Кассационный суд Республики Казахстан по уголовным делам - Определение от 04.05.2026 по делу 6003-26-00-3/5 (Об административном правонарушении)

№ 6003-26-00-3/5

ҰЙҒАРЫМ

2026 жылғы 4 мамыр Астана қаласы

Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сотының судьясы К.А.Мусетов, «ҚҰРЫЛЫС-ҚЫЗЫЛОРДА» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің (бұдан әрі – ӘҚБтК) 317-1-бабы 1-бөлігінің 3) тармақшасында көзделген әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша Қызылорда облыстық сотының төрағасының ұсынысын қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Қостанай қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының өндірісіне «ҚҰРЫЛЫСҚЫЗЫЛОРДА» ЖШС-не (бұдан әрі – Серіктестік) қатысты ӘҚБтК-нің 317-1-бабы 1-бөлігінің 3) тармақшасы бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс түскен.

Қостанай қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 2026 жылғы 9 сәуірдегі ұйғарымында ӘҚБтК-нің 829-1-бабының 1, 2-бөліктеріне сілтеме жасай отырып, Серіктестік директоры А.С. Рысбайдың өтінішхаты негізінде істі заңды тұлғаның тіркелген жері бойынша мәні бойынша қарау үшін Қызылорда қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолдаған.

Бұл ретте хаттамада құқық бұзушылықтың Қостанай қаласында жасалғаны көрсетілген.

ӘҚБтК-нің 829-1-бабы 1-бөлігінің талаптарына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс оның жасалған жері бойынша қаралады. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізіліп жатқан адамның өтініші бойынша іс оның тұрғылықты жері бойынша қаралуы мүмкін.

Аталған нормаға сәйкес, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізіліп жатқан адамның тұрғылықты жері бойынша істі қарау туралы өтінішпен тек жеке тұлға ғана жүгіне алады.

Осыған байланысты заңды тұлғаларға қатысты қозғалған әкімшілік құқық бұзушылық істері құқық бұзушылық жасалған жер бойынша қаралуға тиіс.

Құқық бұзушылық Қостанай қаласында жасалған.

Осы мән-жайларды ескере отырып, ӘҚБтК-нің 829-1-бабы 1- бөлігінің ережелеріне сәйкес іс Қостанай қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына қарауға жіберілуге жатады.

ӘҚБтК-нің 829-9, 829-17-баптарын басшылыққа ала отырып, судья

ҰЙҒАРДЫ:

«ҚҰРЫЛЫС-ҚЫЗЫЛОРДА» ЖШС-не қатысты ӘҚБтК-нің 317-1бабы 1-бөлігінің 3) тармақшасы бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс Қостанай қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына қарау үшін жолдансын.

Судья: К.А. Мусетов

⚠️ Текст документа получен на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан.