ВС РК - Постановление от 08.10.2024 по делу 6001-24-00-6ап/1029 (Административное)

№6001-24-00-6ап/1029

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 8 қазан Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов,

судьялар – Е.Д.Өмірәлиев, Ш.Т.Даниярова,

Қазақстан Республикасы Бас Прокуратураның прокуроры Б.Саттыбаев, жауапкердің өкілі С.Б.Айтжановтың қатысуымен

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «Талас-Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі – Серіктестік) жауапкер «Жамбыл облысы бойынша тексеру комиссиясы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Тексеру комиссиясы) нұсқаманың және аудиторлық есептің бір бөлігін заңсыз деп танып, бұзу туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 6 желтоқсандағы ұйғарымы мен Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 18 қаңтардағы ұйғарымына талап қоюшының өкілі С.К. Назымбекованың келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Серіктестік жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 6 желтоқсандағы ұйғарымымен талап қою кері қайтарылған.

Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 18 қаңтардағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшының өкілі кассациялық шағымда іс бойынша соттар материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жоюды сұраған.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115 - бабының бірінші бөлігіне сай әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Сот алқасы кассациялық шағымның уәждерімен жауапкер өкілінің пікірін, прокурордың қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады. АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сай, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктерге соттармен жол берілмеген.

Іс материалдарынан анықталғандай, Тексеру комиссиямен «Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы қалалық көп бейінді ауруханасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына (бұдан әрі – ШЖҚ МКК) аудит жүргізілген.

Аудит нәтижесінде ШЖҚ МКК - не қатысты аудиторлық есеп және нұсқама қабылданған.

Даулы нұсқаманың 3) тармақшасында талап қоюшының тарапынан аурухананның ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары бойынша жалпы сомасы 223 168,5 мың теңгені құрайтын орындалмаған жұмыстарды сметалық құжаттамаға сәйкес орындалып, қалпына келтірілуі қамтамасыз етілсін деп көрсетілген.

Жергілікті соттар, талап қоюды кері қайтарып, аудиторлық есептің жария-құқықтық сипаты жоқ, өйткені аудит объектісінің құқықтарын іске асырмайды, оларды шектемейді және қосымша міндет жүктемейді, яғни даулы актілермен талап қоюшының қандай да бір құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері бұзылмаған.

ӘРПК-нің 138-бабы екінші бөлігінің 11) тармақшасына сай, егер іс әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпаса, сот талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығарады.

Сонымен қатар, соттар талап қоюшының нұсқаманы заңсыз деп танып, бұзу туралы талап қоюды ұсынуға өкілеттігі жоқ деп есептеп, талаптың бұл бөлігін ӘРПК-нің 138-бабының екінші бөлігінің 4) тармақшасына сай кері қайтарған. Бұл тұжырым заңды болып табылады. Кассациялық шағым өзінің мазмұны мен мәні талап қоюда келтірілген дәлелдермен, уәждермен сонымен қатар сот отырысында берілген түсіндірмелермен біріңғай.

Бұл дәлелдемелерге соттармен тиісті құқық баға берілген, сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болатын материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы орын алмаған.

Бұндай жағдайда, кассациялық шағымда жаңа дәлелдердің жоқтығын ескере отырып, іс бойынша соттарда анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы дауланып отырған сот актілері ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды. Сондықтан сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ. ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 6 желтоқсандағы ұйғарымы мен Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 18 қаңтардағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшының өкілі С.К. Назымбекованың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші С. Баймаханов Судьялар Е. Өмірәлиев Ш. Даниярова

Көшірмесі дұрыс. Судья Ш. Даниярова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.