Қ А У Л Ы
2026 жылғы 19 ақпан №6003-25-00-2к/4741 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында
төрағалық етуші судья К.Р.Айтжанов, судьялар Н.А.Жумагулова, Н.О.Косанов,
прокурор А.С.Камашевтың, талап қоюшы өкілдері А.Ермағамбетовтың және Н.К.Нагиметовтың, жауапкер өкілі Р.Н.Тасыбаевтың қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы Ақтөбе облысы «Әйтеке би аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Бөлім) жауапкер «Engineering and construction group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін (бұдан әрі - Cеріктестік) мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану, тұрақсыздық айыбын және алдын ала төленген соманы өндіру туралы электрондық форматтағы азаматтық істі жауапкердің Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының (бұдан әрі - МАЭС) 2025 жылғы 31 наурыздағы шешімі (бұдан әрі - сот шешімі) мен Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 8 шілдедегі қаулысына (бұдан әрі - алқа қаулысы) берген кассациялық шағымымен қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы :
Бөлім сотқа аталған талап қоюмен жүгініп, оны Серіктестік шарттар бойынша міндеттемелерін орындамағанымен негіздеген.
Алқа қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған сот шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылып, Серіктестіктен мемлекет кірісіне 27 059 186 теңге тұрақсыздық айыбы, 62 936 769 теңге алдын ала төленген сома, 2 699 879 теңге мемлекеттік баж өндірілген.
Cеріктестік кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, талапты қанағаттандырудан бас тарту жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.
Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын және прокурордың сот актілері өзгеріссіз, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады деген қорытындысын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Мұндай бұзушылықтар іс бойынша орын алмаған.
Жергілікті соттар Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 272, 273-баптарын және тараптардың арасында құқықтық қатынастар туындаған кезде қолданыста болған «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасы Заңын (бұдан әрі - Заң) дұрыс қолданып, іс үшін маңызы бар
мән-жайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасаған.
Анықталғаны, 2023 жылғы 1 наурызда мемлекеттік сатып алудың рейтингтік-балдық жүйе пайдаланылатын конкурс тәсілімен тараптар арасында №19 құрылыс саласындағы жұмыстарды мемлекеттік сатып алу туралы үлгілік шарт жасалған.
Шарттың ажырамас бөлігі болып табылатын №1 қосымшаға сәйкес Серіктестік «Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы Ұлғайсын ауылында су құбыры желілерінің құрылысы» объекті (бұдан әрі - Ұлғайсын объектісі) бойынша 5 ай мерзім ішінде құрылыс жұмыстарын орындауға міндетіне алған.
Шарттың жалпы сомасы 238 232 582,39 теңгені құраған.
Уәкілетті органнан KZ84REA00331582 рұқсат талоны 2023 жылғы 15 мамырда беріліп, жұмыстарды аяқтау мерзімі 2023 жылғы 15 қазан деп белгіленген. 2024 жылғы 28 мамырдағы KZ65REA00442019 рұқсат талоны негізінде жұмыстарды аяқтау мерзімі 2024 жылғы 31 желтоқсанға дейін белгіленген.
Тараптар арасында 2023 жылғы 26 шілдеде 115 273 373 теңгеге, 2023 жылғы 29 қыркүйекте 6 033 214,08 теңгеге, барлығы 121 306 587 теңгеге орындалған жұмыстар актілері бекітілген.
Шарт бойынша Бөліммен Серіктестікке барлығы алдын ала төлем (аванс) ретінде 71 469 774,72 теңге, орындалған жұмыстар актілері бойынша 84 612 950,25 теңге, барлығы 156 082 725 теңге төленген.
2023 жылғы 6 наурызда мемлекеттік сатып алудың рейтингтік-балдық жүйе пайдаланылатын конкурс тәсілімен тараптар арасында №25 құрылыс саласындағы жұмыстарды мемлекеттік сатып алу туралы үлгілік шарт жасалған.
Шарттың ажырамас бөлігі болып табылатын №1 қосымшаға сәйкес Серіктестік «Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы Аққұм ауылында су құбыры желілерінің құрылысы» объекті (бұдан әрі - Аққұм объектісі) бойынша 6 ай мерзім ішінде құрылыс жұмыстарын орындауға міндетіне алған.
Шарттың жалпы сомасы 266 983 521,17 теңге құраған. Уәкілетті органнан KZ26REA00331656 рұқсат талоны 2023 жылғы 15 мамырда беріліп, жұмыстарды аяқтау мерзімі 2023 жылғы 15 қараша деп белгіленген. 2024 жылғы 29 тамыздағы KZ32REA00414968 рұқсат талоны негізінде жұмыстарды аяқтау мерзімі 2024 жылғы 31 желтоқанға дейін белгіленген.
Тараптар арасында 2023 жылғы 26 шілдеде 124 978 447 теңгеге, 2023 жылғы 29 қыркүйекте 20 542 911,79 теңгеге, 2024 жылғы 26 тамызда 24 169 572,90 теңгеге, барлығы 169 690 932 теңгеге орындалған жұмыстар актілері бекітілген.
Шарт бойынша Бөліммен Серіктестікке алдын ала төлем (аванс) ретінде 80 095 056,35 теңге, орындалған жұмыстар актілері бойынша 117 756 506,59 теңге, барлығы 197 851 563 теңге төленген.
Серіктестік Аққұм объектісі бойынша су құбыры желілерінің құрылысын тиісті түрде орындамаған, тапсырыс берушінің шарт бойынша алдын ала төленген сомалары толық игерілмеген, сол себепті МАЭС-ның 2024 жылғы 23 ақпандағы шешімімен ол мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп танылған.
Бұл жағдайда соттар Шарттың 8.3 тармағы негізінде Серіктестіктен Аққұм объектісі бойынша айыппұл мен алдын ала төлем сомалары өндірілуге жатады деген дұрыс қорытындыға келген.
Бөлімнің 2024 жылғы 25 маусымда Серіктестікке жолданған хатында Ұлғайсын объекті бойынша жұмыстардың басталмай тұрғаны, шарттық міндеттемелері дереу орындауға талап етілетіні туралы көрсетілген, яғни Бөлімге Серіктестік міндеттемелерді орындамағаны туралы сол кезде белгілі болған, алайда ол сотқа талап қоюды 2024 жылғы 26 желтоқсанда талап қоюдың күнтізбелік отыз күн мерзімін өткізіп алып жолдаған.
Бұл норма «Соттардың мемлекеттік сатып алу жөніндегі заңнаманы қолдануы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2022 жылғы 21 сәуірдегі №4 нормативтік қаулысының 3-тармағында көзделген.
Бөлімнің сотқа жүгіну мерзімін өткізіп алуына байланысты Ұлғайсын объекті бойынша мердігерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп танудан бас тартылуға жатады деген соттардың тұжырымдары заңға сәйкес келеді.
Өз кезегінде, Серіктестіктің Ұлғайсын объекті бойынша шарттың міндеттемелерін тиісті түрде орындамағанын ескере отырып, одан мемлекет пайдасына тұрақсыздық айыбы мен алдын ала төленген сома өндірілуге жатады деген соттардың қорытындысы дұрыс.
Кассациялық шағым уәждері соттардың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған сот актілерінің күштерінің жойылуына немесе өзгертілуіне әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ.
Сол себепті, сот шешімін өзгеріссіз қалдырған алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады. АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 8 шілдедегі қаулысы күшінде, жауапкер «Engineering and
construction group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші К.Айтжанов
Судьялар Н.Жумагулова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.