ВС РК - Постановление от 11.04.2024 по делу 6001-23-00-6ап/2242 (Административное)

Қ А У Л Ы

2024 жылғы 11сәуір №6001-23-00-6ап/2242 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы Ғ.Ө.Әлжанов,

судьялар –Ш.Т.Даниярова, Е.Д.Өмірәлиев болып,

жауапкер өкілі Д[...] қатысуымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Конаев Канаттың жауапкер «Жамбыл облысы әкімдігінің табиғи ресурстарды және табиғи пайдалануды реттеу басқармасының Б[...] ормандары және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – КММ), «Қазақстан Республикасы экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің Жамбыл облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтың инспекциясы» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – РММ) келісім шарттарды бұзу қаулысын заңсыз деп танып, шабындық учаскелерін өз құқығында қалдыру туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,

Жамбыл облысының Б[...] аудандық сотының 2023 жылғы 27 қаңтардағы шешіміне және Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 30 мамырдағы қаулысына талап қоюшы К.Конаевтың келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

Талап қоюшы К.Конаев жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.

Жамбыл облысының Б[...] аудандық сотының 2023 жылғы 27 қаңтардағы шешімімен талап қоюы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 30 мамырдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында жергілікті соттардың сот актілерімен келіспей, қарау барысында құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұрайды.

Сот алқасы отырысында жауапкер өкілі Д[...] кассациялық шағымға келтірген қарсылығын тыңдап, іс құжаттарын зерделеп, шағым уәждерін талқылап, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 168-бабының бірінші бөлігіне сәйкес апелляциялық сатыдағы сотта апелляциялық шағым бойынша апелляциялық шағым жасау мен әкімшілік іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктерге орын алмаған.

Бірінші сатыдағы соттың анықтағаны, 2021 жылы 26 ақпанда №60, №61, №62 келісім шарттар бойынша Б[...] ормандары және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесімен 1 (бір) жыл мерзімге 183, 8 га жайылымдық, 42 га шабындық және 9,2 га жайылымдық жер талап қоюшы К.Конаевқа берілген.

Шарттардың қолданылу мерзімі - 2021 жылғы 31 желтоқсанға дейін.

Алайда, талап қоюшы К.Конаев берілген орманшылық жерлерін мақсатсыз, тиімді пайдаланбай отырғаны, жеке басында ешқандай ауылшаруашылығы және мал тіркелмегені, сонымен қатар мал жаюға ешқандай жағдайлар (мал қора, үй-жай) жасалмағаны анықталған. 2021 жылғы 22 қазанда «Жамбыл облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы» КММ-не талап қоюшымен жасалынған 2021 жылғы 26 ақпанда №60 келісім-шартты бұзу мәселесін қарастыру туралы ұсыныс жолданған.

Жауапкер Б[...] ормандары және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесі 2021 жылғы 27 қазанда талап қоюшыға бастап тоқтатылғандығы жайлы хабарлама және ескерту жолданған.

Яғни талап қоюшы К.Конаевпен жасалынған келісім шарттар хабарлама мен ескерту негізінде бұзылған, аталған келісім-шарттарды бұзу туралы қаулы шығарылмаған. Соттар талап қоюды қанағаттандырусыз қалдырғанда мына мәнжайларды негізді ескерген.

«Жайылымдар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 14-бабына сәйкес осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жайылымдар жеке ауланы ұстау, шаруа немесе фермер қожалығын жүргізу үшін, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін беріледі.

Жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарға сәйкес жайылымдарды беру кезінде мынадай шарттар ескерілуге тиіс: 1) ауыл шаруашылығы жануарлары мал басының болуы; 2) жайылымдық инфрақұрылым объектілерінің болуы және олардың жай-күйі; 3) жер учаскесінің өнімділігі. Екі жыл бойы жайылымдарда жаю үшін ауыл шаруашылығы жануарлары болмаған не олардың саны жайылымдардың жалпы алаңына түсетін жүктеменің шекті рұқсат етілетін нормасының жиырма пайызынан аз болған және (немесе) жемшөп дайындау мақсатында шөп шабу болмаған жағдайда, жер учаскелері Қазақстан Республикасының жер заңнамасында көзделген тәртіппен алып қоюға жатады.

Жайылымдардың жалпы алаңына түсетін жүктеменің шекті рұқсат етілетін нормасын айқындау кезінде басқа ауыл шаруашылығы алқаптарының ішіндегі ұсақ контурлы (қосылған) жайылымдар ескерілмейді. Сондықтан талап қоюшының дауланып отырған №61,62 келісім шарттардың мерзімдері 2021 жылғы 31 желтоқсанда аяқталғандықтан, келісім шарттарды бұзу қаулысын заңсыз деп танып, шабындық учаскелерін өз құқығында қалдыру туралы талабы негізсіз болып табылады.

Кассациялық шағымның уәждері материалдық құқық нормалары мен іс бойынша жинақталған дәлелдемелерді қайта бағалауға байланысты келтірілгендіктен, алқа оларды негізсіз деп табады. Бірінші сатыдағы сотпен іс үшін елеулі маңызы бар мән-жайлар жанжақты зерттеліп, оларға заң тұрғысынан дұрыс баға берілген, материалдық құқық нормалары дұрыс қолданылып, процестік құқық нормалары бұзылмаған.

Жоғарыда көрсеткен негіздер бойынша, жергілікті соттардың актілері заңға сәйкес қабылданған, оны бұзуға немесе өзгертуге негіз жоқ.

АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасына сай, кассациялық сатыдағы сот бөтен адамдардың болуын және кеңес құпиясының жария етілуін болғызбайтын жағдайларда апелляциялық сатыдағы соттың ұйғарымын, қаулысын – күшінде, ал өтiнiшхатты немесе наразылықты қанағаттандырусыз қалдырады.

ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Жамбыл облысының Б[...] аудандық сотының 2023 жылғы 27 қаңтардағы шешімі және Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 30 мамырдағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы Конаев Канаттың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Ғ. Әлжанов

Судьялар Ш.Даниярова Е.Өмірәлиев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.