№6001-23-00-6ап/732 №6001-23-00-6ап/732 (2)
ҚАУЛЫ
2023 жылғы 17 қазан Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы Ш.Т.Даниярова, судьялар – Ғ.Ө.Әлжанов, Е.Д.Өмірәлиев,
жауапкердің өкілдері А[...] пен А[...]
қатысуыларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Шардара ауданы прокурорының (бұдан әрі – аудан прокуроры) жауапкер Шардара ауданы әкімдігіне (бұдан әрі – аудан әкімдігі) 2021 жылғы 1 сәуірдегі №125 санды және 2022 жылғы 7 ақпандағы №47 санды қаулыларын заңсыз деп танып, күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 28 желтоқсандағы қаулысына;
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 28 желтоқсандағы ұйғарымына
мүдделі тұлға «ШК[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі - «ШК[...]» ЖШС) келтірген кассациялық шағымдарымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Онда жауапкермен №125 және №47 қаулылар заңсыз қабылданғанын, «ШК[...]» ЖШС-не кәсіпкерлікпен айналысуға кедергі келтіру арқылы оның құқықтары бұзылғанын көрсетіп, прокурорлық қадағалау актісін қарау нәтижесімен жауапкермен қабылданған шешімі заңсыз екендігін көрсеткен.
Түркістан облысы Шардара аудандық сотының 2022 жылғы 25 тамыздағы шешімімен талап қоюы қанағаттандырылған.
Аудан прокурорының 2022 жылғы 22 сәуірдегі №2-12-23-00381 санды прокурорлық қадағалау актісін қарау нәтижесімен қабылдаған аудан әкімдігінің шешімі заңсыз деп танылған;
аудан әкімдігінің 2021 жылғы 1 сәуірдегі №125 санды және 2022 жылғы 7 ақпандағы №47 санды қаулылары заңсыз деп танылып, күші жойылған.
Соттың 2022 жылғы 25 тамыздағы жеке ұйғарымымен аудан әкімдігінің лауазымды тұлғаларына қатысты процестік шешім қабылдауды аудан прокурорына тапсырылған.
Соттың 2022 жылғы 25 тамыздағы ұйғарымымен талап қоюдың «ШК[...]» ЖШС-не жер учаскесін беру мәселесін қарау үшін жерге орналастыру ісін өз шешімімен бірге жоғары тұрған органға жіберуін міндеттеу туралы бөлігі кері қайтарылған.
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 28 желтоқсандағы қаулысымен бірінші сатыдағы шешімнің күші жойылып, іс бірінші сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жолданған.
Осы соттың 2022 жылғы 28 желтоқсандағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы жеке ұйғарымның күші жойылған.
Мүдделі тұлға кассациялық шағымдарында іс бойынша апелляциялық сот алқасы материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, апелляциялық сот алқасымен қабылданған сот актілерінің күшін жойып, бірінші сатыдағы шешіммен жеке ұйғарымды қалпына келтіруді сұраған.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115 - бабының бірінші бөлігіне сай әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот алқасы жауапкер өкілдерінің пікірлерін тыңдап, кассациялық шағымдарының уәждерімен іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктерге апелляциялық сот алқасымен жол берілген.
Іс материалдарын анықталғандай, 2022 жылғы 25 қаңтарда жер комиссиясы «ШК[...]» ЖШС-нің Шардара ауданы Қоссейіт ауылдық округіндегі 24,2 га жер теліміне құқығын табыстау жөніндегі өтінішті қарап, оны қанағаттандырудан бас тартқан.
Аудан әкімдігінің 2022 жылғы 7 ақпандағы № 47 қаулысымен «ШК[...]» ЖШС-не аталған жер учаскесіне құқықты табыстаудан бас тартылған, себебі жер учаскесі аудан әкімдігінің 2021 жылғы 1 сәуірдегі №125 қаулысымен халыққа мал жаюға ортақ пайдалануға уақытша ұзақ мерзімге 20 жылға резервке қалдырылғаны негіз болған.
«ШК[...]» ЖШС-нің арызы негізінде, аудан прокуратурасымен аудан әкімдігіне заңдылықты жою туралы ұсыну енгізген. Ұсыну түпкілікті 2022 жылдың 10 маусымында қаралып, қанағаттандырусыз қалдырылған.
Талап қоюшы даулы қаулыларымен келіспей, сотқа жүгінген.
Бірінші сатыдағы сот, талап қоюды қанағаттандырып, жауапкермен даулы қаулылар заңсыз түрде қабылданғанын көрсеткен.
Апелляциялық сот алқасы бірінші сатыдағы соттың шешімімен келіспей, аудан әкімдік тиісті емес жауапкер ретінде тартылғанын, сонымен қатар даулы жерге қатысты мүдделі тұлғалар бірінші сатыдағы сотпен іске қатысуға тартылмаған, олардың құқықтары мен міндеттері шешілмеген деген тұжырымға келген.
Апеляциялық сот алқасының бұл тұжырымы негізсіз болып табылады. «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабы 4) тармақшасына сәйкес, жергілікті атқарушы орган (әкімдік) - облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) әкімі басқаратын, өз құзыреті шегінде тиісті аумақта жергілікті мемлекеттік басқаруды және өзін-өзі басқаруды жүзеге асыратын алқалы атқарушы орган.
Яғни, аталған Заң нормасынан анықталғандай, әкімдік – ол әкіммен басқаратын жергілікті атқарушы орган болып табылады.
Қазақстан Республикасы Жер Кодексінің 43-бабы 1-тармағы 6) тармақшасына сәйкес, облыстың, облыстық маңызы бар қаланың (оның әкімшілік бағынысына берілген аумақта), ауданның жергiлiктi атқарушы органымен және кент, ауыл, ауылдық округ әкіммен жер учаскесiне құқық беру туралы шешiм қабылданады.
Бұл жағдайда апелляциялық сот алқасының тиісті емес жауапкер тартылғаны туралы тұжырымы негізсіз, және шешім формальды түрде бұзылып, жаңадан қарауға жолданған.
АПК-нің 427-бабы 3 - бөлігіне сәйкес, мәні бойынша дұрыс сот шешімінің күші бір ғана формальды пайымдаулар бойынша жойылмайды. Материалдық немесе процестік құқық нормаларының бұзылуы немесе дұрыс қолданылмауы, егер осы бұзушылық дұрыс шешім қабылдамауға әкеп соқса немесе әкеп соғуы мүмкін болса, бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгертуге немесе күшін жоюға негіз болып табылады.
Сонымен қатар, ауыл тұрғындарын іс бойынша мүдделі тұлға ретінде тану негіз жоқ, себебі олар өз құқықтарының немесе заңды мүдделерінің бұзылғандығы туралы себептерін көрсетпегені туралы арызданушының уәждері апелляциялық сот алқасымен тиісті түрде зерттелмеген.
Осыған байланысты, апелляциялық сатыдағы сот жол берген бұзушылықтарды кассациялық іс жүргізу шеңберінде жоюға болмайтынын назарға ала отырып, шағымданатын сот актісі жойылып, істі апелляциялық сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жолдауға жатады.
Апелляциялық сот алқасы қаулысының күші жойылғанына байланысты, бұл сотпен қабылданған ұйғарымның да күші жойылуға жатады. Апелляциялық сот алқасы істі қараудың толықтығы мен объективтілігін, процесуалдық құқығы нормаларының, әкімшілік сот ісін жүргізудің ӘРПК-нің 7, 8, 13, 16-баптарында белгіленген негізгі қағидаттарының толық орындалуын қамтамасыз етпегендіктен, осы іс бойынша шағым беріліп отырған сот актісінің күшін жоюға, іс апелляциялық сатыдағы сотқа жаңа құрамда қарауға жіберілуге жатады. ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 5) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 28 желтоқсандағы қаулының күші жойылсын.
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 28 желтоқсандағы ұйғарымның күші жойылсын.
Іс Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасына басқа құрамда жаңадан қарауға жолдансын.
Мүдделі тұлға «ШК[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымдары ішінара қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар Көшірмесі дұрыс. Судья
Ш. Даниярова Ғ. Әлжанов Е. Өмірәлиев Ш. Даниярова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.