанағаттандырылсын. Төрағалық етуші

Ж. Оспанова

Судьялар

Г. Ыдырысова

М. Қасымов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.